Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w09 15.3. 6—10 бет.
  • Ехобаны ешқашан ұмытпа

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехобаны ешқашан ұмытпа
  • 2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Ехобаны ұмытпаудың себептері
  • “Өз көзінің қарашығындай оны қорғаштады”
  • Ехобаны ұмытудың нәтижесі
  • Ехобаны ұмытпаған екі адам
  • Ризашылық білдір
  • Төзімділігіңмен Ехобаны ұмытпағаныңды көрсет
  • Ехобаның Сөзі әрқашан орындалады
    2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Он екі барлаушы
    Киелі кітап оқиғаларынан тәлім алайық
  • Ехоба Ешуаны таңдады
    Киелі кітап оқиғаларынан тәлім алайық
  • ‘Берік тұрыңдар! Жаратқан Иенің өздеріңді құтқаруын көресіңдер’
    2007 жылғы ағылшын тіліндегі “Күзет Мұнарасы” журналынан алынған зерттеуге арналған мақалалар
Көбірек мәлімет
2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w09 15.3. 6—10 бет.

Ехобаны ешқашан ұмытпа

СУДАН құрғақ болып шығу деген керемет жайтты исраилдіктердің кейбірі бұрын бастарынан өткізген болатын. Алайда көпшілігі үшін бұл өмірлерінде алғаш әрі соңғы рет болмақ еді. Ехоба Иордан өзенінің ағысын тоқтатқанда, миллиондаған халық Уәде етілген жерге бет алып, құрғақ жермен өте бастайды. Бұдан қырық жыл бұрын Қызыл теңізден өткен ата-бабалары сияқты, исраилдіктердің көбі Иорданнан өтіп бара жатып: “Мен Ехобаның осы ісін ешқашан ұмытпаспын”,— деп ойлаған болса керек (Ешуа 3:13—17).

Алайда Ехоба кейбір исраилдіктің көп ұзамай-ақ өзінің ‘істерін ұмытатынын’ білді (Заб. 105:13). Сондықтан ол Ешуаға өзеннің түбінен он екі тас алып, алғаш тоқтаған жерлеріне үйіп қоюды бұйырды. Сосын, Ешуа халыққа: “Бұл тастар Исраилдің ұлдарына мәңгі-бақи ескерткіш болмақ”,— деп түсіндірді (Ешуа 4:1—8). Иә, ескерткіш етіп орнатылған тастар исраилдіктерге Ехобаның құдіретті істерін және оған адал қызмет етулері керек екендерін естеріне салып тұрмақ еді.

Бұл мәлімет Құдайдың бүгінгі халқы үшін маңызды ма? Әрине, маңызды. Біз де Ехобаны ешқашан ұмытпауымыз және оған адал қызмет ете беруіміз керек. Исраил халқына берілген басқа да ескертулердің осы күнгі қызметшілерге де қатысы бар. Мұсаның келесі сөздеріне көңіл бөлейік. Ол: “Оның шарттарын және Оның заңдары мен Оның нұсқауларын сақтамай, Жаратушы Иені, өз Құдайыңды естен шығарып алудан сақ бол”,— деген (Заң. қ. 8:11). Бұл сөздерден көретініміздей, Ехобаны ұмыту мойынсұнбаушылыққа апарады. Мұндай қауіп біздің күнімізде де бар. Елші Пауыл мәсіхшілерге шөл далада жүрген исраилдіктер сияқты болмай, ‘бағынбаушылықтан’ аулақ болуды ескерткен (Евр. 4:8—11).

Қазір Ехобаны ұмытпауымыз керектігін көрсететін Исраил халқының басынан кешірген кейбір оқиғаларын қарастырайық. Сондай-ақ екі адал кісінің үлгілері Ехобаға табандылықпен және ризашылықпен қызмет етуге қалай көмектесетінін көрейік.

Ехобаны ұмытпаудың себептері

Мысыр құлдығында болған жылдары исраилдіктерді Ехоба ұмытқан емес. Ол “Өзінің Ыбырайым, Ысқақ, Жақыппен жасаған келісімін” есте ұстады (Мыс. ш. 2:23, 24). Ехобаның исраилдіктерді құлдықтан құтқарғаны шын мәнінде ұмытылмас жайт еді.

Ехоба Мысырға тоғыз жаза жіберді. Перғауынның бақсы-балгерлері бұларға қарсы ештеңе істей алмады. Алайда перғауын Ехобаны елемей, исраилдіктерді босатудан бас тартты (Мыс. ш. 7:14—10:29). Оныншы жазадан кейін ғана қырсық әмірші Құдайдың еркіне бағынуға мәжбүр болды (Мыс. ш. 11:1—10; 12:12). Мұса бастаған Исраил халқы мен басқа ұлт адамдары, барлығы 3 000 000-дай болса керек, Мысырдан шықты (Мыс. ш. 12:37, 38). Алайда көп ұзамай перғауын қайтадан айнып қалады. Ол Мысырдың күймелері мен атты әскеріне, ал ол заманының ең мықты әскери күші болатын, құлы болған халықты қайтаруға бұйрық береді. Ал Ехоба Мұсаға исраилдіктерді Қызыл теңіз бен таудың арасында жатқан Пи-Һахирот деп аталатын жерге алып баруды бұйырды. Бір қарағанда, бұл жерден қашып құтылу мүмкін емес еді (Мыс. ш. 14:1—9).

Перғауын исраилдіктер қолға түсті деп ойлап, әскерімен шабуыл жасамақ болады. Бірақ Ехоба олар мен исраилдіктердің арасына ‘бағана тәрізді бұлт’ және ‘от бағанасын’ орнатып, мысырлықтарға бөгет жасады. Сосын, Құдай Қызыл теңізді қақ айырды да, екі жақтан биіктігі 15 метрге жететін су қабырғалары пайда болып, жол ашылды. Исраилдіктер теңіз түбінде пайда болған құрғақ жермен өте бастады. Көп ұзамай мысырлықтар теңіздің жағалауына жетіп, халықтың арғы бетке өтіп жатқанын көрді (Мыс. ш. 13:21; 14:10—22).

Мұндай жағдайда ақылы бар басшы халықтың соңынан қууды доғарар еді. Алайда өзімшіл перғауын олай етпей, күймелер мен атты әскеріне теңізге қарай жүруді бұйырды. Сөйтіп, мысыр жауынгерлері исраилдіктердің соңынан қуып келе берді. Бірақ оларға жете алмады. Өйткені Ехоба дөңгелектерін шығарып тастағандықтан, күймелері жүре алмай қалған еді (Мыс. ш. 14:23—25; 15:9).

Мысырлықтар бұзылған күймелерімен арпалысып жатқанда, исраилдіктер теңіздің шығыс жағалауына шығып үлгереді. Кейін Мұса қолын Қызыл теңізге қарай созды, сонда Ехоба су қабырғаларын құлатты. Миллиондаған тонна су перғауын мен оның жауынгерлерін басып қалды. Олардың бірде-біреуі тірі қалмады. Осылайша Исраил азат етілді! (Мыс. ш. 14:26—28; Заб. 135:13—15).

Бұл оқиғаны естіген сол төңіректегі халықтарды ұзақ уақыт бойы үрей биледі (Мыс. ш. 15:14—16). Мысалы, қырық жылдан кейін иерихондық Рахаб екі исраилдік кісіге: “Сендер біздің үрейімізді алдыңдар... сендер Мысырдан келе жатқанда Жаратушы Ие алдарыңнан [Қызыл теңіздің] суын тартқанын... естідік”,— деген болатын (Ешуа 2:9, 10). Ехобаның өз халқын қалай құтқарғанын тіпті басқа халықтар да ұмытпаған. Ал исраилдіктердің Ехобаны ұмытпауға әлдеқайда көп себебі болғаны анық.

“Өз көзінің қарашығындай оны қорғаштады”

Қызыл теңізден өткен соң Исраил халқы Синай шөлімен, “алапат әрі аса қауіпті құм ішімен”, сапар шекті. “Қойнауында суы жоқ” әрі азық жоқ жерде келе жатқан қыруар халқына Ехоба қамқорлық көрсетті. Мұса сол уақытты еске алып, былай деді: “[Исраилді] [Құдай] шөл ішінен, түнерген әрі иесіз даладан тауып алды да, оны қорғап-қоршап жүрді, оны күтіп-бақты, Өз көзінің қарашығындай оны қорғаштады” (Заң. қ. 8:15; 32:10). Ехоба оларға қалай қамқорлық көрсетті?

Ехоба оларға “аспаннан нан” берді. Жердің бетінде керемет түрде пайда болған бұл азық манна деп аталған (Мыс. ш. 16:4, 14, 15, 35). Сондай-ақ Ехоба “жартастан” су көзін шығарып берді. Құдайдың батасының арқасында 40 жыл бойы шөл далада олардың киімдері тозған жоқ, аяқтары ісінген жоқ (Заң. қ. 8:4). Сондықтан Ехоба халықтан ризашылық күтті әрі мұнысы орынды еді. Мұса исраилдіктерге: “Өз көздерің көрген сол бір істерді сенің ұмытып кетпеуің үшін және де өзіңнің бүкіл ғұмырыңда осылар өз жүрек түкпіріңнен із-тозсыз жоғалмауы үшін тек сақ бол, әрі өз жан-дүниеңді мұқият сақта”,— деді (Заң. қ. 4:9). Егер Ехобаның көрсеткен қамқорлығын ризашылықпен естерінде ұстағанда, Исраил халқы оған әрқашан қызмет етіп, заңдарына мойынсұнуға тырысар еді. Алайда олар қалай әрекет етті?

Ехобаны ұмытудың нәтижесі

Мұса Исраилге: “Сені тудырған Қорғаушыңды сен мүлде ұмыттың және де сені жаратқан Құдайды да есіңе алмадың”,— деп жар салды (Заң. қ. 32:18). Ехобаның исраилдіктерді Қызыл теңізде құтқарғаны, ас-сумен қамтамасыз етіп, шөл даладан аман алып шыққаны және басқа да игі істерінің бәрі көп ұзамай елеусіз қалды не ұмыт болды. Сөйтіп олар бүлікші халыққа айналды.

Бір жолы исраилдіктер су таба алмаймыз деп ойлап, шөл далаға алып келгені үшін Мұсаны жазғырады (Ру. сан. 20:2—5). Ал өмірлерін сақтап келе жатқан маннаға қатысты: “Жарамсыз мына тағам жан-дүниемізді жирентіп бітті”,— деп күңкілдеді (Ру. сан. 21:5). Олар: “О, егер біз Мысыр жерінде қаза тапсақ немесе осы шөлде шейіт болсақ етті... Өзімізге басшы сайлап аламыз да, Мысырға ораламыз”,— деп Құдай шешімінің дұрыстығына күмән келтірді және Мұсадан басшы ретінде бас тартты (Ру. сан. 14:2—4).

Исраилдің мойынсұнбаушылығы Ехобаға қалай әсер етті? Забур жыршысы сол кездегі оқиғалар жайлы ой жүгіртіп, былай деп жазды: ‘Олар Оны шөл далада қаншама ашуландырды және елсіз мекендерде қаншама тыңдамады десеңізші! Және тағы да Құдайды алдады және Қасиетті Исраилге [“Исраилдің Қасиетті Құдайына” ЖД] тіл тигізді, Олар Оның өздерін қанаудан құтқарған күнін, Оның қолын, Мысырда Өзінің белгілерін көрсеткенін ұмытып кетті’ (Заб. 77:40—43). Иә, Исраилдің өзін ұмытқаны Ехобаның жанына қатты батты.

Ехобаны ұмытпаған екі адам

Алайда кейбір исраилдіктер Ехобаны ұмытқан жоқ. Мысалы, Ешуа мен Халепті алайық. Олар Кадес-Варнадан Уәде етілген жерге жіберілген 12 тыңшының екеуі еді. Он тыңшы көріп-білгендері жайлы жағымсыз жағынан айтқан болса, Ешуа мен Халеп халыққа былай деді: “Көріп қайту үшін біз шарлап шыққан жер өте-мөте жақсы; Егер Жаратушы Иеміз бізге мейірімді болса, онда бізді сол жерге алып барады және оны — сүт пен бал ағып жатқан сол жерді — бізге береді; Тек Жаратушы Иеге қарсы өре көтерілмеңдер”. Бұл сөзді естігенде, халық Ешуа мен Халепті тас лақтырып өлтіргісі келді. Бірақ олар Ехобаға сенім артып, берік тұрды (Ру. сан. 14:6—10).

Жылдар өткенде, Халеп Ешуаға былай деп айтты: “Жаратушы Иенің құлы Мұса мені Кадес-Варнадан жер көріп келуге жұмсағанда... мен оған жауапқа жүрегімнің сөзін әкелген болатынмын; Менімен бірге барған бауырларым халықтың жүрегін шайлықтырды. Ал мен болсам өзімнің Құдайым — Жаратушы Иенің дегенін бұлжытпай орындадым” (Ешуа 14:6—8). Халеп пен Ешуа Құдайға сенім арта отырып түрлі қиындықтарға төзген. Олар өмір бойы Ехобаны ұмытпауға белдерін бекем буған еді.

Сондай-ақ Халеп пен Ешуа Ехобаға уәдесін орындап халқына құнарлы жерді бергені үшін ризашылық білдірген. Шынында да, исраилдіктер өмірлері үшін Құдайдың алдында борышты еді. Ешуа былай жазды: “Жаратушы Ие Исраилға әперем деп олардың әкелеріне ант еткен жерлердің бәрін берді... Жаратушы Иенің Исраил әулетіне айтқан ізгі сөздерінің бірде-біреуі орындалмай қалған жоқ; бәрі іске асты” (Ешуа 21:43, 45). Ал біз Халеп пен Ешуаға еліктеп, Ехобаға қалай ризашылық білдіре аламыз?

Ризашылық білдір

Бірде Құдайдың қызметшісі: “Жаратушы Иемнің маған жасаған жақсылықтарын немен өтеймін?”— деп сұраған (Заб. 115:3). Тәндік қажеттіліктерімізді қанағаттандыратыны, рухани басшылық беретіні және болашақта құтқаратыны үшін біздің Құдай алдындағы қарызымыздың көптігі сонша — оны өтеуге мәңгілік те жетпейді. Біз оны ешқашан өтей алмаймыз. Алайда ризашылық білдіру қай-қайсымыздың да қолымыздан келеді.

Ехобаның кеңесі саған қиындықтың алдын алуға көмектескен бе? Оның кешірімшіл болғаны қайтадан таза ар-ұжданға ие болуға септігін тигізген бе? Құдайдың осындай көмегінің пайдасын ұзақ уақыт көруге болады, сондықтан оған ризашылық білдіруді де тоқтатпау керек. 14 жасар Сандра ауыр қиыншылықтарға кезігіп, оларды Ехобаның көмегімен жеңіп шықты. Ол былай деді: “Мен көмек сұрап Ехобаға дұға еттім. Оның қалай көмектескенін көріп, қатты әсер алдым. Қазір әкемнің маған Нақыл сөздер 3:5, 6-дағы: “Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме, Сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе. Бар жағдайда да мойында Тәңір Иеңді, Сонда Ол тура жолмен жетелер сені”,— деген сөздерді неліктен жиі айтқанын түсінемін. Ехоба маған осы уақытқа дейін көмектескеніндей, әрі қарай да көмектесе беретініне сенімдімін”.

Төзімділігіңмен Ехобаны ұмытпағаныңды көрсет

Киелі кітапта Ехобаны есте ұстаумен байланысы бар тағы бір қасиетке баса назар аударылып: “Тек төзімділіктерің іс жүзінде соңына дейін жетуге тиіс, сонда сендер рухани жағынан толықтай жетіліп, ешбір кемшіліктерің қалмайды”,— делінген (Жақ. 1:4). ‘Рухани жағынан толықтай жетілуге’ не жатады? Бұған Ехобаға сенім арта отырып және берілмеуге бел буып сынақтарға төзуге көмектесетін қасиеттерді дамыту жатады. Сеніміміздің сыналуы аяқталғанда, мұндай төзімділік зор қанағатқа бөлейді. Ал кез келген сынақ өткінші (Қор. 1-х. 10:13).

Ехобаға ұзақ уақыт қызмет еткен бір бауырлас денсаулық жағынан көп қиыншылық көреді. Оған төзуге не көмектескенін ол былай түсіндірді: “Мен өзімнің не істегім келетінін емес, Ехобаның не істеп жатқанын ойлауға тырысамын. Мен үшін мінсіздік деген өз қалауыма емес, Ехобаның ниетіне баса назар аударуды білдіреді. Қиыншылыққа кезіккенде: “Ехоба, неге мен?”— деп сұрамаймын. Тіпті күтпеген жерден қиындықтар туса да, мен жай ғана қызметімді жалғастырып, Ехобадан ажырамауға тырысамын”.

Бүгінде шынайы мәсіхшілер қауымы Ехобаға ‘Рухына кенеліп, шындықпен сиынады’ (Жох. 4:23, 24). Ежелгі Исраил халқынан ерекшелігі — олар Құдайды ешқашан ұмытпайды. Алайда қауымның мүшесі болудың өзі Құдайға адал болып қалатынымыздың кепілі емес. Халеп пен Ешуа сияқты әрқайсымыз ризашылық танытуымыз және Ехобаға төзімділікпен қызмет етуіміз керек. Бізде олай етуге барлық негіз бар, себебі Ехоба осы қиын-қыстау күндері жеке әрбірімізге басшылық беруде және қамқорлық көрсетуде.

Құдайдың құтқарғаны жайлы Киелі кітаптағы оқиғалар кезінде Ешуа ескерткіш етіп орнатқан тастар сияқты, оның өз халқын тастамайтынына сенімділік береді. Олай болса, сен забур жыршысының келесі сөздеріне қосылатын шығарсың: “Жаратушының істері туралы ойлаймын; Сенің ежелгі кереметтеріңді еске аламын; Сенің барлық істеріңнің байыбына ой жүгіртемін, Сенің ұлы істерің жөнінде ойланып-толғанамын” (Заб. 76:12, 13).

[7-беттегі сурет]

Бүкіл халыққа “қойнауында суы жоқ” жермен жүруге тура келді

[Түпдерек]

Pictorial Archive (Near Eastern History) Est.

[8-беттегі сурет]

Исраил Кадес-Варнада тоқтағанда, тыңшылар Уәде етілген жерге жіберілген болатын

[Түпдерек]

Pictorial Archive (Near Eastern History) Est.

[9-беттегі сурет]

Көп жыл шөл дала кезген Исраилдің Уәде етілген құнарлы жер үшін ризашылық білдіруіне болар еді

[Түпдерек]

Pictorial Archive (Near Eastern History) Est.

[10-беттегі сурет]

Ехобаның ниетіне баса назар аударғанымыз кез келген қиыншылықтарға төзуге көмектеседі

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу