Сыйды әрдайым назарыңда ұста
“Құдайдың сыйына... ие болу үшін көздеген мақсатты қуып келемін” (ФІЛІП. 3:14).
1. Елші Пауылды қандай сый күтіп тұрды?
ТАРСТЫҚ Саул деп те танымал болған елші Пауыл беделді отбасынан шыққан еді. Ол атақты Заң мұғалімі Гамалиелден ата-баба дініне үйреніп, тыңғылықты тәлім алды (Ел. іс. 22:3). Келешекте жоғары дәрежелі деп есептелген кісілердің бірі болмақ еді. Алайда ол ұстанып келген дінінен бас тартып, мәсіхші болды. Содан ол мәңгілік өмір сыйын алатын кезді, яғни Құдай Патшалығында өлмес патша әрі діни қызметкер болатын уақытты, күтті. Бұл Патшалық болашақта жұмақ орнаған жердің үстінен билік етпек (Мат. 6:10; Аян 7:4; 20:6).
2, 3. Пауыл көкте өмір сүру сыйын қаншалықты жоғары бағалаған?
2 Пауыл өзін күтіп тұрған сыйды қаншалықты жоғары бағалайтынын көрсетіп: “Осы “артықшылықтарымды” Мәсіхке бола залал деп санай бастадым. Иә, мен бәрін де залал деп санаймын, өйткені Ием Иса Мәсіхті жақыннан танып білу өзге нәрселерден әлдеқайда жоғары. Иеме бола бұлардың бәрінен айырылдым, оларды түкке тұрғысыз сыпырынды санаймын”,— деді (Філіп. 3:7, 8). Ехобаның адамзатқа қатысты ниеті туралы шындықты білгеннен кейін, Пауыл адамдардың көпшілігі үшін маңызды болып табылатын жоғары дәрежені, байлықты және мансапты сыпырынды санады.
3 Сол кезден бастап Пауыл үшін Ехоба мен Мәсіх туралы білім ең құнды нәрсе болды. Осы білім жайлы Иса Құдайға айтқан дұғасында: “Мәңгілік өмір, бұл — жалғыз шынайы Құдайды және Өзің жерге жіберген Мені, Иса Мәсіхті, жақыннан тану”,— деді (Жох. 17:3). Пауылдың Філіпіліктерге 3:14-тегі: “Құдайдың сыйына — Оның Мәсіх Иса арқылы шақырған көктегі өміріне ие болу үшін көздеген мақсатты қуып келемін”,— деген сөздерінен оның мәңгілік өмірге ие болуды қатты қалағанын көруге болады. Ол бар назарын Құдай Патшалығының мүшесі ретінде көкте мәңгі өмір сүру сыйына аударған.
Жерде мәңгі өмір сүру
4, 5. Бүгінде Құдайдың еркін орындап жүрген миллиондаған адамды қандай сый күтіп тұр?
4 Құдайға қызмет етуді таңдаған адамдардың басым көпшілігі жаңа дүниедегі мәңгілік өмірге ұмтылуда. Бұл — күш салуға тұрарлық сый (Заб. 36:11, 29). Осы үміттің ақталатынын растап, Иса: “Кіші пейілділер бақытты: Олар жерді иемденетін болады!”— деген (Мат. 5:5). Ал Забур 2:8-ден көрінетіндей, Иса жерді иемденетін басты тұлға болып табылады, әрі онымен бірге 144 000 адам билік етеді (Дан. 7:13, 14, 22, 27). Басқа қойлар ‘әлем жаратылғаннан бері өздеріне дайындалған Патшалықтың’ жердегі иелігінен ‘үлестерін’ алады (Мат. 25:34, 46). Бұл уәделерді “жалған сөйлемейтін” Құдай бергендіктен, олар міндетті түрде орындалады (Тит. 1:2). Исраилдіктерге: ‘Жаратушы Ие сендер туралы айтқан ізгі сөздердің бірде-біреуі бос кетпеген; сендер үшін бәрі орындалды, бірде-бір сөз іске аспай қалған жоқ’,— деп айтқан Ешуа сияқты, біз де сенімді бола аламыз (Ешуа 23:14).
5 Құдайдың жаңа дүниесіндегі өмір осы жалған өмірден мүлдем өзгеше болады. Онда соғыс, қылмыс, кедейлік, әділетсіздік, ауру және өлім болмайды. Адамдар жұмаққа айналған жерде ауру-сырқаусыз өмір сүреді. Өмір біздің армандағанымыздан да зор қанағат әкеліп, әрбір күн рақатқа бөлейтін болады. Бұл — неткен керемет сый!
6, 7. а) Иса жаңа дүниеде орын алатын кереметтерді қалай көрсетті? ә) Өлген адамдарға өмірді жаңадан бастау мүмкіндігі қалай беріледі?
6 Иса жерде болғанда, Құдайдың киелі рухының құдіретімен жаңа дүниеде орын алатын кереметтерді көрсетті. Мысалы, Киелі кітапта Исаның 38 жыл бойы сал болып жатқан адамды сауықтырғаны әрі оның жүріп кеткені айтылған (Жохан 5:5—9 оқы). Басқа бір жолы Иса “туғаннан соқыр бір адамды” кездестіріп, оның көзін ашқан. Адамдар сол кісіден кім сауықтырғанын сұрағанда, ол: “Дүние жаратылғаннан бері іштен соқыр боп туған кісінің көзін біреу ашты дегенді бұған дейін ешкім естіген емес. Құдайдан келмесе, осы Кісі ештеңе де істей алмас еді!”— деп жауап берді (Жох. 9:1, 6, 7, 32, 33). Иса бұл кереметтерді Құдайдың күшімен жасаған. Ол жүрген жерінің бәрінде “ауруынан айығуға мұқтаждарды сауықтырды” (Лұқа 9:11).
7 Иса тіпті өлген адамдарды қайта тірілткен. Мысалы, 12 жасар қыз қайтыс болғанда, ата-анасы қатты қайғырады. Алайда Иса: “Қызым, саған айтамын, тұра ғой!”— дегенде, қыз орнынан тұрады. Сонда ата-анасының және сол жерде тұрған басқа адамдардың қандай күйде болғанын көз алдыңа елестетіп көрші. Олардың “қуаныштарында шек болмады” (ЖД) (Марқа 5:38—42 оқы). Жаңа дүниеде Құдай көптеген ‘сенушілерді де, күнәкарларды да қайта тірілткенде’, біздің ‘қуанышымызда шек болмайды’ (Ел. іс. 24:15; Жох. 5:28, 29). Оларға өмірді жаңадан бастауға, тіпті мәңгі өмір сүруге мүмкіндік беріледі.
8, 9. а) Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде Адам атадан мұра етілген күнәмен не болады? ә) “Өлілер” қалай сотталады?
8 Өлген адамдар сотталу үшін қайта тірілмейді. Олар өлмей тұрғанда жасаған күнәлары үшін айыпталмайды (Рим. 6:7). Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде Патшалықтың мойынсұнғыш азаматтары төлем құрбандығының арқасында бірте-бірте кемелділікке жетіп, ақырында Адам атадан қалған күнәнің салдарынан толық арылады (Рим. 8:21). “Өлім ғұмыр бақи құрдымға кетіп жоғалады, сөйтіп, Жаратушы Ие барлық адамдардың бет-жүзіндегі жас тамшысын тыяды” (Ишая 25:8). Сондай-ақ Құдай Сөзінде ‘кітаптар ашылатыны’ айтылған. Бұдан сол кезде өмір сүретін адамдарға жаңа басшылық берілетіні көрінеді (Аян 20:12). Жер жұмаққа айналып, “әлемді қоныстанған адамдар шындыққа үйренеді” (Ишая 26:9).
9 Қайта тірілгендер Адам атадан мұра еткен күнә үшін емес, жасайтын істеріне қарай сотталатын болады. Аян 20:12-де: “Өлілер өз істеріне [қайта тірілгеннен кейін жасаған істеріне] сәйкес, кітаптардағы жазылған бойынша сотталды”,— делінген. Бұл — Ехобаның әділеттілігі, мейірімділігі мен сүйіспеншілігінің неткен керемет көрінісі! Сонымен қатар өткен өмірде болған жағымсыз нәрселер “еске алынбай, ойға да келмейтін болады” (Ишая 65:17). Рухани нығайтатын жаңа білім берілетіндіктен және өмір игі нәрселерге толы болатындықтан, адамдар өткенді ойлап, мазаланбайтын болады. Себебі бұрынғы жаман нәрселер ұмытылады (Аян 21:4). Бұл Һар-Магедоннан аман өтетін “өте үлкен тобырдың” адамдарына да қатысты (Аян 7:9, 10, 14).
10. а) Құдайдың жаңа дүниесіндегі өмір қандай болмақ? ә) Сыйды назарыңда ұстауға не көмектеседі?
10 Құдайдың жаңа дүниесінде адамдар ауруға шалдықпай және өлмей өмір сүретін болады. “Бірде бір тұрғын “мен науқас едім” деп айтушы болмайды” (Ишая 33:24). “Сол кезде соқырлардың көздері ашылады, және саңыраулар еститін болады. Сол кезде ақсақ адам елік сияқты орнынан атып тұрады, мылқау пенде ән шырқай бастайды; өйткені шөлді аймаққа су келеді, және даланы су тасқыны басады” (Ишая 35:5, 6). Ақыр соңында жердің тұрғындары күн сайын ертеңгісін мықты денсаулықпен оянып, тағы бір керемет күннің басталғанына қуанады. Олар өздеріне тек игілік тілейтін адамдармен бірге қанағат әкелетін іске кіріскенше асығатын болады. Мұндай өмір, шын мәнінде, керемет сый емес пе?! Осындай уәделерді оқи отырып, өзіңді жұмақта жүргендей сезініп көрші. Бұлай еткенің сыйды назарыңда ұстауға көмектеседі.
Сыйды назарында ұстамағандар
11. Сүлеймен патшалық етуді қалай бастағанын сипаттап беріңдер.
11 Құдайдың қандай сый беретінін білген соң, оны назарымызда ұстауға бар күшімізді салмасақ, көзден таса болуы мүмкін. Мысалы, Сүлеймен ежелгі Исраилдің патшасы болып тағайындалғанда, халыққа дұрыс төрелік ету үшін Құдайдан ақыл мен парасат сұрап, кішіпейілділікпен дұға еткен (Патшалықтар 3-жазба 3:9, 10 оқыa). Нәтижесінде, Киелі кітапта айтылғандай, “Құдай Сүлейменге даналық, асқан парасат” берді. Расында да, “Сүлейменнің даналығы бүкіл шығыс ұлдарының және бүкіл Египеттіктердің де даналықтарынан биік тұрды” (Пат. 3-ж. 4:29—32).
12. Исраилдің патшаларына Ехоба нені ескерткен?
12 Ехоба Исраил патшаларына қатысты: “Өзінің жылқыларын көбейтпесін... Және де өзінің жүрегін әзәзіл сезім жайламасын десе, көп әйел алмасын”,— деп ескерту айтқан болатын (Заң. қ. 17:14—17). Патша жылқыларды көбейтуімен халықты қорғау үшін Ехобаға, Қорғаушысына, емес, әскери күшіне арқа сүйейтінін көрсетер еді. Ал көп әйел алса, олардың кейбірі жалған дінді ұстанатын басқа ұлттан болып, патшаны Ехобаға деген шынайы ғибадаттан тайдыруы мүмкін еді. Сондықтан бұл қауіпті болды.
13. Сүлеймен өзіне берілгендердің көзінен таса болуына қалай жол берді?
13 Сүлеймен Құдайдың ескертулеріне құлақ салмай, патшалар істемеуі керек нәрселерді істеді. Оның мыңдаған жылқысы мен салт аттылары болды (Пат. 3-ж. 4:26). Сондай-ақ ол 700 әйел мен 300 күң алды, олардың біразы басқа халықтардан еді. “Әйелдері оның жүрегін өздерінің құдайларына қарай еліктірді және оның жүрегі... Жаратушы Иесіне, өзінің Құдайына толықтай адал болмады”. Сүлеймен әйелдері үйреткен басқа халықтардың жиренішті жалған ғибадатына араласты. Нәтижесінде, Ехоба одан патшалықты алып қоятынын айтты (Пат. 3-ж. 11:1—6, 11).
14. Сүлейменнің және Исраил халқының мойынсұнбаушылығы неге әкеп соқты?
14 Сүлеймен бұдан былай шынайы Құдайдың өкілі болу мәртебесін назарында ұстамай, жалған ғибадатқа белшесінен батты. Уақыт өте келе бүкіл халық жолдан тайып, ақыры, б. з. б. 607 жылы қырғынға ұшырады. Кейіннен еврейлер таза ғибадатты қайта қалпына келтірді. Бірақ көп ғасыр өткен соң Иса оларға: “Құдай өз Патшалығын сендерден тартып алып, басқа бір халыққа тапсырмақ! Олар оның өнімін беріп тұратын болады”,— деген. Солай болды да. Сондықтан Иса: “Міне, енді үйлерің қаңырап қалып барады”,— деді (Мат. 21:43; 23:37, 38 Тт). Халық адалдық сақтамағандықтан, шынайы Құдайдың өкілі болу мәртебесінен айырылды. Б. з. 70 жылы Рим әскері Иерусалим мен ғибадатхананың күл талқанын шығарды, ал тірі қалған еврейлердің көбі құлдыққа әкетілді.
15. Шынымен маңызды нәрселерді назарында ұстамағандардың мысалын келтір.
15 Яһуда Исқариот Исаның 12 елшісінің бірі болған. Ол Исаның тамаша тәлімдерін естіген және Құдай рухының көмегімен жасаған кереметтерін көрген. Алайда Яһуда жүрегін сақтамады. Оған Иса мен елшілердің қаржы салатын әмияны тапсырылған болатын. Бірақ ол “түскен ақшаға қол сұғып жүрді” (Жох. 12:6). Ашкөздікке бой алдырғаны сонша, ол ақырында екіжүзді болған басты діни қызметкерлермен байланысып, Исаны 30 күміс теңгеге сатады (Мат. 26:14—16). Маңызды нәрселерді назарында ұстамағандардың тағы бірі — Пауылдың қызметтесі болған Димас. Ол да жүрегін сақтамады. Пауыл: ‘Димас осы күнәкар дүниені жақсы көріп, мені тастады’,— деген (Тім. 2-х. 4:10; Нақыл сөздер 4:23 оқы).
Әрқайсымыз үшін сабақ
16, 17. а) Бізге көрсетіліп жатқан қарсылық қаншалықты күшті? ә) Шайтанның кез келген қарсылығына қалай төтеп бере аламыз?
16 Құдай қызметшілерінің бәрі Киелі кітапта жазып қалдырылған мысалдардың үстінен терең ой жүгіртулері керек. Онда: “Солардың бастарынан кешкендері өзгелерге үлгі болып, бізге ескерту ретінде жазылып қалдырылды. Себебі осы заманның соңғы кезеңінде өмір сүрудеміз”,— делінген (Қор. 1-х. 10:11). Ал біз қазір сол кезеңде өмір сүріп жатырмыз (Тім. 2-х. 3:1, 13).
17 “Осы күнәкар дүниенің “тәңірі” Шайтан Ібіліс “өз уақытының аз қалғанын” біледі (Қор. 2-х. 4:4; Аян 12:12). Ол Ехобаның қызметшілерін мінсіздігінен тайдыру үшін қолынан келгеннің бәрін істеуде. Осы дүние мен оның үгіт-насихат құралдары Шайтанның билігінде. Бірақ Ехобаның халқы әлдеқайда зор күшке, яғни ‘шексіз зор құдіретке’ ие (Қор. 2-х. 4:7). Біз Құдай беретін осы күштің көмегімен Шайтанның кез келген қарсылығына төтеп бере аламыз. Сондықтан Киелі кітап ‘сұрағандарға Киелі Рухын сыйлайтын’ Құдайға сеніммен ұдайы дұға етуге шақырады (Лұқа 11:13).
18. Осы дүниеге деген көзқарасымыз қандай болу керек?
18 Сондай-ақ Шайтанның зұлым дүниесі жақында жойылатынын, ал шынайы мәсіхшілердің аман қалатынын білгеніміз бізге күш береді. “Осы дүние мен оның ләззаты өткінші, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді” (Жох. 1-х. 2:17). Олай болса, мәсіхші Құдаймен қарым-қатынастан гөрі осы дүниедегі қандай да бір нәрсенің пайдасы ұзағырақ деп ойласа, мұнысы ақымақтық болар еді! Шайтанның дүниесі батып бара жатқан кемеге ұқсайды. Ехоба болса адал қызметшілеріне мәсіхшілер қауымын “құтқару қайығы” ретінде берді. Жаңа дүниеге бет алғандар келесі уәдеге сенім артуларына болады: “Зұлымдық жасаушылар құриды, Жаратушыға сенгендер жерге иелік етеді” (Заб. 36:9). Ендеше, осы сыйды әрдайым назарымызда ұстайық!
[Сілтемелер]
a Патшалықтар 3-жазба 3:9, 10: “Өзіңнің құлыңа Сенің халқыңа төрелік айтуы үшін, жақсылық пен жамандықтың не екенін айыру үшін парасатты жүрек бер; әйтпесе, Сенің сан мыңдаған халқыңды кім басқара алады? Сөйтіп Сүлейменнің бұл тілегі Жаратушы Иенің көңілінен шықты”.
Естеріңде ме?
• Пауыл өзін күтіп тұрған сыйды қаншалықты бағалаған?
• Адамның жерде мәңгі өмір сүруі не нәрсеге байланысты шешіледі?
• Қазір қандай жолды таңдап өмір сүрген дұрыс?
[12, 13-беттегі сурет]
Киелі кітапты оқи отырып, сыйға ие болатын кезіңді елестетесің бе?