Ехобаның періштесі қорғайды
АЙТЫП БЕРГЕН: КРИСТАБЕЛ КОНЕЛЛ
Кристофердің Киелі кітапқа қатысты сұрақтарына қызу жауап беріп отырып, біз кеш батып қалғанын байқамадық. Оның терезеге қайта-қайта қарай бергенін де аңғармадық. Бір кезде Кристофер: “Енді қайта берулеріңе болады”,— деді. Сөйтіп, ол бізді велосипедтерімізге дейін шығарып салды. Сонда ол неден қауіптенген еді?
МЕН 1927 жылы Англияның Шеффилд қаласында дүниеге келдім. Екінші дүниежүзілік соғыстың кезінде үйіміз бомба түсіп қирағандықтан, мен мектепті бітіргенше әжемнің үйінде тұрдым. Католик мектебінде оқып жүргенде, монах әйелдерден зұлымдық пен зорлық-зомбылық неге көп екенін сұрайтынмын. Алайда олар да, басқа діндердің адамдары да бұл сұрағыма қанағаттандырарлық жауап бере алмады.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін медбике мамандығын игеріп, Паддингтон ауруханасында жұмыс істеу үшін Лондонға көштім. Алайда онда адамдар арасындағы зорлық-зомбылықты бұрынғыдан да көп көрдім. Ағам Корей соғысына аттанған болатын. Көп ұзамай ауруханамыздың сыртында қатты төбелес болды. Соққыға жығылып, көзі көрмей қалған бір кісіге ешкім көмекке келмеді. Шамамен сол кездері анам екеуміз спиритизммен байланысы бар жиындарға барып жүрдік. Сонда да неге зұлымдықтың көп екенін түсіне алмадым.
Киелі кітапты зерттей бастадым
Ехоба куәгері болған үлкен ағам Джон бір күні үйге келіп, менен: “Қалай ойлайсың, неге зұлымдық сонша көп?”— деп сұрады. Мен: “Білмеймін”,— деп жауап бердім. Сонда ол Киелі кітабын ашып, Аян 12:7—12 тармақтарды оқып берді. Осылайша мен дүниедегі зұлымдыққа негізінен Шайтан мен жын-перілердің жауапты екенін түсіндім. Сонымен ағамның кеңесіне құлақ асып, көп ұзамай Киелі кітапты зерттей бастадым. Алайда адамдардан қорқып, шомылдыру рәсімінен өтпей жүрдім (Нақ. с. 29:25).
Әпкем Дороти да Ехоба куәгері болды. Ол кездесіп жүрген жігіті Билл Робертс екеуі Нью-Йоркте (1953) өткен халықаралық конгрестен оралғанда, мен оларға Киелі кітапты зерттегенімді айттым. Билл менен: “Сен барлық жазба орындарын ашып оқып тексердің бе? Кітапта жазылған жауаптардың астын сызып отырдың ба?”— деп сұрады. “Жоқ”,— деп жауап бергенімде, ол: “Онда сен зерттеген жоқсың! Өзіңмен зерттеген бауырласпен хабарлас та, зерттеуді қайта баста”,— деді. Шамамен сол кездері мені жын-перілер мазалай бастады. Ехобадан қорғаныш сұрап, олардың ықпалынан босатуын өтіндім.
Шотландия мен Ирландиядағы ізашарлық қызмет
1954 жылдың 16 қаңтарында шомылдыру рәсімінен өтіп, мамыр айында медбике болып жұмыс істеуді тоқтаттым да, маусымнан бастап ізашарлық қызметті бастадым. Сегіз айдан соң мен Шотландияның Грейнджмут деген аймағында арнайы ізашар болып қызмет етуге кірістім. Сол оқшау аймақта қызмет етіп жүргенде, мені Ехобаның періштелері қорғап жүргенін сезінетінмін (Заб. 33:8).
1956 жылы маған Ирландияда қызмет етуге шақыру келді. Екі әйел бауырласпен бірге мен Голуэй қаласына тағайындалдым. Алғашқы күні-ақ үйме-үй уағыздап жүріп, біз католик шіркеуінің қызметшісіне тап болдық. Бірнеше минуттан кейін полицей келіп, серігім екеуімізді бөлімшесіне алып кетті. Ол біздің аты-жөніміз бен мекенжайымызды біле салысымен, біреуге телефон соқты. Біз оның: “Иә, әулие Әке, мен олардың қайда тұратынын нақты білемін”,— дегенін естідік. Сөйтсек, оны әлгі шіркеу қызметкері шақырған екен! Жалдап тұрып жатқан үйдің иесіне бізге бола қысым жасалды, сондықтан филиал ол жерден кетуге кеңес берді. Біз теміржол вокзалына он минут кешігіп келдік, сөйтсек, пойыз әлі кетпепті. Бір кісі біздің пойызға отырғанымызға көз жеткізу үшін күтіп тұрған екен. Осылайша біз үш аптадан кейін-ақ Голуэйден қайтып кетуге мәжбүр болдық.
Кейін біз Лимерик қаласына тағайындалдық. Мұнда да католик шіркеуінің ықпалы зор еді. Жиі жұрттың келеке-мазағына қалатынбыз. Адамдар бізге есік ашуға қорқатын. Бір жыл бұрын жақын маңдағы Клунлара деген шағын қалада бір бауырласты ұрып-соғып кеткен екен. Сондықтан жоғарыда айтылған Кристоферді жолықтарғанда, біз қатты қуандық. Ол Киелі кітапқа қатысты сұрақтарына жауап алғысы келіп, біздің қайта келуімізді өтінді. Онымен екінші рет жолыққанда, шіркеу қызметшісі үйіне баса-көктеп кіріп келді де, Кристоферден бізді шығарып жіберуді талап етті. Алайда ол қорықпастан: “Бұл әйелдер менің үйімде отыр, әрі олар есік қағып кірді. Ал сен шақырылған да жоқсың, есікті қағып та кірген жоқсың”,— деді. Ол ашуланып кетіп қалды.
Шіркеу қызметшісі бір топ кісіні жинап, Кристофердің үйінің сыртында күтіп тұрғанын біз білмедік. Алайда олардың жаман пиғылын сезген Кристофер жоғарыда айтылғандай әрекет етті. Адамдар тарап кетпейінше, ол бізді үйінен шығармады. Кейінірек білгеніміздей, Кристофер отбасымен сол жерден кетуге мәжбүр болып, Англияға қоныс аударыпты.
Ғалақад мектебіне шақыру
1958 жылы “Құдайдың еркі” деген Нью-Йорктегі халықаралық конгреске баруды жоспарлап жатқанымда, Ғалақад мектебінің 33-ші сыныбына шақырылдым. Конгрестен кейін үйге оралмай, 1959 жылы Ғалақад мектебі басталғанға дейін Коллинвудта (Онтарио, Канада) қызмет етіп қалып қойдым. Конгресс кезінде Эрик Конеллмен таныстым. Ол шындықты 1957 жылы біліп, 1958 жылы ізашар ретінде қызмет етуді бастаған екен. Канадада жүргенде және Ғалақад мектебі кезінде одан күн сайын хат алып тұрдым. Мен мектепті бітірген соң екеуіміздің жағдайымыз қалай болар екен деп ойлап жүрдім.
Ғалақад мектебінде білім алу өмірімдегі ең маңызды жайт болды. Доротимен және оның күйеуімен бір сыныпта оқыдым. Олар миссионер ретінде Португалияға тағайындалды. Ал мен Ирландияға тағайындалдым, алайда бұлай болғаны мені таңғалдырды. Әпкеммен бір жерде қызмет етпейтінім өкінішті еді. Дұрыс емес нәрсе жасап қойған шығармын деп ойлап, мұны оқытушының бірінен сұрадым. Сонда ол: “Жоқ. Серігің Илин Махони екеуің кез келген елге баруға келісім бердіңдер ғой”,— деп жауап берді. Сол елдің бірі Ирландия болатын.
Ирландияға оралу
Мен 1959 жылдың тамызында Ирландияға қайтып оралдым да, Дун-Лэаредегі қауымға тағайындалдым. Эрик Англияға келіп қойған болатын, әрі менің жақын жерде болғаныма қатты қуанды. Ол да миссионер ретінде қызмет еткісі келді. Ирландияға миссионерлер тағайындалып жатса, сол жерде ізашар болуым керек деп шешіп, ол Дун-Лэареге көшіп келді. 1961 жылы біз үйлендік.
Алты ай өткенде Эрик мотоциклмен келе жатып жол апатына ұшырайды. Бас сүйегі жарылып, дәрігерлер аман қалуы екіталай екенін айтты. Ол үш апта ауруханада жатып шыққан соң, аяққа тұрғанынша мен оған үйде бес ай қарадым. Қызметімді қолымнан келгенше жалғастыра бердім.
1965 жылы біз солтүстік-батыс жағалаудың Слайго портындағы сегіз жариялаушыдан тұратын қауымға тағайындалдық. Үш жылдан соң оның солтүстік жағында орналасқан Лондондерридегі шағын қауымға көштік. Бірде біз қызметтен келе жатып, тұратын көшені тікендері бар сым шарбақпен жауып тастағанын байқадық. Солтүстік Ирландия қақтығыстары басталған еді. Топтасқан жастар автокөліктерді өртеп кетіп жатты. Қала көп ұзамай-ақ протестант пен католиктердің аймағы болып екіге бөлінді. Бір аймақтан екіншісіне өту қауіпті болатын.
Қақтығыстар кезіндегі өміріміз бен қызметіміз
Қызмет етіп жүріп біз түрлі жерлерде болдық. Тағы да, өзімізді періштелер қорғап жүргенін сезіндік. Қақтығыс болып жатқан аймаққа тап болсақ, сол жерден кідірместен кетіп қалып, тынышталғанда қайтып оралатынбыз. Бірде біз тұратын көп пәтерлі үйдің маңында шайқас болды. Үйіміздің жанындағы бояу сататын дүкенде өрт шығып, одан ұшқан қалдықтар біздің тереземіздің алдына түсіп жатты. Үйіміз өртене ме деп түні бойы көз ілмедік. 1970 жылы Белфаст қаласына көшіп кеттік. Кейінірек біз сол қақтығыстар кезінде бояу сататын дүкенде бомба жарылып, біз тұрған үйдің жанып кеткенін естідік.
Басқа бір жолы әйел бауырлас екеуміз уағыздап келе жатып, бір терезенің алдында құбырға ұқсас оғаш затты байқадық, бірақ әрі қарай жүре бердік. Бірнеше минуттан кейін әлгі зат жарылды. Көшеге жүгіріп шыққан жергілікті тұрғындар жарылғыш затты біз қойып кетті деп ойлай бастады. Артынша сол жерде тұратын әйел бауырлас бізді үйіне шақырды. Сонда оның көршілері біздің кінәлі емес екенімізді түсінді.
1971 жылы бір бауырласты көріп кету үшін, Лондондерриге бардық. Оған біз жүрген жолымызды және бөгеттен өткенімізді айтып бергенде, ол: “Бөгет тұрған жерде ешкім болмады ма?”— деп сұрады. “Болды, бірақ олар бізге көңіл бөлген жоқ”,— дегенде, ол таңғалды. Өйткені бірнеше күн бұрын бүлікшілер бір дәрігер мен полицейдің көліктерін тартып алып, өртеп жіберген екен.
1972 жылы Корк қаласына көштік. Кейінірек біз Нейсте, одан кейін Арклоуда қызмет еттік. Ал 1987 жылы біз Каслбар қаласына тағайындалып, әлі күнге дейін осы жерде қызмет етіп жатырмыз. Мұнда Патшалық сарайдың құрылысына қатысу мүмкіндігіне ие болдық. 1999 жылы Эрик қатты ауырып қалды. Алайда Ехобаның көмегінің және қауымның сүйіспеншілікпен көрсеткен қолдауының арқасында мен бәріне төзе алдым және күйеуім сауығып кетпейінше оған қарадым.
Эрик екеуміз Ізашарлық қызмет мектебінде екі рет оқыдық. Ол әлі күнге дейін ақсақал ретінде қызмет етіп жатыр. Өзім болсам, артриттің ауыр түрімен ауырамын. Жамбас сүйегім мен екі тіземе күрделі ота жасалды. Мен діни қарсылыққа кезіктім, саяси және әлеуметтік қиындықтар кезінде өмір сүрдім, алайда көлік жүргізе алмай қалғаным бәрінен де қиын болды. Мұның сынақ болу себебі — еркін жүріп-тұрудан қалдым. Қауымдағы бауырластар маған көп көмектесті, зор жігер берді. Қазір таяқ сүйеніп жүремін, ал алыс жерге бару үшін батареямен жүретін мүгедектер арбасын қолданамын.
Эрик екеуміз арнайы ізашарлар ретінде жалпы алғанда 100-ден астам жыл қызмет еттіппіз. Оның 98 жылы осы Ирландияда өтті. Қызметті тоқтату біздің ойымызға да келген емес. Ехоба керемет жасайды деп күтпесек те, біз оның құдіретті періштелері арқылы өзінен қорқатын және адал қызмет ететін адамдарды қорғайтынына кәміл сенеміз.