Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w07 1.6. 17—21 бет.
  • Қайта тірілудің болатынына сенімдісің бе?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Қайта тірілудің болатынына сенімдісің бе?
  • 2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Қайта тірілу болатындығының дәлелдері
  • Қайта тірілуге деген үміт жұбаныш береді
  • Үмітің және қазіргі өмір салтың
  • Қайта тірілуге деген үміттің негізі берік!
    2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Қайта тірілу — саған тікелей қатысы бар ілім
    2005 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Қайта тірілуге деген үміттің күші
    Жалғыз шынайы Құдайға ғибадат етіңдер
  • Қайта тірілуге деген үміт. Бұл сен үшін нені білдіреді?
    2005 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w07 1.6. 17—21 бет.

Қайта тірілудің болатынына сенімдісің бе?

“Құдай... сенушілерді де, күнәкарларды да қайта тірілтеді” (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 24:15).

1. Неге өлімнен қашып құтылу мүмкін еместей көрінеді?

“БҰЛ дүниеде өлім мен салықтан ғана қашып құтылу мүмкін емес”. Кейбіреулерге Американың саяси қайраткері Бенджамин Франклиннің 1789 жылы айтқан осы сөздері рас болып көрінеді. Алайда көп адам айласын асырып, салықтан құтылып кетіп жатады. Ал өлім жайлы бұлай дей алмаймыз. Өз бетімізше қаншама әрекеттенгенімізбен, бәріміз де түбінде өлеміз. Одан ешкім де қашып құтыла алмайды. “Шеол”, яғни адамзаттың моласы, жақын адамдарымызды тойымсыздықпен жалмауда (Нақыл сөздер 27:20, ЖД). Бірақ бізге жұбаныш беретін бір жайт бар. Қазір соны қарастырайық.

2, 3. а) Неге көп адам ойлағандай, өлім қашып құтыла алмайтын нәрсе емес? ә) Осы мақалада нені қарастырамыз?

2 Ехобаның Сөзіндегі қайта тірілу, яғни өмірге қайта оралу, жайлы хабар бізге берік үміт береді. Бұл жай қиял емес, өйткені ғаламдағы ешбір күш Ехобаға осы үмітімізді орындауға кедергі жасай алмайды. Алайда, көп адам ойлағандай, өлім қашып құтыла алмайтын нәрсе емес. Неге? Себебі сансыз көп “өте үлкен тобыр” жақында болатын “ауыр азаптан” аман қалады (Аян 7:9, 10, 14, сілтеме). Содан кейін оларға мәңгі өмір сүруге жол ашылады. Олай болса, бұл адамдар өлімнен құтыла алады. Тіпті өлімнің өзі де жойылады (Қорынттықтарға 1-хат 15:26).

3 Біз де елші Пауыл сияқты қайта тірілу болатынына сенімді болуымыз керек. Ол былай деген: “Құдай... сенушілерді де, күнәкарларды да қайта тірілтеді” (Елшілердің істері 24:15). Қазір қайта тірілуге қатысты үш сұрақты қарастырайық: 1) Оған сенуге қандай берік негіз бар? 2) Бұл үміт саған қандай жұбаныш береді? 3) Ол бүгінгі өмір салтыңа қалай әсер етеді?

Қайта тірілу болатындығының дәлелдері

4. Қалайша қайта тірілу Ехобаның ниетінде маңызды рөл атқарады?

4 Қайта тірілудің міндетті түрде болатындығына бірнеше дәлел бар. Оның ең бастысы мынау: қайта тірілу Ехобаның ниетінде маңызды рөл атқарады. Шайтанның адамзатты күнә жасауға итермелеп, нәтижесінде олардың өлімге душар болғаны есімізде шығар. Сондықтан Иса Шайтан туралы: “Ол әуел бастан кісі өлтіруші болып келеді”,— деген болатын (Жохан 8:44). Алайда Ехоба ‘әйелден’, яғни әйелге теңелген көктегі ұйымнан, ‘ұрпақ’ пайда болып, ол “ежелден бері келе жатқан абжылан” Шайтанның басын мыжып, оны біржолата құртатынын уәде еткен (Жаратылыс 3:1—6, 15; Аян 12:9, 10; 20:10). Ехобаның болашақта Мәсіх болатын осы ұрпаққа қатысты ниеті біртіндеп ашылған сайын, бұл ұрпақтың Шайтанды ғана жойып қоймайтыны белгілі болды. Құдай Сөзінде былай делінген: “Құдайдың рухани Ұлы бұл дүниеге шайтанның ісін талқандау үшін келді” (Жоханның 1-хаты 3:8). Адамнан мұра еткен күнәнің салдары болып табылатын өлім — Шайтан ‘ісінің’ ішіндегі ең бастысы. Оны Ехоба Иса Мәсіх арқылы талқандамақ. Бұны жүзеге асыруда Исаның төлем құрбандығы мен қайта тірілу маңызды рөл атқарады (Елшілердің істері 2:22—24; Римдіктерге 6:23).

5. Неге қайта тірілу Ехобаның есімін дәріптейді?

5 Ехоба өзінің қасиетті есімін дәріптемек. Шайтан Ехобаның есімін қаралап, өтіріктің таралуына себепші болды. Ол Адам мен Хауа Құдайдың тыйым салған жемісін жесе, ‘тіпті де өлмейді’ деп жалған сөйледі (Жаратылыс 2:16, 17; 3:4). Содан бері ол осы іспетті қаншама өтіріктің, мысалы мәңгі өлмейтін жан туралы жалған ілімнің, таралуына ықпал етіп келеді. Алайда Ехоба адамдарды қайта тірілту арқылы Шайтанның барлық өтірігін жоққа шығармақ. Сөйтіп, өмірді Сақтаушы әрі оны Қайтарушы тек өзі екенін біржолата дәлелдейді.

6, 7. Ехоба адамдарды қайта тірілтуге қатысты не ойлайды және оның мұндай сезімі жайлы қайдан білеміз?

6 Ехоба адамдарды қайта тірілтуді аңсайды. Оның мұндай ықыласын Киелі кітаптан анық көруге болады. Мысалы, адал кісі Әйүптің киелі рухтың жетелеуімен жазған сөздерін алайық. Ол былай деген: “Егер адам өлсе, қайтадан өмір сүре ала ма? Ықтиярсыз қызметімнің барлық күнінде, одан босағанша, тосамын. Сен шақырғанда, мен саған жауап қатам. Өйткені сен өз қолыңмен жаратқан жаратылысыңды көруді аңсайсың” (Әйүп 14:14, 15, ЖД). Бұл сөздер нені білдіреді?

7 Әйүп өлгеннен кейін біраз уақыт бойы өлім ұйқысында күтіп жату керектігін білген. Ол бұны “ықтиярсыз қызмет”, немесе босағанша күтуге мәжбүр болған уақыт, деп есептеген. Бірақ ол өзінің міндетті түрде босайтынын білген. Неге? Өйткені ол Ехобаның сезімін жақсы білетін. Құдай өзінің адал қызметшісін қайта көруді ‘аңсайды’. Иә, ол барлық әділ адамдарды қайта тірілтуді қатты қалайды. Сондай-ақ ол басқаларға да жер бетіндегі Жұмақта мәңгі өмір сүруге мүмкіндік береді (Лұқа 23:43; Жохан 5:28, 29). Ехоба осыны жүзеге асыруды ниет еткен болса, кім оған тосқауыл бола алады?!

8. Ехоба қайта тірілуге қатысты қандай кепілдік берді?

8 Исаның қайта тірілуі болашағымызға кепілдік береді. Пауыл Афиныда сөйлеген сөзінде былай деген: “[Құдай] бұл дүниені әділдікпен соттайтын күнін белгілеп, сотты жүргізетін Кісіні тағайындап қойды. Барлық адамзат үшін соның дәлелі болсын деп Құдай бұл Кісіні өлімнен қайта тірілтіп алды!” (Елшілердің істері 17:31) Пауылды тыңдап тұрғандардың кейбірі қайта тірілу туралы естігенде, оның сөздерін келеке етеді. Ал өзгелері болса сенушілер қатарына қосылады. Бұл адамдарға қайта тірілуге деген үміттің орындалатынына ‘дәлел’, немесе кепілдік, бар екендігі әсер етсе керек. Ехоба Исаны тірілтуімен кереметтің кереметін жасады: ол Ұлын өлімнен құдіретті рух ретінде тірілтті (Петірдің 1-хаты 3:18). Қайта тірілген Исаның дәрежесі тіпті жерге адам болып келгенге дейінгі дәрежесінен де жоғары болды. Өлместікке ие болған әрі құдіреті жағынан Ехобадан кейін тұрған Иса енді Әкесінен зор тапсырма алуға дайын. Иса — Ехобаның көктегі не жердегі өмірге қайта тірілтуді жүзеге асыратын құралы. Исаның өзі былай деген: “Қайта тірілу мен шынайы өмір — Менмін” (Жохан 5:25; 11:25). Ехоба Ұлын қайта тірілту арқылы барлық адал адамдарға қайта тірілудің болатынына кепілдік берді.

9. Киелі кітаптағы қандай мәлімет қайта тірілудің болатынына сендіреді?

9 Қайта тірілу кереметі куәлардың алдында жасалып, бұл оқиғалар Құдай Сөзінде жазып қалдырылған. Киелі кітапта жердегі өмірге қайта тірілгендер жайлы егжей-тегжейлі жазылған сегіз оқиға бар. Бұл кереметтер жасырын емес, көбінесе жұрттың көзінше жасалған. Мысалы, Иса қайтыс болғанына төрт күн болған Елазарды жоқтау айтқан қалың жұрт алдында қайта тірілткен. Олардың арасында марқұмның отбасы, достары мен көршілері болғаны сөзсіз. Бұл кереметтің Исаны Құдай жібергенінің күшті дәлелі болғаны сонша — оны Исаның діни қарсыластары ешқашан жоққа шығармаған. Сондықтан олар Исамен қоса Елазарды да өлтірмекші болған (Жохан 11:17—44, 53; 12:9—11). Иә, қайта тірілудің міндетті түрде болатынына сенімді болуымызға болады. Құдай қайта тірілу жайлы оқиғаларды бізге жұбаныш беріп, сенімімізді нығайту үшін жазып қалдырған.

Қайта тірілуге деген үміт жұбаныш береді

10. Киелі кітаптағы қайта тірілу жайлы оқиғалардан жұбаныш алу үшін не істеуіміз керек?

10 Өміріне қауіп төніп тұрған адам жұбаныш іздейді. Жұбаныштың бір көзі Киелі кітапта жазылған қайта тірілу жайлы оқиғалар болып табылады. Оларды оқып, үстінен ой жүгіртіп, көз алдыңа елестететін болсаң, қайта тірілуге деген сенімділігің арта түседі (Римдіктерге 15:4). Бұл оқиғалар ойдан шығарылмаған. Олар белгілі бір тарихи кезеңде, нақты бір жерде өмір сүрген біз сияқты адамдармен болған оқиғалар. Қазір солардың бірін, Киелі кітаптағы қайта тірілу жайлы оқиғалардың алғашқысын, қысқаша қарастырып көрейік.

11, 12. а) Сарептадағы жесір әйелдің басына қандай қайғы түсті және алғашында ол мұны қалай қабылдады? ә) Әйелге көмектесу үшін Ехоба Ілиясқа қандай күш бергенін айтып беріңдер.

11 Мынадай көріністі көз алдыңа елестетші: Ілияс пайғамбар Сарептадағы бір жесір әйелдің үйінің жоғарғы бөлмесінде біраз апта бойы қонақтап жатады. Бұл өте қиын кез еді. Сол өлкеде қуаңшылық болып, елді аштық жайлаған болатын. Көп адам аштықтан өледі. Осыдан біраз уақыт бұрын Ехоба осы кішіпейіл әйелдің сеніміне батасын беріп, Ілиясқа игілігі біраз уақытқа созылған керемет жасатқан болатын: бұл әйел мен оның баласының бір ішер асы ғана қалғанда, Ілияс Құдайдың күшімен керемет жасап, олардың ұны мен майын еш таусылмайтындай етіп береді. Алайда қазір әйелдің басына бір қайғы түскен еді: ұлы аяқ астынан дертке ұшырап, көп ұзамай көз жұмады. Ананың көкірегі қайғыдан қарс айырылады. Арқа сүйеп, қамқор болатын күйеуінің жоқтығы аздай, енді ол жалғыз ұлынан айырылып отыр. Қатты ашынған ол тіпті Ілияс пен оның Құдайы Ехобаны кінәлайды. Пайғамбар не істер екен?

12 Әйелдің жалған айыбы үшін Ілияс оны жазғырмайды. Қайта, оған: “Ұлыңды маған бер”,— дейді. Өлген баланы жоғарғы бөлмеге апарған соң, Ілияс баланың өмірін қайтаруды сұрап, Құдайға қайта-қайта дұға етеді. Ақырында, Ехоба жауап береді! Баланың тыныс ала бастағанын көргенде, Ілиястың жүзі қалайша жайнап сала берді десеңші! Бала көзін ашып, одан өмір ұшқыны байқалады. Сосын, Ілияс баланы шешесіне алып түсіп: “Көр, сенің ұлың тірі”,— дейді. Ананың қуанышында шек жоқ! Ол: “Енді сенің Құдай адамы екеніңді және сенің аузыңнан шыққан Жаратушы Иенің сөзі ақиқат екеніне көзім жетті”,— дейді (Патшалықтар 3-жазба 17:8—24). Жесір әйелдің Ехобаға және оның пайғамбарына деген сенімі одан бетер нығаяды.

13. Неге Ілиястың жесір әйелдің баласын тірілткені бізге жұбаныш береді?

13 Осындай оқиғалардың үстінен ой жүгірткенің көңіліңе зор жұбаныш береді. Ехобаның жауымыз — өлімді құрта алатыны анық емес пе?! Үлкен көлемде қайта тірілу болғанда, мыңдаған адамның жесір әйелдікіндей қуанышқа кенелері сөзсіз! Сонда көкте де зор қуаныш болмақ, өйткені Ехоба Ұлына бүкіл дүние жүзіндегі адамдарды қайта тірілтуде басшылық беруге қуанышты болады (Жохан 5:28, 29). Өлім қымбатты адамдарыңның бірінен айырды ма? Ехобаның өлгендерді қайта тірілте алатынын және тірілтетінін білу қандай керемет!

Үмітің және қазіргі өмір салтың

14. Қайта тірілуге деген үміт өміріңе қалай әсер ете алады?

14 Қайта тірілуге деген үміт бүгінгі өмір салтыңа қалай әсер ете алады? Ол қиындықтарға кезіккеніңде, қудалау көріп не өміріңе қауіп төнгенде күш береді. Шайтан сенің өлімнен қатты қорқып, мінсіздігіңді әлдекімнің қорғаймын деген бос уәдесіне айырбастап жібергеніңді қалайды. Оның Ехобаға: “[Адам] өмірі үшін өзінде бардың бәрін береді”,— деп айтқаны есіңде шығар (Әйүп 2:4). Бұл сөздерімен ол бәрімізге, соның ішінде саған да, жала жапты. Шайтанның өміріңе қауіп төнетін болса, Құдайға қызмет етуді доғарасың дегені рас па? Қайта тірілуге деген үміт жайлы ойланғаның, көктегі Әкеңнің еркін әрі қарай да орындай беруге деген шешіміңді нығайтуға көмектеседі.

15. Өмірімізге қауіп төнгенде, Исаның Матай 10:28-гі сөздері қалай жұбаныш береді?

15 Иса: “Тәнді өлтірсе де жанды өлтіре алмайтындардан қорықпаңдар! Одан гөрі жанды да, тәнді де тозақта құрта алатын Құдайдан қорқып, Оны терең қастерлеңдер!”— деген (Матай 10:28). Біз Шайтаннан да, оның адами қолшоқпарларынан да қорықпауымыз керек. Олардың бізге нұқсан келтіруге, тіпті өлтіруге, күші жететіні рас. Дегенмен олардың келтірген ең жаман залалының өзі уақытша. Ехоба адал қызметшілері қандай зардап шексе де, оның орнын, тіпті қайта тірілтіп болсын, толтыра алады және толтырады да. Тек Ехоба ғана өзінен қорқып, терең қастерлеп, құрметтеуімізге лайық. Жалғыз сол ғана тәніміз бен жанымызды жаһаннамда жойып, өміріміз бен болашаққа деген үмітімізден айыра алады. Қуанышқа орай, Ехоба сенімен бұлай болғанын қаламайды (Петірдің 2-хаты 3:9). Қайта тірілуге деген үміттің арқасында біз Құдайдың қызметшілері ретінде өзімізді әрдайым қауіпсіздікте сезіне аламыз. Құдайға адал болғандарды мәңгілік өмір күтіп тұр. Оған қол жеткізуге Шайтан да, оның сыбайластары да кедергі бола алмайды (Забур 117:6; Еврейлерге 13:6).

16. Қайта тірілуге қатысты көзқарасымыз нені бірінші орынға қоятынымызға қалай әсер етеді?

16 Қайта тірілудің болатынына сенімді болғанымыз өмірге деген көзқарасымызға әсер етеді. Біз ‘өмір сүрсек те, өлсек те, Иеміздің меншігі’ екенімізді түсінеміз (Римдіктерге 14:7, 8). Сондықтан өмірімізде нені бірінші орынға қою керектігін шешкенде, Пауылдың келесі кеңесіне құлақ асамыз: “Бұл күнәкар дүниенің өмір сүру салтын үлгі етпеңдер, қайта, ой-тілектерің Құдайдың жаңартуымен түбегейлі өзгерсін! Осылай сендер Оның еркін — ненің игілікті, ұнамды және кемелді екенін ажырата білетін боласыңдар” (Римдіктерге 12:2). Бүгінде көп адам кез келген қалауы мен табан астынан туған әрбір тілегін орындау үшін, сондай-ақ барлық арман-мақсатына қол жеткізу үшін алдына жан салмайды. Олар өмірлері қысқа деп ойлағандықтан оның бар қызығын көріп қалу үшін жанталасуда. Ал кейбіреулері қандай да бір дінді ұстанғанмен, онысы ‘Құдайдың еркіне’ сай келмейді.

17, 18 а) Ехобаның Сөзі адам өмірінің қысқа екенін қалай растайды, бірақ Құдай біз үшін нені қалайды? ә) Неге Ехобаны күн сайын дәріптегіміз келеді?

17 Өмірдің қысқа екені рас. Небары жетпіс не сексен жыл өмір сүріп, “ақыры ғайып боламыз, ғұмыр зырлап” (Забур 89:10). Адамдар көк шөптей, ұстатпайтын көлеңке не үп еткен лептей өмірге келеді де кетеді (Забур 102:15; 143:3, 4). Алайда Құдай өміріміздің алғашқы жартысында есейіп, білім алып, тәжірибе жинап, ал қалған өмірімізде қартайып, ауырып, ақыр соңында өлгенімізді қаламаған. Ехоба адамды мәңгі өмір сүру қалауымен жаратқан. Киелі кітапта: “[Құдай] әркімнің жүрегіне бейбітшілік рухын [“мәңгілікті”, ЖД] орнықтырған”,— делінген (Екклесиаст 3:11). Осындай қалауды беріп алып, оның орындалуын мүмкін емес қылатындай Құдай соншалық қатыгез бе? Әрине, олай емес, себебі “Құдай — сүйіспеншілік” (Жоханның 1-хаты 4:8). Мәңгі өмір сүру үшін ол өлген адамдарды қайта тірілтпекші.

18 Қайта тірілу үмітінің арқасында біз болашағымызға сенімдіміз. Біз барлық мүмкіндігімізді қазір пайдаланып қалу үшін жанталаспаймыз. Сондай-ақ құрып бара жатқан дүниенің рақатына ‘тым беріліп кетпейміз’ (Қорынттықтарға 1-хат 7:29—31; Жоханның 1-хаты 2:17). Бізде басқаларда жоқ керемет үміт бар: Ехоба Құдайға адал болып қалсақ, оны мәңгілік бойы мадақтап, бақытты өмір кешетінімізді білеміз. Олай болса, қайта тірілу болатынына сенімділік берген Ехобаны күн сайын дәріптеуге бар күшімізді салайық.

Қалай жауап берер едіңдер?

• Қайта тірілуге қалай қарауымыз керек?

• Қайта тірілудің болатынына қандай дәлелдер бар?

• Қайта тірілуге деген үміттен қалай жұбаныш алуыңа болады?

• Қайта тірілуге деген үміт қазіргі өмір салтыңа қалай әсер ете алады?

[20-беттегі сурет]

Әйүп Ехобаның әділдерді қайта тірілтуді аңсайтынын білген

[21-беттегі сурет]

“Көр, сенің ұлың тірі”

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу