Қайта тірілуге деген үміттің негізі берік!
“Құдай... [өлгендерді] қайта тірілтеді деп... Оған үтітімді артамын” (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 24:15).
1. Қайта тірілудің болатындығына неліктен үміт арта аламыз?
ЕХОБА қайта тірілудің міндетті түрде болатынын дәлелдеп отыр. Ол өлгендер тіріліп, қайтадан өмір сүретін болады деп уәде етеді. Және оның өлім ұйқысында жатқандарға қатысты ниеті міндетті түрде орындалады (Ишая 55:11; Лұқа 18:27). Шындығында, Құдай өлгендерді қайта тірілте алатын құдіретін көрсетті де.
2. Қайта тірілуге деген үміт бізге қалай көмектесе алады?
2 Ехобаның өзінің Ұлы Иса Мәсіх арқылы өлгендерді қайта тірілтетініне деген сеніміміз қиын уақыттарда бізге күш бере алады. Қайта тірілудің болатынына деген берік үмітіміз тіпті өлім алдында да аспандағы Әкемізге адалдығымызды сақтауымызға көмектеседі. Кейбіреулердің өмірге қайта оралғаны жөніндегі Киелі кітапта жазылған оқиғаларды қарастырғанымыз қайта тірілуге деген үмітімізді нығайта түседі. Бұл кереметтің барлығы Әлемнің Әміршісі Ехобаның күшінің арқасында болды.
Олардың өлгендері қайта тірілді
3. Сарепта қаласында тұратын жесір әйелдің баласы қайтыс болған кезде Ілияс Құдайдың күшімен не істеді?
3 Ехобаның мәсіхшілерге дейінгі куәгерлерінің танытқан сенімдері туралы тартымды әңгімесін айта келе, елші Пауыл былай деп жазды: “Әйелдердің өлгендері қайта тірілді” (Еврейлерге 11:35; 12:1). Бұлардың бірі Финикияның Сарепта қаласындағы жарлы жесір әйел еді. Ілияс пайғамбарға қонақжайлылық көрсеткені үшін, ашаршылық кезінде кереметтің арқасында оның ұны мен майы түгесілмей, өзінің және баласының өмірін сақтап қалады. Кейінірек, баласы қайтыс болған кезде, Ілияс баланы төсекке жатқызып, дұға айтады. Содан соң баланың үстіне үш мәрте жатты да, былай деп өтініш етеді: “Тәңірім, Құдайым менің! Баланың жаны қайтадан кірсінші!” Құдайдың күшімен жан, немесе өмірі, балаға қайта оралады (3 Патшалық 17:8—24). Баласы қайта тіріліп, сенімі үшін алған сыйына жесір әйелдің қалай қуанғанын көздеріңе елестетіп көріңдерші! Бұл Киелі кітапта суреттелген өлген адам қайта тірілген алғашқы оқиға.
4. Сонам қаласында Елішә қандай керемет жасады?
4 Өлгені қайта тірілген екінші әйел Сонам қаласында тұратын қарт кісінің әйелі еді. Ол Елішә пайғамбар мен оның қызметшісіне жақсылық істеді. Жақсылығы үшін ол бала көтерді. Бірақ, біраз жыл өткен соң, ұлы қайтыс болып, ол пайғамбарды үйіне шақырды. Елішә дұға айтып, белгілі бір әрекеттер жасады, “сонда баланың денесі жылыды”. Ол “жеті рет түшкірді де, көзін ашты”. Бұл қайта тірілу анасын да, баласын да қатты қуантқаны сөзсіз (4 Патшалық 4:8—37; 8:1—6). Бірақ “жақсырақ қайта тірілу” кезінде жерде өмір сүру үшін қайта тірілгенде олар қаншама көп қуанады десеңші! Одан кейін олардың алдында ешқашан өлмеу мүмкіндігі ашылады. Бұдан кейін өлгендерді қайта тірілтетін сүйіспеншіліктің Құдайы Ехобаға қалайша риза болмасқа! (Еврейлерге 11:35).
5. Тіпті қайтыс болған соң да, Елішә қандай кереметтің болуына қатысты?
5 Тіпті, Елішә қайтыс болып, жерленгеннен кейін де Ехоба киелі рухы арқылы оның сүйектеріне күш берді. Біз келесі сөздерді оқимыз: “Бір адамды жерлеп жатқандар [исраилдіктер] жер қайысқан қалың қолды [моабтықтарды] көріп, ол адамды Елішәның қабіріне тастай салды; ал оның [қайтыс болған кісінің] денесі қабірге құлаған кезде Елішәның сүйектеріне тиді де, тіріліп кетіп, аяғына тұрды” (4 Патшалық 13:20, 21). Ол адам қалай таңғалып, қуанды десеңші! Ехоба Құдайдың өзгертілмейтін ниеті іске асып, қайтыс болған сүйіктілеріміз қайта өмірге оралғандағы қуанышымызды елестетіп көріңдерші!
Құдай Ұлы өлгендерді қайта тірілткен
6. Наин қаласына жақын жерде Иса қандай керемет жасады және бұл оқиға бізге қалай әсер етуі мүмкін?
6 Құдай Ұлы Иса Мәсіх, қайтыс болғандардың бәрі де қайта тіріліп, мәңгі өмір сүруге мүмкіндік ала алатындығына сенуге болатынын дәлелдеген. Наин қаласына жақын жерде болған оқиға, Құдай берген күштің арқасында мұндай кереметтің мүмкін екенін анық түсінуімізге көмектеседі. Иса бір жас жігіттің сүйегін жерлеу үшін қаладан шығып келе жатқан жерлеу шеруіне кезікті. Ол жесір әйелдің жалғыз баласы еді. Иса әйелге: “Жыламаңыз”,— деді. Содан соң, табытқа қолын тигізіп: “Балам, саған айтамын: түрегел!” — деді. Сонда ол түрегеліп отырып, сөйлей бастады (Лұқа 7:11—15). Бұл керемет қайта тірілуге деген үмітіміздің шынайы екендігіне сенімімізді арттыратыны анық.
7. Иаирдың қызына байланысты қандай оқиға болды?
7 Қапарнаумдағы мәжілісхананың бастығы Жайырмен болған оқиғаны да қарастырайық. Ол, өлім аузында жатқан 12 жасар сүйікті қызына көмектесу үшін Исадан үйіне келуін өтінді. Бірақ, көп кешікпей, қыз қайтыс болды деген хабар да жетті. Қайғы-мұң басқан Жайырды сенім білдіруге шақырған Иса, онымен бірге үйіне келгенде, жоқтау айтып жылап жатқан көп халықты көрді. “Ол өлген жоқ, ұйықтап жатыр”,— деген кезде, олардың бәрі Исаны келекелеп күлді. Шындығында қыз өліп қалған еді. Бірақ Иса, қатты ұйқыда жатқан адамның оянатыны сияқты, адамдарды қайтадан өмірге қайтаруға болатынын көрсеткісі келген еді. Иса қыздың қолынан ұстап тұрып: “Балақай, тұра қой!” — деді. Ол дереу орнынан тұрды да, “қыздың әке-шешесі қатты... қайран қалды” (Марқа 5:35—43; Лұқа 8:49—56). Қайтыс болған сүйіктілері жұмақ орнаған жерде қайта өлімнен тұрған кезде, отбасының өзге мүшелері “қайран қалары” сөзсіз.
8. Елезардың қабірінің басында Иса не істеді?
8 Иса Елазардың қабіріне келіп, аузындағы тасты алып тастауларын өтінген уақытта, оның қайтыс болғанына төрт күн болған еді. Көпшілікке Құдайдың күшіне сенім артатынын білдіріп, дауыстап дұға айтқан соң, ол: “Елазар, шық!” — деп дауыстады. Сонда ол қабірден шыға келді! Оның аяқ-қолы кебінге оралған және бет-аузы да орамалмен байланған еді. Иса: “Кебінін шешіп жіберіңдер, жүре берсін”,— деді. Елазардың бауырлары Мәриям мен Мартаны жұбатуға келген адамдардың көпшілігі осы кереметті көрген кезде, Исаға сенді (Жохан 11:1—45). Осы мәлімет сүйіктілеріңнің Құдайдың жаңа дүниесіндегі өмірге қайта тірілуі мүмкін екендігіне деген үмітіңді арттыра түспей ме?
9. Иса қазір өлгендерді тірілте алатынына неліктен сенімді бола аламыз?
9 Жақия Шомылдырушы абақтыда отырған кезде, Иса оған ‘соқырлардың көріп... өлгендердің тіріліп жатқандығы’ жөніндегі үміт беретін хабар жіберді (Матай 11:4—6). Иса жерде болған кезінің өзінде өлгендерді қайта тірілте алған болса, Құдай билік берген құдіретті рухани тұлға болған кезде де қайта тірілте алатыны сөзсіз. Иса “қайта тірілу мен шынайы өмір” және жақын болашақта “қабірдегілердің бәрі Құдай Ұлының даусын еститін уақыт болады. Сонда өлгендер қабірден шығады” деген шындықты білгеніміз қаншалықты жұбаныш береді десеңші! (Жохан 5:28, 29; 11:25).
Өлгендердің қайта тірілгені туралы өзге де оқиғалар біздің үмітімізді нығайтады
10. Елшілердің өлілерді қайта тірілткені жайындағы бірінші мәліметті қалай суреттер едіңдер?
10 Өзінің елшілерін Патшалық туралы уағыздауға жіберген кезінде, Иса: “Өлгендерді тірілтіңдер”,— деді (Матай 10:5—8). Әрине, олар оны істеу үшін Құдайдың күшіне сену керек еді. Б. з. 36 жылы Иоппе қаласында тұратын Мәсіх жолын қуушы Елік (Табита) атты әйел қайтыс болады. Ол мұқтаждық көрген жесір әйелдерге киім тігіп, сондай-ақ басқа да өте көп игі істер жасаған еді. Олар енді оны жоқтап қатты қайғырды. Оны жерлеуге дайындап жатқан Исаның шәкірттері Петірді шақыртады. Олар Петірдің жұбату сөздер айтқанын күтсе керек (Елшілердің істері 9:32—38). Ол барлық адамдарды бөлмеден шығарып жіберді де, дұға айтып болған соң былай деді: “Табита, тұр!” Ол көзін ашып, түрегеліп отырды. Петір оған қолын ұсынып, орнынан тұруға көмектесті. Бұл Киелі кітапта жазылған елшілердің бірінші рет өлгендерді қайта тірілтуі еді. Мұны көрген көптеген адамдар Құдайға сенді (Елшілердің істері 9:39—42). Бұл — біздің де қайта тірілудің болатынына үміт артуымыз үшін тағы бір себеп.
11. Қайта тірілуге байланысты Киелі кітапта суреттелген соңғы оқиға қандай?
11 Қайта тірілуге байланысты Киелі кітапта жазылған соңғы оқиға Троя қаласында болды. Өзінің үшінші миссионерлік сапарында сонда тоқтаған Пауылдың уағызы түн жарымына дейін созылды. Әбден шаршаған шығар, әрі көптеген май шамдар жағылып тұрғандықтан және адам көп болғандықтан бөлменің ауасы тар болған болса керек, Еутих атты жас жігіт қатты ұйықтап кетіп, үшінші қабаттағы терезеден құлап түсті. Ол, есінен танып қана қалған жоқ, “жерден көтеріп алғанда, денесінде жан жоқ екен”. Пауыл жігіттің үстіне жата қалып, құшақтады да, қарап тұрғандарға: “Уайымдамаңдар, ол тірі [оның жаны өзінде, ЖД]!” — деді. Пауыл жас жігітке өмірлік күштің қайта келгенін айтқан еді. Бұл оқиға онда болғандарға “үлкен дем берді” (Елшілердің істері 20:7—12). Бүгінгі күні де Құдайдың қызметшілері, өздерімен бірге қызмет істеп қайтыс болып кеткендердің қайта тірілуге деген үміттерінің ақталатынын біліп, үлкен жұбанышқа ие болады.
Қайта тірілуге ертеректе де үміт артқан
12. Римдік басшы Феликстің алдында Пауыл не нәрсеге сенімді екенін айтты?
12 Сотта, римдік басшы Феликстің алдында Пауыл былай деп куәлік етті: “Таурат пен Пайғамбарлар жазбаларындағылардың бәріне де сенетінімді мойындаймын. Құдай қиямет күні сенушілерді де, күнәкарларды да қайта тірілтеді деп күтіп... үмітімді артамын” (Елшілердің істері 24:14, 15). Құдай Сөзінің бөліктерінде, мысалы “Тауратта”, қайта тірілудің болатыны қалай көрсетілген екен?
13. Неліктен Құдай алғашқы пайғамбарлықты айтқан кезде қайта тірілудің болатынына нұсқады деуге болады?
13 Едем бағында алғашқы пайғамбарлықты айтқан кезінде, қайта тірілудің болатынына Құдайдың өзі нұсқады. “Ежелгі жылан” — шайтан ібіліске үкім шығарған кезде, Құдай былай деді: “Әйел екеуіңді, сенің ұрпағың мен оның ұрпағын өзара өштестіріп қоямын. Әйелдің ұрпағы басыңды мыжиды, ал сен оның өкшесін шағасың” (Аян 12:9; Жаратылыс 3:14, 15). Әйелдің ұрпағының өкшесін шағасың деген сөздер Иса Мәсіхтің өлтірілетінін білдіретін еді. Ал егер осы Ұрпақ кейіннен жыланның басын мыжитын болса, ол үшін Мәсіх өлімнен қайта тірілуі керек еді.
14. Ехоба қай мағынада “өлгендердің емес, тірілердің Құдайы?”
14 Иса былай деп жария етті: “Ал өлгендердің қайта тірілетінін Мұса да Таураттың “Тікенді бұта” деген тарауында білдірген. Ол онда Жаратқан Иені “Ыбырайымның, Ысқақтың, Жақыптың Құдайы” деп атаған. Ал енді, Құдай — өлгендердің емес, тірілердің Құдайы ғой! Оның алдында бәрі де тірі” (Лұқа 20:27, 37, 38; Мысырдан көшу 3:6). Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптар қайтыс болып кеткен еді, бірақ оларды қайта тірілтетіні анық болғандықтан, Құдай үшін олар тірі болғандай еді.
15. Ыбырайымның қайта тірілудің болатынына сенуіне қандай негіз болды?
15 Ыбырайымның қайта тірілуге үміт артуының себебі бар еді, өйткені әйелі Сара екеуі қартайып, дүниеге бала келтіру қабілетін жоғалтқан кездерінде, Құдай керемет жасап, олардың ұрпақ әкелу қабілеттерін қайта қалпына келтірді. Бұл қайта тірілгенмен бірдей еді (Жаратылыс 18:9—11; 21:1—3; Еврейлерге 11:11, 12). Олардың ұлы Ысқақ шамамен 25 жасқа толғанда, Құдай Ыбырайымға оны құрбандыққа шал деді. Бірақ, Ыбырайым Ысқақты өлтірмекші болып қолын көтере бергенде, Ехобаның періштесі оны тоқтатты. Ыбырайым “Құдай [Ысқақты] өлімнен қайта тірілтуге де құдіретті деп ойлады, сол себепті оны болашақта болатын нәрсенің белгісі ретінде қайта қабыл алды” (Еврейлерге 11:17—19; Жаратылыс 22:1—18).
16. Ыбырайым қазір өлім ұйқысында нені күтіп жатыр?
16 Ыбырайым уәде етілген Ұрпақтың, яғни Мәсіхтің, басшылығының кезінде болатын қайта тірілуге үміт артқан. Құдай Ұлы аспанда болған кезінде Ыбырайымның сенімін көрген еді. Кейінірек, адам болған кезінде ол иудейлерге: “Түп аталарың Ыбырайым Менің... күнімді көретініне шаттанды”,— деді (Жохан 8:56—58; Нақыл сөздер 8:30, 31). Ыбырайым қазір Құдайдың Мәсіхтік Патшалығының кезінде болатын қайта тірілуді күтіп, өлім ұйқысында жатыр (Еврейлерге 11:8—10, 13).
Таурат пен Забурдегі куәлік
17. “Таурат” Иса Мәсіхтің қайта тірілетініне қалайша нұсқады?
17 Пауылдың қайта тірілуге деген үміті ‘Тауратқа’ сәйкес келетін еді. Ехоба исраилдіктерге: “Өнімдеріңнің алғашқы бауын діни қызметкерге алып келіңдер; ол [16 нисанда] бұл бауды ризашылығына ие болуларың үшін Құдайдың алдына алып барады”,— деген еді (Леуі 23:9—14). Пауыл: “Алайда өлгендердің алғашқысы [“алғашқы жемісі”, ЖД] ретінде Мәсіх өлімнен қайта тірілді!” — деп айтқан кезде, осы заңды айтқысы келген болса керек. “Алғашқы жеміс” ретінде Иса б. з. 33 жылының 16 нисанында қайта тірілтілді. Кейінірек, ол қайтып келгенде, өзге “жемістер”, яғни оның майланған шәкірттері, қайта тірілуі керек еді (1 Қорынттықтарға 15:20—23; 2 Қорынттықтарға 1:21; 1 Жохан 2:20, 27).
18. Исаның қайта тірілетіні Забур жырларында алдын ала айтылғанын Петір қалай көрсетті?
18 Забур жырларынан да қайта тірілудің болатынын көруге болады. Б. з. 33 жылының Сабантой мейрамында елші Петір, Забур 16:8—11 тармақтардан үзінді келтіріп, былай деді: “Дәуіт пайғамбар Ол [Мәсіх] туралы былай деген: “Ием әрдайым көз алдымда, Ол Менің оң жағымда, Мен ешқашан қобалжымаймын. Жүрегім қуаныштан лүпілдеп, тілімнен бал тамады, тәнім де зор үміттен тыным табады, себебі Сен жанымды өлімге қимайсың, өз адамыңды шірітіп қоймайсың”. Петір әрі қарай былай дейді: “Мәсіхтің қайта тірілуі туралы: “Ол жанын өлімге қимайды, денесін шірітпейді” деген. Осы Исаны Құдай қайта тірілтіп алды” (Елшілердің істері 2:25—32).
19, 20. Петір қашан Забур 117:22-ден үзінді келтірді және бұл Исаның өліп, қайта тірілуімен қалай байланысты?
19 Біраз күн өткен соң, Петір жоғарғы кеңес алдында тұрып, тағы да Забурден үзінді келтірді. Сал қайыршы адамды қалай жазғанын сұрағанда, елші былай деді: “Ендеше бәріңіз біліңіздер, бүкіл Исраил халқына мәлім болсын: сіздер... өлтірген, ал Құдай өлімнен қайта тірілткен назареттік Иса Мәсіхтің атынан мына кісі сауығып, көз алдарыңызда тұр. Ол — сіздер, “құрылысшылар жарамсыз деп шығарып тастаған Тас, енді үйдің іргетасы болды!” Исадан басқа ешкім де бізді құтқара алмайды, аспан астында бізді құтқаратын басқа біреудің есімі адамдарға бұйырмаған!” (Елшілердің істері 4:10—12).
20 Бұл жерде Петір Забур 117:22-ні келтіріп, оны Исаның өліп, қайта тірілгенімен байланыстырып қолданды. Дін басыларының айдап салуымен, иудейлер Исадан бас тартты (Жохан 19:14—18; Елшілердің істері 3:14, 15). ‘Құрылысшылардың тасты жарамсыз деп шығарып тастауының’ нәтижесінде Мәсіх қайтыс болды, ал ‘тастың үйдің іргетасы болғаны’ оның аспандағы даңқты рухани жаратылыс ретінде қайта тірілтілгенін білдірген болатын. Забур жыршысы алдын ала айтқандай, “Бұл — Тәңірден” болды (Забур 117:23). ‘Тастың’ үйдің Іргетасы болғаны сондай-ақ оның болашақ Патша ретінде тағайындалғанын да білдірді (Ефестіктерге 1:19, 20).
Қайта тірілуге деген үміт жігерлендіреді
21, 22. Аюп 14:13—15 тармақтарда жазылғандай, Аюп не нәрсеге үміт артты және бұл бүгінгі күні жақыны қайтыс болғандарға қандай жұбаныш береді?
21 Өз көзімізбен өлімнен қайта тірілген ешкімді көрмесек те, қайта тірілудің болатынына сенім артуымызға себеп болатын Киелі кітапта жазылған бірнеше мәліметке көңіл аудардық. Сол себепті біз де әділ адам Аюп сияқты үміт артамыз. Азап шеккен кезінде, ол былай деп дұға етті: “Уа, егер сен мені тозақта жасырып... маған мерзім белгілеп, содан кейін мені есіңе алсаң! Адам өлген соң, ол қайтадан өмір сүре ме?.. Сен шақырсаң, мен саған жауап берер едім, сонда сен өз қолыңмен жаратқан жаратылысыңа батаңды берер едің [“өз қолыңмен жаратқан жаратылысыңды сағыныштан көргің келер еді”, ЖД]” (Аюп 14:13—15). Құдай, Аюпты қайта тірілтуді қатты қалап, ‘өз қолымен жаратқан жаратылысын сағыныштан көргісі келеді’. Бұл бізге қандай үміт береді десеңші!
22 Шындық жолдажүрген жақын туысымыздың Аюп сияқты қатты ауырып қалуы, тіпті өлім атты жаудың қармағына ілінуі де мүмкін. Елазар қайтыс болған кезде Исаның көзіне жас алғаны сияқты, оның жақындары да қайғырып жылауы мүмкін (Жохан 11:35). Бірақ, Ехоба оларды шақырып, оның есіндегілердің жауап беретінін білгеніміз қандай жұбаныш десеңші! Олар алыс жолдан оралғандай болады. Және ауру немесе жүдеу емес, денсаулықтары зор болып оралады.
23. Кейбіреулер өздерінің қайта тірілудің болатынына үміт артатындарын қалай көрсетті?
23 Бір қарт мәсіхші әйел қайтыс болған кезде, бір сенімдегі бауырластары оның туыстарына былай деп жазды: “Аналарыңның қайтыс болуына байланысты қайғыларыңа ортақпыз. Көп ұзамай біз оны қайта қарсы аламыз. Ол арамызға сұлу да қайратты болып оралады!” Баласы қайтыс болған ата-ана былай деді: “Джейсон қайта оянатын күнді қалай асыға күтудеміз десеңші! Ол жан-жағына қарайды да, өзі аңсап күткен Жұмақты көретін болады... Оны сүйетіндіктен, бұл бізді де сол жұмақта болу үшін бар күшімізді салуға талпындырады”. Иә, қайта тірілудің міндетті түрде болатынына қаншалықты ризамыз десеңші!
Қалай жауап берер едіңдер?
• Құдайдың өлгендерді қайта тірілтетініне деген сеніміміз бізге қалай көмектеседі?
• Киелі кітапта жазылған қандай оқиғалар қайта тірілудің болатынына үміт артуымызға негіз болады?
• Қайта тірілуге ертеден бері үміт артылған деп неліктен айтуға болады?
• Өлгендерге байланысты қандай күш беретін үмітіміз бар?
[8-беттегі сурет]
Ехобаның құдіретімен Ілияс пайғамбар жесір әйелдің жас баласын қайта тірілтті.
[10-беттегі сурет]
Иса Иаирдың қызын тірілткен кезде, ата-анасы қайран қалды.
[13-беттегі сурет]
Б. з. 33-жылының сабантой мейрамы күні елші Петір Исаның өлімнен қайта тірілгенін батылдықпен жария етті.