Олар қартайғанда да жемісті
‘Жасаған Ие үйіне отырғызылғандар... қартайғанында да жемісті’ (ЗАБУР 91:14, 15).
1, 2. а) Қарттық әдетте қалай сипатталады? ә) Адам ата күнәсінің зардабына қатысты Киелі кітапта қандай уәде жазылған?
ҚАРТТЫҚ. Бұл сөзді естігенде ойыңа не келеді? Әжімнің түсуі, құлақтың естімеуі, аяқ-қолдың әлсіреуі ме? Әлде Екклесиаст 12:1—7 дейінгі тармақтарда егжей-тегжейлі сипатталған ‘қиын-қыстау күндердің’ басқа да қырлары ма? Егер осылай болса, келесі жайтты есте ұстағанымыз маңызды: Екклесиаст кітабының 12-тарауы қарттықты Жаратушы Ехоба Құдайдың о бастағы ниеті ретінде емес, Адам атадан тараған күнәнің салдары ретінде сипаттайды (Римдіктерге 5:12).
2 Жастың ұлғаюының өзінде тұрған жаман ештеңе жоқ, өйткені адамның өмірі жалғасқан сайын, жасына жас қосылып отыру керек. Рас, өсіп-жетілу — барлық тіршілік атаулыға тән нәрсе. Жақында бүкіл адамзат 6 000 жыл бойы өздерін билеп келген күнә мен кемелсіздіктің барлық зардабынан құтылады. Сол уақытта тілалғыш адамдардың барлығы Құдай о баста ниет еткендей, қарттықтың азабын көрмейтін, тіпті өлмейтін болады (Жаратылыс 1:28; Аян 21:4, 5). Сол кезде ‘бірде бір тұрғын “мен науқас едім” деп айтушы болмайды’ (Ишая 33:24). Қарт кісілер өздерінің “жастық шағы күндеріне оралады” және денелері “жас кезіндегіден де жасара түседі” (Әйүп 33:25). Алайда ол күн келгенше, бәрімізге де Адам атаның күнәсінің зардабымен күресуге тура келеді. Әйтсе де Ехобаның қызметшілері қартайған шағында ерекше баталарға ие болады.
3. Қай мағынада мәсіхшілер ‘қартайғанда да жемісті’ бола алады?
3 Құдай Сөзі бізді ‘Жасаған Ие үйіне отырғызылғандардың қартайғанда да жемісті’ болатынына сендіреді (Забур 91:14, 15). Бұл жерде забур жыршысы бейнелі тілмен мынадай маңызды шындықты айтып отыр: Құдайдың адал қызметшілері, тіпті тәндері әлсіресе де, рухани өркендеп, табысты бола алады. Мұны Киелі кітаптағы және бүгінгі күнгі адал қызметшілердің мысалынан көруге болады.
“Ғибадатханадан шықпайтын”
4. Қарт пайғамбар Анна Құдайға шын берілгендігін қалай көрсетті және бұл үшін қалай жарылқанды?
4 Анна пайғамбардың мысалын қарастырайық. Сексен төрт жастағы бұл әйел “ораза тұтып, күні-түні Құдайға сиынып мінажат етіп, ғибадатханадан шықпайтын”. Аннаның “ашир руынан” шыққан әкесі леуілік емес еді, сондықтан оның ғибадатханада өмір сүруіне болмайтын. Ендеше, күн сайын таңғы қызметтен кешкі қызметке дейін ғибадатханада болу үшін оған қаншама күш салу керек болды десеңші! Ол Құдайға шын берілгендік танытқаны үшін молынан жарылқанды: Жүсіп пен Мәриям нәресте Исаны Таурат заңына сәйкес ғибадатханаға Ехобаның алдына әкелгенде, сол жерде болған Анна оны өз көзімен көру мәртебесіне ие болды. Сонда ол ‘Жаратқан Иені мадақтап, Иерусалимнің құтқарылуын аңсап күтіп жүргендердің бәріне осы Нәресте туралы хабарды жеткізді’ (Лұқа 2:22—24, 36—38; Руларды санау 18:6, 7).
5, 6. Бүгінде көптеген қарт бауырластар қалайша Аннанікіндей рух танытуда?
5 Бүгінгі күні де көптеген қарт бауырластар Анна сияқты кездесулерден қалмайды, шынайы ғибадат үшін үнемі дұға етіп, ізгі хабарды уағыздауда құлшыныс танытады. Мәсіхшілер кездесулеріне әйелі екеуі үзбей баратын жасы 80-нен асқан бір ер бауырлас былай дейді: “Біз кездесулерге баруды әдетке айналдырғанбыз. Бұл уақытта басқа еш жерде болғымыз келмейді. Құдай халқы қайда болса, біздің де сонда болғымыз келеді. Сол жерден біз жанымызға жай табамыз”. Бұл бәріміз үшін де керемет үлгі емес пе?! (Еврейлерге 10:24, 25)
6 “Рухани істерге қатысты қандай да бір мүмкіндік туып, оған өз үлесімді қоса алатын болсам, ондай мүмкіндікті жіберіп алғым келмейді”. Бұл — жасы 80-нен асқан жесір әйел Джиннің ұстанатын қағидасы. Ол сөзін былай деп жалғайды: “Әрине, көңілім жабырқайтын кездер болып тұрады, бірақ бұл үшін неге қасымдағылардың да көңілі түсу керек екен?” Ол қуаныштан көздері жайнап тұрып рухани мақсатпен басқа елдерге барғанын сөз етеді. Соңғы сапарында ол қасындағы серіктеріне: “Тамаша жерлерді енді аралағым келмейді, уағыздауға барғым келеді”,— деген болатын. Ол жергілікті тілді білмесе де, Киелі кітаптағы хабарды айтып, адамдарды қызықтыра алды. Оның үстіне, Джин өзіне оңай соқпаса да біраз жылдар бойы қажеттілік бар қауыммен қызметтесті. Оған жаңа тілді үйрену керек болды және кездесуге барып-келу үшін екі сағат уақыты кететін.
Ой-сананы сергек ұстау
7. Қартайған шағында Мұса Құдаймен қарым-қатынасын нығайтқысы келетінін қалай білдірген?
7 Өмірлік тәжірибе уақыт өте келе жинақталады (Әйүп 12:12). Ал рухани жетістік өздігінен келмейді. Сондықтан жасы ұлғайған Құдайдың адал қызметшілері бұрын алған білімдерін қанағат етіп қоймастан, әрі қарай да ‘білімдерін өсіруге’ күш салады (Нақыл сөздер 9:9). Мұса Ехобадан тапсырма алғанда, 80 жаста болатын (Мысырдан шығу 7:7). Сол заманда осыншама жыл өмір сүретіндер кемде-кем болғанға ұқсайды. Бұл Мұсаның мына сөздерінен көрінеді: “Ғұмырымыз жетпіс жасқа созылар, Күш-қуат жетсе, мүмкін, сексен болар” (Забур 89:10). Әйтсе де Мұса үйренетін жастан өттім деп ешқашан ойламаған. Ондаған жылдар бойы Құдайға қызмет еткен ол ауыр жауапкершіліктер атқарып, әртүрлі тапсырмалар орындағаннан кейін, Ехобаға былай деп жалбарынған болатын: ‘Өз жолдарыңды білдіре гөр. Сонда мен Өзіңмен тығыз байланыста тұрамын’ (Мысырдан шығу 33:13). Иә, Мұса Ехобамен қарым-қатынасын нығайтуды қашан да қалаған.
8. Қалай жасы тоқсаннан асқан Даниял ой-санасын сергек ұстады және мұның нәтижесі қандай болды?
8 Жасы тоқсаннан асқан Даниял пайғамбар киелі жазбаларды оқып, үстінен ой жүгірткен. Оның “кітаптардан” — бәлкім, Леуіліктер, Ишая, Еремия, Ошия, Амос кітаптарынан — зерттеп-білгендері Ехобаға жалбарына дұға етуге талпындырды (Даниял 9:1, 2). Ехоба оның дұғасына жауап беріп, Мәсіхтің келуі мен таза ғибадаттың болашағына қатысты хабар берді (Даниял 9:20—27).
9, 10. Ой-санасын сергек ұстау үшін кейбіреулер не істеген?
9 Мұса мен Даниял сияқты біз де шамамыз жеткенше бар назарымызды рухани нәрселерге аудару арқылы ой-санамызды сергек ұстай аламыз. Көп адам осылай етіп жүр де. Мысалы, жасы 80-нен асқан мәсіхші ақсақал Уорс “адал да ақылды құлдың” беріп жатқан рухани ас-суын уақтылы қабылдауға тырысады (Матай 24:45, ЖД). Ол былай дейді: “Мен шындықты өте жақсы көремін. Шындықтың жарығы жарқырай түскенін көргенде, қатты тебіренем” (Нақыл сөздер 4:18). Сол сияқты, 60 жылдан астам уақыт бойы толық уақыт қызмет еткен Фред бауырластармен рухани тақырыпқа әңгіме бастап, содан жігер алады. “Киелі кітаптан оқып-білгендерімді үнемі ойымда ұстап жүруім керек,— дейді ол.— Киелі кітапты өзің үшін тірі де мағыналы ете білсең және білгендеріңді ‘дұрыс ілімнің үлгісімен’ қиыстыра алатын болсаң, мәлімет бөліктерінің өзара байланысын және олардың әрқайсысы өз орнында қалай жарқырап тұрғанын көре аласың” (Тімотеге 2-хат 1:13).
10 Жастың ұлғаюы жаңа да қиын нәрселерді үйренуге кедергі болады деп кесіп айтуға болмайды. 60, 70, тіпті 80 жастағы адамдар да сауаттарын ашып немесе басқа тілдерді үйреніп жатыр. Ехоба куәгерлерінің кейбірі ізгі хабарды басқа ұлттарға айтып жеткізу мақсатымен осылай етуде (Марқа 13:10). Харри мен әйелі португал тілінде сөйлейтін аумақта қызмет етуді шешкенде, жастары 70-ке таяп қалған болатын. “Шыны керек, жас ұлғайған сайын, қандай да бір тапсырманы орындау қиындай түседі”,— дейді Харри. Соған қарамастан, көп күш салғандары мен табандылықтарының арқасында олар португал тілінде Киелі кітап зерттеу сабағын өткізе бастады. Харри көп жылдан бері осы тілде облыстық конгрестерде баяндама айтып келеді.
11. Адал қарт бауырластардың жетістіктерін не үшін қарастырып отырмыз?
11 Әрине, мұндай өзгерістер жасауға барлығының да денсаулығы мен жағдайы келе бермейді. Онда қарт бауырластардың жетістіктерін не үшін қарастырып отырмыз? Әрине, бәрі де осындай жетістіктерге ұмтылу керек деген оймен емес. Бұл мысалдар елші Пауылдың қауымның адал ақсақалдары жайлы Еврейлерге жазған хатындағы сөздеріне сай келтіріліп отыр. Ол былай деп жазған: ‘Олардың қалай өмір сүргендерін естеріңде ұстап, сенімдерін үлгі-өнеге етіңдер’ (Еврейлерге 13:7). Құлшыныс танытқан қарт бауырластардың үлгісін ‘есте ұстағанымыз’, немесе олар жайлы ойланғанымыз, олардың қызмет етуге қозғау салған берік сенімдеріне еліктеуге талпындырады. Қазір жасы 87-ге келген Харри қызметке өзін не талпындыратынын айтып, былай дейді: “Мен қалған өмірімді даналықпен өткізіп, Ехобаға қызметте мүмкіндігінше көп пайда тигізгім келеді”. Жоғарыда айтылған Фред болса Бетелдегі қызметінен зор қанағат алады. Ол былай дейді: “Ехобаға қандай ең жақсы жолмен қызмет ете алатыныңды анықтап ал да, содан қол үзбе”.
Жағдайлары өзгерсе де, шын берілгендік танытқандар
12, 13. Верзелли жағдайы бұрынғыдай болмаса да, қалай Құдайға шын берілгендік танытты?
12 Тәннің әлсірегенін мойындау оңай болмауы мүмкін. Бірақ бұндай жағдайда да Құдайға шын берілгендік танытуға болады. Бұған қатысты ғалақадтық Верзелли керемет үлгі көрсеткен. 80 жасында ол бүлік шығарған Абессаломнан қашып жүрген Дәуіт пен оның жасағына азық-түлік және баспана беріп, ерекше қонақжайлылық көрсетті. Дәуіт Иерусалимге қайтқанда, Верзелли оны өзгелермен бірге Иордан өзеніне дейін шығарып салды. Дәуіт оған патша сарайында тұруды ұсынды. Ал Верзелли бұған не деді? Ол: “Жасым сексенге келді... Пақырың сенің жегені мен ішкенінің дәмін білер ме? Әнші жігіттерің мен әнші қыздарыңның дауысын естірлік халде болармын ба?.. Міне, мынау Кимгам атты құлың менің әмірші патшаммен бірге барсын, бұған не істеймін десең де еркіңде”,— деп жауап қатты (Патшалықтар 2-жазба 17:27—29; 19:31—40).
13 Жағдайы бұрынғыдай болмаса да, Верзелли Ехобаның тағайындаған патшасына қолынан келгенше қолдау көрсетті. Ол бұрынғыдай тамақтың дәмін сезіп, ести алмайтынын мойындағанмен, бұған қынжылған жоқ. Қайта, өзіне ұсынылған игі істердің Кимгамға жасалуын шын пейілмен өтініп, өзінің нағыз болмысын көрсетті. Верзелли сияқты бүгінде көптеген қарттар риясыздық пен жомарттық рухын танытуда. Олар шынайы ғибадатты қолынан келгенше қолдауға тырысады, өйткені ‘мұндай құрбандықтарға Құдай риза’ болатынын біледі. Арамызда адал бауырластардың болғаны қандай зор бата! (Еврейлерге 13:16)
14. Дәуіттің Забур 36:23—25 тармақтардағы сөздерді жасы ұлғайғанда жазғаны оны қалайша әсерлі етеді?
14 Жылдар өте Дәуіттің өмірінде қаншама өзгерістер болғанмен, ол адал қызметшілерінің қамын ойлауда Ехобаның еш өзгермейтіндігіне сенімді болған. Ол өмірінің соңына таман 36-шы Забур жырын жазған. Қолына арфасын алып, толғанып отырған Дәуітті елестетіп көрші. Ол былай әндеткен болатын: “Жаратушы мұндай адамның табанының таюына жол бермейді, сөйтіп, Ол соның жолына батасын береді: Ол құлайтын болса да құламайды, өйткені оны Жаратушы қолынан ұстап сүйемелдейді. Мен жас болдым да кейін қартайдым, сонда далада қалған тақуа мен нан сұрап жүрген оның үрім-бұтағын көрген жоқпын” (Забур 36:23—25). Ехоба рухтың жетелеуімен жазылған осы забур жырында Дәуіттің жасы айтылғанын жөн көрген. Бұл жүрекке жылы тиетін осы жырды қаншалықты әсерлі етеді десеңші!
15. Жағдайы өзгергеніне және жасы ұлғайғанына қарамастан, елші Жохан қалай адалдықтың үлгісін көрсетті?
15 Жағдайы өзгергеніне және жасы ұлғайғанына қарамастан, адал болып қалғандардың тағы бірі — елші Жохан. Ол Құдайға жетпіс жылдай қызмет еткен соң, ‘Құдай сөзін және Иса Мәсіхтің шынайы хабарын уағыздағаны үшін’ Патмос аралына айдалды (Аян 1:9). Алайда ол қызметін тоқтатпады. Тіпті Киелі кітаптағы жазбаларының бәрін ол өмірінің соңғы жылдарында жазды. Патмоста болған кезінде Жохан жан тебірентерлік аян алып, оны ұқыптылықпен жазып қойды (Аян 1:1, 2). Көпшіліктің айтуынша, Жохан Рим императоры Нерваның тұсында тұтқыннан босатылды. Сосын, ол шамамен б. з. 98 жылы, жасы 90 не 100 шамасында болғанда, өзінің атымен аталған Ізгі хабарды және үш хатты жазды.
Ехоба өз қызметшілерінің табандылығын ұмытпайды
16. Сөйлеу қабілеті бұзылған Ехобаның қызметшілері шын берілгендіктерін қалай көрсете алады?
16 Адамдар кейбір қабілеттерінен қандай да бір шамада айырылып жатады. Мысалы, кейбіреулер тіпті сөйлеу қабілетінен айырылған шығар. Бірақ олар Құдайдың сүйіспеншілігі мен рақымын әрқашан жадында ұстап, бағалайды. Тілдері сайрамаса да, олардың көңілдері Ехобаға: “Тағылымыңды Сенің сондай қатты сүйемін! Күні бойы ол жайлы ойланып та жүремін”,— деп, сайрап тұрады (Забур 118:97). Ал Ехоба ‘өзінің есімі жайлы ойланатындарды’ жақсы біледі және оның жолдарына немқұрайды қарайтын көпшіліктен қатты ерекшеленетін осындай жандарды бағалайды (Малахи 3:16, ЖД; Забур 9:25). Ехобаға жан дүниеміздегі ойларымыз ұнамды екенін білу неткен жұбаныш! (Шежірелер 1-жазба 28:9; Забур 18:15)
17. Ехобаға ұзақ уақыт бойы қызмет етіп жүргендер қандай ерекше нәрсеге ие болып отыр?
17 Бір ескерерлік жайт, ондаған жылдар бойы Ехобаға адал қызмет етіп келе жатқандар ерекше әрі басқалай қол жеткізе алмайтын нәрсеге — табандылық қасиетіне — ие болып отыр. Иса: “Табанды болыңдар, сонда шынайы өмірге жетесіңдер!”— деген (Лұқа 21:19) Иә, мәңгі өмірге жету үшін табанды болу маңызды. “Құдайдың еркін орындап”, өмірлерінде адал екенін дәлелдегендер ‘оның уәдесін иемденуге’ үміттене алады (Еврейлерге 10:36).
18. а) Ехоба қарт бауырластардың қандай қызметін көруге қуанышты? ә) Келесі мақалада нені қарастырамыз?
18 Ехоба жан-тәніңмен атқарған қызметіңді, көп не аз істегеніңе қарамастан, бағалайды. Жасы ұлғайған адамның ‘тәні’ әлсірегенмен, ‘жан дүниесі’ күннен-күнге жаңара алады (Қорынттықтарға 2-хат 4:16). Ехобаның бұрынғы жасаған істеріңді ұмытпайтындығында сөз жоқ, алайда ол сенің өз есімі үшін істеп жатқан қазіргі істеріңді де жоғары бағалайды (Еврейлерге 6:10). Келесі мақалада осындай адалдықтың басқаларға қалайша қатты әсер ете алатынын қарастырамыз.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Анна қарт бауырластарға қандай үлгі қалдырды?
• Неге қарттық қызметте жемісті болуға кедергі жасайды дей алмаймыз?
• Қалай қарт бауырластар Құдайға шын берілгендігін әрі қарай да көрсете алады?
• Ехоба қарт бауырластардың қызметіне қалай қарайды?
[23-беттегі сурет]
Қарт Даниял “кітаптарды” зерттеу арқылы Яһуданың тұтқында қанша уақыт болатынын анықтаған
[25-беттегі суреттер]
Көптеген қарт бауырластар қауым кездесулеріне үнемі келуімен, құлшына уағыздауымен және Құдай Сөзін зерттеуге талпынуымен жақсы үлгі көрсетеді