Барлық қайғы-қасіреттің жақында жойылатынына неге сенімдіміз?
“Қорған, оның істері кемелді” (ЗАҢДЫ ҚАЙТАЛАУ 32:4, ЖД).
1, 2. а) Неге мәңгі өмір сүруге деген үмітіңді қатты бағалайсың? ә) Неге көп адамға керемет болашақты уәде етіп отырған Құдайға сену қиын?
ЖҰМАҚТАҒЫ өмір жайлы ойланғанды ұнатасың ба? Бәлкім, керемет Жер шарын кезіп, сан алуан тіршілік иелерін тамашалап жүргеніңді елестететін шығарсың. Өзгелермен бірге жерді күтіп-баптап, оны Жұмақ бағына айналдыруға көмектескеннен қуанышқа бөленетінің жайлы да ойласаң керек. Я болмаса бүгінгі қарбалас дүниеде айналысуға уақыт таппай жүрген бейнелеу, сәулет, музыка не басқа да өнер түрлерін үйрену мүмкіндіктері жайлы ойланатын шығарсың. Болашағыңды қалай елестетсең де, ‘шынайы өмірге’ — Ехоба біз үшін ниет еткен мәңгілік өмірге — деген үмітіңді қатты бағалайтының анық (Тімотеге 1-хат 6:19).
2 Киелі кітапқа негізделген осы үміт жайлы басқаларға айту үлкен қуаныш әрі зор мәртебе емес пе!? Алайда көп адам бұл үміттен бас тартады. Олар үшін Жұмақтағы өмір — нанғыш адамдар ғана сенетін қиял не арман ғана. Оларға тіпті сол мәңгілік өмірді уәде етіп отырған Құдайдың өзіне сену қиын болу мүмкін. Неліктен? Кейбіреулерге айналада болып жатқан зұлымдық себеп болады. Олар: “Құдай бар болса және оған құдірет пен сүйіспеншілік тән болса, дүниені зұлымдық пен қайғы-қасірет жайламас еді”,— деп ойлайды. Бұндай адамдар: “Құдайдың зұлымдыққа төзуі мүмкін емес, демек, ол жоқ. Ал бар болған күнде, ол дәрменсіз не біздің жағдайымыз оны қызықтырмайды”,— дейді. Кейбіреулерге бұндай тұжырым қисынды көрінеді. Иә, Шайтанның шеберлікпен адамдардың саналарын соқыр қылып қойғаны анық (Қорынттықтарға 2-хат 4:4).
3. Адамдарды қандай қиын сұрақ мазалайды және неге біз оларға көмектесе аламыз?
3 Біз Ехоба куәгерлері ретінде Шайтанға және осы дүниенің даналығына алданған адамдарға көмектесе аламыз (Қорынттықтарға 1-хат 1:20; 3:19). Өйткені олардың Киелі кітаптағы уәделерге неге сенбейтіндігін білеміз. Олар Ехобаны, оның есімі мен мағынасын білмейді. Сондай-ақ Ехоба керемет қасиеттері бар, уәделеріне берік Құдай екенінен мүлдем бейхабар болуы не бұл жайлы аз білуі мүмкін. Ал біз осының барлығын білеміз. Сондықтан ‘саналарын қараңғылық’ басқан адамдарға “Неге Құдай зұлымдық пен қайғы-қасіретке жол береді?” деген ең қиын сұраққа жауап алуға қалай көмектесе алатынымызды арагідік есімізге салып тұрғанымыз жөн (Ефестіктерге 4:18). Алдымен, оларға бұл сұраққа қалай жауап берген тиімді екенін қарастырайық. Сосын, зұлымдық мәселесін шешкенде, Ехоба өз қасиеттерін қалай көрсеткенін талқылайық.
Жауап берудің тиімді жолы
4, 5. Әлдекім Құдайдың неге қайғы-қасіретке жол бергенін сұраса, алдымен не істеуіміз керек? Түсіндіріңдер.
4 Әлдебіреу Құдайдың неге қайғы-қасіретке жол бергенін сұраса, қалай жауап беруіміз керек? Бәлкім, әңгімені бірден Едем бағында болған жайттан бастап, егжей-тегжейлі түсіндіріп беруге бейім шығармыз. Кей жағдайда бұл дұрыс та болуы мүмкін. Алайда бір ескеретін жайт, сұраққа жауап бермес бұрын, адамды дайындап алу қажет (Нақыл сөздер 25:11; Қолостықтарға 4:6). Қазір мұны істеудің Киелі кітапқа негізделген үш қадамын қарастырайық.
5 Адамның дүниені жайлаған зұлымдыққа қатты мазалануына оның өзінің не қандай да бір жақын адамының зұлымдықтан зардап шеккені себеп болуы мүмкін. Ендеше, оған ең алдымен шын жүректен жанашырлық білдіргеніміз жөн. Елші Пауыл мәсіхшілерге: “Қайғыланғандардың қайғысына ортақ болыңдар!”— деп кеңес берген (Римдіктерге 12:15). ‘Қайғысына ортақтасқанымыз’ адамға қатты әсер етер (Петірдің 1-хаты 3:8). Ол қамын ойлап тұрғанымызды түсінсе, айтқандарымызға құлақ асуы әбден мүмкін.
6, 7. Неге өздерін мазалап жүрген рухани тақырыптағы сұрақтарды қойған адамдарды мақтағанымыз абзал?
6 Екіншіден, өзін мазалаған сұрақты шын көңілден қойып тұрған адамды мақтауымыз керек. Кейбіреулер бұндай сұрақтарды қойғандары Құдайға деген сенімі мен оған деген құрметінің жоқтығын көрсетеді деп ойлайды. Оларға тіпті дін қызметкерлері осылай айтқан болуы мүмкін. Алайда мұндай сұрақтар міндетті түрде сенімнің жоқтығын білдірмейді. Тіпті Киелі кітап жазылған заманда да кейбір адал адамдар осындай сұрақтар қойған. Мысалы, забур жыршысы Дәуіт: “Жаратушы Ие, не себепті алыста тұрсың, қасірет төнген кезде Өзіңді неге жасырасың?”— деп сұраған (Забур 9:22). Аббақұқ пайғамбар да былай деп сұраған: “Мен қашанғы жалбарынамын, Жаратушы Ием, бірақ Сен естімейсің, мен қашанғы өктемдік туралы Өзіңе шағынамын, ал Сен қолыңның ұшын бермейсің? Жауыздықты көруді және ауыртпалыққа куә болуды не үшін маған жаздың? Тонау мен зорлық-зомбылық менің көз алдымда өтіп, өшпенділік өршіп, араздық ушығып барады” (Аббақұқ 1:2, 3).
7 Дәуіт те, Аббақұқ та Құдайды терең қастерлеген адал адамдар болған. Жандарын қинаған осындай сұрақтары үшін Құдай оларды жазғырды ма? Жоқ. Қайта, Ехоба олардың шын көңілден шыққан сұрақтарының өз Сөзінде жазылуын орынды деп тапты. Бүгінгі күні де кең етек жайған зұлымдықты көріп мазаланатындар, шын мәнінде, рухани ашыққан, яғни Киелі кітап қана бере алатын жауапты аңсайтын, адамдар болуы мүмкін. Есіңде болса, Иса рухани ашыққан, немесе “рухани мұқтаждықтарын мойындайтын”, адамдарды мақтаған (Матай 5:3, ЖД). Осындай адамдарға Иса уәде еткен бақытты табуға көмектесу неткен зор мәртебе!
8. Қандай жалған ілімдердің кесірінен адамдар зұлымдыққа Құдай жауапты деп ойлайды және біз оларға қалай көмектесе аламыз?
8 Үшіншіден, адамдарға зұлымдықтың кең тарауына Құдай жауапты емес екенін түсінуге көмектесуіміз қажет. Көп адамды қазіргі дүниеге Құдай билік етіп жатыр, басымызға түскен жағдайдың бәрін ол күні бұрын шешіп қойған, сондай-ақ ол адамзаттың қасірет шегуінің себептерін жасырып отыр деген ілімдерге үйреткен. Бірақ бұның бәрі жалған. Мұндай ілімдер Құдайды қорлайды және оны дүниедегі зұлымдық пен қайғы-қасірет үшін кінәлы етіп көрсетеді. Сондықтан бұған қатысты шындықты айту үшін Құдай Сөзін қолдануымыз керек (Тімотеге 2-хат 3:16). Осы бүлінген дүниеге билік етіп отырған — Ехоба емес, Шайтан Ібіліс (Жоханның 1-хаты 5:19). Ехоба саналы жаратылыстарының тағдырын шешіп қойған жоқ. Қайта, әрқайсысына еркіндік берді және жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты таңдау мүмкіндігін берді (Заңды қайталау 30:19). Ехоба ешқашан зұлымдық жасамайды. Ол тіпті зұлымдық атаулыны жек көреді және әділетсіз жапа шеккендердің қамын ойлайды (Әйүп 34:10; Нақыл сөздер 6:16—19; Петірдің 1-хаты 5:7).
9. Адамдарға Ехоба Құдайдың неге қайғы-қасіретке жол беріп отырғанын түсінуге көмектесу үшін, “адал да ақылды құл” қандай құралдар беріп отыр?
9 Осы қадамдар жасалған соң, адам Құдайдың неге әлі де қайғы-қасіреттің болуына жол беріп отырғанын білуге дайын болуы мүмкін. “Адал да ақылды құл” бізге көмек болу үшін көптеген құралдар беріп отыр (Матай 24:45—47, ЖД). Мысалы, 2005—2006 жылдары өткен “Құдайға мойынсұну” деп аталатын облыстық конгресте “Барлық қайғы-қасірет жақында жойылады!” деген трактат жарық көрді. Осы трактат ана тіліңде бар болса, неге оның мазмұнымен танысып шықпасқа? Сондай-ақ бүгінде 157 тілде басып шығарылған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының бір тарауында да осы маңызды сұрақ талқыланады. Осы құралдарды барынша қолдан. Бұл басылымдарда Едем бағында Құдайдың жоғары билігіне қатысты даулы мәселенің қалай көтерілгені және оны Ехобаның қалай шешуді ұйғарғаны Киелі кітапқа негізделіп түсіндіріледі. Осы тақырып жайлы сөйлескенде, тыңдаушыңа ең маңызды білімге жол ашатыныңды естен шығарма. Бұл — Ехоба мен оның керемет қасиеттері туралы білім.
Ехобаның қасиеттеріне назар аудар
10. Неге көп адамға Құдайдың қайғы-қасіретке жол бергенін түсіну қиын және мұны түсіну үшін олар нені білу керек?
10 Ехоба неге Шайтанның билігіндегі дүниеде адамзаттың өзін-өзі басқаруына жол беріп отырғанын түсіндіргенде, адамдардың назарын оның керемет қасиеттеріне аударуға тырыс. Көп адам Құдайдың құдіретті екенін біледі: олар құдіреті күшті Құдай дегенді жиі естиді. Алайда оларға әділетсіздік пен қайғы-қасіретті бірден жою үшін Құдайдың неге сол құдіретті күшін қолданбайтынын түсіну қиын болар. Бұған олардың Ехобаның киелілік, әділеттілік, даналық пен сүйіспеншілік сияқты басқа қасиеттерін түсінбегені себеп болуы мүмкін. Ехоба бұл қасиеттерін кемелді түрде және бір-бірімен үйлестіріп танытады. Сондықтан Киелі кітапта: “Оның істері кемелді”,— делінген (Заңды қайталау 32:4, ЖД). Құдайдың өз күшін қолдануына қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап бергенде, оның осы қасиеттеріне қалай көңіл бұруға болады? Қазір бірнеше мысалды қарастырып көрейік.
11, 12. а) Неге Адам мен Хауаны кешіру мүмкін емес еді? ә) Неліктен Ехоба күнәға мәңгі төзбейді?
11 Неге Ехоба Адам мен Хауаны кешіре салмады? Оларды кешіру мүмкін емес еді. Себебі кемелді болған Адам мен Хауа Ехобаның билігінен саналы түрде бас тартып, Шайтанға мойынсұнуды шешті. Сондықтан бұл бүлікшілерден өкініштің нышаны да байқалмағаны таңғалдырмайды. “Неге Құдай оларды кешіре салмады”,— деп сұрайтындар, шындығына келгенде: “Неліктен ол өз нормасынан аттап, күнә мен бүлікке көз жұма салмады”,— деген ойда болуы мүмкін. Бұл сұрақтың жауабы Ехобаның болмысының ажырамас бөлігі — киелілігімен тығыз байланысты (Леуіліктер 11:44; 19:2; Аян 15:4).
12 Киелі кітапта Ехобаның киелілігі жайлы көп айтылады. Бірақ, өкінішке қарай, осы бүлінген дүниеде бұл қасиетті түсінетіндер кемде-кем. Ехоба күнә атаулыдан аулақ, таза және кіршіксіз (Ишая 6:3; 59:2). Ал күнә жайлы айтсақ, ол одан азат ету мен оны жоюдың шарасын қолданды. Алайда Ехоба күнәға мәңгі бақи төзіп отыра бермейді. Егер Ехоба күнәға мәңгі бақи төзетін болса, бізде жарқын болашаққа деген үміт болмас еді (Нақыл сөздер 14:12). Өзі белгілеген уақытта ол жаратылыстарының бәрін қайтадан киелі етеді. Бұған еш күмән жоқ, себебі бұл — киелі Құдайдың еркі.
13, 14. Неге Ехоба Едемдегі бүлікшілерді жоймауды ұйғарды?
13 Неге Ехоба Едемдегі бүлікшілерді жоя салып, бәрін қайта бастамады? Оның бұлай етуге, әрине, құдіреті жетер еді. Жуырда ол зұлымдық атаулыны жою үшін сол күшін қолданбақ. “Онда неге ол ғаламда үш-ақ күнәкар болған кезде оларды жоя салмады? Сонда күнә да тарамай, дүниедегі қайғы-қасірет те атымен болмас еді”,— деп, кейбіреулер түсінбеуі мүмкін. Ехобаның осылай әрекет етпеуіне не себеп болды? Заңды қайталау 32:4-те: “Оның салған барша жолы әділ”,— делінген. Иә, Ехоба әділеттілікке зор мән береді. “Ол... әділеттілікті ұнатады” (Забур 32:5). Ехобаның Едем бағындағы бүлікшілерді жоймауына әділеттілікті ұнататындығы себеп болды. Неге?
14 Шайтан бүлік шығарып, Құдайдың билігінің дұрыстығына шек келтірген болатын. Ехоба әділетті Құдай болғандықтан, Шайтанның дауына әділ жауап берілу керек еді. Ол жазаға лайық бүлікшілерді бірден жойғанда, бұл әділ жауап болмас еді. Бұл әрекетімен Ехоба өзінің құдіретті күшін көрсетер еді. Алайда даулы мәселе оның күшіне қатысты болған жоқ. Оның үстіне, Ехоба Адам мен Хауаға ниетін айтқан болатын: оларға ұрпақ жалғастырып, жер бетін толтырып, сондай-ақ оны игеріп, барлық тіршілік атаулыға иелік ету тапсырылды (Жаратылыс 1:28). Ехоба Адам мен Хауаны жоя салғанда, оның осы ниеті орындалмай қалатын еді. Ал әділ Құдай Ехобаның бұған жол беруі мүмкін емес, өйткені оның еркі әрдайым орындалады (Ишая 55:10, 11).
15, 16. Едемдегі бүлікке қатысты өз “шешімдерін” ұсынғандарға нені түсінуге көмектесе аламыз?
15 Ғаламда басқа біреу бүлікке қатысты мәселені Ехобанікінен де артық даналықпен шеше алар ма еді? Кейбіреулер Едемдегі бүлікке қатысты өз “шешімдерін” ұсынуы мүмкін. Алайда бұл олардың мәселені шешудің дұрысырақ жолын білеміз деуімен пара-пар емес пе? Олардың ниеті түзу шығар, бірақ бұдан Ехобаның әрекет ету жолдары мен оның асқан даналығын түсінбейтіндері көрінеді. Римдіктерге жазған хатында елші Пауыл Құдайдың даналығына терең бойлап, оның Мәсіхтің Патшалығы арқылы адал адамзатты күнәдан азат етіп, киелі есімін қастерлі етуіне қатысты ‘қасиетті құпиясы’ жайлы айтады. Осындай ниеті бар Құдайдың даналығына қатысты Пауыл қандай ойда болған? Ол мынадай тұжырым жасайды: “Даналықтың бірден-бір Иесі — Құдайдың даңқы Иса Мәсіх арқылы мәңгі арта берсін! Аумин” (Римдіктерге 11:25, ЖД; 14:24—26).
16 Иә, Пауыл Ехобаның ‘даналықтың бірден-бір Иесі’ — ғаламдағы ең дана тұлға — екенін білген. Кемелсіз адамдардың қай-қайсысы да қарапайым мәселелерді шешудің дұрыс жолын білмейді, ендеше олар Құдайдың даналығына қатысты ең қиын мәселені қайдан шешсін?! Олай болса, басқаларға да өзіміз сияқты “жүрегі даналыққа толы” Құдайға деген қастерлі сезімге бөленуге көмектесейік (Әйүп 9:4). Ехобаның даналығына үңіле түскен сайын, оның мәселелерді ең дұрыс жолмен шешетініне деген сенімділігіміз арта түседі (Нақыл сөздер 3:5, 6).
Ехобаның басты қасиетін түсіну
17. Құдай неге қайғы-қасіретке шыдап отыр деп мазаланатындарға Ехобаның сүйіспеншілігін терең түсінгендері қалай көмектеседі?
17 “Құдай — сүйіспеншілік” (Жоханның 1-хаты 4:8). Киелі кітап Ехобаның басты қасиетін осылайша әсерлі етіп сипаттайды. Құдайдың сүйіспеншілігі басқа қасиеттерінің ішіндегі ең тартымдысы әрі ол дүниені жайлаған зұлымдықтан жапа шегіп жүргендер үшін жұбаныштың бірден-бір көзі болып табылады. Ехобаның сүйіспеншілігі жаратылыстарын күнәнің зардабынан арылту үшін қолданған шарасынан жақсы көрінеді. Сүйіспеншілікке толы Ехоба Адам мен Хауаның күнәкар ұрпақтарына үміт берді (Жаратылыс 3:15). Құдай оларға дұға арқылы өзіне жақындауға және өзімен ұнамды қарым-қатынаста болуға мүмкіндік берді. Сүйіспеншілігі оны күнәнің толық кешіріліп, адамдардың кемелді әрі мәңгі өмір сүруіне жол ашатын төлемді беруге талпындырды (Жохан 3:16). Сондай-ақ оның сүйіспеншілігі адамзатқа шыдамдылық танытып, осылайша адамдардың Шайтанның билігінен бас тартуына және Ехобаны өздерінің Әміршісі ретінде мойындауына бар мүмкіндік жасауға қозғау салды (Петірдің 2-хаты 3:9).
18. Біз қандай шындықты білеміз және келесі мақалада не талқыланады?
18 Бір шіркеу қызметшісі жан түршігерлік террорлық әрекеттің құрбандарын еске алу үшін жиналғандарға: “Құдайдың зұлымдық пен қайғы-қасіретке не себепті шыдап отырғандығын білмейміз”,— дейді. Қандай өкінішті! Ал біздің бұл жайлы шындықты білетініміз керемет емес пе?! (Заңды қайталау 29:29) Ехоба дана, әділ әрі сүйіспеншілікке толы Құдай болғандықтан жақында барлық қайғы-қасіретті жоятынын білеміз. Мұны оның өзі уәде еткен (Аян 21:3, 4). Ал өмірден өткен барлық адамдар жайлы не деуге болады? Ехобаның Едем бағындағы даулы мәселені шешуге қатысты шарасы оларға да үміт бере ме? Иә, береді. Ехобаның сүйіспеншілігі олардың да қамын ойлап, қайта тірілтуге талпындырады. Бұл келесі мақалада талқыланады.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Құдайдың қайғы-қасіретке неге жол беріп отырғандығы жайлы сұрайтындарға қалай жауап беруге болады?
• Ехоба Едемдегі бүлікшілерге қатысты мәселені шешкенде, киелілігі мен әділдігін қалай көрсетті?
• Неге адамдарға Ехобаның сүйіспеншілігін тереңірек түсінуге көмектесуіміз керек?
[13-беттегі сурет]
Қайғы-қасіреттің орын алып жатқаны жанына батқан адамдарға көмектесуге тырыс
[15-беттегі суреттер]
Құдайдың адал қызметшілері Дәуіт пен Аббақұқ таза ниетпен көкейдегі сұрақтарын қойған