Құдайға деген сүйіспеншіліктің арқасында біріккендер
БІЗДІҢ заманымыздың бірінші ғасырындағы мәсіхшілер қауым мүшелерінің сан алуандығына қарамастан, өзара бірлікте болған. Шынайы Құдайдың ғибадат етушілері Азия, Еуропа және Африка халықтарынан шыққан еді. Олар дін қызметкерлері, жауынгерлер, құлдар, босқындар, қолөнершілер, салық жинаушылар және саудагерлер сияқты түрлі ортадан болатын. Олардың құрамына яһудилер де, яһуди еместер де кіретін. Олардың көбі кезінде азғындар, гомосексуалистер, маскүнемдер, ұрылар немесе тонаушылар болған. Соған қарамастан, олар мәсіхші болғаннан кейін өздерінің жаман істерін тастап, сенімдері арқылы тығыз бірлікте болды.
Бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің өзара бірігуіне не септігін тигізді? Неліктен олар бір-бірімен және жалпы барлығымен татулықта болған? Не себепті көтерілістер мен қақтығыстарға қатыспаған? Ертедегі мәсіхшіліктің қазіргі көп діндерден сонша ерекше болуының мәні неде?
Қауым мүшелерінің өзара тығыз бірлікте болуына не көмектескен?
Бірінші ғасырдағы сенушілерді біріктірген ең басты күш Құдайға деген сүйіспеншіліктері болған. Мәсіхшілер басты міндеттері шынайы Құдай Ехобаны шын жүректен, жан-тәнімен және барлық ақыл-ойымен сүю екендігін түсінген. Мысалы, яһуди болған елші Петірге басқа ұлт адамының үйіне бару туралы нұсқау беріледі, әдетте, яһудилер мұндай адаммен жақын араласпайтын. Оны бұл нұсқауға мойынсұнуға Құдайға деген сүйіспеншілік талпындырған. Петір және ертедегі басқа да мәсіхшілер Құдайдың қасиеттерін және оған ненің ұнамды, ненің ұнамсыз екендігі туралы тура білімдері болғандықтан, онымен тығыз қарым-қатынаста еді. Уақыт өте келе, олардың бәрі өздері үшін Ехобаның еркі ‘бірдей мақсат пен пікірде болып, бірлікте тұру’ екенін түсінген (Қорынттықтарға 1-хат 1:10; Матай 22:37; Елшілердің істері 10:1—35).
Сонымен қатар сенушілерді Иса Мәсіхке деген сенімдері одан сайын біріктірді. Олар оның үлгісіне тура еліктегілері келді. Иса оларға: “Біріңді бірің жақсы көріңдер! Мен өздеріңді сүйгендей, сендер де бір-біріңді сүйіңдер! Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”— деп өсиет еткен еді (Жохан 13:34, 35). Ол алдамшы сезім емес, жанқиярлық сүйіспеншілік туралы айтқан болатын. Бұл сүйіспеншілікті қалай дамытуға болар еді? Иса өзіне сенетіндер жайлы былай деп дұға еткен: “Әке... Сенің Менімен, ал Менің Сенімен тығыз байланыста тұрғанымыздай, сенушілер де Екеумізбен тығыз байланыста тұрып, бәрі де біртұтас болсын деп өтінемін” (Жохан 17:20, 21; Петірдің 1-хаты 2:21).
Ехоба адал қызметшілеріне киелі рухын, немесе әрекет етуші күшін, төкті. Рух олардың бірлікте болуына ықпал етті. Сондай-ақ ол барлық қауымдар қабыл алған Киелі кітаптың ілімдерін түсінулеріне мүмкіндік берді. Ехобаның барлық қызметшілері бірдей хабарды уағыздаған. Ол хабар Мәсіхтің Патшалығы, яғни бүкіл адамзаттың үстінен билік жүргізетін көктегі үкімет арқылы Құдайдың есімінің қастерленуі жайында еді. Ертедегі мәсіхшілер “бұл дүниелік емес” болуға міндетті екендерін түсінген. Сондықтан азаматтық толқулар немесе әскери қақтығыстар кезінде мәсіхшілер бейтараптық сақтап, барлығымен тату болуға ұмтылған (Жохан 14:26; 18:36; Матай 6:9, 10; Елшілердің істері 2:1—4; Римдіктерге 12:17—21).
Барлық сенушілер өз тараптарынан бірлік сақтауға тиіс екендерін түсінген. Олар бұған қалай қол жеткізген? Киелі кітаптың басшылығына мойынсұнуларымен қол жеткізген. Сол себепті елші Пауыл мәсіхшілерге: “Ескі күнәкар болмыстарың мен бұған дейінгі өмір салттарыңды енді тастаңдар” және “жаңа, шынымен әділетті де қасиетті адам болып өмір сүріңдер”,— деп жазған (Ефестіктерге 4:22—32).
Бірлікті сақтау
Әрине, бірінші ғасырдағы мәсіхшілер де кемелсіз болған, сондықтан кейде бірліктерін бұзатындай жағдайлар туындап отырған. Мысалы, Елшілердің істері 6:1—6 тармақтарда грекше сөйлейтін яһуди мәсіхшілер өздерін шеттеткендей сезінгендіктен, еврейше сөйлейтін яһудилер мен олардың арасында түсініспеушілік болғаны жазылған. Бұл мәселе жайында елшілер ести сала, бірден мұқият қарастырылып, әділ шешім жасалады. Кейіннен ілімге байланысты сұрақтар мәсіхшілер қауымындағы яһуди еместердің орындау керек талаптарына қатысты дау туындатты. Шешім Киелі кітаптағы талаптарға негізделіп қабылданды, әрі бұны барлық қауымдар мақұлдады (Елшілердің істері 15:1—29).
Бұл мысалдар бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қауымындағы келіспеушіліктер ұлтаралық жікке бөлінуге немесе ілімге байланысты шешілмейтін дауға әкелмегенін көрсетеді. Мұның себебі неде еді? Өйткені біріктіретін факторлардың — Ехобаға деген сүйіспеншілік, Иса Мәсіхке деген сенім, бір-біріне деген жанқиярлық сүйіспеншілік, киелі рухтың басшылығын мойындау, Киелі кітап ілімдерін бірдей түсінулері және жүріс-тұрыстарын өзгертуге дайын болғандары — ертедегі мәсіхшілер арасында бірлік пен татулықты сақтауға күші жеткілікті болды.
Қазіргі уақытта ғибадат ету үшін біріккендер
Бүгінде бірлікке қол жеткізуге бола ма? Сол факторлар қазір де сенушілерді тату етіп, әрі бүкіл әлемдегі барлық ұлттармен бейбіт қатынаста болуға көмектесе алады ма? Әрине! 230-дан астам елдегі Ехоба Куәгерлері дүниежүзілік бауырластыққа біріккен. Оларды да бірінші ғасырдағы мәсіхшілерді біріктірген факторлар біріктіреді.
Ең бастысы, Куәгерлерді Ехоба Құдайға деген берілгендіктері біріктіреді. Бұл олардың барлық жағдайда Құдайға адалдық сақтауға тырысатындықтарын білдіреді. Сонымен қатар Ехоба Куәгерлері Иса Мәсіхке және оның ілімдеріне сенеді. Мәсіхшілер бір сенімдегілерге жанқиярлық сүйіспеншілік танытып және қызмет ететін барлық елдерінде Құдай Патшалығы жайындағы тура сол ізгі хабарды жариялайды. Олар барлық діннің, нәсілдің, ұлттың және әлеуметтік топтардың адамдарымен Патшалық туралы қуана-қуана бөліседі. Сондай-ақ Ехоба Куәгерлері осы дүниенің істерінде бейтараптық сақтайды, ал бұл оларға адамзат арасына жік салатын саясаттың, мәдениеттің және сауда-саттықтың әсеріне берілмеулеріне көмектеседі. Барлық Куәгерлер Киелі кітаптың нормаларын басшылыққа ала отырып, әрекет ету арқылы да бірлік сақтайды.
Бірлік өзгелерді қызықтырады
Куәгерлер арасындағы бірлік жиі өзге адамдардың қызығушылығын оятады. Мысалы, Ильзеa бір кездері Германиядағы католик монастырында монах әйел болған. Ехоба Куәгерлері оны несімен қызықтырды? Ильзе былай дейді: “Олар мен кездестірген ең жақсы адамдар. Олар соғысқа қатыспайды, әрі ешкімге зұлымдық жасамайды. Сонымен қатар Құдай Патшалығы орнағанда, адамдардың жер бетіндегі жұмақта бақытты өмір сүрулеріне көмектескілері келеді”.
Тағы бір мысал, неміс солдаты болған Гюнтер жайында. Ол Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Францияда қызмет етеді. Бір күні Гюнтер қызмет ететін әскери бөлімде протестанттық діни қызметші өз қызметін атқарады. Діни қызметші Құдайдың көмектесуін, қорғауын және жеңіске жеткізуін сұрап дұға етті. Бұдан кейін Гюнтер қарауылға тұрды. Ол дүрбісін соғыс шебінің арғы бетіндегі қарсыластарына салып қарағанда, ол жерде де діни қызметші өз қызметін атқарып жатты. Гюнтер: “Бәлкім, бұл діни қызметші де Құдайдың көмектесуін, қорғауын және жеңіске жеткізуін сұрап дұға еткен шығар. Мен христиандардың неліктен бір-бірімен соғысатынына таңғалдым”,— деп есіне алады. Бұл оқиға оған қатты әсер еткен еді. Кейіннен ол соғысқа қатыспайтын адамдармен, Ехоба Куәгерлерімен, кездеседі де, олардың дүниежүзілік бауырластығына қосылады.
Ашок пен Фима бір шығыс дінінің мүшелері еді. Олардың үйінде құдайға ғибадат ететін арнайы орын болатын. Отбасы ауыр кеселге душар болғанда, олар өздері ұстанған дінін қайта қарастырды. Ашок пен Фима Ехоба Куәгерлерімен әңгімелесіп, Киелі кітаптың ілімдері мен олардың арасындағы сүйіспеншілікке таңғалды. Қазір олар Құдай Патшалығы туралы ізгі хабардың жігерлі жариялаушылары.
Ильзе, Гюнтер, Ашок және Фима миллиондаған Ехоба Куәгерлерінен тұратын бүкіләлемдік бауырластыққа бірікті. Олар бүгінде өздерін ғибадат етуде біріктіріп отырған факторлар болашақта бүкіл тілалғыш адамзатты біріктіреді деген Киелі кітаптың уәдесіне сенеді. Сол уақытта діннің атымен ендігәрі зұлымдық, алауыздық және жікке бөлінушілік болмайды. Бүкіл әлем шынайы Құдай Ехобаға бірігіп ғибадат ететін болады (Аян 21:4, 5).
[Сілтеме]
a Кейбір есімдер өзгертілген.
[4-беттегі суреттер]
Шыққан тектері әр түрлі болғанына қарамастан ертедегі мәсіхшілер бірлікте болған