Дін адамзатты біріктіретініне көпшіліктің күмәндану себептері
‘МАҢАЙЫҢДАҒЫ адамды сүй’ (Матай 22:39). Көптеген діндер қоғамның осы басты қағидасымен қуана келіседі. Егер діндер өз сенушілеріне маңайындағыларын сүюді үйретсе, онда олар ынтымақ пен ауызбірлікте болуға ұмтылар еді. Бірақ діндер ауызбірлікті сақтап жүр деуге бола ма? Діндер бірлік сақтауға ықпал етеді ме? Жақында Германияда сауалнама жасалып: “Діндер адамдарды біріктіреді ме, әлде бір-бірінен одан әрі алшақтатады ма?” — деген сұрақ қойылды. Сұраққа жауап берушілердің 22 пайызы діндер біріктіреді десе, 52 пайызы алшақтататынын айтты. Мүмкін, сіздің еліңіздегі адамдардың көбісі тура осылай ойлайтын шығар.
Не себепті көп адам діннің адамзатты біріктіретініне сенбейді? Мүмкін, тарихтағы болған оқиғалардың салдарынан шығар. Дін халықтарды біріктірудің орнына, жиі араларына жік салып отырды. Кейбір жағдайларда дін адам айтқысыз зұлымдықтарды бүркеу үшін қолданылған. Өткен ғасырда болған бірнеше мысалды қарастырып көрейік.
Діннің ықпалымен
Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Балқан жеріндегі католик дінін ұстанатын хорваттар мен православиелік сербтер арасында қақтығыс болды. Екі жақ та өздерін маңайындағы адамды сүюді үйреткен Исаның ізбасарларымыз деп санайды. Осыған қарамастан, бір зерттеуші олардың арасындағы қақтығысқа “тарихтағы ең жан түршігерлік азаматтық соғыстардың бірі” деген анықтама берді. Құрбан болғандардың саны — 500 000 астам ер, әйел және балалар — әлемді шошындырды.
1947 жылы Үнді субконтиненті 400 миллионға жуық — шамамен дүние жүзі халқының 20 пайызы — негізінен, индуизм, мұсылман және сикхизм діндерін ұстанатын адамдардың ортақ үйі болған. Үндістан бөлінгенде мұсылман халқынан тұратын Пәкістан мемлекеті пайда болды. Сол уақытта екі жақтан да жүз мыңдаған босқындар бірқатар жан түршігерлік діни қақтығыстарда өртеліп, соққыға жығылып, азапталды, әрі оққа ұшты.
Сонымен қатар жоғарыда келтірілген ойландыратын мысалдарға қоса, 21 ғасырда терроризм қаупі алғы шепке шықты. Қазіргі уақытта терроризм бүкіл дүниені алаңдатып отыр, көптеген террорлық топтар белгілі бір дінді ұстанады. Байқағанымыздай, дін біріктірмейді. Керісінше, дін зорлық-зомбылық және алауыздықпен байланыстырылады. Сондықтан Германияның бір қоғамдық-саяси журналында әлемнің негізгі діндерін — буддизм, христиан әлемі, Конфуций ілімі, индуизм, ислам, иудаизм және даосизм — оқ дәріге теңегенінде таңғаларлық ештеңе жоқ.
Ішкі талас-тартыс
Бір діндер бір діндермен соғысып жатқанда, басқалары өз ішіндегі талас-тартысымен әуре. Мысалы, соңғы жылдары христиан әлемі шіркеулерінің өз ілімдері жөніндегі айтыс-тартыстары ушығып, жікке бөлінуде. Дінбасыларын да, қарапайым адамдарды да келесі сұрақтар қызықтырады: Жүктіліктен сақтану шараларын қолдануға бола ма? Түсік жасатуға ше? Әйелдер діни қызметкер бола ала ма? Шіркеу гомосексуализмге қалай қарау керек? Діннің соғысты қолдауы дұрыс па? Осы келіспеушіліктердің барлығын ескерсек, онда мынандай сұрақ туындайды: “Егер діндер өзара бірлік орната алмаса, адамзатты қалай біріктірмек?”
Демек, діннің біріктірмейтіні анық болды. Бірақ діндердің барлығы жікке бөлінген бе? Адамзатты біріктіре алатын дін бар ма?
[3-беттегі сурет]
Үндістандағы 1947 жылы болған дінаралық қақтығыста жараланған полиция қызметкері
[Түпдерек]
Photo by Keystone/Getty Images