Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w03 1.6. 8—13 бет.
  • Өзгелерге Ехобаның көзімен қарауға тырыс

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Өзгелерге Ехобаның көзімен қарауға тырыс
  • 2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Жүніске әділ көзбен қарау
  • Петірге деген дұрыс көзқарас
  • Қандай сабақ аламыз?
  • Ол өз қателігінен сабақ алды
    Сенімін серік еткендер
  • Ол өз қателіктерінен сабақ алды
    2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Ол мейірімді болуды үйренді
    Сенімін серік еткендер
  • Пайғамбар Құдайдан мейірімділікті үйренді
    2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w03 1.6. 8—13 бет.

Өзгелерге Ехобаның көзімен қарауға тырыс

“Мен пенденің көзімен қарамаймын” (1 ПАТШАЛЫҚТАР 16:7).

1, 2. Ехобаның Елияп туралы ойының Самуилдің ойынан қандай айырмашылығы болды және бұдан қандай сабақ аламыз?

ЕХОБА б. з. б. XI ғасырда Самуил пайғамбарға құпия тапсырма берген болатын. Ехоба оған Есей атты кісінің үйіне барып, ұлдарының бірін Исраилдің патшасы ету үшін май жағу рәсімін жасауды бұйырды. Самуил Есейдің тұңғыш ұлы Елияпты көргенде, Құдайдың таңдағанын таптым деген сенімде еді. Алайда Ехоба оған: “Сен оның бет-жүзіне, бойшаңдығына қарамай-ақ қой. Оны мақұл көрмеймін. Мен пенденің көзімен қарамаймын ғой. Пенде адамның тек бет-әлпетіне қараса, Жаратқан Ие жан дүниесіне қарайды”,— деді (1 Патшалықтар 16:6, 7). Самуил Елияпқа Ехобаның көзімен қараған жоқa.

2 Өзгелер туралы пікірімізде қалай оңай жаңылысамыз! Бір жағынан, бізді өнегелік принципін ұстанбайтын адамның сыртқы келбеті қызықтырса, екінші жағынан, қитығымызға тиетін мінезі бар жаны таза адамға баға беруде қатал да бірбеткей болуымыз мүмкін.

3, 4. а) Егер екі мәсіхшінің арасында қиындық туындаса, екеуі де неге ұмтылулары керек? ә) Егерде бауырласымызбен керісіп қалған болсақ, өзімізге қандай сұрақтар қоюымыз керек?

3 Өзгелерді, мейлі, тіпті көп жылдан бері білетін адамымыз болсын, соттауға бейім болсақ, бұл қиындықтар тудыруы мүмкін. Мүмкін сен бұрындары жақын досың болған бауырласыңмен қатты керісіп қалған шығарсың. Онымен татуласқың келе ме? Онда саған қандай қадамдар көмектеседі?

4 Неге тағы бір рет бауырласыңа мұқият, әділ көзбен қарамасқа? Мұны Исаның: “Мені жіберген Әкем Өзіме жақындатып тартса ғана, адамдар Маған келе алады”,— деген сөздерін есте ұстай отырып істеуге болады (Жохан 6:44). Сонан соң өзіңнен былай деп сұра: неліктен Ехоба бұл адамды өзінің Ұлына жақын тартты? Оның қандай жағымды қасиеттері бар? Бәлкім мен бұл қасиеттерді байқамай не бағаламай жүрген шығармын? Алғашқыда неліктен біз дос болдық? Бойындағы не нәрсе маған тартымды болды? Алғашқыда оның жақсы жақтары туралы ойлану, әсіресе ренжіп жүргеніңе біраз уақыт болған болса, саған қиынға соғуы да мүмкін. Әйтсе де, араларыңдағы қарым-қатынасты қайта қалпына келтіру үшін, бұл — өте маңызды қадам. Мұны қалай істеуге болатынын екі мысалдың көмегімен қарастырып, сондай-ақ жиі кемшіліктеріне қарап бағаланатын екі адамның мінездерінің жақсы жақтарын көруге тырысайық. Бұлар Жүніс пайғамбар мен елші Петір.

Жүніске әділ көзбен қарау

5. Жүніске қандай тапсырма берілді және ол оны қалай қабылдады?

5 Жүніс солтүстік Исраил патшалығында Жоғас ұлы Еробоғам II патшаның күндерінде пайғамбар ретінде қызмет атқарған (4 Патшалықтар 14:23—25). Бір күні Ехоба Жүніске Исраилден Ассур мемлекетінің астанасы Ниневиге баруды бұйырды. Қандай тапсырмамен? Сол жердің тұрғындарына ұлы қалаларының жойылатындығы туралы ескерту үшін (Жүніс 1:1, 2). Бірақ Құдайдың тапсырмасын орындаудың орнына, Жүніс қашып кетеді! Ол Тарсиске, Ниневиден шалғайда орналасқан жерге, аттанғалы тұрған кемеге отырады (Жүніс 1:3).

6. Ехоба Ниневиге неліктен Жүністі жіберуді ұйғарды?

6 Жүністі есіңе алғаныңда, алдымен ойыңа не келеді? Оны тілазар пайғамбар деп ойлайсың ба? Егер терең үңілмесек, дәл осындай қорытынды жасауға болады. Бірақ тілазар болса, Құдай оны пайғамбар етер ме еді? Әрине, жоқ! Жүністің жағымды да қасиеттері болу керек. Өзінің пайғамбарлық міндетін бұдан бұрын оның қалай атқарғанын қарастырып көрейік.

7. Исраилде Жүніс қандай жағдайда қызмет етті және мұны білгенің сенің ол туралы пікіріңе қалай әсер етеді?

7 Жүністің Исраилде, адамдары сөзге құлақ аспайтын аумақта, адал уағыздағанын естен шығармаған жөн. Шамамен Жүніс пайғамбардың тұсында өмір сүрген Амос пайғамбар да исраилдіктерді байлыққа және тән құмарлығына берілген адамдар деп сипаттағанb. Елде зұлымдық жайлаған, бірақ исраилдіктер оған еш мән бермейтін (Амос 3:13—15; 4:4; 6:4—6). Осыған қарамастан, Жүніс өзінің тапсырмасын адалдықпен орындап, оларға күнде уағыздаған. Егер сен жариялаушы болсаң, өз-өзіне масаттанған, Құдай сөзін елемейтін адамдарға уағыздаудың қаншалықты ауыр екенін білесің. Сондықтан да, Жүністің кемшіліктеріне көз жұмбасақ та, оның сенімсіз исраилдіктерге уағыздағанда танытқан адалдық және төзімділік сияқты қасиеттерін естен шығармайық.

8. Исраилдің пайғамбарын Ниневиде қандай қиындықтар күтіп тұр еді?

8 Ал Ниневиге бару тапсырмасы одан да бетер қиын болатын. Қалаға жету үшін Жүніске 800 шақырымды жаяу жүріп өтуге тура келер еді. Ал бұл — шамамен бір айға созылатын қажытарлық сапар деген сөз. Ол Ниневиде жауыздығымен әйгілі болған ассириялықтарға уағыздау керек болатын. Бұл халық соғыстарда жан түршігерлік азаптауларды қолданып, тіпті өздерінің айуандық әрекеттеріне мақтанатын. Ниневидің “қанды қала” деп аталғанына таңданбаса да болады (Нағұм 3:1, 7).

9. Теңізшілерге сұрапыл дауыл қауіп төндіргенде, Жүніс қандай қасиеттер танытты?

9 Ехобаның бұйрығын тыңдағысы келмей, Жүніс кемемен баруы керек жерінен алысырақ жерге жүзіп кетеді. Әйтсе де, Ехоба одан бас тартып, орнына өзге біреуді таңдаған жоқ. Мұның орнына Ехоба оған берілген тапсырманың қаншалықты маңызды екенін ұғынуына көмектесуге тырысты. Ол теңізде қатты дауыл тұрғызды. Пайғамбар мінген кемені теңіз толқындары қатты теңселтіп жіберді. Кінәсіз жандардың өміріне қауіп төнді: бәрі де Жүністің кесірінен! (Жүніс 1:4). Жүніс не істеді? Өзінің кесірінен теңізшілердің өліп кеткенін қаламаған ол: “Мені теңізге лақтырсаңдар, ол басылады”,— деді (Жүніс 1:12). Теңізшілер суға лақтырғанда, Ехоба өзін құтқарып алады деп ойлауға Жүністе негіз жоқ еді (Жүніс 1:15). Алайда теңізшілердің аман қалуы үшін ол өмірін қиюға дайын еді. Осы жайттан Жүністің батылдығын, кішіпейілдігі мен сүйіспеншілігін көрмейміз бе?

10. Ехоба Жүніске уағыздауды қайта тапсырғаннан кейін не болды?

10 Әйтсе де Ехоба Жүністі құтқарды. Әлдекім Жүніс істеген қылығы үшін қайтадан Құдайдың өкілі болуға жарамсыз деп ойлауы мүмкін. Бірақ Ехоба ниневиліктерге уағыздауды қайта тапсыруымен пайғамбарға мейірімділік пен сүйіспеншілік көрсетті. Ниневиге келгенде, Жүніс оның тұрғындарына істеген зұлымдықтарының Құдайға жеткенін және 40 күннен соң қалалары қиратылатынын батылдықпен хабарлады (Жүніс 1:2; 3:4). Ниневиліктер бұл сұмдық хабарды естігенде, істеріне өкінді, сондықтан Ехоба қалаларын жоймады.

11. Жүністің өзіне маңызды сабақ алғаны неден көрінеді?

11 Дегенмен Жүністің көзқарасын әлі де дұрыстау қажет еді. Ехоба оған шыдамдылық танытып, көрнекі мысалдың көмегімен өзінің көзге көрініп тұрғанды ғана емес, көрінбейтін жайттарды да терең бойлайтын Құдай екенін түсінуіне көмектесті. Ол жүректі тексереді (Жүніс 4:5—11). Жүністің өзіне маңызды сабақ алғаны оның бұл жайды ашық жазып қалдырғанынан көрінеді. Оның өз кемшіліктері жөнінде — жағымсыз жақтарын да қоса — жасырмай жазғаны кішіпейіл болғанын дәлелдейді. Оның үстіне, қателікті мойындау үшін батылдық та қажет!

12. а) Ехобаның адамдарға деген көзқарасы Исаға да тән екенін қайдан білеміз? ә) Ізгі хабарды уағыздаған адамдарға деген көзқарасымыз қандай болу керек? (12-беттегі қоршауды қараңдар).

12 Ғасырлар өте, Иса Мәсіх Жүністің өміріндегі оқиғалардың біріне жағымды жағынан қарап: “Жүніс үш күн, үш түн дәу балықтың ішінде болғаны сияқты, көктен келген Билеуші де жер қойнында үш күн, үш түн болады,”— деп айтқан (Матай 12:40). Жүніс қайта тірілгенде, Исаның өзінің қабірде болуын пайғамбардың өмірінің осы бір қиын кезеңімен салыстырғанын білетін болады. Қателіктер жіберсе де, өз қызметшілерінен бас тартпайтын Құдайға қызмет ететінімізге қуанышты емеспіз бе? Забур жыршысы: “Әкенің сәбиіне жаны ашығанындай, Иеміз де Өзін қастерлегендерге дәл сондай жанашырлық танытады. Неден жаратылдық, соны біледі, топырақтан екеніміз Оның есінде”,— деп жазған (Забур 102:13, 14). Осы “топырақ” — бүгінгі кемелсіз адамдарды қоса — Құдайдың киелі рухының қолдауымен үлкен істер атқара алады!

Петірге деген дұрыс көзқарас

13. Петірдің бірден қандай қасиеттері ойға келуі мүмкін, бірақ Иса неге оны елшісі етіп таңдап алды?

13 Енді қысқаша екінші мысалды, елші Петірдің мысалын, қарастырып көрейік. Егер саған Петірді сипаттап бер десе, бірден оның алып-ұшпа мінезін, немесе өз-өзіне сенімділігі туралы ойларсың. Иә, Петір кейде осылай әрекет ететін. Алайда Петір шын мәнінде алып-ұшпа мінезді, өз-өзіне сенімді болған болса, Иса оны 12 елшісінің бірі етіп таңдап алар ма еді? (Лұқа 6:12—14). Әрине, жоқ! Иса оның бұл кемшіліктерінен тереңірек жатқан жақсы қасиеттерін де көре білген.

14. а) Петірдің жиі бірінші сөйлейтінін қалай түсіндіруге болады? ә) Петірдің көп сұрақтар қойғанына неліктен ризашылық білдіргеніміз жөн?

14 Петір кей кездері өзге елшілердің атынан да сөйлейтін. Кейбіреулер мұны өрескелдік деп қарастыруы мүмкін. Бірақ шынында осындай байлам жасауға бола ма? Кейбіреулер Петірдің жасы өзге елшілерден — бәлкім, Исаның өзінен де — үлкен болған деп есептейді. Егер бұл рас болса, онда бұл Петірдің неге жиі бірінші болып сөйлейтіндігін түсінуге көмектеседі (Матай 16:22). Сондай-ақ бұл жерде тағы бір жайтты ескеру керек. Петір рухани адам болған. Білімге құштарлығынан ол жиі сұрақ қойып отыратын. Мұның бізге де пайдасы бар. Петірдің сұрақтарына жауап бере отырып, Иса кейінірек Киелі кітапқа жазылған көптеген құнды ойларды айтқан. Мысалы, Иса дәл осы Петірдің сұрағына жауап ретінде “адал да саналы қызметші” туралы айтып берген (Лұқа 12:41—44). Сондай-ақ Петірдің: “Міне, біз барлығын тастап, Сіздің соңыңыздан еріп жүрміз. Сол үшін бізді не күтіп тұр?” — деген сұрағы жөнінде де ойланып көруге болады. Бұл сұраққа Иса үміт берерлік жауап қайтарды: “Менің атыма бола үй-жайы, туған бауырлары, әке-шешесі, бала-шағасы не жер-суынан ажыраған әркімге қарымтасы жүз есе артығымен қайтарылады, әрі мәңгілік өмір де сыйланады” (Матай 15:15; 18:21, 22; 19:27—29).

15. Неге Петірді нағыз адал жан болған деп айтуға болады?

15 Петірді ерекшелендірген тағы бір керемет қасиеті — адалдығы. Көптеген шәкірттері Исаның бір ілімін түсінбей, оның соңынан ермей қойғанда: “Ием, Сізден кетсек, кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер Сізде”,— деп, 12 елшісінің атынан сөйлеген де Петір болатын (Жохан 6:66—68). Бұл сөздер Исаның жүрегіне қалай жылы тиді десеңші! Кейінірек, бір топ адам Қожайындарын тұтқындауға келгенде, елшілердің көпшілігі қашып кетеді. Ал Петір болса тобырдың артынан ілесіп, бас діни қызметкердің сарайына дейін кіреді. Мұнда келуіне оған қорқақтық емес, батылдығы түрткі болды. Исаны жауапқа тартып жатқанда, Петір от жағып жылынып отырған топқа барып қосылады. Діни қызметкердің құлдарының бірі оны танып, Исамен бірге болған деп айыптайды. Осындай қиын жағдайға тап болған Петірдің Қожайынынан танғаны рас, бірақ бұндай жағдайға неге тап болғанын ұмытпайық: ол адал болғандықтан әрі Исаның жайын ойлап, қатты уайымдағандықтан тап болды. Ал басқа елшілерінің көпшілігінің бұл жерге келуге батылы бармады (Жохан 18:15—27).

16. Жүніс пен Петірдің жақсы қасиеттерін қандай мақсатпен қарастырдық?

16 Петірдің жақсы қасиеттері кемшіліктерінен асып түсетін. Жүніс туралы да осылай деуге болады. Біз Жүніс пен Петірдің бойынан әдеттегідей емес, жақсы жақтарына сәл көбірек көңіл бөлуге тырыстық. Дәл осылайша өзімізді рухани бауырластарымыздың жақсы жақтарын көре білуге үйренуіміз керек. Сонда олармен қарым-қатынасымыз жақсара түседі. Бұл неліктен маңызды?

Қандай сабақ аламыз?

17, 18. а) Неліктен мәсіхшілер арасында түсініспеушіліктер болуы мүмкін? ә) Киелі кітаптағы қандай принциптер бір сенімдегілер арасындағы қиындықтарды шешуге көмектеседі?

17 Барлық ұлттан және әр түрлі ортадан шыққан ерлер, әйелдер мен балалар бүгінгі таңда Ехобаға бірігіп қызмет етуде (Аян 7:9, 10). Мәсіхшілер қауымында қаншама сан қилы тұлғаларды кездестіреміз десеңші! Құдайға қызмет етуде бір-бірімізбен тығыз қарым-қатынаста болатындықтан, түсініспеушілік болмай тұрмайды (Римдіктерге 12:10; Філіпіліктерге 2:3).

18 Бауырластарымыздың кемшіліктеріне көз жұмбаймыз, алайда оларға қадалып та қалмаймыз. “Тәңірім, егер сен заңсыздықтарды байқайтын болсаң,— Тәңірім! кім төзе алсын?” — деп Забур жыршысы жырлағандай, біз де Ехобаға еліктеуге тырысамыз (Забур 129:3). Бізді бауырластарымыздан алыстатын қасиеттер туралы ойлай бергенше, ‘өзара тату жүріп, бір-біріміздің рухани өсуімізге көмектесетіннің барлығына жан-тәнімізбен ұмтыламыз’ (Римдіктерге 14:19). Өзгелерге Ехобаның көзімен қарауға, яғни кемшіліктеріне мән бермей, жақсы жақтарына назар аударуға барынша күш саламыз. Егер осылай етер болсақ, біздің ‘өзара төзімді болуымыз’ жеңіл болады (Қолостықтарға 3:13).

19. Түсініспеушілікті шешу үшін мәсіхшінің жасай алатын қадамдарын сипаттаңдар.

19 Ал егер бір бауырласыңмен араңда түсініспеушілік болып, бұл сені қатты мазалап жүрген болса ше? (Забур 4:5). Неге қиындықты шешуге тырысып көрмеске? (Жаратылыс 32:13—15). Алдымен, Ехобадан басшылық сұрап дұға ет. Сосын бауырласыңның жақсы жақтарын есіңде ұстай отырып, ‘парасатты инабаттылықпен’ оның жанына бар (Жақып 3:13). Оған татуласқың келетінін айт. Құдайдың рухымен жазылған ‘тыңдауға жүйрік, ал сөйлеуге шабан, әрі ашулануға баяу бол’ деген кеңесті есіңде ұста (Жақып 1:19). ‘Ашулануға баяу бол’ деген кеңес өзге адам сенің қитығыңа тиетін бірдеңе істеуі не айтуы мүмкін екендігіне меңзейді. Егер осылай болса, Ехобадан ұстамды болуыңа көмектесуін сұра (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Бауырласыңның ағынан жарылуына мүмкіндік бер және оны мұқият тыңда. Тіпті оның айтқандарымен келіспесең де, сөзін бөлме. Оның пікірі дұрыс болмауы мүмкін, әйтсе де, бұл — оның пікірі. Қиыншылыққа оның көзқарасымен қарауға тырыс. Бұл үшін өзіңе бауырласыңның көзімен қарауға тура келер (Нақыл сөздер 18:17).

20. Түсініспеушілікті шешуде қандай қадамдар нәтижелі болуы мүмкін?

20 Кезегің келгенде ілтипатпен сөйле (Қолостықтарға 4:6). Бауырласыңның бойындағы өзіңе ұнайтын қасиеттерді айт. Осындай түсініспеушілікке әкеп соққан істерің үшін кешірім сұра. Егер кішіпейілдікпен жасаған қадамдарың татуласуға көмектессе, Ехобаға ризашылығыңды білдір. Ал татуласа алмасаң, Ехобадан басшылық сұрауды жалғастыра бер және татуласудың өзге де жолдарын ізде (Римдіктерге 12:18).

21. Осы талқылау өзгелерге Ехобаның көзімен қарауға саған қалай көмектесті?

21 Ехоба өзінің қызметшілерінің бәрін жақсы көреді. Ол кемелсіздігімізге қарамастан, бәрімізді өзінің қызметінде қолданатынына қуанышты. Оның өзгелерге деген көзқарасы туралы көбірек білген сайын, бауырластарымызға деген сүйіспеншілігімізді арттыра түсеміз. Егер бір сенімдегілерге деген сүйіспеншілігіміз сөніп қалса, оны қайта жағуға болады. Өзгелердің жақсы жақтарын байқауға және оларға Ехобаның көзімен қарауға барынша күш салсақ, қандай керемет баталарға ие боламыз!

[Сілтемелер]

a Кейінірек, келбетті Елияптың бойында Исраилдің лайықты патшасы болуға қажетті қасиеттері жоқ екендігі белгілі болды. Мысалы, філістірлік алып Ғолият исраилдіктерді жекпе-жекке шақырғанда, Елияп та Исраилдің өзге жасақшылары сияқты үрейге бой алдырды (1 Патшалықтар 17:11, 28—30).

b Кейбір ірі аумақтарды жаулап алудың, бұрынғы шекараларды қалпына келтірудің және осының нәтижесінде алым-салық жинаудың арқасында болса керек, Еробоғам II солтүстік патшалығының байлығын біршама көбейтіп алғанға ұқсайды (2 Патшалықтар 8:6; 4 Патшалықтар 14:23—28; 2 Шежірелер 8:3, 4; Амос 6:2).

Қалай жауап берер едіңдер?

• Ехоба адал қызметшілерінің кемшіліктеріне қалай қарайды?

• Жүніс пен Петірдің қандай жақсы қасиеттерін атап бере аласыңдар?

• Мәсіхші бауырластарға қандай көзқараспен қарағымыз келеді?

[12-беттегі қоршау]

Ехобаның адамдарға қалай қарайтыны туралы ойлан

Киелі кітаптағы Жүніс туралы әңгімеден өзің ізгі хабарды үнемі уағыздап жүрген адамдарға жаңа көзқараспен қарау қажет екенін байқадың ба? Олар исраилдіктер сияқты масаттанған, Құдай сөзін елемейтін болулары немесе Құдайдың хабарына қарсылық білдірулері мүмкін. Әйтсе де, Ехоба оларға қалай қарайды? Тіпті осы дүниеде жоғары дәрежесі бар адамдардың өзі Жүністің уағызын естіп, өкініш білдірген Ниневи патшасы сияқты бір күні Ехобаға бет бұруы мүмкін (Жүніс 3:6, 7).

[8-беттегі сурет]

Өзгелерге Ехобаның көзқарасымен қарайсың ба?

[10-беттегі сурет]

Иса Жүніспен болған жайтқа жағымды жақтан қараған

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу