Олардың сенімдерін үлгі етіңдер
Ол өз қателіктерінен сабақ алды
ЖАН ТҮРШІКТІРЕРЛІК аламан-тасырды естігісі келмеген Жүніс өзін қоярға жер таппады. Бұл тек кеме діңгегін сілкілеген долы желдің ысқырығы не оның әрбір ағашын шықырлатып, бүйірін соққылаған алып толқындар емес еді. Жүністің жанын жегідей жеген нәрсе — толқындармен арпалысқан капитан мен өзге теңізшілердің жанайқайы. Олардың өлім аузында тұрғанына Жүніс өзін кінәлі сезінген еді.
Неге Жүніс осындай жағдайға душар болды? Ол Ехоба Құдайға қарсы үлкен қателік жасаған болатын. Бұл қандай қателік? Ол өзінің қателігінен сабақ алар ма екен? Осы сұрақтардың жауабын білгеніміздің арқасында көп нәрсеге үйрене аламыз. Мысалы, Жүністің оқиғасы шынайы сенімі бар адамдар да қалай кейде қателік жасайтынын және Құдайға қайта бет бұру үшін не істеуге болатынын көруге көмектеседі.
Ғалилеядан шыққан пайғамбар
Жүніс жайлы ойлағанда жиі адамдар оны тілазар не тіпті қыңыр адам ретінде елестетуге бейім. Алайда оның болмысының басқа да қырлары бар. Жүністі Ехоба өзінің пайғамбары болуға таңдағанын ұмытпайық. Ол адал әрі әділ болмағанда, Ехоба оған осындай үлкен жауапкершілік жүктемес еді.
Патшалықтар 4-жазба 14:25-тен Жүністің шыққан тегі жайлы біраз жайтты білуге болады. Ол сегіз ғасырдан кейін өмір сүрген Иса пайғамбардың өсіп ер жеткен қаласы Назареттен төрт шақырым қашықтықтағы Гафхефер қаласынан шыққанa. Жүніс Исраилдің он рулы патшалығына билік жүргізген Еробоғам ІІ патшаның тұсында пайғамбарлық еткен. Ілиястың заманы ұмыт болғалы қашан, ал Елішә Еробоғамның әкесі билік еткен уақытта дүниеден өтті. Ехоба ол екеуін де Бағал құлшылығын жою үшін қолданған болатын, бірақ Исраил халқы қайтадан жолдан тайып кетті. Халық Ехобаның ‘көз алдында лайықсыз істер істеген’ патшаның қол астында болатын (Патшалықтар 4-жазба 14:24). Сондықтан Жүніске Құдайдың хабарын жеткізу оңайға соқпады. Сөйтсе де ол қызметін адал атқарды.
Алайда күндердің күнінде Жүністің өмірінде үлкен өзгеріс болды. Ол Ехобадан өзіне аса қиын көрінген тапсырма алды. Бұл қандай тапсырма еді?
“Сапарға жиналып, ұлы қала Ниневиге бар”
Ехоба Жүніске: “Сапарға жиналып, ұлы қала Ниневиге бар да, оны соттамақ екенімді жарияла! Олардың зұлым қылықтары Менің көз алдымда”,— деді (Жүніс 1:2). Бұл тапсырманың Жүніске неге сонша қиын көрінгенін түсінуге болады. Ниневи қаласы шығыста, 800 шақырым қашықтықта, шамамен бір ай жаяу жүріп жетуге болатын жерде орналасқан. Алайда жолдың ауыртпалықтары Жүніске тапсырманың ең оңай бөлігі болып көрінсе керек. Жүніс Ниневиядағы аяушылықты білмейтін қатыгез халық ассириялықтарға Ехобаның үкімін жеткізу керек болды. Құдай халқының ішінен хабарға құлақ асқандар кемде-кем болғандықтан, жалған тәңірлерге табынушылардан не күтуге болар еді? ‘Қан сасыған қала’ аталмақ үлкен Ниневиде Құдайдың жалғыз қызметшісі тапсырмасын қалай орындамақ? (Нағұм 3:1, 7).
Жүністі осындай ойлар мазалаған шығар. Біз мұны білмейміз. Бар білетініміз — оның қашып кеткені. Ехоба оны шығысқа жіберді, ал Жүніс батысқа, мүмкіндігінше алысқа қашты. Ол жағалаудағы Иоппе қаласына барып, Тарсисқа жүретін кемеге отырды. Кейбір зерттеушілердің айтуынша, Тарсис Испанияда орналасқан. Бұл рас болса, Жүніс Ниневиден 3500 шақырымға ұзап кеткен. Ұлы теңіздің (сол кезде Жерорта теңізі осылай аталатын) қарсы бетіне жету үшін бір жыл уақыт кетуі мүмкін еді! Ехобаның тапсырмасынан қашу үшін ол осындай тәуекелге баруға дайын болды.
Бұл оның қорқақ адам болғанын білдіре ме? Оны соттауға асықпағанымыз дұрыс. Кейін көретініміздей, ол айрықша батылдық таныта білген. Алайда барлығымыз сияқты ол да көптеген кемшіліктері бар кемелсіз адам болған (Забур 50:5). Қай-қайсымыздың да үрейге бой алдырар кезіміз болады емес пе?
Кейде бізге Құдайдың берген тапсырмасы қиын, тіпті оны орындау қолымыздан келмейтіндей көрінуі мүмкін. Тіпті мәсіхшілерге тапсырылған істі атқарудан, яғни Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздаудан, қорқатын шығармыз (Матай 24:14). Осылайша Иса айтқан негізгі шындықты оп-оңай ұмытып кетуіміз мүмкін. Ол: “[Құдайдың] қолынан бәрі де келеді!”— деген (Марқа 10:27). Осы шындықты кейде ұмытып кететін болсақ, Жүністің жағдайын түсіне алатын шығармыз. Алайда оның сапары немен аяқталды екен?
Ехобаның тілазар пайғамбарды жөнге салуы
Жүністің кемеге жайғасып жатқанын елестететіп көрейікші. Бұл Финикия жүк кемесі болса керек. Ол кемені жүруге дайындап әлектенген капитан мен өзге теңізшілерді бақылап тұрды. Ал жағалаудың бірте-бірте алыстап, ғайып болғанын көргенде, оған төніп тұрған қауіп артта қалғандай көрінсе керек. Бірақ кенет ауа-райы күрт өзгерді.
Долы желдің әсерінен теңіздің қаһарланып буырқанғаны соншалық, көтерілген толқындар тіпті қазіргі заманғы кемелерді оп-оңай басып қалар еді. Толқыған теңізде құртақандай болып көрінген осы бір ағаш кеме ентелеп келіп жатқан толқындардың уысында қанша уақыт болар екен? Осы мезетте Жүніс өзі кейінірек жазғандай, Ехобаның “теңізге қатты жел жіберіп” жатқанын білді ме? Бұлай деу қиын. Бір анығы — Жүніс теңізшілердің өз құдайларына жалбарынып жатқанын көрді және олардан ешқандай көмек келмейтінін білді. Ол: “Кемеге қирау қаупі төнді”,— деп жазды (Жүніс 1:4; Леуіліктер 19:4). Тапсырмасын орындаудан қашқан Құдайынан Жүніс қалайша көмек сұрамақ?
Өзін дәрменсіз сезінген Жүніс кеменің төменгі қабатына түсті де, жатуға ыңғайлы жер тауып, қатты ұйықтап кеттіb. Капитан оны тауып алып, оятты да, басқа теңізшілер сияқты өзінің құдайына дұға айтуды сұрады. Дауылдың тұруына табиғаттан тыс күштер әсер еткеніне сенімді болған теңізшілер бұған кімнің түрткі болғанын анықтау үшін жеребе тастады. Күдіктілердің саны бірте-бірте азайған сайын, Жүніс те мазасыздана бастады. Көп ұзамай шындықтың беті ашылды. Дауылдың тұруына әрі жеребенің Жүніске түсуіне себепші болған Ехоба еді (Жүніс 1:5—7).
Жүніс теңізшілерге бәрін айтып берді. Ол құдіреті шексіз Құдай Ехобаның қызметшісі еді. Оның тапсырмасын орындаудан қашып, қаһарына ұшырады, сөйтіп, барлығына қауіп төндірді. Мұны білген теңізшілердің зәре-құты қалмады. Олар Жүністен кемені және өз жандарын аман алып қалу үшін не істеу керектігін сұрады. Жүніс не деп жауап қатты? Тастай суық буырқанған теңізде батып бара жатқанын ойлағанда, Жүністің денесі тітіркеніп кетсе керек. Алайда құтқара алатынын біле тұра, оларды қалай ғана өлімге қимақ? Жүніс былай деді: “Мені теңізге лақтырсаңдар, ол басылады. Өйткені осы сұрапыл дауылға ұшырап отырғандарың менің кесірімнен екенін білемін” (Жүніс 1:12).
Бұл нағыз ержүрек адамның сөздері емес пе?! Осы бір қысылтаяң уақытта Жүністің батылдық пен жанқиярлық танытқаны Ехобаның жүрегіне жылу берген болса керек. Оның батыл әрекетінен сенімінің берік болғанын көреміз. Біз де өзгелердің мүддесін өзіміздікінен жоғары қою арқылы оған еліктеуімізге болады (Жохан 13:34, 35). Әлдекімнің материалдық, эмоциялық не рухани көмекке мұқтаж екенін көргенде, оларға қол ұшын беру үшін жанқиярлық танытамыз ба? Осылай еткеніміз Ехобаны қалайша қуантады десеңші!
Басында Жүністің айтқанын істемегендеріне қарағанда, оның сөздері теңізшілерге де қатты әсер еткен көрінеді. Дауылмен арпалысқан олар қолдан келгеннің бәрін істеді, алайда бұларынан түк шықпады. Дауыл одан бетер күшейе түсті. Ақырында олар амалдары қалмағанын түсінді. Содан, Жүністің Құдайы Ехобадан рақым етуін өтініп, пайғамбарды көтеріп алды да, теңізге лақтырып жіберді (Жүніс 1:13—15).
Жүністің Ехобаның рақымына ие болып, құтқарылуы
Жүніс ашулы теңізге күмп ете түсті. Көпіршіген судың арасында алай-түлей болған толқындармен арпалысқан ол кеменің жылдам ұзап бара жатқанын көрсе керек. Алып толқындар төніп келіп, оны батырып жіберді. Бар үміті үзілген ол теңіз түбіне кете барды.
Кейіннен сипаттап жазған сөздерінен Жүністің осы кезде не күй кешкенін білуге болады. Өміріндегі сан-қилы мезеттер оның көз алдынан өте шыққан еді. Иерусалимдегі Ехобаның әсем ғибадатханасын енді қайтып көрмейтініне ол қатты қынжылды. Теңіз тұңғиығына, су асты тауларының етегіне бірақ жеткен Жүніс балдырларға шырмалып қалды. Осы мезетте оған өлетін кезі келгендей болып көрінсе керек (Жүніс 2:3—7).
Бірақ кенеттен бір үлкен тіршілік иесінің қарайған сұлбасы пайда болды. Жүністің жанына жақындап келген ол аузын ашып, оны тұтасымен жұтып жіберді!
Бәрі осымен біткендей көрінді. Бірақ Жүністің бойын өзгеше сезім биледі. Ол өлген жоқ! Бөлшектеніп кетпеді, қорытылған да жоқ, тіпті тынысы да тарылмады. Баяғыда-ақ мерт болатын жерде Жүніс тірі болатын. Бірте-бірте оның бойын қастерлі сезім билей бастады. Алып балыққа Жүністі жұтып қоюға бұйырған Ехоба Құдайдың өзі болғанында дау жоқc (Жүніс 2:1).
Минуттар өтіп, сағаттарға ұласты. Осыншалықты қара түнекте ешқашан болып көрмеген Жүніс ойға шомып, Ехоба Құдайға дұға айта бастады. Жүніс кітабының екінші тарауында толығымен келтірілген дұғасынан біраз жайтты білуге болады. Забур жырларының үзінділерін жиі келтіргеніне қарағанда, ол Жазбаларды жақсы білген. Сондай-ақ оның ризашылық білдіре білетін адам болғаны көрінеді. Жүніс дұғасын былай аяқтаған: “Ал мен Саған әнмен шүкірлік айтам, Сый-тарту ұсынып, антымда тұрам. Құтқарылу келед тек Жаратқаннан!” (Жүніс 2:10).
Жүніс Ехобаның кімді болса да, қай жерде болса да, қай уақытта болса да құтқара алатынын түсінді. Ехоба жаны қиналған қызметшісін тіпті ‘балықтың ішінен’ де тауып алып, құтқарды (Жүніс 2:1). Үш күн, үш түн бойы балық ішінде жатқан адамды аман сақтау тек оның ғана қолынан келеді. ‘Тірлік-тынысымызды [Ехоба] қолына ұстап отырғанын’ біздің де есте ұстағанымыз абзал (Даниял 5:23). Тыныс алып, өмір сүріп отырғанымыз үшін біз оған борыштармыз. Сол үшін біз оған риза емеспіз бе? Мұны оған мойынсұнуымыз арқылы көрсеткеніміз дұрыс болмас па еді?
Жүніс жайлы не деуге болады? Ол Ехобаға деген ризашылығын оған мойынсұну арқылы көрсету керектігін түсінді ме? Иә, түсінді. Үш күн, үш түннен кейін “балық Жүністі жағалауға құсып тастады” (Жүніс 2:11). Ойлап көрші, осының бәрін бастан өткерген Жүніске тіпті жағалауға жүзіп бару қажет болмады! Әрине, ол Ниневиге барар жолды өзі табу керек еді. Көп кешікпей Жүністің ризашылығы сыналды. Жүніс 3:1, 2-де былай делінген: “Бұдан кейін екінші рет Жүніске Жаратқан Иенің: — Сапарға жиналып, ұлы қала Ниневиге бар да, Менің өзіңе айтқан хабарымды халыққа жарияла!— деген бұйрығы жетті”. Жүніс не істер екен?
Ол кідірместен тапсырманы орындауға кірісті. Біз былай деп оқимыз: “Осы жолы Жүніс Тәңір Иенің айтқанын екі етпей, жолға шығып, Ниневиге барды” (Жүніс 3:3). Иә, ол Ехобаға мойынсұнды. Оның өз қателіктерінен сабақ алғаны шүбәсіз. Жүністің осылай сенім танытқаны — біз үшін керемет үлгі. Күнә жасамайтын не қателеспейтін адам жоқ (Римдіктерге 3:23). Алайда мұндайда рухымыздың күйреуіне жол береміз бе, әлде қателігімізден сабақ алып, Құдайға деген қызметімізді мойынсұнушылықпен жалғастырамыз ба?
Ехоба Жүністі мойынсұнғаны үшін жарылқады ма? Әлбетте. Жүніс кейіннен теңізшілердің аман қалғанын білген болу керек. Оның жанқияр әрекетінен кейін, дауыл басыла қалды да, ‘Жаратқан Иеден қатты қорқа’ бастаған теңізшілер өздерінің жалған құдайларына емес, Ехобаға құрбандық шалды (Жүніс 1:15, 16).
Жылдар өте Ехоба бұдан да зор бата төкті. Иса Жүністің алып балықтың ішінде үш күн жатуын өзінің қабірде болатын уақытының пайғамбарлық бейнесі ретінде қолданды (Матай 12:38—40). Жүніс жерде өмір сүру үшін қайта тірілгенде, осы бір керемет жайтты біліп, қалайша қуанады десеңші! (Жохан 5:28, 29). Ехоба саған да батасын төккісі келеді. Сен Жүніс сияқты қателіктеріңнен сабақ алып, мойынсұнушылық пен жанқиярлық танытасың ба?
[Сілтемелер]
a Жүністің Ғалилея аумағындағы қаладан шыққаны көңіл қоярлық жайт, өйткені өздеріне тым сенімді болған парызшылдар Иса жайлы: “Киелі жазбаларды оқы: Ғалилеядан пайғамбар шықпайды, соны біліп қой!”— деген болатын (Жохан 7:52). Көптеген аудармашылар мен зерттеушілердің пікірінше, парызшылдар мұнда аса танымал емес Ғалилея өлкесінен ешқашан пайғамбар шықпағанын және шықпайтынын айтып, жалаң сөйлеген. Бұл рас болса, парызшылдардың тарихты да, пайғамбарлықты да елемегені (Ишая 9:1, 2).
b Грек Септуагинтінде Жүністің қорылдағаны айтылып, қатты ұйықтап кеткеніне ерекше назар аударылған. Жүністің ұйқыға батқанын оның бей-жай болуының белгісі деп қарастырғанның орнына, еңсесі түсіп жүрген адамды да кейде ұйқыға тартып тұратынын ескергеніміз жөн. Мысалы, Иса Гетсимани бағында бірнеше сағат бойы қиналғанда, Петір, Жақып және Жохан ‘қайғыдан шаршап, ұйықтап қалған’ болатын (Лұқа 22:45).
c Еврей тіліндегі “балық” сөзі грек тіліне аударылғанда “теңіз айуаны” не “алып балық” дегенді білдіретін сөзбен берілген. Оның нақты қандай балық екенін анықтау мүмкін болмағанмен, Жерорта теңізін адамды тұтасымен жұтып қоя алатын үлкен акулалардың мекендейтіні анық. Ал басқа жерлерде бұдан әлдеқайда үлкен акулалар бар. Мысалы, кит акуласының ұзындығы 15 метрге дейін жетеді, тіпті одан да асатындары кездеседі!
[13-беттегі қоршау мен сурет]
Жүніс кітабының сынға алынуы
▪ Киелі жазбалардың бір бөлігі болып табылатын Жүніс кітабындағы оқиғалар шындыққа жанаса ма? Бұл кітапты сынға алушылар қай заманда да болған. Біздің сыншыл заманымызда Жүніс кітабын ойдан шығарылған әңгіме, аңыз не миф ретінде қарастырып, оған шек келтіретіндер көптеп саналады. ХІХ ғасырда өмір сүрген бір зерттеуші Жүніс пен алып балық жайлы оқиғаны бейнелі тілмен айтылған әңгіме етіп көрсеткен бір дін қызметкерінің сөздерін былай баяндайды: Жүніс Иоппедегі “Кит” деп аталатын қонақүйге тоқтайды. Ақшасы таусылған кезде, қонақүйдің иесі оны шығарып жібереді. Киттің Жүністі “жұтып қойып”, кейіннен “құсып тастауы” осылай болған еді. Иә, Жүністі “жалмап қоюға әзір” Киелі кітап сыншыларының қасында алып балықтың әрекеті түк емес көрінеді!
Аталмыш кітаптың шынайылығына неге сонша көп адам шек келтіреді? Өйткені онда таңғажайып кереметтер суреттелген. Көптеген сыншылар кереметтердің болуы мүмкін емес деген көзқарас ұстанатын көрінеді. Алайда мәселенің байыбына жетпей жатып осылай ой түйген дұрыс па? Сіз Киелі кітаптың алғашқы тармағындағы: “Әуел баста Құдай аспан мен жерді жаратты”,— деген сөздерге сенесіз бе? (Жаратылыс 1:1). Дүниежүзіндегі миллиондаған ойланатын адам осы бір қарапайым шындықпен келіседі. Ал бұл шындық Киелі кітапта суреттелген кереметтердің қай-қайсысынан да асып түседі деуге болады.
Мына жайт туралы ойланып көрейікші: ұшы-қиыры жоқ аспан әлемі мен жер бетіндегі керемет дүниелерді жаратқан Тұлға үшін Жүніс кітабындағы қандай нәрсені істеу қиын болар еді? Дауылды тұрғызу ма? Алып балыққа адамды жұтқызу ма? Әлде сол балыққа оны қайта шығартып тастау ма? Құдіреті шексіз Тұлғаға бұлардың ешқайсысы да қиындық тудырмас еді (Ишая 40:26).
Кейде тіпті табиғаттан тыс күштің қатысуынсыз да таңғаларлық жайттар болып жатады. Мысалыға келесі оқиғаны алайық: 1758 жылы Жерорта теңізінде кемеден құлап кеткен теңізшіні акула жұтып қояды. Бірақ кемедегілер зеңбіректен оқ атады да, жараланған акула теңізшіні құсып тастайды. Құтқарылған теңізші онша көп жарақат алмаған болып шығады. Бұл шынымен болған оқиға болса, біз мұны табиғаттан тыс керемет емес, ерекше не таңғаларлық жайт ретінде қарастырар едік қой. Ал құдіреті күшті Құдай одан да зорын істей алмас па еді?
Сондай-ақ сыншылар үш күн бойы балық ішінде болып, тұншығып қалмау мүмкін емес дейді. Алайда адамдар ыдысты сығылған ауаға толтырып, оны судың астында ұзақ уақыт тыныс алу үшін қолдануға болатынын түсіне білген. Ал Құдай өзінің әлдеқайда зор құдіреті мен даналығын Жүністің үш күн бойы тыныс алып, тірі қалуы үшін қолдана алмас па еді? Ехоба Құдайдың періштесі бірде Исаның анасы Мәриямға айтқандай, ‘Құдайдың ешбір сөзі жүзеге аспай қалмайды!’ (Лұқа 1:37).
Жүністің кітабында жазылған оқиғалардың шынайы екені тағы неден көрінеді? Жүніс кемені және теңізшілердің әрекеттерін егжей-тегжейлі әрі дәл суреттеген. Жүніс 1:5-те теңізшілердің кеменің салмағын жеңілдету үшін жүктерді суға лақтырғаны айтылған. Ертедегі тарихшылардың еңбектері мен раббылардың заңынан көрінетіндей, теңізшілер ауа-райы бұзылғанда әдетте осылай ететін болған. Сонымен қатар Жүністің Ниневиді сипаттап жазғандары тарихи және археологиялық айғақтарға сай келеді. Ал ең бастысы, Иса Мәсіх Жүністің алып балықтың ішінде үш күн жатқанын өзінің қабірде жататын уақытының пайғамбарлық бейнесі болғанын айтқан (Матай 12:38—40). Оның куәлігі Жүніспен болған оқиғалардың растығының айқын дәлелі болып табылады.
“Құдайдың ешбір сөзі де жүзеге аспай қалмас!” (ЛҰҚА 1:37).
[10-беттегі сурет]
Жүністің айтқанын тыңдаған теңізшілер оны көтеріп алып, теңізге лақтырып жіберді