‘Батыл болыңдар! Мен осы дүниені жеңіп шықтым’
ИСАНЫҢ өлген күні б. з. 33 жылындағы наурыз айының 31 жұлдызында, күн батқаннан кейін, бейсенбі күні басталды (еврей күнтізбегі бойынша 14-нисан). Сол кеште Иса шәкірттерімен бірге Құтқарылу мейрамын атап өту үшін Иерусалимдегі бір үйдің жоғарғы бөлмесінде жиналған болатын. “Бұл дүниеден кетіп Әкесіне баратынын” білген Иса шәкірттерін ақырына дейін жақсы көретіндігін көрсетті (Жохан 13:1). Қалайша? Иса оларға өте керемет тәлім берді, осылайша алдағы болатын сынақтарға дайындады.
Түн жақындағанда Иса шәкірттеріне: “Батыл болыңдар! Мен осы дүниені жеңіп шықтым”,— деді (Жохан 16:33). Исаның осы сеніммен айтқан сөздері нені білдіреді? Бұл былайша айтқанда: “Дүниедегі зұлымдыққа қарамастан, мен қатуланбадым, кек алуға да тырыспадым және осы дүниенің құлы болған жоқпын. Сендер де осылай істей аласыңдар”,— дегенді білдіреді. Өмірінің ақырғы сағаттарында Исаның шәкірттеріне берген тәлімдері оларға да осы дүниені жеңуге көмектесті.
Қазіргі таңда дүниені зұлымдық билеп тұрғанын кім жоққа шығара алады? Әділетсіздік пен зорлық-зомбылық бізге қалай әсер етуде? Ызаланамыз ба, мүмкін кек алғымыз келетін шығар? Айналамыздағы өнегесіздік туралы не деуге болады? Егер кемелсіз және күнәкар бейімділігімізді ескерер болсақ, біз екі жақты, яғни осы дүниедегі зұлымдыққа және өзіміздің күнәкар бейімділігімізге қарсы күресуге мәжбүрміз. Біз жеңіске Құдайдың көмегінсіз жете аламыз ба? Оның көмегіне қалайша ие бола аламыз? Күнәкар бейімділігімізге қарсы тұруымыз үшін қандай қасиеттерді дамытуымыз қажет? Осы сұрақтарға жауап алу үшін, Иса жердегі өмірінің ақырғы күні сүйікті шәкірттерін неге үйретті, соны қарастырайық.
Менмендікті кішіпейілділікпен жеңу
Мысалы, менмендік пен өр көкіректікті қарастырайық. Бұл туралы: “Құлар алдында өр көкіректік, жығылар алдында менмендік келер”,— дейді Киелі кітап (Нақыл сөздер 16:18). Сонымен қатар Киелі жазбалар былай деп те ескертеді: “Кімде-кім шын мәнінде өзгелерден артық болмай тұрып, ерекшемін деп көкірегін көтеріп, көмектесуден бас тартса, сол өзін алдайды” (Ғалаттықтарға 6:3). Иә, менмендік адастырады және адамды құртады. Даналық “паңдық пен менмендікті” жек көру керектігін айтады (Нақыл сөздер 8:13).
Ал Исаның шәкірттері жайында не деуге болады? Олар көкіректік пен менмендік көрсетті ме? Бір күні олар қайсымыздың жолымыз ең үлкен деп дауласқан болатын (Марқа 9:33—37). Басқа бір жағдайда, Жақып пен Жохан Исадан Патшалықтағы мәртебелі орынды сұрады (Марқа 10:35—45). Иса шәкірттеріне мұндай ойдан арылуға көмектескісі келді. Сондықтан Құтқарылу мейрамында асты жеп жатқанда, Ол орнынан тұрып, қолына сүлгі алып, шәкірттерінің аяқтарын жуа бастады. Ол осылай істеуімен оқушыларын неге үйреткісі келгені түсінікті. Иса былай деді: “Егер Мен Иелерің және Ұстаздарың бола тұра, аяқтарыңды жусам, сендер де бір-біріңе сондай қызмет көрсетуге тиіссіңдер!” (Жохан 13:14). Менмендіктің орнына тіпті қарама-қарсы қасиет кішіпейілділік таныту керек.
Алайда менмендікті жеңу оңайға соқпайды. Иса сол кеште өзіне кейіннен сатқындық жасаған Иуда Исқариотты жібергеннен соң, шәкірттердің арасында тағы да дау туды. Қандай дау? Олар тағы да кімнің жолы үлкен екеніндігі жайында дауласты. Иса оларға ұрыспады, қайта тағы да шыдамдылық танытып, басқаларға қызмет еткеннің маңыздылығын айтты. Иса оларға: “Патшалар қол астындағы елдерді билеп-төстеп, халықтардың үстінен қатаң әмір жүргізушілер “жақсылық жасаушылар” деп аталады. Бірақ сендерде ондай болмасын! Керісінше, ең ұлыларың ең кішілеріңдей, басшылық ететіндерің қызмет көрсетушілеріңдей болсын!” — деді. Иса өзі көрсеткен үлгіге меңзеп: “Ал Мен араларыңда қызмет етуші іспеттімін”,— деп толықтырды (Лұқа 22:24—27).
Бұдан Оның шәкірттері сабақ алды ма? Солай болса керек. Өйткені біраз жылдан кейін елші Петр: “Бәрің де өзара ниеттес, қуаныш пен қайғыға ортақтас, бір-біріңді туған бауырлардай сүйетін, қайырымды да кіші пейіл болыңдар”,— деп жазды (1 Петір 3:8). Біз де менмендікті кішіпейілділікпен жеңейік! Өйткені біздің өміріміз осыған байланысты. Егер атақ-даңққа, билікке немесе беделді дәрежеге ұмтылмасақ, бұл біздің даналық танытқанымыз. “Құдай тәкаппарларға қарсы тұрады, ал кішіпейілділерге рақымын шашады”,— дейді Киелі кітап (Жақып 4:6). Ал көне астарлы әңгімеде былай делінген: “Құдай алдындағы қорқыныш кішіпейілділіктен басталар, арты байлық, салтанат пен өмірге ұласар” (Нақыл сөздер 22:4).
Жек көрушілікті қалайша жеңуге болады?
Осы дүниеге тән тағы да бір қасиет — жек көрушілік. Жек көрушілікті қорқыныш, надандық, әлдекім туралы қате түсінікте болу, қудалау, әділетсіздік, ұлтшылдық, рушылдық, нәсілшілдік дегендердің қайсысы туғызбасын, ол барлық жерде бар (2 Тімотеге 3:1—4). Исаның күндерінде де жек көрушілік кеңінен тараған болатын. Яһуди халқы салық жинаушыларды жек көретін және самариялықтармен ешқандай қарым-қатынасқа түспейтін (Жохан 4:9). Сонымен қатар олар еврей еместерді менсінбей, оларға жоғарыдан қарайтын. Алайда ақыр соңында Исаның үйреткен жаңа тәліміне барлық ұлттың адамдары қосылу керек еді (Елшілердің істері 10:34, 35; Ғалаттықтарға 3:28). Сондықтан Иса оқушыларына жаңа өсиет қалдырды.
Иса: “Сендерге бір жаңа өсиет айтамын: біріңді-бірің жақсы көріңдер! Мен өздеріңді сүйгендей, сендер де бір-біріңді сүйіңдер”,— деді. Олар сүйіспеншіліктің дәл осы түрін көрнекі түрде көрсетуге үйрену керек еді, өйткені Иса әрі қарай былай деді: “Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады” (Жохан 13:34, 35). Бұл жаңа өсиет “Жақыныңды өзіңдей жақсы көр” дегеннен артығырақ нәрсені білдіретін еді (Леуіліктер 19:18). Қалайша? Иса оны былайша түсіндірді: “Сендерге айтатын өсиетім мынау: бір-біріңді Менің өздеріңді сүйгенімдей сүйіңдер! Адамның достарына көрсететін ең зор сүйіспеншілігі — олар үшін өмірін құрбан етуі” (Жохан 15:12, 13). Олар бір сенімдегі бауырластар үшін және басқалар үшін де өмірін беруге даяр болу керек еді.
Қалайша кемелсіз адамзат қанға сіңіп қалған жек көрушіліктен құтыла алады? Жанқияр сүйіспеншіліктің арқасында. Бұл Ехоба Куәгерлерінің мысалынан көрініп тұр. Кезінде ұлты, мәдениеті әр түрлі, діни және саяси тұрғыда мүлдем басқаша бағытты ұстанған миллиондаған адамдар енді жеккөрушілігі жоқ, ынтымақты дүниежүзілік бауырластықтың қатарына қосылуда. Олар елші Жоханның мына сөздерін шын жүректен қабыл алады: “Бауырласын жек көрген әркім — кісі өлтіруші! Ал мынаны білесіңдер: кісі өлтірушінің мәңгілік өмірі жоқ” (1 Жохан 3:15). Шынайы мәсіхшілер қарулы қақтығыстарға қатысудан бас тартып қана қоймайды, сонымен қатар бір-біріне шынайы сүйіспеншілік танытуға бар күштерін салады.
Алайда біздің діни көзқарасымызды бөліспейтін, тіпті бізді жек көретін адамдарға қалай қарауымыз керек? Иса азап бағанасында асылып тұрғанда, өзіне қол жұмсаған адамдар үшін дұға еткен. Ол: “Әке, оларды кешіре гөр! Олар не істеп жатқандарын түсінбейді”,— деді (Лұқа 23:34). Жек көріп, іштерін ыза кернеген кісілер Степан атты мәсіхшіні таспен ұрып өлтірген кезде, оның ақырғы сөздері мынау болды: “Ием, олардың бұл күнәсын мойындарына арта көрме!” (Елшілердің істері 7:60). Иса мен Степан, тіпті өздерін жек көрген адамдарға да жақсылық тілеген. Олар жүректерінде кек сақтамаған. Сондықтан: “Барлық адамдарға жақсылық істей берейік”,— дейді Киелі кітап (Ғалаттықтарға 6:10)
Мәңгі бірге болатын қамқоршы
Сол кеште Иса өзінің 11 сенімді шәкіртіне өзінің олармен шамалы уақыттан соң, жерде бірге болмайтынын айтты (Жохан 14:28; 16:28). Бірақ Ол оқушыларын: “Мен көктегі Әкемнен сендермен мәңгі бірге болатын Қамқоршыны жіберуін өтінемін”,— деп сендірді (Жохан 14:16). Уәде етілген қамқоршы — Құдайдың киелі рухы. Ол шәкірттерге Жазбаларды терең түсінуге және Исаның үйреткендерін еске түсіруге көмектеседі (Жохан 14:26).
Қазіргі таңда киелі рух бізге қалай көмектеседі? Құдайдың рухымен жазылған Киелі кітап арқылы. Пайғамбарлық еткен және Киелі кітапты жазған адамдарға “Құдайдың Киелі Рухы қозғау салып отырған” (2 Петір 1:20, 21; 2 Тімотеге 3:16). Киелі Жазбаларды зерттеп, білгенімізді өмірімізде қолданатын болсақ, білім мен даналыққа ие боламыз, әр нәрсенің түпкі мәнін түсінуді және дұрыс ой жүгіртуді үйренеміз. Сонда бұл осы зұлым дүниенің әсеріне қарсы тұруымыз үшін ең жақсы дайындық болмай ма?
Киелі рухтың тағы да басқа пайдасы, оның зор игі әсері бар. Ол Құдайға тән қасиеттерді көрсетуге көмектеседі. “Киелі Рух өмірлеріңде жетілдіретін игілікті “жеміс” мынадай: сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық, шыдамдылық, қайырымдылық, кеңпейілділік, сенімділік, ілтипаттылық, ұстамдылық”,— дейді Киелі кітап. Ұрыс-керісті, қызғанышты, ашу-ызаны, өнегесіздікке итермелейтін дене қалауы сияқты күнәкар бейімділіктерді жеңу үшін жоғарыда келтірілген қасиеттер көмектеспегенде не көмектеседі? (Ғалаттықтарға 5:19—23).
Құдайдың рухына арқа сүйесек ‘өз күшімізден артық күшке’ ие боламыз, осылайша уайым-қайғы мен қиыншылықтарды жеңіп шығамыз (2 Қорынттықтарға 4:7, ЖД). Киелі рух біздің күнделікті көріп жатқан азғыру мен сынақтардан азат етпесе де, соларға шыдауға көмектеседі (1 Қорынттықтарға 10:13). “Себебі маған күш-қуат беретін Мәсіхпен бірге болсам, бәріне де төзе аламын”— деді елші Пауыл (Філіпіліктерге 4:13). Құдай бізге мұндай күшті киелі рух арқылы береді. Киелі рухтың бізге көмектесетініне қаншалықты ризашылық танытуымыз керек десеңші! Құдай ‘Исаны сүйгендер мен оның өсиеттерін орындағандарға’ киелі рухын беретінін уәде етеді (Жохан 14:15).
“Сүйіспеншілігімді қабылдай беріңдер”
Иса өзінің ақырғы түнінде өзінің шәкірттеріне тағы да: “Өсиеттерімді көңілдеріне сақтап, орындап жүргендер — Мені сүйетіндер. Оларды Әкем де сүйеді”,— деді (Жохан 14:21). Иса оларды “сүйіспеншілігімді қабылдай беріңдер” деп жігерлендірді (Жохан 15:9). Сонымен, егер біз Әкенің және Исаның сүйіспеншілігін қабыл алсақ, бұл күнәкар бейімділігіміз бен зұлым дүниенің әсеріне қарсы тұруға көмектеседі. Қалайша?
Күнәкар бейімділігімізбен күрескенде, ынталандыратын күшті мақсатымыз болмаса, оны біз тізгіндей аламыз ба? Ехоба мен оның ұлы Исамен тығыз қарым-қатынасты сақтаудан асқан қандай мақсат бар? Жас кезінен қалыптасып қалған өнегесіз өмір қалпымен күрескен Эрнестоa былай деді: “Мен Құдайды қуантқым келді, ал Киелі кітаптан өмір сүру қалпым Құдайға жақпайтынын білдім. Содан кейін Құдайдың басшылығына мойынсұнғым келіп, басқа адам болып өзгеруді шештім. Маған күн сайын басымда қаптаған әдепсіз ойлармен күресу қажет болды. Бірақ жеңіске жетуге белімді бекем будым да, үнемі Құдайға дұға еттім. Алғашқы екі жыл өте қиын болды, бірақ қазір де мен өзіме еркінсуге жол бермеймін”.
Осы дүниенің әсеріне қайта оралар болсақ, Исаның шәкірттерімен бірге Иерусалимдегі үстіңгі бөлмеден шығар алдында айтқан дұғасына көңіл бөліңдерші. Ол шәкірттері үшін дұға етіп, Әкесінен былай деп сұрады: “Сенен оларды осы дүниеден әкет деп емес, шайтаннан қорғай гөр деп сұрап тұрмын. Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да осы күнәкар дүниенің адамдары емес” (Жохан 17:15, 16). Бұл бізді қаншалықты жұбатады десеңші! Ехоба сүйгендерін қорғайды және өздерін осы дүниеден аулақ ұстағандарға күш береді.
Сенім білдіріңдер
Исаның өсиеттерін орындасақ, күнәкар бейімділігіміз бен осы зұлым дүниеге қарсы күресімізде жеңіске жетеміз. Алайда бұл күресте қаншалықты сәтті болғанымызбен, біз күнәнің салдарын және осы дүниені жеңе алмаймыз. Бірақ түңілудің қажеті жоқ.
“Осы дүние мен оның ләззаты өткінші, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді”,— дейді Киелі кітап (1 Жохан 2:17). Иса ‘өзіне сенім білдірген әркімнің’ күнәдан және өлімнен азат етілуі үшін жанын қиды (Жохан 3:16, ЖД). Құдайдың мақсаттары мен еркі туралы білімімізді тереңдете отырып, Исаның айтқан мына сөздеріне құлақ асайық: “Құдайға сенім білдіріңдер және Маған да сенім білдіріңдер!” (Жохан 14:1, ЖД)
[Сілтеме]
a Есімі өзгертілген.
[7-беттегі сурет]
Иса шәкірттерін “сүйіспеншілігімді қабылдай беріңдер” деп шақырды
[7-беттегі сурет]
Жақында күнә мен оның салдарынан азат боламыз