Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • od 16-тар., 162—168 бет.
  • Бірлігі жарасқан бауырластық

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Бірлігі жарасқан бауырластық
  • Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқанбыз
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • КӨЗҚАРАСТЫ ӨЗГЕРТУ
  • ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БІРЛІГІМІЗДІ САҚТАУ
  • БІР-БІРІМІЗДІ ҚАМҚОРЛАУ
  • ЕХОБАНЫҢ ЕРКІН ОРЫНДАУ ҮШІН БӨЛІНГЕНБІЗ
  • Өзгелерге Ехоба сияқты қарайсың ба?
    2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Қазір жаңа дүниенің негізі қалануда
    Құдай шынымен біздің қамымызды ойлайды ма?
  • Мәсіхшілерге тән нағыз бірлікке қалай қол жеткізуге болады?
    Біздің патшалық қызметіміз. 2003
  • “Бауырластарыңның бәрін сүйіңдер”
    Біздің қасиетті қызметіміз. 2013
Көбірек мәлімет
Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқанбыз
od 16-тар., 162—168 бет.

16-ТАРАУ

Бірлігі жарасқан бауырластық

ШАМАМЕН 1500 жыл бойы Исраил халқы Ехобаның есімімен аталған халық болған. Ал кейін Ехоба “өз атымен аталатын халықты таңдап алу үшін басқа ұлт адамдарына алғаш рет назар аударды” (Ел. іс. 15:14). Ехобаның атымен аталатын халық оның куәгері болып, жердің қай бұрышында тұрмасын, ойлары да, іс-әрекеттері де бір болмақ еді. Исаның ізбасарларына берген мына тапсырмасы осы адамдардың басын қоспақ еді: “Барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындап, оларды Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атынан шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, әрі мен сендерге бұйырғандардың бәрін ұстануды үйретіңдер” (Мат. 28:19, 20).

Сіз ұлтқа, руға, экономикалық жағдайға қарап бөлінбейтін мәсіхшілердің дүниежүзілік бауырластығының бір бөлігісіз

2 Өзіңізді Ехобаға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өткен соң, сіз Иса Мәсіхтің шәкірті болдыңыз. Енді ұлтқа, руға, экономикалық жағдайға қарап бөлінбейтін мәсіхшілердің дүниежүзілік бауырластығының бір бөлігісіз (Зәб. 133:1). Сондықтан қауымыңыздағы бауырластарыңызды жақсы көріп құрметтейсіз. Олардың кейбірінің нәсілі, ұлты, білім деңгейі сіздікіндей емес шығар. Кезінде осындай өзгешелікке бола сіз ондай адамдармен араласпаған боларсыз. Қазір болса бауырластық сүйіспеншілік танытып жүрсіз, ал мұндай сүйіспеншілік әлеуметтік, діни және отбасылық байланыстан да берік (Мар. 10:29, 30; Қол. 3:14; Пет. 1-х. 1:22).

КӨЗҚАРАСТЫ ӨЗГЕРТУ

3 Егер әлдебіреу нәсілдік, саяси, әлеуметтік немесе басқа да алалаушылық түрін жеңуге қиналып жатса, онда ертедегі яһуди мәсіхшілер жөнінде ойланса болады. Олар басқа ұлттарға қатысты ұстанып келген діни алалаушылығынан арылулары керек еді. Ехоба Петірді римдік жүзбасы Корнелдің үйіне жібермес бұрын, оны мейіріммен осы тапсырмаға дайындады (Ел. іс. 10-тар.).

4 Петір аян көріп, яһудилер үшін арам деп есептелетін жануарларды сойып же деген тапсырма алады. Ол бас тартқанда, көктен шыққан дауыс: “Құдай тазалағанды енді арам деп айтпа”,— дейді (Ел. іс. 10:15). Ехоба мәселеге осылай араласып, Петірді күтіп тұрған тапсырмасына, яғни басқа ұлт адамына баруға қатысты ойын түзетті. Ехобаның нұсқауын қабыл алған Петір Корнелдің үйінде жиналған адамдарға былай деді: “Сіздер яһудидің басқа ұлт адамына жақындауына не араласуына заңымыз тыйым салатынын жақсы білесіздер. Алайда Құдай маған ешбір адамды арам не таза емес санамауым керектігін білдірді. Сондықтан мен шақырудан бас тартпай, осында келдім” (Ел. іс. 10:28, 29). Бұдан кейін ол Корнел мен үй ішіне Ехобаның ықылас төккеніне куә болды.

5 Парызшыл ретінде жоғары білім алған тарстық Саулға кішірейіп, кезінде өзі менсінбеген адамдармен араласуды үйрену қажет болды. Ол тіпті олардан басшылық алды (Ел. іс. 4:13; Ғал. 1:13—20; Філіп. 3:4—11). Бұдан басқа Серги Пауыл, Філимон, Дионис, Дамар, Онисым сияқты өзге кісілер де ізгі хабарды қабылдап, Иса Мәсіхтің шәкірті болғанда, өз көзқарастарын өзгерткен (Ел. іс. 13:6—12; 17:22, 33, 34; Флм. 8—20).

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БІРЛІГІМІЗДІ САҚТАУ

6 Қауымдағы бауырластардың сүйіспеншілігі сізді Ехоба мен оның ұйымына жақындата түсті. Осындай ерекше сүйіспеншілікті көріп, Иса Мәсіхтің шынайы шәкірттерін жазбай таныдыңыз. Бұл жайлы Иса былай деген: “Сендерге жаңа өсиет беріп отырмын: бір-біріңді сүйіңдер. Мен сендерді қалай сүйсем, сендер де бір-біріңді солай сүйіңдер. Менің шәкірттерім екендеріңді жұрттың бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады” (Жох. 13:34, 35). Кейінірек қауымдағы сүйіспеншілік дүниежүзілік бауырластықтың арасында орнаған сүйіспеншіліктің бір пұшпағы ғана екенін түсінгенде, Ехоба мен ұйымына деген ризашылығыңыз еселене түскен шығар. Осылай сіз соңғы күндері адамдар Ехобаға тыныштық пен бірлікте ғибадат ету үшін жиналатыны жайлы пайғамбарлықтың орындалып жатқанын көріп жүрсіз (Миха 4:1—5).

7 Бүгінде бөлінушілікке ықпал ететін жайттардың көп екенін ескерсек, онда бір кездері “әрбір ұлттан, рудан, халықтан және тілден шыққан” адамдарды біріктіру мүмкін екені кімнің ойына кіріп-шыққан дейсіз? (Аян 7:9). Мысалы, технологиялық жағынан дамыған қоғам мен көне тайпалардың салт-дәстүрін ұстанатын қоғамның арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Тіпті нәсілі мен ұлты бір адамдардың арасында діни дау-жанжал толастамайтыны да өтірік емес. Ал ұлтшылдық белең алған сайын, қалың жұрт саяси тұрғыдан жік-жікке бөлінуде. Егер экономикалық өзгешелік пен бөлінушілікке итермелейтін басқа да көптеген жайттарды ескерсек, әрбір ұлттан, тілден, топтан, ортадан шыққан әртүрлі адамдардың өзара сүйіспеншілік танытып, тату-тәтті өмір сүруі — тек Құдіреті шексіз Құдайдың арқасында ғана мүмкін болып отырған таңғажайып құбылыс (Зәк. 4:6).

8 Алайда мұндай бірлік жай ғана қиял емес. Бағышталып, шомылдыру рәсімінен өткен Ехоба куәгері болған кезіңізде сіз соны сезіндіңіз. Бірліктің берер пайдасын көргеннен кейін, енді сізге соны сақтап қалу міндеті жүктелді. Бірліктің сақталуына үлес қосу үшін, елші Пауылдың Ғалаттықтарға 6:10-дағы сөздеріне сай әрекет етіңіз: “Мүмкіндік барда бәріне, әсіресе сенімі бір бауырластарға, жақсылық жасай берейік”. Мына кеңеске де құлақ асайық: “Күншіл не атаққұмар болмай, қайта, кішіпейілділікпен басқаларды өздеріңнен жоғары қойыңдар. Тек өз мүдделеріңді емес, басқалардың да мүддесін ойлаңдар” (Філіп. 2:3, 4). Егер бауырластарымызға пенденің емес, Ехобаның көзімен қарауды үйренсек, арақатынасымызға кірбің түспейді, қуанышымыз ешқашан ортаймайды (Ефес. 4:23, 24).

БІР-БІРІМІЗДІ ҚАМҚОРЛАУ

9 Елші Пауыл айтқандай, қауым жікке бөлінбейді, қайта, бәрі бір-бірін қамқорлайды (Қор. 1-х. 12:14—26). Дүниежүзіндегі бауырластарымыз бізден алшақ тұрса да, олардың хал-ахуалын ойлап уайымдаймыз. Ал егер кей бауырластарымыз қуғындалып жатса, қалғандарымыз мазасыз күй кешеміз. Бауырластарымыздың кейбірі таршылық көріп жүрсе, апат я соғыстардың құрбаны болса, қалғандарымыз оларға рухани және тәндік жағынан қол ұшын берудің амалын іздейміз (Қор. 2-х. 1:8—11).

10 Бәріміз де аяулы бауырластарымыз үшін күнде дұға етуіміз керек. Олардың кейбірі жаман істерге итермелейтін азғырылуларға кезігіп жүр. Басқалардың көріп жатқан қиындығы көпшілікке мәлім шығар. Ал әріптестердің я сенбейтін туыстардың тарапынан қуғындалып жүргендердің қиындығын біреу білсе, біреу білмейді (Мат. 10:35, 36; Сал. 1-х. 2:14). Бауырластарымыздың жағдайы бізді бейжай қалдырмау керек, өйткені біз дүниежүзілік бауырластықты құраймыз (Пет. 1-х. 5:9). Арамыздағы кейбір бауырластар уағыз ісі мен қауымда жетекшілік етіп, аянбай тер төгіп жүр. Бұған қоса, дүниежүзілік іске бас-көз болуға атсалысып жүрген бауырластар да бар. Олардың бәрі дұғамызға мұқтаж. Өзіміз жәрдем бере алмасақ та, олар үшін дұға айта аламыз. Бұл — сүйіспеншілік танытып, шынайы көңіл бөлудің жақсы мүмкіндігі (Ефес. 1:16; Сал. 1-х. 1:2, 3; 5:25).

11 Осы соңғы күндері келеңсіз жағдайлар көптеп орын алады, сондықтан Ехобаның халқы бір-біріне көмекке келуге дайын тұруы тиіс. Жер сілкінісі мен су тасқыны сияқты апат болғанда, жәрдем беру жұмыстарын ұйымдастырып, керек-жарақты жеткізу қажет болады. Осы орайда I ғасырдағы мәсіхшілер тамаша үлгі қалдырған. Исаның кеңесін қаперінде ұстаған Антиохиядағы шәкірттер Яһудеядағы бауырластарға қаржылай көмек жіберген (Ел. іс. 11:27—30; 20:35). Кейінірек елші Пауыл қорынттықтарды жәрдем беру жұмыстарын тәртіппен атқаруға шақырған (Қор. 2-х. 9:1—15). Қазіргі таңда бауырластарымыз төтенше жағдайдың құрбаны болып, жәрдемге мұқтаж болса, ұйымымыз бен жеке дара мәсіхшілер бірден әрекет етіп, қажеттіліктерін қамдайды.

ЕХОБАНЫҢ ЕРКІН ОРЫНДАУ ҮШІН БӨЛІНГЕНБІЗ

12 Біздің бірлігі жарасқан дүниежүзілік бауырластығымыз Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқан. Қазіргі кезде Ехобаның еркі — Патшалық жайлы ізгі хабардың барлық халықтарға уағыздалуы (Мат. 24:14). Осы істі атқарып жүрген біздерге қатысты Ехобаның еркі — жүріс-тұрысымыздың жоғары моральдық нормаларға сай болуы (Пет. 1-х. 1:14—16). Біз бір-бірімізге бағынуға әрі ізгі хабардың таралуы үшін тер төгуге дайын болуымыз керек (Ефес. 5:21). Қазір жеке басымыздың қамын емес, Құдай Патшалығын бірінші орынға қоятын ерекше уақыт (Мат. 6:33). Осыны жадымызда ұстай отырып, ізгі хабар үшін бәріміз бірге еңбектенсек, қазір зор қанағат сезініп, болашақта мәңгілік баталарға кенелеміз.

13 Біз, Ехоба куәгерлері, осы дүниеден бөлінген таза халықпыз және Құдайға деген қызметімізді құлшына атқарамыз (Тит. 2:14). Ехобаға деген ғибадатымыз бізді өзгелерден ерекшелендіреді. Біз төрткіл дүниедегі бауырластарымызбен иықтаса қызметтесіп қана қоймай, ортақ шындық тілінде сөйлейміз, әрі сол шындыққа сай әрекет етеміз. Бұл жайлы Ехоба Софония пайғамбар арқылы алдын ала айтқан: “Халықтарға таза тіл сыйлаймын, Осылай олардың бәрі Ехобаны атын атап шақырып, Иық тіресе оған қызмет ететін болады” (Соф. 3:9).

14 Бұдан кейін Ехоба Софонияға біздің күндерімізде орнаған дүниежүзілік бауырластықты сипаттап жаздырды: “Исраилдің аман қалғандары енді әділетсіздік жасамайды, Өтірік айтпайды, ауыздарынан қулық-сұмдық шықпайды. Олар ішіп-жеп, тынығып жатады, ешкім оларды қорқытпайды” (Соф. 3:13). Ехобаның Сөзіндегі шындықты түсініп, ой-санамызды жаңартсақ және оның талаптарына сай өмір сүрсек, бауырластармен бірлікте қызметтесе аламыз. Біз адами көзбен мүмкін еместей көрінетін істерді атқарып жүрміз. Иә, біз дүниежүзі бойынша Құдайға мадақ әкеліп жүрген ерекше халықпыз (Миха 2:12).

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу