Өзгелерге Ехоба сияқты қарайсың ба?
“Денеде жікке бөліну болмай, бүкіл мүшелері өзара бірдей қамқорлық көрсетсін” (ҚОР. 1-Х. 12:25).
1. Алғаш рет рухани жұмаққа келгенде, сен не сезіндің?
БІЗ осы дүниеден шығып, Ехобаның халқымен араласа бастағанда, олардың арасындағы сүйіспеншілік пен қамқорлықты сезініп, көңіліміз тасыған болу керек. Құдай халқы Шайтанның билігіндегі дөрекі, қатыгез, даукес адамдардан қалай ерекшеленеді десеңші! Біздер татулық пен бірлік орнаған рухани жұмаққа келіп кірдік (Ишая 48:17, 18; 60:18; 65:25).
2. а) Өзгелерге қалай қарайтынымызға не әсер етуі мүмкін? ә) Бізге не істеу керек болуы мүмкін?
2 Алайда уақыт өте келе, кемелсіздігіміз бауырластарға деген көзқарасымызға әсер ете бастауы мүмкін. Кемелсіздіктің кесірінен біз олардың рухани қасиеттерін көрудің орнына, түймедей кемшіліктерін түйедей етіп көре бастайтын шығармыз. Басқаша айтқанда, бауырластарымызға Ехоба сияқты қарауды ұмытып кетеміз. Егер осылай болып жатса, онда өзгелерге қалай қарайтынымызды тексергеніміз және оны Ехобаның көзқарасына сай түзеткеніміз жөн (Мыс. ш. 33:13).
Ехобаның бауырластарға деген көзқарасы
3. Киелі кітапта мәсіхшілер қауымы не нәрсеге теңелген?
3 Қорынттықтарға 1-хат 12:2—26 тармақтарда елші Пауыл майланған мәсіхшілер қауымын “көптеген мүшелері” бар адам денесіне теңеген. Дене мүшелерінің әртүрлі болатынындай, қауым мүшелерінің де қабілеттері мен мінездері қатты ерекшеленеді. Ехоба осындай әртүрлі адамдарды қауымына қабыл алады. Ол олардың әрқайсысын сүйеді әрі бағалайды. Сондықтан Пауыл қауым мүшелерін де ‘өзара бірдей қамқорлық көрсетуге’ шақырған. Әрқайсымыз әртүрлі болғандықтан, бұл оңайға соқпауы мүмкін.
4. Неге бауырластарға деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек болуы мүмкін?
4 Біз бауырластардың әлсіздіктеріне тым көп көңіл аударуға бейім шығармыз. Егер осылай болса, былайша айтқанда, қандай да бір суреттің бір жеріне ғана назар аударатын болғанымыз. Ал Ехоба суретті тұтастай көреді. Біз өзімізге ұнамайтын нәрсеге көңіл аударуға бейімбіз, Ехоба болса адамның, барлық жақсы қасиеттерімен қоса, бүкіл болмысын көреді. Сондықтан Ехобаға неғұрлым еліктеуге тырыссақ, соғұрлым қауымда сүйіспеншілік пен ауызбіршіліктің болуына ықпал ете аламыз (Ефес. 4:1—3; 5:1, 2).
5. Неге басқаларды айыптау дұрыс емес?
5 Иса кемелсіз адамдардың біреуді айыптап, үкім айтуға бейім екенін жақсы білген. Сондықтан: “Құдай өздеріңе үкім шығармас үшін сендер басқаларға үкім айтпаңдар!”— деп кеңес берген (Мат. 7:1). Түпнұсқада Иса, негізінде: “Үкім айтуды доғарыңдар!”— деген. Өйткені ол тыңдаушыларының көбісінің өзгелерді сынап-мінейтін әдеті бар екенін білетін. Бізде де осындай әдет пайда болған жоқ па екен? Егер мұндай бейімділігіміз болса, өзімізге қатаң үкім шығарылмас үшін, өзгеруге барынша күш салуымыз керек. Расында да, Ехоба қандай да бір міндет жүктеп отырған адамды соттайтындай не ол қауымда болмау керек дейтіндей біз кімбіз? Бауырласымыздың кемшіліктері бар шығар, бірақ Ехоба оны қолданып отырса, біздің одан бас тартқанымыз дұрыс бола ма? (Жох. 6:44). Біз Ехобаның өз ұйымын басқарып отырғанына және қандай да бір өзгерістер жасау керек болса, өз уақытында әрекет ететініне шынымен сенеміз бе? (Римдіктерге 14:1—4 оқы).
6. Ехоба өз қызметшілеріне қалай қарайды?
6 Ехобаның керемет қабілеті бар: ол әрбір мәсіхшінің жаңа дүниеде кемелділікке жеткенде, қандай мүмкіндіктері болатынын көре алады. Сондай-ақ олардың қазірдің өзінде қандай рухани жетістіктерге жеткенін біледі. Сондықтан пендешілікпен жасаған әлсіздіктерінің бәрін жіпке тізе бермейді. Забур 102:12-ден былай деп оқимыз: “Шығыс батыстан қашық болғаны сияқты, Күнәмызды бізден шексіз қашықтатты”. Бұған әрқайсымыз да дән риза емеспіз бе?! (Заб. 129:3).
7. Дәуітке қалай қарағанынан Ехоба туралы не білеміз?
7 Жазбалардан Ехобаның адамның жақсы жақтарына көбірек көңіл қоятыны көрінеді. Мысалы, Құдай Дәуітті ‘өсиеттерін орындап, көз алдында тек лайықты істер істеп, бар жүрегімен оның жолын ұстанған құлы’ ретінде сипаттаған (Пат. 3-ж. 14:8). Әрине, Дәуіт қателік те жасаған. Сөйткенмен де, Ехоба оның жақсы қасиеттеріне көбірек назар аударған, өйткені жүрегі таза екенін білген (Шеж. 1-ж. 29:17).
Бауырластарға Ехоба сияқты қарайық
8, 9. а) Ехобаға қай жағынан еліктей аламыз? ә) Мұны қандай мысалмен көрсетуге болады және бұдан қандай сабақ аламыз?
8 Ехоба адамның жүрегінде не бар екенін біледі, ал бізде мұндай қабілет жоқ. Осының өзі — басқаларды айыптамаудың жақсы себебі. Біз адамның ниетін толықтай білмейміз. Сондықтан Ехобаға еліктеп, басқалардың кемелсіздігіне, ал ол бәрібір түбінде жоқ болады, баса назар аудармауға тырысуымыз керек. Осы жағынан Ехобаға еліктеуді мақсат етейік. Сонда бауырластарымызбен тату-тәтті болуға көп септігімізді тигіземіз (Ефес. 4:23, 24).
9 Көз алдыңа қараусыз қалған үйді елестетші: шатырының науалары салбырап, терезелері сынып, төбесі су өтіп, бүлінген. Оны көргендердің көбісі: “Көзге қораш көрінетін бұл үйді бұзып тастаған дұрыс”,— деп ойлайтын шығар. Алайда біреу оған мүлдем басқаша қарауы мүмкін. Ол үйдің қираған жерлерін ғана емес, оның қаңқасының берік екенін, әрі оны қалпына келтіруге болатынын көреді. Сөйтіп, үйді сатып алады да, іші-сыртын жөндеп, әдемілеп қояды. Енді үйді көргендер оның көзге тартымды екенін айтып, мақтайды. Біз де осы кісіге ұқсай аламыз ба? Бауырластардың бірден көзге түсетін кемшіліктеріне көп көңіл аударғанша, бойындағы жақсы қасиеттерін және рухани өсе түсуге деген мүмкіндіктерін көреміз бе? Егер осылай етсек, Ехоба сияқты, оларды рухани әдемілігі үшін жақсы көретін боламыз (Еврейлерге 6:10 оқы).
10. Філіпіліктерге 2:3, 4-тегі кеңес бізге қалай көмектеседі?
10 Елші Пауыл қауымдағылардың бәрімен жақсы қарым-қатынаста болуға көмектесетін кеңестер берген. Мысалы, ол мәсіхшілерді: “Жеке басының абырой-атағын ойлайтын менмен емес, кіші пейіл болып, басқаларды өздеріңнен жоғары қойыңдар! Әркім өз мүддесін ғана емес, басқалардікін де ойлай жүрсін”,— деп шақырған (Філіп. 2:3, 4). Кішіпейілділік басқаларға қатысты дұрыс көзқараста болуға көмектеседі. Сондай-ақ олардың мүддесін ойлағанымыз және жақсы қасиеттерін көре білгеніміз де оларға Ехоба сияқты қарауға көмектеседі.
11. Кей қауымдарда өзгерістің болуына не әсер етуде?
11 Соңғы кездері дүниеде болып жатқан өзгерістердің салдарынан адамдар бір елден екінші елге көптеп көшуде. Кей қалаларда әртүрлі елден келгендер әсіресе көп. Осындай адамдардың кейбірі шындықты қабылдап, бізбен бірге Ехобаға қызмет етуде. Олар ‘әрбір ұлттан, халықтан, тілден шыққан’ (Аян 7:9). Осының нәтижесінде, қауымдардың көбісі көп ұлтты болып келеді.
12. Біз қандай көзқарасты жоғалтпауымыз керек және неге бұл кейде оңайға соқпауы мүмкін?
12 Сондықтан қауымда бір-бірімізге деген дұрыс көзқарасты жоғалтпау үшін көбірек күш салу керек болатын шығар. Бұл үшін елші Петірдің: ‘Бауырластарыңа деген нағыз сүйіспеншілікке кенеліңдер. Бір-біріңді шын жүректен сүйіңдер!’— деген кеңесін есте ұстауымыз керек (Пет. 1-х. 1:22). Әртүрлі ұлттан құралған қауымда шынайы сүйіспеншілік дамыту оңай болмауы мүмкін. Бауырластардың ұлты басқа, мәдениеті, білімі мен әлеуметтік жағдайы да біздікінен мүлдем өзгеше шығар. Саған олардың кейбірінің ой қалпын не іс-әрекетін түсіну қиын ба? Олар да өздерін дәл сен сияқты сезінуі мүмкін. Алайда бәріміз де “барлық бауырластықты сүюге” шақырыламыз (Пет. 1-х. 2:17, ЖД).
13. Ой қалпымызды қалай өзгертуіміз қажет болуы мүмкін?
13 Пейілімізді кең жайып, бауырластардың бәріне сүйіспеншілік көрсету үшін ой қалпымызды өзгерту қажет болар (Қорынттықтарға 2-хат 6:12, 13 оқы). Біздің: “Мен ешкімді алаламаймын, бірақ...”,— деп, сосын, өзіміз қандай да бір ұлттың адамдарына тән деп есептейтін кейбір жағымсыз нәрселерді тізе бастайтын кезіміз бола ма? Онда бұл әлі де жүрегіміздің түкпірінде алалаушылықтың бар екенін аян етіп, оның тамырына балта шабуымыз керектігін көрсетеді. Өзімізден: “Мәдениеті басқа адамдарды жақсырақ білуге үнемі күш саламын ба?”— деп сұрауымызға болады. Өз-өзімізді осылай тексеріп тұрғанымыз көп ұлтты бауырластықты сүйіп, оны бағалау үшін өзгерістер жасауға көмектеседі.
14, 15. а) Басқаларға деген көзқарасын өзгерткендер жайлы айтып беріңдер. ә) Біз оларға қалай еліктей аламыз?
14 Киелі кітапта өз көзқарастарын өзгерткендердің керемет мысалдары жазылған. Солардың бірі — елші Петір. Ол яһуди болғандықтан басқа ұлт адамдарының үйіне кірмейтін. Оған басқа ұлт адамы — сүндеттелмеген Корнелдің үйіне бару керектігі айтылғанда, не сезінгенін елестетіп көрші! Құдайдың еркі бойынша, барлық ұлт адамдары мәсіхшілер қауымының мүшесі бола алатынын түсінгенде, Петір көзқарасын өзгертті (Ел. іс. 10:9—35). Кейінірек елші Пауыл атанған Саулға да өзгеріс жасап, алалаушылықтан арылу керек болды. Кезінде ол мәсіхшілерді қатты жек көріп, ‘Құдайдың қауымын шектен тыс қудалап, құртуға тырысқан’. Алайда Иесі Иса түзеткенде, Пауыл үлкен өзгерістер жасады, тіпті бұрын қудалаған адамдарының басшылығына құлақ асатын болды (Ғал. 1:13—20).
15 Ехобаның рухының көмегімен көзқарасымызды өзгерте алатынымыз шүбәсіз. Жүрек түкпірімізде алалаушылықтың қандай да бір қалдығы барын байқасақ, оны түп-тамырымен құртуға және ‘Құдай Рухымен иемденген бірлігімізді өзара байланыстырған татулық арқылы сақтауға’ күш салайық (Ефес. 4:3—6). Киелі кітап бізді мынаған шақырады: “Сүйіспеншілікке бөленіңдер, ол бәріңді толықтай біріктіреді” (Қол. 3:14).
Қызметімізде Ехобаға еліктейік
16. Адамдарға қатысты Құдайдың еркі қандай?
16 Елші Пауыл: “Құдай ешкімнің бет-жүзіне қарамайды”,— деп жазды (Рим. 2:11). Ехобаның еркі — барлық ұлт адамдарының өзіне ғибадат етуі (Тімотеге 1-хат 2:3, 4 оқы). Мұны жүзеге асыру үшін, ол мәңгілік ізгі хабардың “әрбір халыққа, руға, тілге және ұлтқа” жариялануына қам жасап отыр (Аян 14:6). Иса: “Егіндік — осы дүние”,— деген (Мат. 13:38). Бұл сөздердің саған және туған-туыстарыңа қандай қатысы бар?
17. Қалай біз барлық адамдарға көмектесе аламыз?
17 Шалғай жерлерге барып Патшалық туралы хабарды уағыздауға бәріміздің бірдей мүмкіндігіміз жоқ. Десе де бұл хабарды өз аумағымызда тұратын әртүрлі елдерден келген адамдарға айта аламыз. Біраз жылдар бойы уағыздап келе жатқандарға ғана емес, адам таңдамай, бәріне куәлік берудің мүмкіндігін іздейміз бе? Неге барлық адамдарға түбегейлі куәлік беруді мақсат етпеске? (Рим. 15:20, 21).
18. Иса адамдардың қамын ойлайтынын қалай көрсеткен?
18 Иса барлық адамдардың көмекке мұқтаж екенін жақсы түсінген. Сондықтан бір ғана аймақта уағыздамаған. Киелі кітапта оның ‘барлық қалалар мен ауылдарды аралағаны’, сосын, ‘жиналған халық тобырын көргенде жаны ашып’, оларға көмек көрсету керек екенін айтқаны жазылған (Мат. 9:35—37).
19, 20. Ехоба мен Иса сияқты, барлық адамдардың қамын ойлайтынымызды көрсетудің қандай жолдары бар?
19 Осындай көзқарас танытудың қандай жолдары бар? Кейбіреулер аумақтарындағы жиі уағыздала бермейтін жерлерде куәлік етуде. Бұларға іскерлер аумағы, саябақтар, авто және теміржол вокзалдары, әуежайлар немесе есігі құлыптаулы тұрғын үйлер жатуы мүмкін. Ал басқа біреулер учаскелерінде тұратын белгілі бір ұлт өкілдеріне немесе бұрын көп уағыздалмаған өзге тілді топтарға куәлік беру үшін жаңа тілді үйреніп жүр. Солардың тілінде қалай сәлемдесуді үйреніп алғанымыз олардың игілігін ойлайтынымызды көрсетеді. Егер өзге тілді үйренуге мүмкіндігіміз болмаса, солай етіп жүргендерді жігерлендіре аламыз ба? Біз басқалардың шетелден келгендерге уағыздауға күш салып жатқанын сынап-мінеуден немесе олардың ниетіне шек келтіруден аулақпыз. Құдайға барлық адамдардың өмірі қымбат; біз де осындай көзқараста болғымыз келеді (Қол. 3:10, 11).
20 Адамдарға Құдай сияқты қарау деген олардың жай-күйіне қарамай, бәріне бірдей уағыздау керек дегенді білдіреді. Бәлкім, кейбіреулер үй-күйсіз, кір-қожалақ болып жүретін болар немесе азғын өмір кешетін шығар. Егер біреу бізге жамандық жасаса, сол халықтың не ұлттың бәрі жаман деген ойда болмауымыз керек. Кейбіреулер Пауылға қатыгездік жасаған, бірақ бұл оның сол ұлттың адамдарына уағыздауына тосқауыл болмаған (Ел. іс. 14:5—7, 19—22). Ол кейбіреулерінің ізгі хабарды қуана қабылдайтынына сенген.
21. Басқаларға Ехоба сияқты қарағаның саған қалай көмектеседі?
21 Жергілікті бауырластарға, көп ұлтты бауырластыққа және танаптағы адамдарға қатысты дұрыс, яғни Ехобанікіндей, көзқараста болуымыз керектігі айдан анық. Неғұрлым Ехобаның көзқарасын танытар болсақ, соғұрлым ынтымақ пен бірлікке ықпал етеміз. Сондай-ақ ешкімді алаламайтын және өзі жаратқандықтан барлық адамдардың қамын ойлайтын Құдай — Ехобаны өзгелердің де сүюіне көмектесе аламыз (Әйүп 34:19).
Жауап бере аласыңдар ма?
• Бауырластарға қатысты неден аулақ болуымыз керек?
• Бауырластарға қандай көзқараста болуға қатысты Ехобаға қалай еліктей аламыз?
• Көп ұлтты бауырластыққа қалай қарауымыз керектігіне қатысты не білдіңдер?
• Қалай қызметте Ехобаның адамдарға қатысты көзқарасына еліктей аламыз?
[26-беттегі сурет]
Мәдениеті басқа адамдарды қалай жақсырақ білуге болады?
[28-беттегі суреттер]
Ізгі хабарды көбірек адамға жеткізудің қандай жолдары бар?