Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • od 17-тар., 169—178 бет.
  • Ехобаның ұйымына жақын болыңыз

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехобаның ұйымына жақын болыңыз
  • Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқанбыз
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • НЕГЕ ҚИЫНДЫҚТАР КӨБЕЮДЕ?
  • ТАБАНДЫЛЫҚ ДАМЫТАЙЫҚ
  • ТҮРЛІ ҚИЫНДЫҚТАРДА ТАБАНДЫ БОЛУ
  • АДАЛ БОЛЫП ҚАЛУҒА БЕКІНІҢІЗ
  • “Табандылықтарың толығымен көрсетілсін”
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2016
  • Табандылық жүлдеге жеткізеді
    Біздің патшалық қызметіміз. 2004
  • Ехобаның төзімділігін үлгі етейік
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2021
  • Уағыздау үшін табандылық қажет
    Біздің патшалық қызметіміз. 2008
Көбірек мәлімет
Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқанбыз
od 17-тар., 169—178 бет.

17-ТАРАУ

Ехобаның ұйымына жақын болыңыз

ШӘКІРТ Жақып: “Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды”,— деп жазған (Жақ. 4:8). Расында да, Ехоба адамзаттың үнін естімейтіндей тым асқақ, тым алыс емес. Оған біздің кемелсіздігіміз де кедергі етпейді (Ел. іс. 17:27). Алайда Құдайға қалай жақындай аламыз? Бұл үшін ыстық дұға арқылы Ехобамен жеке тығыз қарым-қатынас орнатуымыз қажет (Зәб. 39:12). Сондай-ақ оның Сөзін жүйелі түрде зерттеу де маңызды. Осылайша біз Ехоба Құдайды жақыннан танып, оның мақсаттарын және бізге қатысты еркін біле түсеміз (Тім. 2-х. 3:16, 17). Нәтижесінде оны жақсы көруді үйренеміз, әрі оның алдында орынды қорқынышқа ие боламыз (Зәб. 25:14).

2 Ехобамен жақын қарым-қатынасты тек оның Ұлы Иса арқылы ғана орната аламыз (Жох. 17:3; Рим. 5:10). Ешбір пенде атаулы Ехобаның ой-сезімін Иса сияқты ашып жеткізе алмайды. Ол Әкесімен жақын болғаны сонша: “Ұлының кім екенін Әкеден басқа ешкім білмейді. Әкенің кім екенін Ұлынан және Ұлы ашқысы келген адамнан басқа ешкім білмейді”,— деген болатын (Лұқа 10:22). Сондықтан Исаның ой-сезімдері жайлы Ізгі хабарлардан оқып-зерттегенде, біз негізінен Ехобаның ой-сезімдері жайлы білеміз. Мұндай білім бізді Құдайға сөзсіз жақындатады.

3 Біз Құдай Ұлының басшылығымен Ехобамен жақын қарым-қатынас дамытамыз. Бұл үшін Құдай еркін орындауды үйретіп жатқан көзге көрінетін арнаға етене жақын боламыз. Матай 24:45—47 тармақтарда жазылған пайғамбарлыққа сай, Қожайын, яғни Иса Мәсіх, адал үй ішіндегілеріне ас-суды уақтылы беріп тұру үшін “адал да ақылды құлды” тағайындады. Бүгінде адал құл рухани ас-суды молынан беріп жатыр. Осы арна арқылы Ехоба бізге өз Сөзін күн сайын оқуды, қауым кездесулеріне жүйелі түрде барып тұруды, “Патшалық жайлы ізгі хабарды” құлшына жариялауды кеңес етеді (Мат. 24:14; 28:19, 20; Ешуа 1:8; Зәб. 1:1—3). Адал құл кемелсіз болса да, оларға басшылық етіп жатқан Құдай екеніне нық сенуіміз керек. Ехобаның ұйымының көзге көрінетін бөлігіне жақын болып, басшылығына құлақ асқанымыз жөн. Бұл бізді Ехобаға жақындатып, қиындық кезінде нығайтады әрі қорғайды.

НЕГЕ ҚИЫНДЫҚТАР КӨБЕЮДЕ?

4 Бәлкім, сіз шындық жолында ұзақ жылдан бері жүрген шығарсыз. Ендеше, мінсіздік сыналғанда табанды болудың не екенін айтпай-ақ жақсы түсінесіз. Ал Ехобаны жуырда ғана біліп, оның халқымен танысқаныңызға көп болмаса, Ехобаның бүкіләлемдік билігіне мойынсұнған әркімге Шайтан Ібіліс қарсы екенін білетін шығарсыз (Тім. 2-х. 3:12). Сонымен, табанды болып келе жатқаныңызға, мейлі көп болсын не аз болсын, қорқынышқа бой алдырып, мұңаюға еш себеп жоқ. Өйткені Ехоба сізді тастамайтынын, құтқаратынын, өмір сыйлайтынын уәде етеді (Евр. 13:5, 6; Аян 2:10).

5 Шайтанның жүйесі аяқталғанша, бәріміз қиындықтарға душар болуымыз әбден мүмкін. 1914 жылы Құдай Патшалығы орнағаннан бері Ехобаның көктегі тұрағына Шайтан үшін жол жоқ. Ол жерге лақтырылған, сондықтан зұлым періштелерімен бірге жердің аясынан шығып кете алмайды. Шайтан өте қаһарлы. Жердегі қасіреттің көбеюі және Ехобаның адал қызметшілерінің қуғындалуы — соның дәлелі, әрі оның зұлым билігінің соңғы күндерінде өмір сүріп жатқанымызды растайды (Аян 12:1—12).

6 Масқара күйге ұшырағанына ашулы Шайтан өз уақытының аз қалғанын біледі. Ол жын-перілермен бірге Патшалық жайлы уағыз ісіне қалай да болса тосқауыл қойып, Құдай халқының бірлігін бұзуды көксейді. Сол себепті біз рухани майданда соғысудамыз, Киелі кітапта айтылғандай, біз “адам баласына қарсы емес, үкіметтерге, билеушілерге және түнектегі осы дүниені билеп-төстеп отырған әкімдерге қарсы, яғни көктегі зұлым рухтарға қарсы күресудеміз”. Егер Ехобаның жағында жүріп, жеңіске жеткіміз келсе, майданда босаңсымай, рухани қару-жарақтарымызды жақсы күйде сақтауымыз қажет. Ібілістің “зымиян іс-әрекеттеріне тойтарыс беруіміз” керек (Ефес. 6:10—17). Әрине, бұл үшін табандылық қажет.

ТАБАНДЫЛЫҚ ДАМЫТАЙЫҚ

7 Табандылық дегеніміз қиыншылыққа не бақытсыздыққа ұшырағанда берілмеуді білдіреді. Киелі кітапта табандылық деп қиындыққа, қарсылыққа, қуғын-сүргінге немесе Құдайға деген мінсіздігімізден тайдыратын басқа да жайттарға қарамастан, дұрыс нәрсені істеуден айнымай нық тұруды білдіреді. Мәсіхшілердің табандылығы өздігінен келмейді, оны дамыту қажет, әрі бұған уақыт керек. Сеніміміз күшейген сайын, табандылығымыз да соғұрлым нығая түседі. Мәсіхшілер жолына жаңадан түскенде, біз сенімімізді сынға алған кішігірім сынақтарда табанды болып, нығая түстік, енді алда күтіп тұрған үлкен сынақтарға да төзуге дайынбыз (Лұқа 16:10). Сенімде берік тұруға қатысты шешімді қабылдау үшін үлкен сынақтарды күтудің қажеті жоқ. Мұндай шешімді сынақтар төнбес бұрын қабылдау керек. Табандылық қасиетінің Құдайға ұнамды басқа да қасиеттермен қатар дамитынын елші Петір былай деп жеткізді: “Өз тараптарыңнан барынша күш салып, сенімдеріңді ізгілікпен, ізгіліктеріңді біліммен, білімдеріңді ұстамдылықпен, ұстамдылықтарыңды табандылықпен, табандылықтарыңды Құдайға шын берілгендікпен, Құдайға шын берілгендіктеріңді бауырластық сүйіспеншілікпен, бауырластық сүйіспеншіліктеріңді бәріне деген сүйіспеншілікпен толықтырыңдар” (Пет. 2-х. 1:5—7; Тім. 1-х. 6:11).

Қиындыққа кезігіп, оларды жеңген сайын табандылығымыз күн санап арта береді

8 Табандылық дамытудың қаншалықты маңызды екенін Жақып былай деп айтқан: “Бауырластарым, әртүрлі сынақтарға ұшырағанда, бұны зор қуанышпен қабылдаңдар. Өйткені осылай сыналған сенімдеріңнің табандылық тудыратынын білесіңдер. Бірақ табандылықтарың толығымен көрсетілсін, сонда барлық жағынан кемелді де толысқан, еш кемшіліксіз боласыңдар” (Жақ. 1:2—4). Байқасақ, Жақып сынақтарды қуана қабылдау керектігін айтқан, өйткені олар табандылық тудырады. Сіз де қиындықтарға осылай қарайсыз ба? Содан кейін Жақып табандылықтың арқасында мәсіхшілік болмысымыз кемеліне жетіп, Құдайға толықтай ұнамды бола алатынымызды көрсетті. Иә, біз қиындыққа кезігіп, оларды жеңген сайын табандылығымыз күн санап арта береді. Ал табандылық басқа да қажетті көркем қасиеттерді тудырады.

9 Табанды болғанымыз Құдайға жағымды. Табандылығымызды көріп, ол бізге мәңгілік өмір сыйлайды. Жақып өз сөзін былай жалғады: “Сынақтарда табандылық танытатын адам бақытты, себебі Ехобаның ықыласына ие болып, өзін сүйетіндерге уәде еткен өмір тәжін алады” (Жақ. 1:12). Иә, өмірге ие болу үшін табандылық қажет. Табандылықсыз біз шындық жолында қала алмаймыз. Осы дүниенің қыспағына төтеп бермесек, бұл әлемге қайта оралуымыз ғажап емес. Табанды болмасақ, Ехобаның рухынан айырылып қаламыз, ал соның салдарынан рухтың жемісін таныта алмаймыз.

10 Осындай қиын заманда табандылық сақтау үшін, мәсіхшілер ретінде көретін қиындықтарымызға дұрыс көзқарас таныту қажет. Жақыптың сөзін еске алсақ, ол: “Зор қуанышпен қабылдаңдар”,— деген. Бұлай ету оңай емес, өйткені қиындықтар тән азабы мен жан азабына душар етуі мүмкін. Бірақ болашақ өмір бәйгеге тігілгенін ұмытпаңыз. Кезіндегі елшілердің оқиғалары қиындықтарда қалай қуанып жүруге болатынын түсінуге көмектеседі. Елшілердің істері кітабында мынадай оқиға жазылған: “Содан елшілерді шақыртып, дүре соқтырды да, бұдан былай Исаның атынан сөйлемеуді бұйырып, босатып жіберді. Жоғарғы кеңестен шыққан елшілер оның аты үшін қорлық көруге лайық саналғандарына қуанды” (Ел. іс. 5:40, 41). Елшілер бір нәрсені түсінген: олардың басына түскен қиындық — Исаның тапсырмасына мойынсұнып жатқандарының және Ехобаның мақұлдауына ие болғандарының дәлелі. Жылдар өте, Петір рухтың жетелеуімен бірінші хатын жазғанда, әділдік үшін жапа шегудің бағалы екенін айтып өтті (Пет. 1-х. 4:12—16).

11 Пауыл мен Сыйластың басынан өткен бір жағдайды көрейік. Філіпіде миссионерлік істерін атқарып жүргенде, олар “қаланы дүрліктірді, заңсыз дәстүрлерді үйретіп жүр” деген айыппен қамауға алынды. Сөйтіп, олар қатты соққыға жығылып, түрмеге тасталды. Киелі кітапта баяндалғандай, жаралары таңылмаған күйде түрмеде жатып, “түн ортасында Пауыл мен Сыйлас дұға етіп, Құдайды әнмен мадақтады. Мұны өзге тұтқындар естіп жатты” (Ел. іс. 16:16—25). Пауыл мен Сыйлас Мәсіх үшін көріп жатқан қиындықтарына дұрыс көзқарас танытты. Олар мұны Құдай алдындағы мінсіздіктерінің дәлелі деп санаумен қоса, ізгі хабарға ыңғай танытқан адамдарға көбірек куәлік берудің мүмкіндігі деп есептеді. Бұл өзгелердің өміріне әсер етті. Сол түні-ақ түрме бастығы мен оның үй іші Пауыл мен Сыйласты тыңдап, Мәсіхтің шәкірті болды (Ел. іс. 16:26—34). Пауыл мен Сыйлас Ехобаға, оның құдіретіне және қиын шақта Құдайдың қолдап-демейтініне сенім артты. Бұл сенімдері ақталды да.

12 Ехоба біздің де табанды болғанымызды қалайды. Сондықтан қиын шақтарда бізді қолдап-демеу үшін қажеттінің бәрін берген. Ол рухтың жетелеуімен жазылған Киелі кітапты берді, осылай өзінің еркі жайлы тура білім сыйлады. Бұл болса сенімімізді өсіреді. Бұған қоса, бізде бір сенімдегі бауырластармен араласу және қасиетті қызметті атқару мүмкіндігі бар. Ехобамен тығыз қарым-қатынас дамытуымыз үшін бізге дұға айту мәртебесі де берілген. Ол біздің мадағымызды естиді, оның көз алдында таза болып қалу үшін көмек сұрап айтқан өтініштерімізге құлақ түреді (Філіп. 4:13). Құдай сыйлаған үмітті де естен шығармай, сол жайлы ойланғанымыз да зор күш дарытады (Мат. 24:13; Евр. 6:18; Аян 21:1—4).

ТҮРЛІ ҚИЫНДЫҚТАРДА ТАБАНДЫ БОЛУ

13 Бүгінде біз кезігетін қиындықтарға ертеде Иса Мәсіхтің шәкірттері де кезіккен. Мысалы, бүгінде Ехоба куәгерлері теріс ақпарат алған қарсыластардың тарапынан сөз жүзінде және іс жүзінде қорлық көріп жатады. Тура елшілердің заманындағыдай, мұндай қарсылықтардың көбісі Құдай Сөзінде айыпталатын ілімдер мен салт-жораларды ұстанатын діни фанатиктердің айдауымен болады (Ел. іс. 17:5—9, 13). Кейде Ехобаның халқы үкіметтер бекіткен заңды құқықтарына жүгінгеннің арқасында мәселе шешіліп жатады (Ел. іс. 22:25; 25:11). Бірақ кейде үкіметтердің өзі мәсіхшілік қызметімізді тоқтату үшін, ісімізге ресми түрде тыйым салады (Зәб. 2:1—3). Мұндай жағдайда біз адал елшілердің сөздері мен істеріне батылдықпен еліктейміз. Олар былай деген болатын: “Билеуші ретінде бірінші кезекте адамға емес, Құдайға мойынсұнуымыз керек” (Ел. іс. 5:29).

14 Ұлтшылдық рухы дүниежүзі бойынша күшіне мінген сайын, ізгі хабардың жариялаушыларына Құдай тапсырған қызметті тоқтатқызу үшін үлкен қысым көрсетілуде. Құдайдың барлық қызметшілері Аян 14:9—12 тармақтарда жазылған “жыртқыш аң мен оның мүсініне” ғибадат ететіндерге қатысты ескертудің мән-мағынасын анық түсінеді. Біз Жоханның мына сөздерінің маңыздылығын білеміз: “Мұнда қасиеттілерге, яғни Құдайдың өсиеттерін орындайтын әрі Исаға деген сенімін берік сақтайтындарға, табандылық қажет”.

15 Соғыс я революция бұрқ етсе, қуғын-сүргін төнсе я ісімізге ресми түрде шек қойылса, ғибадатымызды емін-еркін атқара алмай қалуымыз әбден мүмкін. Қауым болып жиналу да мүмкін болмайтын шығар. Филиалмен байланыс үзілуі мүмкін. Аудандық бақылаушылардың сапары тоқтайтын шығар. Жаңа әдебиеттер сіз үшін қолжетімсіз болуы мүмкін. Осы жағдайдың бәрі болмаса да, бірі туып қалса, не істеу керек?

16 Мұның жауабы — қандай жағдай болмасын, қолыңыздан келгенді істей беріңіз. Жеке зерттеу жүргізіңіз. Кішігірім топ болып үйлерде жиналуға болады. Кездесулерде әдебиеттердің ескі сандары мен Киелі кітаптың өзін зерттеуге болады. Тек мазаңыз қашпасын, қорқынышқа да бой алдырмаңыз. Мұндай жағдайларда Басқарушы кеңес тез арада жауапты бауырластармен байланыс орнатудың жолдарын тауып жатады.

17 Сіз тіпті бауырластардың бәрінен ажырап, оқшау қалсаңыз да, мынаны есте ұстаңыз: сіз Ехоба мен оның Ұлы Иса Мәсіхтен ажырап қалған жоқсыз. Үміт отын сөндіруге еш себеп жоқ. Дұғаларыңыз әлі де Құдайдың құлағына жетеді, ол сізді рухымен қуаттай алады. Оның басшылығын іздеңіз. Ехобаның қызметшісі әрі Иса Мәсіхтің шәкірті екеніңізді естен шығармаңыз. Сол себепті куәлік берудің мүмкіндігін қалт жібермеңіз. Ехоба талпынысыңызға батасын беріп, көп ұзамай шынайы ғибадатқа жаңа адамдар да қосылуы бек мүмкін (Ел. іс. 4:13—31; 5:27—42; Філіп. 1:27—30; 4:6, 7; Тім. 2-х. 4:16—18).

18 Ал егер өліммен бетпе-бет кезіккен елшілер мен басқа кісілер сияқты, сізге де өлім қаупі төнсе, “өлгендерді тірілтетін” Құдайға сенім артыңыз (Қор. 2-х. 1:8—10). Қайта тірілуге деген сенімнің арқасында ең ауыр деген сынақтың өзінде табанды бола аласыз (Лұқа 21:19). Осы орайда Иса Мәсіх жақсы үлгі қалдырған. Ол сынақ кезінде танытқан адалдығы өзгелердің табанды болуға деген шешімін нығайтатынын білген. Сіз де осылай бауырластар үшін қайрат-жігердің қайнары бола аласыз (Жох. 16:33; Евр. 12:2, 3; Пет. 1-х. 2:21).

19 Қарсылықтар мен қуғын-сүргінді айтпағанда, табандылықты талап ететін басқа да қиындықтарыңыз бар шығар. Мысалы, аумақтағы адамдардың ізгі хабарға салғырт қарайтыны кейбір бауырластардың көңілін түсіреді. Ал өзге біреулер ауыр дерттің я жүйке ауруларының зардабын көруде, я болмаса пендешілікпен байланысты шектеулеріне төзіп жүр. Қызметіне кедергі еткен осындай қиындық елші Пауылда да болған (Қор. 2-х. 12:7). I ғасырда Філіпі қаласында өмір сүрген Епафродит те “өзінің ауырып қалғаны туралы [достарына] хабар жеткеніне қатты күйзелген” (Філіп. 2:25—27). Кейде өзіміздің және өзгелердің пендешілігі жағдайды төзе алмастай қиындатып жатады. Бауырласымызбен, тіпті отбасымызда жеке келіспеушіліктер туындауы мүмкін. Бірақ мұндай кедергілерді Ехобаның Сөзіндегі кеңестерге құлақ асу арқылы жеңе аласыз (Езек. 2:3—5; Қор. 1-х. 9:27; 13:8; Қол. 3:12—14; Пет. 1-х. 4:8).

АДАЛ БОЛЫП ҚАЛУҒА БЕКІНІҢІЗ

20 Ехоба Иса Мәсіхті қауымның Басы етіп тағайындаған. Сондықтан онымен “байланысымыз” болу керек (Қол. 2:18, 19). “Адал да ақылды құлмен” және тағайындалған бақылаушылармен қызметтесуіміз қажет (Евр. 13:7, 17). Теократиялық шараларға бағынып, жетекшілік ететін бауырластармен қызметтессек, Ехобаның еркін ұйымдаса орындай аламыз. Дұға ету мәртебесін де барынша қолдануға тиіспіз. Есіңізде болсын, ешқандай түрме торы, тіпті онда жалғыз отырсаңыз да, көктегі сүюші Әкемізбен сөйлесуге кедергі бола алмайды және бауырластармен арамыздағы бірлікті бұза алмайды.

21 Ендеше, белімізді бекем буып, табанды болып, кезінде Иса Мәсіх қайта тірілгеннен кейін ізбасарларына тапсырған уағыз ісін еш берілмей орындау үшін барымызды салайық! Сол кезде Иса былай деген еді: “Сондықтан барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындап, оларды Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атынан шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, әрі мен сендерге бұйырғандардың бәрін ұстануды үйретіңдер” (Мат. 28:19, 20). Иса сияқты табанды болайық. Патшалыққа деген үкілі үмітімізді сөндірмей, мәңгілік өмірді назарда анық ұстайық (Евр. 12:2). Шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхшілерде бір мәртебе бар — “осы заманның аяқталуы” жайлы Исаның пайғамбарлығының орындалуына үлес қосу. Ол: “Патшалық жайлы осы ізгі хабар барлық халықтар есту үшін бүкіл жер бетінде уағыздалады. Содан кейін осы заманның соңы келеді”,— деген (Мат. 24:3, 14). Қазір осы іске шын жүректен қатыссақ, Ехобаның әділдік орнаған жаңа дүниесіне қуанышпен аяқ басамыз!

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу