2. Қайғы-қасірет көріп жатқанымызға өзіміз кінәліміз бе?
Ақиқатын анықтайық
Егер қайғы-қасірет көріп жатқанымызға өзіміз кінәлі болсақ, оны азайту да өз қолымызда деген сөз.
Ойлап көріңіз
Қасірет әкеліп жатқан төмендегі жағдайларға адамдардың өздері қаншалықты кінәлі?
Зорлық-зомбылық.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәлімдеуінше, 4 ересек адамның 1-еуі бала кезінде физикалық зорлық көрген, ал 3 әйелдің 1-еуі өмірінде физикалық не жыныстық зорлық (немесе екеуін де) көрген.
Кісі өлімі.
ДДҰ-ның 2018 жылы жариялаған дүниежүзілік есебіне сай, “2016 жылы әлемде 477 000 адам өлтірілген”. Бұл сол жылғы соғыстар мен қақтығыстардан қаза тапқан 180 000 адамды есептемегенде.
Денсаулық мәселесі.
“Нэшнл джиогрэфик” журналының бір мақаласында жазушы Фран Смит былай деп жазды: “Темекі шегетіндердің саны миллиардтан асады. Ал темекі өлімге апаратын ең басты бес ауруды — жүрек ауруын, инсульт, тыныс жолдарының ауруын, өкпенің созылмалы обструкциялық ауруын, өкпенің қатерлі ісігін — туғызады”.
Әлеуметтік теңсіздік.
Психолог Джей Ватстың айтуынша, “кедейлік, әлеуметтік теңсіздік, нәсілшілдік, біреуді жынысына қарай кемсіту, басқа жаққа көшіртіп жіберу, бақталастық — осының бәрі адамды жан азабына ұшыратуда”.
КӨБІРЕК БІЛГІМ КЕЛЕДІ ДЕСЕҢІЗ
jw.org сайтынан “Алла Тағала жерді не үшін жаратты?” деген видеоны қараңыз.
Киелі кітаптың жауабы
Дүниедегі көп қайғы-қасірет адамдардың кесірінен болып жатыр.
Олардың бірден-бір себепшісі — әділетсіз де қатыгез үкіметтер. Олар халыққа қызмет етеміз деп айтқанмен, халықтың өмірін қиындатып жатыр.
“Адамның адамға билік етуі тек зиян келтіреді” (УАҒЫЗДАУШЫ 8:9).
Қайғы-қасіретті азайту қолымыздан келеді.
Киелі кітаптың ақыл-кеңестері денсаулықты жақсартуға және басқалармен тату болуға көмектеседі.
“Жүректегі тыныштық тәнге шипа болар, Ал қызғаныш сүйекті шірітер” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 14:30).
“Әрқилы өшпенділік, ашу-ыза, айқайласу, қорлық сөздер және бүкіл жамандық атаулыдан арылыңдар!” (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 4:31).