Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді
Мотоцикл, спорт және есірткі десе ішкен асын жерге қоятын адамның өмірін өзгертіп, Құдайға толық уақытты қызмет етуіне не себеп болды? Құмар ойындар ойнауға шебер адамды жаман әдетінен арылып, өз отбасын адал еңбекпен асырауға не талпындырды? Ехоба куәгерлерінің отбасында өсіп, бірақ кейіннен Киелі кітап принциптеріне сай өмір сүруді қойған әйелге өмір жолын қайта қарастыруға не түрткі болды? Бұл туралы не дейтіндерін олардың өз аузынан естиік.
ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ
АТЫ-ЖӨНІ: ТЕРРЕНС О’БРАЙЕН
ЖАСЫ: 57-де
ЕЛІ: АВСТРАЛИЯ
БҰРЫН ЕСІРТКІГЕ САЛЫНЫП, МОТОЦИКЛГЕ ҚҰМАР БОЛҒАН
ӨТКЕН ӨМІРІМ: Менің балалық шағым Квинсленд штатының қыз-қыз қайнаған астанасы Брисбен қаласында өтті. Ата-анам католиктер еді, бірақ сегіз жасымда олар шіркеуге баруларын тоқтатып, содан үйде дінді ауызға алмайтын болдық. Он жасымда, отбасымыз Голд-Кост қаласына көшіп барды. Жағалауға жақын жерде тұрғандықтан, жастық шағымды шомылумен және серфингпен айналысумен, яғни жағаға шарпыған толқынның үстінде сырғанаумен өткіздім.
Сөйткенмен де балалық шағымда бақытты болдым дей алмаймын. Сегіз жасымда әкем бізді тастап кетті. Ал анам болса қайтадан тұрмысқа шықты. Өкінішке қарай, ішімдіктің кесірінен үйде ұрыс-керіс үзілмейтін. Бірде, ата-анамның қатты дау-жанжалынан кейін, мен түн ортасында төсегімде отырып, егер үйленсем, әйеліммен ешқашан дауласпаймын деп өзіме серт бердім. Отбасымыз алты бала, шешем және өгей әкемнен тұратын. Қанша қиыншылықтар болғанына қарамастан, біздің қарым-қатынасымыз жақсы болып қала берді.
Сәл есейген кезімде, құрбы-құрдастарымның көбісі билікке қарсы шығып, темекі шегуді, марихуана және есірткінің басқа да түрлерін қабылдауды және ішімдік ішуді әдетке айналдырды. Мен де солар сияқты алаңсыз өмір кеше бастадым. Оның үстіне, мотоцикл десе ішкен асымды жерге қоятынмын. Екі рет ауыр апатқа ұшырасам да, мотоцикл айдауды қоймай, бүкіл Австралияны шарлап шықпақ болдым.
Өз қалауымша өмір сүрсем де, дүниедегі жағдайды, сондай-ақ адамзаттың қиыншылықтары көпшілікті қызықтырмайтынын көргенде, жаным күйзелетін. Құдай, дін және дүниедегі жағдайлар туралы шындықты қатты білгім келетін. Осыған қатысты екі католик дінбасына сұрақтар қойғанымда, олардың жауабынан көңілім қалды. Сол тақырыптар жайлы әртүрлі протестант дінінің қызметшілерімен сөйлескенде де, көңілім толмады. Кейіннен бір досым мені Едди есімді Ехоба куәгерімен таныстырды. Едди екеуміз төрт рет әңгімелестік, әр жолы ол сұрақтарыма Киелі кітапты қолданып жауап берді. Онымен бірінші рет жолыққанда-ақ, ерекше нәрсені тапқанымды сездім. Алайда ол кезде өмірімді өзгерту қажет деп ойламадым.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ: Австралияны кезіп шығуға шыққан сапарымда бір Куәгерді кездестіріп, онымен де әңгімелестім. Алайда Квинслендке оралғанда, алты ай бойы Куәгерлермен байланыспай кеттім.
Бірде жұмыстан келе жатып, жол бойында кетіп бара жатқан, сөмке асынған екі кісіні көрдім. Оларды Ехоба куәгерлері шығар деп жорамалдадым. Қастарына барып, шынымен Куәгер екендерін білгенде, менімен Киелі кітапты зерттеулерін өтіндім. Содан бірден Куәгерлердің кездесулеріне бара бастадым, тіпті 1973 жылы Сиднейде өткен үлкен конгреске қатыстым. Алайда отбасымдағылар, әсіресе анам, менің не істеп жүргенімді білгенде, қатты ренжіді. Осы және басқа да себептермен Куәгерлермен араласуды доғардым. Сөйтіп, бір жыл бойы бар есіл-дертім сүйікті ісім — крикетпен (спорттың бір түрі) айналысу болды.
Алайда күндердің күнінде Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеп жүрген кезім ең бақытты кезең болғанын түсіндім. Олармен қайтадан хабарласып, кездесулерге бара бастадым. Сондай-ақ есірткі қабылдайтын достарыммен қарым-қатынасымды үздім.
Өмірімде осындай өзгерістер жасауға талпындырған нәрсе — Киелі кітаптың кейіпкері Әйүп туралы білгендерім болды. Менімен Билл есімді Куәгер жүйелі түрде Киелі кітапты зерттеді. Өзімнен жасы үлкендеу ол мейірімді еді, әйтсе де тік сөйлейтін. Әйүптің оқиғасын қарастырған соң, Билл: “Шайтан тағы кімді Құдайға шын жүректен қызмет етпейді деп айыптады?”— деп сұрады (Әйүп 2:3—5). Мен өзім білетін Киелі кітаптың кейіпкерлерін тізіп шыққанымда, Билл шыдамдылықпен: “Иә, иә, оларды да”,— деп отырды. Сосын, көзіме тіке қарап: “Шайтан сен туралы да сөйдейді!”— деді. Сонда көзім шарасынан шыға жаздады. Осы уақытқа дейін Киелі кітаптан біліп жатқандарымның шындық екенін білетінмін. Бірақ сол білгендеріме сай әрекет етуім керектігі енді ғана түсіндім. Төрт айдан соң, шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болдым.
МАҒАН ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ: Киелі кітаптың принциптеріне сай өмір сүруді үйренбегенде, қазір өмірімнің қандай боларын ойласам, жаным түршігеді. Менің өліп кетуім әбден мүмкін еді. Өйткені бұрынғы достарымның көбісі есірткі мен ішімдіктің кесірінен көз жұмды. Олардың некелері де бақытты болмады. Мен де солардың кебін киер едім деп ойлаймын.
Қазір әйелім Маргарет екеуміз Ехоба куәгерлерінің Австралиядағы филиалында қызмет етудеміз. Отбасымда менен басқа ешкім Ехоба куәгері болған жоқ. Дегенмен біраз жылдар бойы Маргарет екеуміз көптеген адамдармен, соның ішінде ерлі-зайыптылар да бар, Киелі кітапты зерттедік. Олардың да мен сияқты өмірлерін өзгертіп жатқанын көріп қуандық. Олардың көбісімен жақын достасып кеттік. Куәгерлер отбасында өскен Маргарет осыдан 40 жыл бұрын берген сертімді орындауға көмектесіп келеді. Міне, отау құрғанымызға 25 жылдан асты. Арамызда келіспеушіліктер болмайды демеймін, әйтсе де ешқашан ұрысып-керіскен емеспіз. Бұны тек Құдай Сөзінің арқасында деп білеміз.
ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ
АТЫ-ЖӨНІ: МАСАХИРО ОКАБАЯШИ
ЖАСЫ: 39-да
ЕЛІ: ЖАПОНИЯ
БҰРЫН ҚҰМАР ОЙЫНДАРҒА ҚҰНЫҚҚАН
ӨТКЕН ӨМІРІМ: Мен Нагоядан жарты сағаттық жердегі Ивакура қалашығында өстім. Әке-шешем өте мейірімді жандар еді. Бірақ кейінірек әкемнің якудза деп аталатын қылмыстық топтың мүшесі болғанын білдім. Ол бес адамнан тұратын отбасымызды алаяқтық жолмен асырап жүріпті. Әкем көп ішетін, мен 20 жаста болғанымда, ол бауыр церрозынан қайтыс болды.
Әкем кәріс болғандықтан, жұрт бізді жиі алалайтын. Осы және басқа да проблемалардың кесірінен жасөспірім шағым бақытсыз өтті. Жоғары сыныпқа өткеніммен, оны жарытпай, бір жылдан соң тастап кеттім. Полиция учаскесінде есепте тұрғандықтан, оның үстіне, әкем кәріс болғандықтан, жұмыс табу қиынға соқты. Ақырында, бір жұмыс тауып едім, бірақ тізелерімді жарақаттап алып, жұмысқа жарамай қалдым.
Табыс табу үшін пачинко (жапондық құмар ойынның бір түрі) ойнай бастадым. Ол кезде бір қызбен тұрып жатқан едім. Ол жөні түзу жұмыс тауып, өзіне үйленгенімді қалайтын. Ал мен құмар ойыннан қалтама көп ақша түсіп жатқандықтан, өміріме өзгеріс енгізгім келмеді.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ: Бірде үйге Ехоба куәгері келіп, маған бір кітап тастап кетті. Ол “Тіршілік қалай пайда болды? Эволюция жолымен бе, әлде жаратылды ма?” деп аталатын. Бұрын бұл жайлы еш ойланып көрмеппін. Ал кітапты оқып шыққан соң, Киелі кітап туралы көбірек білуге келістім. Мені “Өлгенде адаммен не болады?” деген сұрақ әрдайым қызықтыратын. Киелі кітаптан осы және басқа да сұрақтардың нақты жауабын білгенде, көзім ашылғандай болды.
Мен Киелі кітаптан біліп жатқандарымды өмірімде қолдануым керектігін ұқтым. Сөйтіп, некемді заңдастырып, темекіні тастадым. Сондай-ақ ақ сарыға боялған ұзын шашымды қырқып, үсті-басымды қалыпқа келтірдім. Құмар ойындар ойнауды да қойдым.
Әрине, бұл өзгерістерді жасау маған оңайға соққан жоқ. Мысалы, темекіні тастауға өз күшім жетпеді. Сондықтан Ехоба Құдайға шын жүректен дұға етіп, соған арқа сүйегенімнің арқасында ғана оны тастай алдым. Оның үстіне, пачинко ойнауды қойған соң, алғаш тұрған жұмысым мен үшін нағыз сынақ болды. Өйткені құмар ойыннан түсетін табыстың жартысын ғана табатынмын, жұмысым ауыр еді әрі қиналып кететінмін. Сол бір қиын кездерде маған Киелі кітаптағы мына сөздер күш берді: “Еш нәрсені уайымдамай, барлық жағдайда өтініштеріңді Құдайға сиынып, тілекпен, шүкіршілікпен білдіріңдер! Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы сендердің жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Исада сақтайды” (Філіпіліктерге 4:6, 7). Осы уәденің растығына талай көзім жетті.
МАҒАН ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ: Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастағанымды әйелім жақтырмады. Алайда өмірімде үлкен өзгерістер жасап жатқанымды көргенде, ол маған қосылып Киелі кітапты зерттеп, Ехоба куәгерлерінің кездесулеріне бара бастады. Қазір екеуміз де Ехоба куәгеріміз. Құдайға бірге қызмет ету біз үшін зор бата!
Киелі кітапты зерттемес бұрын, өзімді бақытты санайтынмын. Алайда қазір нағыз бақыттың не екенін білдім. Киелі кітаптың принциптеріне сай өмір сүру, әрине, оңай емес. Сөйтсе де бұның ең жақсы өмір жолы екеніне сенімдімін.
ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ
АТЫ-ЖӨНІ: ЕЛИЗАБЕТ ДЖЕЙН СКОУФИЛД
ЖАСЫ: 35-те
ЕЛІ: ҰЛЫБРИТАНИЯ
БҰРЫН ҚЫЗЫҚ ҚУЫП ӨМІР СҮРГЕН
ӨТКЕН ӨМІРІМ: Мен Глазгодан (Шотландия) сәл қашық жердегі Хардгейт қалашығында өстім. Жеті жасымда анам Ехоба куәгері болып, маған да Киелі кітапты үйрете бастады. Алайда 17 жасқа келгенде, мектептегі достарыммен көбірек араласып, олармен бірге түнгі клубтарға барғанды, хэви-метал тыңдап, ішімдік ішкенді ұнататынмын. Рухани нәрселер жайына қалды. Мен қызық қуып кеттім. Алайда 21 жасымда бәрі де өзгерді.
Мен солтүстік Ирландиядағы туыстарыма барған болатынмын. Сол жерде протестанттардың шеруін көрдім. Протестанттар мен католиктердің бірін-бірі соншама жек көретінін, сондай-ақ олардың қаншалықты фанатик екендерін көргенде, жағамды ұстадым. Бұл есімді жиюға көмектесті. Анамның Киелі кітаптан үйреткендерін есімнен шығарған емеспін. Құдай өзінің керемет принциптерін ұстанбайтындарды құптамайтынын да білетінмін. Кенет, Құдайдың қалауынша емес, өз рақатыма өмір сүріп жүргенімді түсіндім. Сонда Шотландияға оралған соң, Киелі кітаптың неге үйрететінін шындап зерттеп көруді ұйғардым.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ: Ехоба куәгерлерінің кездесуіне көптен бері енді келіп тұрғандықтан, өзімді ыңғайсыз сезініп, қатты қобалжыдым. Алайда бәрі де маған жылы шырай танытты. Мен Киелі кітаптан білгендерімді өмірімде қолдана бастадым. Қауымдағы бір мейірімді бауырлас маған ерекше көңіл бөлді. Ол өзімді қайтадан қауымның бір бөлігі ретінде сезінуіме көмектесті. Бұрынғы достарым мені түнгі клубтарға шақырумен болды, бірақ мен Киелі кітап принциптеріне сай өмір сүруге бекінгенімді айттым. Ақырында, олар мені жайыма қалдырды.
Бұрын Киелі кітапты құр ережелер жинағы деп санайтынмын. Ал қазір көзқарасым өзгерді. Киелі кітап кейіпкерлерін өмірде болған, тап өзімдей сезімі, әлсіздіктері бар адамдар ретінде қарастыра бастадым. Олар да қателіктер жіберген, бірақ шын жүректен өкінгенде, Ехоба Құдай оларды кешірген. Жас кезімде Құдайдан теріс айналып кетсем де, оған ұнамды болуға тырыссам, кешіріп, бұрынғы қателерімді еске алмайтынына деген менде сенімділік пайда болды.
Анамның жүріс-тұрысы да маған қатты әсер етті. Мен Құдайды тастап кетсем де, ол ешқашан бұлай еткен жоқ. Оның адалдығы Ехоба Құдайға қызмет ету күш салуға тұрарлық іс екенін түсінуіме көмектесті. Кішкентай кезімде анам мені үйме-үй уағызға алып шығатын. Бірақ бұл маған ұнамайтын, қалайша сағаттап жұрттармен сөйлесу мүмкін деп ойлайтынмын. Ал енді Исаның мына уәдесіне көз жеткізбек болдым: “Не ішіп-жейміз, не киеміз деп уайымдамаңдар!.. Бұлардың сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой. Ең бастысы, Оның Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылыңдар! Сонда көктегі Әкелерің сендерге бұлардың бәрін қосып береді” (Матай 6:31—33). Мен шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болғаннан кейін көп ұзамай толық күндік жұмысымды тастап, жарты күндік жұмысқа орналастым. Сөйтіп, Құдайға толық уақыт қызмет ете бастадым.
МАҒАН ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ: Жас болып, қызық қуып өмір сүрген кезімде еш қанағат сезінген жоқпын. Өмірімнің еш мәні болмады. Ал Ехоба Құдайға толықтай қызмет ете бастағанымда, қанағат сезіміне бөленіп, өмірім мән-мағынаға ие болды. Қазір тұрмыс құрғанмын, күйеуім екеуміз апта сайын Ехоба куәгерлерінің түрлі қауымдарына барып, жігерлендіруге тырысамыз. Осы қызметті зор мәртебе санаймын. Өзіне оралуға тағы бір мүмкіндік бергені үшін Ехоба Құдайға дән ризамын!
[19-беттегі сөздер]
“Онымен бірінші рет жолыққанда-ақ, ерекше нәрсені тапқанымды сездім. Алайда ол кезде өмірімді өзгерту қажет деп ойламадым”
[21-беттегі сөздер]
“Темекіні тастауға өз күшім жетпеді. Сондықтан Ехоба Құдайға шын жүректен дұға етіп, соған арқа сүйегенімнің арқасында ғана оны тастай алдым”
[22-беттегі сөздер]
“Бұрын Киелі кітапты құр ережелер жинағы деп санайтынмын. Ал қазір көзқарасым өзгерді. Киелі кітап кейіпкерлерін өмірде болған, тап өзімдей сезімі, әлсіздіктері бар адамдар ретінде қарастыра бастадым”