Балаларыңа тәлім беріңдер
Шам зұлымдықтың жойылуы мен қайта пайда болуының куәсі болды
НҰХТЫҢ ұлы Шам зұлым заманның жойылғанының куәсі болды. Сен сол заманның неге жойылғанын және Нұхтың отбасы ненің арқасында аман қалғанын білесің бе?a ~ Қазір осы жайттарды қарастырайық.
Киелі кітапта айтылғандай, Шамның жас кезінде ‘адамдар жасаған зұлымдық тым зор’ болған. Олардың бар ойлағандары “жауыздық” еді. Сонда Құдайдың не істегенін білесің бе? ~ Ол топан су жіберді. “Топан су кенеттен көне заманғы дүниені басып, адамзатты жойып жіберді”,— деп жазды елші Петір (Жаратылыс 6:5; Петірдің 2-хаты 3:6).
Құдайдың оларды не үшін жойғанын түсіндің бе? ~ Олар зұлым болды және бар ойлағандары “жауыздық” еді. Иса бұл туралы былай деген: “Топан судан бұрын... адамдар ішіп-жеп, әйел алып, қыздарын ұзатып өмір сүруде еді”. Әрі қарай ол: “Топан су басып, бәрін алып кетіп, қырып салғанша олар ештеңені ұқпады”,— деді (Матай 24:37—39).
Ол адамдар нені ұқпады екен? ~ Олар Шамның әкесі Нұхтың ‘уағызына’ құлақ аспады. Ал Нұх Құдайдың айтқанын тыңдап, отбасын топан судан аман алып қалу үшін кеме соқты. Тек Нұх, әйелі, ұлдары Шам, Хам, Япші және келіндері Құдайдың айтқандарын орындады. Өзгелері қалағандарын істегендіктен, оларды топан су шайып кетті (Петірдің 2-хаты 2:5; Петірдің 1-хаты 3:20).
Топан су басталғаннан кейін бір жыл өткен соң, жер құрғады да, кемедегілер сыртқа шықты. Ол кезде жер бетінде бір де бір жаман адам жоқ еді. Бірақ көп ұзамай Хамның ұлы Қанахан өте жаман нәрсе жасады. Сонда Нұх: “Қанаханды қарғыс атсын!”— деді. Хамның немересі Нымрод та жаман адам болды. Ол Ехоба Құдайға қарсы шығып, адамдарды зәулім мұнара соғуға шақырды. Бұл мұнара кейіннен Бабыл деп аталды. Олардың мақсаты Ехобаны емес, өздерін дәріптеу еді. Шам мен оның әкесі Нұх бұған қалай қарады екен? ~ (Жаратылыс 9:25; 10:6—10; 11:4, 5).
Олар да, Ехоба да қатты жабырқады. Ехобаның не істегенін білесің бе? ~ Ол адамдардың тілін шатастырды да, олар бір-бірін түсіне алмады. Сондықтан құрылыс тоқтап қалды, ал адамдар тіліне қарай бөлініп, жердің түкпір-түкпіріне тарап кетті (Жаратылыс 11:6—9). Бірақ Құдай Нұх пен отбасының тілін шатастырған жоқ, сондықтан олар бірге өмір сүріп, бір-біріне Ехобаға қызмет етуге көмектесе алды. Қалай ойлайсың, Шам Ехобаға қанша жыл қызмет етті? ~
Шам 600 жыл өмір сүрді. Топан суға дейін 98 жыл, ал одан кейін 502 жыл. Оның Нұхқа кеме соғуға және адамдарды топан су жайлы ескертуге көмектескенінде күмән жоқ. Ал топан судан кейінгі 500 жылдан астам уақыт ол не істеді деп ойлайсың? ~ Нұх Ехобаны “Шамның Құдай Иесі” деп атаған. Бұл Шамның әрі қарай да Ехобаға адалдығын сақтағанын және отбасына да солай етуге көмектескенін білдірсе керек. Кейінірек Шамнан Ыбырайым, Сара және Ысқақ тарады (Жаратылыс 9:26; 11:10—31; 21:1—3).
Ал қазір бүгінгі дүние туралы ойлап көрші. Шамның заманынан бері ол бұзылған үстіне бұзыла түсуде. Бұл дүниені не күтіп тұр? ~ Киелі кітапта осы зұлым дүниенің өтетіні айтылған. Бірақ онда “Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді” деген уәде де бар. Сонымен егер Құдайдың еркін орындайтын болсақ, жаңа дүниеге аман өтеміз. Сөйтіп Құдайдың көмегімен мәңгі шаттық өмір сүреміз (Жоханның 1-хаты 2:17; Забур 36:29; Ишая 65:17).
a Егер балаңызбен бірге оқып отырсаңыз, сұрақтан кейінгі тильда (~) белгісі келгенде, кідіріс жасап, баланы өз ойын айтуға талпындырсаңыз болады.