Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді
Алмаз контрабандасымен айналысқан және жұмысында ұрлық жасайтын әйелді адал жұмыс істеуге не талпындырды? Екі рет өзін-өзі өлтіруге тырысқан әйелге өмірдің мәнін табуға не көмектесті? Ішкілікке және нашақорлыққа берілген ер адам жаман әдеттерінен арылуға күшті қайдан алды? Бұл жайында өздері не дейтінін оқып көрейік.
МАРГАРЕТ ДЭБРЕЙН
ЖАСЫ 45-ТЕ
БОТСВАНАДА ТҰРАДЫ
КОНТРАБАНДАМЕН ЖӘНЕ ҰРЛЫҚПЕН АЙНАЛЫСҚАН
ӨТКЕН ӨМІРІМ: Әкем Германияда туылды, кейін Оңтүстік-Батыс Африкаға (қазір Намибия) көшіп, сол елдің азаматы болды. Анам Ботсванадағы Мангогола тайпасынан шыққан. Ал мен Гобабис (Намибия) қаласында дүниеге келдім.
1970 жылдары Оңтүстік Африка үкіметі бүкіл Намибияға қатаң бақылау жүргізіп, қалалары мен ауылдарына апартеид заңын күштеп ендірді. Менің әке-шешем екі нәсілдің адамдары болғандықтан, оларды бөлек тұруға мәжбүр етті. Сол себепті анам мені, ағаларым мен әпкелерімді Гансиге (Ботсвана) алып кетті.
1979 жылы Лобатсейге (Ботсвана) көшіп, мектеп бітіргенше уақытша асырап алған кісілердің үйінде тұрдым. Кейінірек көлік жөндейтін жерде кассир болып жұмысқа орналастым. Құдай адамдардың қамын ойламайды, сондықтан өзіңді және отбасыңды асырау үшін жаман-жақсы кез келген әрекеттен тайынбау керек дегенге сеніп өстім.
Жұмыстағы жауапты қызметімді пайдаланып, қолайлы кездің бәрінде құрал-жабдықтарды жымқырып қалуға тырысатынмын. Қала арқылы пойыз өтетін түндері, қасымдағылармен бірге ұрлыққа шығатынмын: пойыз тоқтағанда, ішіне кіріп, қолға ілінгеннің бәрін ұрлайтынмын. Сондай-ақ алмаз, алтын мен қола контрабандасымен айналыстым. Есірткі қабылдап, дөрекілік жасадым және жеңіл жүріске түстім.
1993 жылы ұрлық үстінде қолға түсіп, жұмыстан қуылдым. Доссымақтарым ұсталып қалудан қорқып, мені тастап қашып кетті. Олардың сатқындығы жаныма батты, содан кейін ешкімге сенбейтін болдым.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ: 1994 жылы Ехоба куәгерлері Тим мен Верджинияны кезіктірдім, екеуі де миссионер болып қызмет ететін. Олар менің жаңа жұмыс орныма түскі үзіліс кезінде келіп, Киелі кітапты білуге көмектесіп жүрді. Олардың сенімді адам екендіктеріне көзім жеткенде, сабақты үйіме келіп өткізулеріне қарсы болмадым.
Көп ұзамай мен Құдайға ұнамды болу үшін әдеттерімді өзгертуім керек екенін түсіндім. Мысалы, Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10-да айтылғандай, “азғындар... ұрылар, дүниеқоңыздар, маскүнемдер, өсекшілер және тонаушылар үшін Құдай Патшалығында орын жоқ” екенін білдім. Сөйтіп, бірте-бірте жаман әдеттерімнен арыла бастадым. Ұрлық жасауды тоқтаттым. Балалық шағымнан бірге өскен қарақшы достарыммен араласуды доғардым. Кейін Ехоба Құдай күш беріп, жігіттеріммен қарым-қатынасты біржола үздім.
МАҒАН ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ: Көп күш салғанымның арқасында ашуымды тізгіндеуді үйреніп, балаларыма айғайлап ұрыспайтын болдым (Ефестіктерге 4:31). Қандай жағдай болмасын, олармен сөйлескенде, сабырлы әрі мейірімді болуға тырыстым. Нәтижесінде, отбасымыз тату да берік бола түсті.
Өзгергенімді көріп, бұрынғы достарым, тіпті көршілерім маған сенім арта бастады. Адал еңбегімнің арқасында жұмыс берушім маған мүлкі мен ақшасын сеніп тапсыратын болды. Осылайша өзімді қамтамасыз ете алдым, әрі Киелі кітап шындығын жариялауға көбірек уақыт жұмсайтын болдым. Киелі жазбалардағы: “Жаратқанның жарылқауы адамды бай қылар, уайымыңнан қосымша пайда болмас”,— деген сөздердің растығына көзім жетті (Нақыл сөздер 10:22).
ГЛОРИЯ ЭЛИСАРАРАС ДЕ ЧОПЕРЕЙНА
ЖАСЫ 37-ДЕ
МЕКСИКАДА ТҰРАДЫ
ӨЗІН-ӨЗІ ӨЛТІРМЕК БОЛҒАН
ӨТКЕН ӨМІРІМ: Мен бақуатты адамдар тұратын Наукалпан (Мехико штаты) деген жерде өстім. Жастайымнан бүлікші болдым, әрі ойын-сауыққа құмар едім. Он екі жасымда темекі шегуді, он төртімде ішімдік ішуді, ал он алтымда есірткі қабылдауды бастадым. Бірнеше жылдан кейін үйден кетіп қалдым. Достарымның көпшілігі ұрып-соғу мен айғай-шу әдетке айналған отбасында өскен болатын. Өмірден қатты түңіліп, өзімді өлтіруге екі рет әрекеттендім.
Он тоғыз жасымда киім үлгісін көрсететін модель болдым. Сондықтан жиі саясаткерлер мен көңіл көтеру саласындағы адамдармен араластым. Кейін тұрмыс құрып, ана болдым, сонда да отбасының бар жүгін жалғыз өзіме арқалауға тура келді. Темекі шегу мен ішімдік ішуді тастамадым, есіл-дертім көңіл көтеру мен ойын-сауықта болды. Әдепсіз сөздер қолданып, жиі тұрпайы қалжыңдар айтатынмын. Мінезім өте нашар болды.
Жақын араласатын адамдардың көбісінің өмір салты менікіндей еді. Олар мені қалағанның бәріне қол жеткізген арманы жоқ адам деп ойлайтын. Ал, шындығына келгенде, мән-мағынасыз, мақсатсыз өмір сүріп жатқан едім.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ: 1998 жылы Ехоба куәгерлерімен бірге Киелі кітап зерттеуді бастадым. Соның арқасында өмірдің мағынасын таптым. Ехоба Құдайдың жерді жұмаққа айналдыратынын, өлгендерді қайта тірілтетінін және жұмақ орнаған жерде өмір сүру үмітім бар екенін білдім.
Сондай-ақ Құдайға деген сүйіспеншілікті мойынсұнушылықпен көрсету керектігін түсіндім (Жоханның 1-хаты 5:3). Бұл мен үшін қиын болды, өйткені бұрын-соңды ешкімге мойынсұнған емеспін. Алайда өмірімді өз бетімше түзете алмайтынымды ұқтым (Еремия 10:23). Сондықтан Ехоба Құдайдан басшылық сұрап дұға еттім. Өмірімді оның нормаларына сай өзгертуге және балаларымды дұрыс тәрбиелеуге көмектесуін сұрадым.
Қажетті өзгерістер жасау маған қиын болды, сонда да Ефестіктерге 4:22—24 тармақтардағы кеңесті қолдана бастадым. Онда: “Бұған дейінгі өмір салттарыңды енді тастаңдар. Осылай Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылған жаңа, шынымен әділетті де қасиетті адам болып өмір сүріңдер!”— делінген. Жаңа адам болып өмір сүру үшін мен темекіні тастап, бірде-бір әдепсіз сөзді қолданбай сөйлеуді үйренуім керек болды. Үш жыл дегенде толық өзгеріп, ақыр соңында Ехоба куәгері ретінде шомылдыру рәсімінен өттім.
Сондай-ақ ана әрі әйел ретіндегі міндетімді дұрыс атқаруға көңіл қоя бастадым. Бұл үшін Петірдің 1-хаты 3:1, 2 тармақтардағы: “Әйелдер, күйеулеріңе мойынсұныңдар. Осылайша, күйеулеріңнің кейбіреулері Құдай сөзіне құлақ аспаса да, айтқан сөздеріңмен емес, игілікті мінез-құлықтарыңмен оларды Мәсіхтің иелігіне айналдырыңдар. Олар таза да ізетті мінез-құлықтарыңды көргенде ғана осылай болмақ”,— деген кеңестерді қолдандым.
МАҒАН ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ: Қазір өмірімде мән-мағына бар, сол үшін Ехоба Құдайға ризашылығым мол. Бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсарғанымды сеземін, балаларыма да дұрыс тәрбие бере алатын болдым. Кейде өткен істерім үшін ар-ұжданым мазалайды, бірақ Ехобаның жүрегімнен жоғары екенін білемін (Жоханның 1-хаты 3:19, 20). Киелі кітаптың нормаларын ұстанғаным мені көп жамандықтан сақтады, әрі жан тыныштығына бөледі.
ДЖЕЙЛСОН КОРЕА ДЕ ОЛЕВЕЙРА
ЖАСЫ 33-ТЕ
БРАЗИЛИЯДА ТҰРАДЫ
МАСКҮНЕМ ӘРІ НАШАҚОР БОЛҒАН
ӨТКЕН ӨМІРІМ: Мен Бразилия мен Уругвай шекарасына жақын жердегі жүз мыңдай тұрғыны бар Баже деген қалада туылдым. Жергілікті тұрғандар ауыл шаруашылығымен және ірі қара өсірумен айналысады. Балалық шағым бұзақылық жиі кездесетін, жастарының көбі ішкілік пен есірткіге салынған кедей аймақта өтті.
Мектеп бітіргеннен кейін ішімдікке бой алдыра бастадым, марихуана шектім және хэви-метал музыкасын тыңдайтын болдым. Құдайға сенген жоқпын. Дүниедегі қайғы-қасірет пен хаос Құдайдың жоқ екенінің дәлелі деп білдім.
Өлең жазып, гитара тартатынмын және Киелі кітаптағы Аян кітабын оқудан шабыт алатынмын. Бірге ән айтатын тобым өзім күткендей табысқа жете алмады, сондықтан ұнжырғам түсіп, есірткіні бұрынғыдан да көп қабылдайтын болдым, бірақ өліп кетуден қорықпадым. Себебі табынатын әншілерімнің көбісі содан өліп кеткен еді.
Есірткіге ақшаны өзімді бағып-қаққан әжемнен алып жүрдім. Ақшаны қайда жұмсайтынымды сұрағанда, өтірік айтатынмын. Бұл аз болғандай, спиритизмге жүгіндім. Музыкалық шығармашылығымды жақсарта ма деп қара магиямен де айналыстым.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ: Киелі кітапты зерттеп, Ехоба куәгерлерінің кездесулеріне бара бастағаным ой қалпымның түзелуіне ықпал етті. Бірте-бірте өмір сүруге және бақытты болуға деген ықыласым артты. Көзқарасым өзгеріп, наразылық көрсету үшін өсірген ұзын шашымды қырқып тастадым. Құдайға ұнамды болу үшін маскүнемдіктен, есірткі қабылдаудан және темекі шегуден бас тарту керек екенін түсіндім. Сондай-ақ музыкалық талғамым өзгерді.
Ехоба куәгерлерінің кездесуіне алғаш барғанда, қабырғада ілулі тұрған Киелі кітап үзіндісін байқадым. Бұл: “Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме, сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе. Бар жағдайда да мойында Тәңір Иеңді, сонда Ол тура жолмен жетелер сені”,— деген Нақыл сөздер 3:5, 6-дан алынған тармақ еді. Бұл сөздер Ехобаның өмірімді жақсартуға көмектесетініне сенімділік берді.
Қолымды шауып тастау қалай қиын болса, қаныма сіңіп кеткен өмір салтынан және зиянды құмарлықтардан бас тарту да солай қиын болды (Матай 18:8, 9). Мұндай өзгерісті біртіндеп жасау қолымнан келмеді, әрі менің жағдайымда тиімсіз болар еді. Сондықтан олардан бірден бас тарттым. Ескі әдеттер мен өмір салтына азғыратын адамдардан, орындардан аулақ жүрдім.
Ұнжырғаны түсіретін жағдайларға көңіл бөле бермей, күнделікті жетістіктеріме қуануды үйрендім. Тәндік, моральдық және рухани жағынан таза бола түскенім Ехобаға ұнамды екенін сездім. Артқа жалтақтай бермей, алға ұмтылуға Ехобадан көмек сұрадым, әрі дұғама жауап алып отырдым. Кейде бұрынғы әдетіме бой алдырып қоятынмын. Сонда да Киелі кітапты зерттеуді бауырластың көмегімен, тіпті көп ішкеннен бас жаза алмай жүрген кездері де, жалғастыра бердім.
Киелі кітаптан Құдай туралы шындықтарды, мысалы: ол әр адамның қамын ойлайтынын, жалған дінді жоятынын және дүниежүзілік уағыздау ісін қолдап жатқанын білу мен үшін маңызды болды (Матай 7:21—23; 24:14; Петірдің 1-хаты 5:6, 7). Бұл шындықтар ақылға қонымды әрі бір-бірімен үйлесімді еді. Ақырында мен өзімді Құдайға бағыштауды шешіп, істеген бар жақсылығы үшін ризашылығымды білдіргім келді.
МАҒАН ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ: Өмірім мән-мағынаға толы (Екклесиаст 12:13). Бұрын отбасымнан алуды ғана білген болсам, енді беруді үйрендім. Киелі кітаптан білген ізгі хабарды әжеммен бөлісіп тұрдым, нәтижесінде, ол да өзін Ехоба Құдайға бағыштады. Сондай-ақ шындықты отбасымдағы бірнеше адам және бұрын топта бірге болған әріптесім қабылдады.
Қазір үйленгенмін, әйелім екеуміз адамдарға Киелі кітапты білуге көмектесіп, көп уақыт бөліп жүрміз. Ехобаға шын жүректен сенім артуды үйренудің арқасында мол батаға ие болдым.
[27-беттегі сөздер]
“Бірте-бірте өмір сүруге және бақытты болуға деген ықыласым артты”