Imagination World/stock.adobe.com
Құдай Сөзіндегі хабар. Босқындарға үміт.
Жыл сайын миллиондаған адам жанын сақтау үшін туған елін тастауға мәжбүр. Олар басқа елден пана іздеп, босқынның күйін кешуде. Сіз де осындай қиын кезеңді бастан өткеріп жүрсеңіз, жападан жалғыз қалдым деп ойламаңыз. Құдайдың өзі сізге үміт беріп, алда жақсы өмір күтіп тұрғанын уәде етеді. Бұл жайлы оның Сөзі — Киелі жазбалардан біле аласыз.
“Босқындар мен басқа елге қоныс аударған адамдарa алғашқы көмекпен қатар, үмітке де зәру” (Христос Стилианидис, Еуропалық Одақтың комиссарыb). Адамның бойында үміт оты болса, ол алдағы күннен қорықпай, болашақтан жақсылық күтеді. Үміттен бөлек босқындарға жан-жарасын жазатын жұбаныш та қажет.
“Туған жерімді тастап, отбасымнан жырақта жүру өте қиын болды. Алда не боларын уайымдаумен болдым, қорқыныш пен үрейден бір сәтке де арыла алмадым” (Эммануэль, Гаити).
Сізге осы сезімдер таныс па? Өзге елден пана іздеп, бассауғалап жүрсеңіз, жұбанышқа да, үмітке де мұқтаж екеніңіз сөзсіз. Осындайда Құдай Сөзі сізге қалай көмектесе алады?
Құдай Сөзінен жұбаныш
Киелі жазбаларда былай делінген: “Ехобаc Құдай... жатжерлікті жақсы көреді” (Мұсаның 5-жазбасы 10:17, 18).
Сіз жалғыз емессіз. Ехоба Құдай сіздің не күй кешіп жүргеніңізді түсінеді, сізді жақсы көреді және қамыңызды ойлайды.
Киелі жазбаларда былай делінген: “Ехоба өзін шақыратындардың бәрінің қасында” (Зәбүр 145:18).
Сіз көмек сұрап Құдайға жалбарынғанда, ол сізді тыңдайды. Алла Тағала жүрегіңізге тыныштық сыйлап, өз Сөзі арқылы даналығын береді. Бұл даналық сізге дұрыс шешімдер қабылдауға көмектеседі.
Киелі жазбаларда былай делінген: “Құдайдың зұлымдық жасауы... мүмкін емес! Құдірет Иесі әділдікті бұрмаламайды!” (Әйүп 34:10, 12).
Біздің қайғы-қасіретімізге Құдай кінәлі емес. Құдай бізді сынау үшін не жазалау үшін қиындықтар жібермейді.
Құдай Сөзінен үміт
Киелі кітапта Құдай болашақта қандай өзгерістер жасайтыны айтылған. Үміт сыйлайтын бұл сөздер бассауғалап жүргендерге қалай көмектесетінін көрейік.
Киелі жазбаларда былай делінген: “Құдай олардың көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды” (Аян 21:4).
Жанға батқан қиындықтардан арыламыз. Бүгінде кейбір қиындықтар мүлдем шешілмейтіндей көрінер, бірақ Жаратушымыз бізді олардың бәрінен азат етуді уәде еткен.
“Құдай айналамызда орын алып жатқан әділетсіздік пен зұлымдықты түп-тамырымен жояды. Бұл үміт хабары назарымды сол кезге аударып, нұрлы күнді көз алдыма елестетуге көмектеседі” (Карла, Эль Сальвадор).
Киелі жазбаларда былай делінген: “Бұрынғы жайттар еске алынбайды, жүрекке қаяу да түсірмейді” (Ишая 65:17).
Өткеннің мұңы өшеді. Жанымызға жара салған қиын жағдайлар еске алынбайды, олар бізді мазаламайтын болады деп анық айтылған.
“Киелі кітапта жүрегімізге ауыр тиген жағдайлардың барлығы ұмыт болатыны айтылады. Бұл үміт беретін сөздер маған кезігіп жүрген қиындықтарыммен күресуге көмектеседі. Себебі жақын арада барлығы өзгеретінін білемін” (Наталья, Украина).
Киелі жазбаларда былай делінген: “Көктегі Құдай ешқашан жойылмайтын патшалық орнатады. Бұл патшалық [басқа] патшалықтардың бәрін қиратады” (Даниял 2:44).
Көктегі кемелді үкімет бүкіл жер бетіне билік жүргізетін болады. Жақын арада Құдай жер бетіндегі үкіметтердің орнын басып, өзі көктен билік етеді. Сонда жерде нағыз тыныштық пен қауіпсіздік орнайды. Әділ билік жүргізгендіктен, қол астындағы халық өркендейді (Миха 4:3, 4).
“Алалаушылық, өзгелерге күдікпен қарау не кемсіту мәңгіге созылмайды. Өйткені Құдай Патшалығы жақын арада осының барлығын тоқтатады. Осыны білгенім маған жұбаныш береді” (Мустафа, Таяу Шығыс).
Киелі кітаптағы үміт берер сөздерден жұбаныш табыңыз
Құдай Сөзіндегі даналық
Киелі кітап принциптері сізге басыңызға түскен ауыр жағдайды көтеруге және қазір туындап жатқан жаңа қиындықтарды еңсеруге көмектеседі. Мысалы, сіз бар жиған-тергеніңізден айырылып қалған шығарсыз не басқа қиындықтарға кезігіп жатқан боларсыз. Осы орайда келесі принциптер пайдалы болмақ:
Киелі жазбаларда былай делінген: “Адамның өмірі дүниесінің молдығына байланысты емес” (Лұқа 12:15).
Бұл принциптің пайдасы қандай? Бәлкім сіз болған жағдайдан қатты шошып қалған шығарсыз не бар дүние-мүлкіңізден айырылып, соған көне алмай жүрген боларсыз. Бірақ өміріңіз кез келген дүние-мүліктен қымбат. Аман қалғаныңызға шүкір етсеңіз, жоғалтқан дүниеңізді ойлап қатты уайымдамайсыз.
“Адам өмірі бәрінен де қымбат. Кейбір жағдайларда ақшаның да, дүние-мүліктің де түк пайдасы болмай қалады” (Наталья, Украина).
Киелі жазбаларда былай делінген: “Неге бұрынғы күндер қазіргіден жақсы еді?”— деме” (Уағыздаушы 7:10).
Бұл принциптің пайдасы қандай? Қазіргі жағдайыңыз адам төзбестей ауыр шығар. Бірақ бұрынғы жақсы күндерді ойлап, қазіргі жағдайыңызбен салыстыра берсеңіз, ашынып кетуіңіз мүмкін.
“Басыңа түскен жағдайға көне білсең, қиындыққа мойымай, сабыр сақтайсың” (Ели, Руанда).
Киелі жазбаларда былай делінген: “Ішер ас пен киер киім болса, соны қанағат етейік” (Тімөтеге 1-хат 6:8).
Бұл принциптің пайдасы қандай? Ең қажетті заттарыңыз болса, соны қанағат етіңіз. Қолда барға шүкіршілік етсеңіз, шектен тыс уайымға берілмейсіз.
“Киелі кітап маған көзқарасымды өзгертуге көмектесті. Мен жоғалтқан нәрселерді уайымдамай, қолда барды бағалауды үйрендім. Әйелім екеуміз аман-есен болғанымызға, қауіпсіз жерде жүргенімізге ризамыз” (Иван, Украина).
Киелі жазбаларда былай делінген: “Олай болса, барлық істе басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер” (Матай 7:12).
Бұл принциптің пайдасы қандай? Шыдамды, мейірімді болсаңыз, адамдармен тіл табысу оңай болады. Сонда жергілікті тұрғындармен жақсы қарым-қатынаста боласыз.
“Біреу жылы шырай танытып, мейіріммен сөйлеп, кұрметтеп тұрса, бәрімізге де ұнайды ғой. Осындай қасиеттер танытқанымыз жаңа ортаға тез сіңісіп кетуге көмектеседі” (Анжела, Шри-Ланка).
Киелі жазбаларда былай делінген: “Барлық өтініштеріңді... Құдайға білдіріңдер. Сонда Құдайдың... тыныштығы жүректерің мен ой-саналарыңды сақтайды” (Філіпіліктерге 4:6, 7).
Бұл принциптің пайдасы қандай? Құдайға не сезініп жатқаныңызды, не нәрсеге мұқтаж екеніңізді, бар қорқынышыңыз бен уайымыңызды айтып дұға қылыңыз. Сонда жаман ойларға берілмей, шектен тыс уайымдамайсыз.
“Кез келген қиын жағдайда мен дұға етемін. Құдай дұғаларыма жауап береді. Құдай Сөзінен білгенім мені жұбатып, жаныма тыныштық сыйлайды” (Йол, Оңтүстік Судан).
“Киелі кітаптағы сөздер көңілімді орнықтырып, сабыр сақтауға көмектеседі. Соның арқасында қиындықтарыммен күресіп жүрмін” (Валентина, Украина).
“Ехоба бізге бақытқа толы өмірді уәде етеді. Осы уәде рухымды көтеріп, маған күш береді” (Эммануэль, Гаити).
Киелі кітаптағы үміт пен жұбаныш хабары жайлы және неге оған сенуге болатыны жайлы көбірек білгіңіз келе ме? Онда кез келген Ехоба Куәгерінен көмек сұрасаңыз болады. Олар сізге қуана көмектеседі.
a БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі агенттігінің айтуынша, босқындар мен пана іздеген адамдардың қатарына өз елінде босқын болып жүргендер және басқа елге қашып, бірақ сол елде босқын ретінде тіркелмеген адамдар да кіреді.
b Еуропалық Одақтың гуманитарлық көмек және дағдарысты басқару жөніндегі комиссары.
c Ехоба деген — Құдай Тағаланың төл есімі (Зәбүр 83:18). “Ехоба деген кім?” деген мақаланы оқып көріңіз.