Киелі кітапта алдын ала айтылған саяси толқулар
Бүгінде адамдардың саясатқа қатысты қатып қалған өз пікірі бар. Олар кейбір заңдармен мүлдем келіспейді және наразылықтарын ашық көрсетеді. Үкімет басындағылардың арасында да өзара бірлік жоқ, мысалы заң шығарушылар мен басқа да билік өкілдерінің бір мәмілеге келуі қиын. Осындай келіспеушіліктердің кесірінен үкімет өз қызметін дұрыс атқара алмай отыр.
Саяси толқулар мен келіспеушіліктер әсіресе Америка Құрама Штаттары мен Британияда орын алып жатқаны ерекше байқалады. Бұл көңіл қоярлық жайт. Өйткені Киелі кітапта Құдай Патшалығы жерде орнамас бұрын осы екі елде саяси толқулардың болатыны айтылған.
“Соңғы күндері” болатын саяси толқулар мен келіспеушіліктер
Киелі кітаптың Даниял кітабында ерекше бір пайғамбарлық жазылған. Құдай Даниял пайғамбарға болашақта, яғни “соңғы күндері не болатынын ашқан” (Даниял 2:28).
Соңғы күндері не болатынын жеткізу үшін Құдай Бабыл патшасына түс көрсетті. Түсінде патша әртүрлі металдардан жасалған бір алып мүсінді көрді. Кейін Даниял пайғамбар патшаға бұл мүсіннің басынан башпайына дейін қандай ұлы державаларды білдіретінін түсіндіріп бердіa. Бұл державалар бірінен соң бірі билікке келмек еді. Ал соңында Құдай Патшалығын білдіретін тас әлгі мүсіннің аяғынан соғып, күл-талқанын шығарады (Даниял 2:36—45).
Пайғамбарлыққа сай, Құдай Патшалығы жердегі үкіметтердің барлығын жойып, өзі билік етеді. Иса пайғамбар ізбасарларына осы Патшалық жайлы айтып: “Сенің Патшалығың келсін!”— деп дұға етуді үйреткен (Матай 6:10).
Бірақ саяси толқулар мен келіспеушіліктердің болатынын қайдан білеміз? Байқасаңыз, бұл мүсіннің “табан жағы жартылай темірден, жартылай саздан” жасалған (Даниял 2:33). Мүсіннің бұл бөлігі оның басқа бөліктерінен ерекшеленеді, яғни мүсіннің басқа бөліктері қатты металдан болса, ал табан жағы темір мен саздан тұрады. Бұл нені білдіреді? Даниял пайғамбар былай деп түсіндірген:
Пайғамбарлыққа сай, мүсіннің табан жағын білдіретін дүниежүзілік держава саяси толқулар мен келіспеушіліктерге кезігеді. Осы державаның қол астындағы адамдар үкіметке қайта-қайта қарсы шығып, оның билігін әлсіретеді.
Даниял пайғамбардың айтқандары бүгінде орындалуда
Мүсіннің табан жағы бүкіл дүниежүзіне ықпалы бар державаны, яғни Құрама Штаттар мен Британия одағын бейнелейді. Осылай кесіп айтуға қандай дәлелдер бар?
Мүсіннің башпайлары “жартылай темірден, жартылай саздан” болғандықтан, ол әлсіз келеді (Даниял 2:42). Бүгінде Құрама Штаттар мен Ұлыбританияның күшін өз халқы әлсіретіп отыр. Мысалы, бұл екі елдің тұрғындары жік-жікке бөлінген, олар өз құқықтарын қорғау үшін ереуілдерге шығып, наразылықтарын ашық көрсетеді. Сайлаған басшылары болса, көбінесе халықтың қойған талаптарын орындай алмай жатады. Бірлік болмағандықтан, бұл екі ел де саясатын өздері қалағандай жүргізе алмай отыр.
Даниялдың 2-тарауында үкіметтердің саяси ахуалы қандай болатыны айтылған
Ендеше Даниял пайғамбардың айтқандарын жеке-жеке қарастырып, қалай орындалып жатқанын көрейік:
Пайғамбарлық: “Бұл сол патшалықтың жікке бөлінетінін білдіреді. Бірақ... патшалықта темірдің біршама қаттылығы болады” (Даниял 2:41).
Нені білдіреді? Құрама Штаттар мен Ұлыбританияның халқы саяси мәселелерде жікке бөлінсе де, бұл екі елдің әскери күші өте мықты. Сол себепті де бұл держава темірдей берік.
Орындалуы
Деректерге сай, 2023 жылы Америка Құрама Штаттары мен Ұлыбритания елдері әскери қуатын нығайту үшін өте көп қаржы жұмсаған. Бұл екі елдің шығыны 12 ірі елдің әскери қуат үшін жұмсаған шығынынан анағұрлым асып түсті (Стокгольм халықаралық бейбітшілік мәселелерін зерттеу институты).
“Ешбір екі мемлекет арасында АҚШ пен Ұлыбританияныкіндей тығыз арақатынас жоқ... Олар өз елдерін бірлесе қорғайды... Біз бірге еңбектеніп, бір-бірімізді қолдап, бір-біріміз үшін соғысамыз” (Ұлыбританияның Қорғаныс министрлігінің қолбасшысы, сәуір, 2024).
Пайғамбарлық: “Башпайлар жартылай темірден, жартылай саздан болғандықтан, патшалық та жартылай берік, жартылай морт сынғыш болады” (Даниял 2:42).
Нені білдіреді? Әскери күші мықты болғанына қарамастан АҚШ пен Ұлыбританиядағы демократия, яғни халықтың ықпалы, билік басындағылардың құзыретін шектейді. Егер халықтың басым бөлігі келіспесе, олар өз жоспарларын жүзеге асыра алмайды.
Орындалуы:
“Кейбір саяси сарапшылардың айтуынша, Америка әлемге өзін мықты етіп көрсеткенмен, жік-жікке бөлінгенінің кесірінен өзі айтқандай мықты емес, мысалы, қауіпсіздік пен сауда-саттық салаларында” (“The Wall Street Journal” газеті).
“Британияда бұрын-соңды көтерілмеген саяси мәселелер көтеріліп, бұл үкімет басындағыларды алаңдатуда. Соның кесірінен мемлекет қызметкерлері азаматтарына қажетті көмекті бере алмай отыр” (Institute for Government).
Пайғамбарлық: “Патшалықтың бөліктері де халықпен араласады. Бірақ темірдің сазбен бірікпейтініндей, олар да бір-бірімен бірікпейді” (Даниял 2:43, сілтеме).
Нені білдіреді? Қарапайым халықтың үкіметке ықпалы жүргенімен, болып жатқан өзгерістер олардың көңілінен шықпайды.
Орындалуы:
“Бүгінде америкалықтардың көбі саясат пен үкімет басындағыларды жек көреді” (“Pew” зерттеу орталығы).
“50 жыл бұрынғы уақытпен салыстырсақ, бүгінде адамдар үкіметке, саясаткерлерге мүлдем сенуден қалған” (“National Centre for Social Research”).
Даниял пайғамбардың болашаққа қатысты айтқаны
Даниялдың пайғамбарлығына сай, АҚШ пен Ұлыбритания одағы бүкіл дүние жүзіне ықпал етіп тұрған шақта Құдай Патшалығы жердегі бүкіл патшалықтардың орнын басады (Даниял 2:44).
Дәл сол кезде тағы не болатыны жайлы Аян кітабында да жазылған. Онда “жержүзінің патшалары” Ехобаb Құдайға қарсы шығып, Армагеддон соғысына, яғни “Құдіреті шексіз Құдайдың ұлы күні болатын соғысқа” жиналатыны айтылған (Аян 16:14, 16; 19:19—21). Осы соғыста Ехоба жер бетіндегі барлық үкіметтерді жояды, осылайша Даниял кітабында айтылған дүниежүзінің ұлы державаларын бейнелейтін мүсіннің күл-талқаны шығады.
“Армагеддон соғысы деген не?” атты мақаладан көбірек мәлімет таба аласыз.
Саяси толқулар жайлы пайғамбарлықты білгеніміздің пайдасы
Киелі кітапта Құрама Штаттар мен Британияда саяси толқулардың болатыны алдын ала айтылған және бұл дәл орындалып жатыр. Осыны білген соң сіз айналада болып жатқан оқиғаларға басқаша қарайтын боласыз.
Сіз Иса пайғамбардың ізбасарларына айтқандарының мәнін түсінесіз. Мысалы, ол ізбасарларына бейтарап болуды ескерткен (Жохан 17:16). Сондай-ақ Иса: “Менің Патшалығым осы дүниелік емес”,— деген (Жохан 18:36).
Жақында Құдай Патшалығы жер бетіне жұмақ орнатып, адамдарға жақсы өмір сыйлайтынын біліп қуанып қаласыз (Аян 21:3, 4).
Дүниежүзінде болып жатқан қақтығыстардың кесірінен планетамыз жойылып кетеді деп уайымдамайсыз. Қайта, болашаққа сеніммен қарайсыз (Зәбүр 37:11, 29).
Даниял пайғамбарлығынан Құрама Штаттар мен Ұлыбританияның одағы мүсіннің табан жағын бейнелейтінін білеміз. Демек, бұл — адамзаттың үстінен билік ететін соңғы держава. Ал келесі үкімет көктен билік ететін Құдай Патшалығы болмақ.
Құдай Патшалығы бүкіл адамзат үшін не істейтінін “Құдай Патшалығы деген не?” деп аталатын видеодан біле аласыз.
a “Даниялдың пайғамбарлығындағы дүниежүзілік державалар” деген қоршауды қараңыз.
b Ехоба деген — Құдай Тағаланың төл есімі (Зәбүр 83:18). Қосымша “Ехоба деген кім?” мақаласын қараңыз.