Бір-біріңмен үйлесе бірігіңдер
1 Керемет құрастырылған адам денесіне қаншалықты жиі таңдана қарайсыңдар? (Заб. 138:14). Тәннің әр мүшесі өзгелерімен үйлесе жұмыс істейді. Құдай Сөзі мәсіхшілер қауымын осындай жақсы үйлесімді денеге теңейді. Қауымның Басы Мәсіхтің басшылығымен қауымның барлық мүшелері ‘үйлесіп, бірігіп жұмыс істеп тұрған... біртұтас рухани дене... Әрбір мүшесі өз міндетін атқарады’ (Ефес. 4:16а). Осылайша Ехоба өзінің бірліктегі халқы арқылы керемет істер жасап отыр.
2 Бірінші ғасырдағы қауымның мүшелері бір-бірінің рухани және материалдық мұқтаждықтарының қамын ойлап, “бір кісідей” әрекет еткен еді (Ел. іс. 2:44—47). Ехобаның қолдауымен, олар қатты қарсылыққа ынтымақпен қарсы тұрып, жеңе білді (Ел. іс. 4:24—31). Олар барған жерлерінің барлығында Патшалық туралы хабарды жариялап, ізгі хабар сол кезде белгілі болған жердің барлығына тарады (Қол. 1:23). Қазіргі уақытта мәсіхшілер қауымы ынтымақпен ізгі хабарды одан да үлкен көлемде уағыздап жүр. Олар ненің арқасында бірлікке қол жеткізуде?
3 Құдайдың тәлімінің арқасындағы бірлікке қол жеткізу: Біз бүкіл жер шарында бір Құдайға ғибадат етудің арқасында бірлікке келгенбіз. Бұл қалайша мүмкін болды? Біз рухани ‘ас-суды уақтылы’ беру үшін қолданып отырған Ехобаның көрініп тұрған арнасын мойындаймыз (Мат. 24:45). Сондай-ақ, қауымдағы тәлім берушілер ретінде берілген ‘адамдар кейпіндегі’ тартуларды бағалаймыз. Кішіпейілділікпен рухани тамақтандыру үшін, Ехоба қолданып отырған шараларды қабыл алғандықтан, Құдай Сөзін жақсырақ түсінудеміз және барлығымыздың жан дүниемізде шәкірттері ретінде Исаға еліктеуге деген ықылас оянды. Біз ‘сенімде... бірлікке жету’ үшін бар күшімізді салып, әрі қарай да Құдай Сөзін зерттей беруіміз керек (Ефес. 4:8, 11—13, ЖД). Киелі кітапты күнделікті оқып, рухани ынтымағымызды арттыруға үлестеріңді қосып жүрсіңдер ме?
4 Мәсіхшілік қарым-қатынастың арқасындағы бірлік: Сүйіспеншілік мәсіхшілер кездесуінде тығыз қарым-қатынаста болуымызға көмектеседі. Бұл кездесулерде біз ‘бір-бірімізге көңіл қойып жүреміз’ (Ев. 10:24, 25, ЖД). Ол дегеніміз сыртқы көріністеріне ғана көңіл бөліп қоймай, бауырластарымызбен жақын танысып, оларды Ехоба сияқты бағалай білуді білдіреді (Нағай 2:7, ЖД, сілтемені қара). Сенімдерін паш ететін сөздерін естігенде, оларға деген сүйіспеншілігіміз артып, бірлігіміз нығая түседі. Сендер жиналысқа үнемі келіп жүрсіңдер ме?
5 Бірге қызмет етушілер: Бауырластармен бірге ізгі хабарды уағыздағанымыздың арқасында Құдайдың еркін орындауда ынтымағымыз арта түседі. Елші Пауыл ‘Құдай Патшалығы үшін қызметтестерін’ бағалаған (Қол. 4:11). Қызметте кездескен жайларды бөліскеніміз және бір-бірімізге көмектескеніміз мәсіхшілер ретіндегі тапсырмамызды орындауымызға септігін тигізіп, ынтымағымызды нығайта түседі (Қол. 3:14).
6 Киелі рухтың біріктіруші әрекеті: Оның еркін орындауға жан-тәнімізді салған кезімізде, Ехоба бізге рухын береді. Оның рухы мінезіміздің әр қилылығына қарамастан бір-бірімізбен ынтымақта болуымызға көмектеседі (Заб. 132:1). Ол бізді ‘Құдай Рухымен иемденген бірлігімізді өзара байланыстырған татулық арқылы сақтауға’ талпындырады (Ефес. 4:3). Бір-бірімізбен араласқанда рухтың жемісін таныту арқылы, әрқайсысымыз Құдай халқының арасындағы бірлікке үлесімізді қоса аламыз (Ғал. 5:22, 23).
7 Басшы Мәсіхтің қол астында бірігіп қызмет еткеніміздің арқасында “бүкіл дене өсіп, сүйіспеншілік арқылы күшейе береді” (Ефес. 4:16ә). Сондай-ақ, “тыныштық сыйлайтын Құдай” — Ехоба мадақталады (Рим. 16:20).