Төлем құрбандығын ризашылықпен еске алайық
1, 2. Бізде төлем құрбандығын ризашылықпен еске алуға қандай негіз бар?
1 2008 жылдың 22 наурызында дүниежүзіндегі мәсіхшілер күн батқан соң, Исаның өсиеті бойынша, оның өлімін еске алу үшін жиналады (Лұқа 22:19; Қор. 1-х. 11:23—26). Бұлай етуге оларды 1 975 жыл бұрын дәл сол күні болған нәрселерге деген терең ризашылықтары талпындырады. Иса азап шегу бағанасындағы күйзелісіне қарамастан, мінсіздігін сақтап қалды, осылайша Шайтанның қорлық сөздеріне кемелді түрде жауап бере отырып, Әкесінің есімін қастерледі (Әйүп 1:11; Нақ. с. 27:11).
2 Иса төгілген қаны арқылы жаңа келісімді бекітті. Осының арқасында кемелсіз адамдар үшін Құдайдың ұлдары ретінде көктегі Патшалықта Мәсіхпен бірге билік ету мүмкіндігі ашылды (Ерм. 31:31—34; Мар. 14:24). Оның үстіне, Исаның Нікөдемге түсіндіргеніндей, Құдай өзінің қатты жақсы көретін ұлын құрбандыққа беру арқылы адамзатқа деген сүйіспеншілігінің қаншалықты күшті екенін анық көрсеткен (Жох. 3:16).
3. Еске алу кешіне келген адамдар мұның қандай пайдасын көретін болады?
3 Басқаларды шақыр. “Біздің патшалық қызметіміздің” қаңтар айындағы санында таныс адамдардың тізімін жасап алып, шақыру қағазын олардың әрқайсына үлестіріп шығуға кеңес берілген болатын. Сен тізіміңдегі адамдарды шақыруды бастадың ба? 1 наурыздан басталатын Еске алу кешіне шақыру науқанына барынша атсалысу үшін дайындалып жатырсың ба? Жазбаларға негізделген баяндаманы тыңдағандарының арқасында қонақтар төлем құрбандығына деген сенімге ие болып, мәңгілік өмірге жетелейтін жолға түсуі мүмкін (Рим. 10:17).
4. Неге Еске алу кешіне ертерек келгеніміз дұрыс?
4 Бәрі де шақыруды қабыл алған адамдарды жылы қарсы алу үшін кездесуге мүмкіндігінше ертерек келуді жоспарлағандары дұрыс. Еске алу кешіне көп адам келетіндіктен, алғаш келген адамдарға да, кездесулерге анда-санда келіп тұратын адамдарға да ерекше мұқият болуымыз керек.
5. Еске алу кешіне жүрегіңді қалай дайындауыңа болады?
5 Жүрегіңді дайында. 2008 жылғы “Киелі жазбаларды күнделікті зерттеу” кітапшасы мен 2008 жылғы “Күнтізбеде” 17 наурыздан бастап Киелі кітапты Еске алу кешінің қарсаңында оқу кестесі көрсетілген. Исаның жердегі өмірінің соңғы күндерінде өткен маңызды оқиғаларды қарастырғаның жүрегіңді Еске алу кешін атап өтуге дайындауға көмектеседі (Езра 7:10). Киелі кітапта жазылған осы оқиғалар туралы дұға ете отырып ой жүгірту Құдай мен оның Ұлының сүйіспеншілікпен берген құрбандығына деген ризашылығыңды арттырады (Заб. 142:5).
6. Төлем құрбандығына деген ризашылығымыз бізге қалай әсер етеді?
6 Еске алу кеші жақындап келе жатқандықтан, өзімізді де, басқаларды да осы маңызды оқиғаға барынша дайындайық. Төлем құрбандығын ризашылықпен еске алғанымыз Ехобамен және оның Ұлымен қарым-қатынасымызды нығайтады (Қор. 2-х. 5:14, 15). Сондай-ақ бұл оларға еліктей отырып, басқаларға жанқияр сүйіспеншілік танытуға талпындырады (Жох. 1-х. 4:11).