Еске алу кешіне қатысты дүниежүзілік науқан
1. Еске алу кешінің алдында дүниежүзі бойынша қандай арнайы науқан жоспарланып отыр?
1 “Мені естеріңе түсіру үшін осылай істеңдер!” (Лұқа 22:19). Исаның осы бұйрығына мойынсұнып, Ехобаның қызметшілері 2010 жылдың 30 наурызында қызығушылық білдірген адамдармен бірге Мәсіхтің өлімін еске алу кешін атап өтеді. Осы кешке арналған шақыру қағазы дүниежүзі бойынша наурыздың 13-і мен 30-ы аралығында таратылатын болады.
2. Шақыру қағазын қалай ұсынуға болады?
2 Ұсыну жолы. Шақыру қағазын ұсынып жатқанда, үй иесі мұқабадағы суретті көре алсын. Сосын, былай десең болады: “Наурыздың 30 жұлдызында, кеш батқанда дүниежүзі бойынша миллиондаған адам Иса пайғамбардың өлімін еске алуға жиналатын болады. Мен сізді және отбасыңызды осы жиынға шақыру үшін мына арнайы қағазды әкелдім. Достарыңыз да келсе, қуанышты боламыз. Сондай-ақ сізге кештің қай уақытта және қай жерде өткізілетінін айта кетсем деп едім”. Жағдайдың өрбуіне қарай, Киелі кітаптан Лұқа 22:19-ды оқып беруіңе болады. Сонда адам Еске алу кешін атап өту Киелі кітаптың өсиеті екенін көре алады. Алайда мынаны ұмытпа: қауым аумағын аралап өтуге уақыт шектеулі болғандықтан, қысқа да нұсқа сөйлеген дұрыс.
3. Еске алу кешіне кімді шақырамыз?
3 Қауым аумағының көлемі үлкен болса, ақсақалдар жариялаушыларға тұрғындарын таппаған үйлерге алғаш барғанда-ақ шақыру қағазын тастап кетуге нұсқау беруі мүмкін. Мүмкін болса, демалыс күндері шақыру қағазымен бірге журналды да ұсынарсың. Қайта барып жүрген адамдарыңды, Киелі кітап зерттеушілерді, әріптестеріңді, сыныптастарыңды, туыстарыңды, көршілер мен басқа да таныстарыңды Еске алу кешіне шақыруды мақсат етіп қой.
4. Ехоба сүйіспеншілігін танытып, төлем құрбандығын бергеніне деген ризашылығымыз бізді неге талпындырады?
4 Науқанға барынша атсалыс. Еске алу кешінің қарсаңында қызметке деген белсенділігімізді арттыруға керемет мүмкіндік туады. Күнделікті кестеңе өзгерістер енгізіп, қосалқы ізашар ретінде қызмет ете алар ма едің? Балаларың немесе өзіңмен Киелі кітап зерттеп жүрген адамдар жақсы рухани өсіп жатса, ақсақалдармен сөйлесіп, шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы ретінде осы арнайы науқанға қатыса алатын шығар. Ехоба сүйіспеншілігін танытып, төлем құрбандығын бергеніне деген ризашылығымыз бізді Еске алу кешіне келіп қана қоймай, мүмкіндігінше көп адамды да шақыруға талпындырады (Жох. 3:16).