Бет-жүзге қарамай уағыздау арқылы шынайы қызығушылық таныт
1 Елші Жохан аянда “әрбір халыққа, руға, тілге және ұлтқа” ізгі хабарды жариялап, шыңырау биікте ұшып бара жатқан бір періштені көрген (Аян 14:6). Біз де осы періште сияқты бет-жүзге қарамай уағыздаймыз ба? Біз адамдарды алалайтын әдетіміздің бар екенін байқамауымыз мүмкін. Ал оларға деген көзқарасымыз ізгі хабарды жеткізу мәнерімізге әсер етеді. Сондықтан уағыздау кезінде қандай адамдарға кезіксек те, олардың қамын шынайы сүйіспеншілікпен ойлауымыз керек.
2 Учаскеңе көңіл аудар. Учаскеңде келімсектер мен босқындар бар ма? Мұндай адамдарға көңіл аудармай қою оңай. Сондықтан оларды өзің іздеп барып, жақынырақ танысуға тырыс. Бұл адамдардың мұқтаждықтары қандай, оларды не нәрсе мазалайды, ұнататын және ұнатпайтын нәрселері қандай, неден қорқады және нені уайымдайды? Патшалық туралы хабарды уағыздағанда, осы жайттарды ескер (Қор. 1-х. 9:19—23). Біз де елші Пауыл сияқты ізгі хабарды, басқа елден келген мәдениеті мен тілі бөлек адамдарды және бай тұратын адамдарды қоса алғанда, учаскеміздегі адамдардың бәріне айтуды парыз санауымыз керек (Рим. 1:14).
3 Алайда бөтен тілде сөйлейтін адамдарға қалай уағыздауға болады? “Барлық ұлт адамдарына арналған ізгі хабар” деп аталатын кітапшаны қолданудың мүмкіндігін жіберме. Сондай-ақ аймақтарыңда кеңінен тараған тілдердегі трактаттар мен кітапшаларды алып жүр (2003 жылдың шілдесіндегі “Біздің патшалық қызметіміздің” 4-бетіндегі 2, 3-абзацтарды қара). Бұған қоса, кейбір жариялаушылар басқа тілдерде сәлемдесуді және қарапайым ұсыныс айтуды үйреніп алған. Жиі адамдарға біреудің өз тілінде бір-екі ауыз сөз болса да айтуға тырысып жатқаны қатты әсер етеді және осының арқасында олар ізгі хабарға құлақ асулары мүмкін.
4 Ехобаға елікте. Әр түрлі ұлттың адамдарына уағыздау арқылы біз бет-жүзге қарамайтын және ‘барлық адамдардың құтқарылып, шындықты біліп алуларын қалайтын’ Құдайымыз Ехобаға еліктейміз (Тім. 1-х. 2:3, 4).