Топ болып уағыздау қуанышқа бөлейді
1 Иса жетпіс шәкіртін уағыздауға жібере отырып, оларға қалай уағыздау керектігі жөнінде нұсқаулар беріп, екі-екіден бөліп, уағыздайтын аймақтарын белгілеп берген болатын. Бұл олардың уағыздау ісінен қуаныш алуларына септігін тигізді (Лұқ. 10:1—17). Бүгінгі таңда да топ болып уағыздау Құдай халқының уағыздау ісіне толықтай даярлануларына, ұйымдаса білу мен жігер алуларына көмектеседі.
2 Ақсақалдар басшылықты қолдарына алады. Барлығының уағыздау ісіне үзбей атсалысуларына көмектесуде ақсақалдардың атқаратын рөлі зор. Қызмет бақылаушысы аптаның ішінде қызметке арналған шараларды ұйымдастыруда басшылықты өз қолына алады. Әрбір кітап оқу тобының бақылаушысына осындай шараларды өз тобында, әсіресе демалыс күндері, ұйымдастыру жүктелген. Ал уағыздауға арналған кездесуге бүкіл қауым қатысқан жағдайда, мысалы, “Күзет мұнарасын” талқылап болғаннан кейін, әрбір кітап оқу тобының бақылаушысы өз топтарының қамын жасаулары керек.
3 “Әдеп пен тәртіп”. Уағыздау қызметіне арналған кездесуді жүргізуге тағайындалған бауырласымыз оны дер кезінде бастап, 10—15 минутта аяқтау керек. Сондай-ақ ол соңғы дұғаны айтпас бұрын, уағыздау тобын құрып, учаскелерді (егерде, жоғарыда айтылғандай, киелі кітап оқу тобының бақылаушысы бұған қатысты шаралар қолданбаған болса) тағайындағаны дұрыс. Сонда уағыздаушылар учаскеге жиналып әбігерге түспейді, әрі бұл жұрттың көз алдында қызметімізге нұқсан келтірмейді. Сонымен қатар бұл Пауылдың: “Тек бәрінде әдеп пен тәртіп сақталсын!” — деген кеңесіне сай келеді. Уағыздауға арналған кездесуге келушілердің бәрі де оның жақсы өтуіне септігін тигізулері керек. Ол үшін олар дәл белгіленген уақытта келіп, қолына басшылықты алған бауырласымызбен қызметтес болып, кездесуден соң жиналған жерден тезірек кетуге тырысу керек.
4 Бір-бірімізге жақындата түседі. Топ болып уағыздау шарасы қауымдағы бауырластармен жақынырақ танысуға керемет мүмкіндік береді. Уағыздау қызметіне арналған кездесуге дейін қызметке біреумен алдын ала келісуге болады, алайда келіспей келгеннің де пайдасы бар. Өйткені кездесуде бізді өзіміз әлі онша жақсы танымайтын біреумен тағайындауы мүмкін, ал бұл сүйіспеншілігімізді ‘кең жаюға’ мүмкіндік береді (2 Қор. 6:11—13).
5 Топ болып уағыздау бізді жігерлендіріп, ‘шындықты таратуда үлесімізді қосып’ қызметтес болудың арқасында бір-бірімізге жақындата түседі (3 Жох. 8). Олай болса топпен уағыздау ісіне толығымен қатысайық!