Рухани мұқтаждықтарыңды қанағаттандырыңдар
1 Алдағы болатын “Патшалықты құлшыныспен жариялаушылар” деп аталатын облыстық конгресс рухани мұқтаждықтарымызды қанағаттандыруымызға керемет мүмкіндік береді. Нәрлі тәндік тағам сияқты, конгрестің бағдарламасындағы ‘сеніміміз туралы сөздер’ бізді рухани тамақтандырады (1 Тім. 4:6). Ол бізді Ехобаға жақындата түседі. Сондай-ақ, күнделікті кезігіп жататын қиыншылықтарға төзуімізге көмектесетін кеңестер алып, жігерленіп қайтамыз. Ехоба бізге: “Мен саған ақыл-кеңес беремін, жүретін жолыңды көрсетемін; сені көзімнен таса қылмай, әрдайым жетелеп жүремін”,— деп кепілдік береді (Заб. 31:8). Өмірімізге қатысты осындай сүйіспеншілікке толы басшылықтың барлығына қандай қуаныштымыз! Конгрестің бағдарламасынан мейлінше пайда көру үшін не істеуімізге болатынын қарастырайық.
2 Жүрегімізді дайындауымыз керек: Әрқайсымыз бейнелі жүрегімізді сақтауға міндеттіміз (Нақ. с. 4:23). Ол үшін өзімізді тәртіпке келтіріп, өз-өзімізге адал болуымыз керек. Конгресс уақыты — Ехобамен қарым-қатынасымыз жөнінде ой жүгіртетін және ‘кемелді тағылымға — күнәнің құрсауынан азат ететін Ізгі хабарға — ұқыпты ден қоятын’ уақыт. ‘Себіліп жатқан Ізгі хабарды қабылдауға’ жүрегімізді дайындау үшін, Ехобадан бізді тексеріп, түзетуіміз қажет “қауіпті жолды” көрсетуін және “мәңгі өмірдің жолымен” алып жүруін өтінуіміз керек (Жақ. 1:21, 25; Заб. 138:23, 24).
3 Тыңдаңдар және ой жүгіртіңдер: Иса сөздерін мұқият тыңдағаны үшін Мәриямды былай деп мақтаған еді: “Игілікті жағын таңдап алды, оны содан ешкім айыра алмайды” (Лұқ. 10:39, 42). Егер біздің де сондай ой-қалпымыз болса, болмашы нәрселердің көңілімізді бұруына жол бермейміз. Бағдарламаның басынан аяғына дейін, зейін қойып тыңдайтын боламыз. Бос әңгіме айтып, бекерден-бекер әрі-бері жүрмейміз, сондай-ақ ұялы телефонды, пейджер, фотоаппарт және бейнекамераны қолданғанда өзгелерді мазаламау үшін мұқият боламыз.
4 Баяндамаларды тыңдап отырғанда, тақырыптың қалай дамып отырғанына талдау жасауымызға көмегі болуы үшін қысқаша жазып отырғанымыз жақсы болады. Естігенімізді білетіндерімізбен байланыстырып отырғанымыз жөн. Бұл мәліметті түсінуімізге және есте сақтауымызға көмектеседі. Жасаған жазбаларымызды қарастырғандағы мақсатымыз, мәліметті өмірімізде қолдану болуы керек. Әрқайсымыз өзімізден: “Бұл Ехобамен қарым-қатынасыма қалай әсер етеді? Өмірімде қандай өзгерістер жасауым керек? Бұл мәліметті өзгелермен қарым-қатынасымда қалай қолдануыма болады? Қызметте ше?” — деп сұрағанымыз абзал. Өздеріңе аса ұнаған бөліктерін өзгелермен талқылаңдар. Бұлай еткеніміз Ехобаның айтқандарын “жүрегіміздің түкпірінде” сақтауымызға көмектеседі (Нақ. с. 4:20, 21, СА).
5 Білгенімізді өмірімізде қолданайық: Облыстық конгрестен кейін бір бауырласымыз былай деді: “Бағдарламада жеке басқа қатысты мәселелерге көңіл бөлініп, адамды өз жүрегін және отбасы мүшелерінің жүрегін тексеруге талпындырды және сүйіспеншілікке толы Жазбаларға негізделген көмек ұсынылды. Бұл менің қауымға көмектесуге байланысты міндеттерімді толығырақ сезінуіме көмектесті”. Көбімізді сондай сезім билеген болса керек. Алайда конгрестен жігерленіп, рухани сергіп қана қайтқан жеткіліксіз. Иса былай деген болатын: “Осыны біліп, солай іс-әрекет етсеңдер, бақытты боласыңдар!” (Жох. 13:17). Бізге қатысы бар бөлімдерін ықыласпен өмірімізде қолдануымыз керек (Філіп. 4:9). Бұл рухани мұқтаждықтарымызды толық қанағаттандырудың жолы болып табылады.
[5-беттегі қоршау]
Естігендеріңнің үстінен ой жүгіртіңдер:
■ Ехобамен қарым-қатынасыма қандай әсері бар?
■ Өзгелермен қарым-қатынасыма қалай әсер етеді?
■ Өмірімде және қызметімде қалай қолдануыма болады?