Бір-бірімізді жігерлендірудің ерекше мүмкіндігі
1 Ехобаның халқы күнделікті сенім сынағына ұшырап жатады. Уақытының аз қалғанын білетін шайтан, Ехобаға деген адалдығымыздан айыру үшін соңғы шабуылын жасауда (Аян 12:12). Сол себепті, ‘ақырына дейін күресіп, жеңіп шығу’ үшін, ‘Иемізбен тығыз байланыста жүріп, Оның құдіретінен қуат алып, нығая беруіміздің’ маңызы зор (Ефес. 6:10, 13).
2 Бауырластарымызбен бірге бас қосу — қуат алуымызға көмектесу үшін, Ехоба қарастырған шара болып табылады. Елші Пауыл мұның қаншалықты маңызды екенін түсінген. Ол мәсіхші бауырластармен бірге болып, ‘бір-бірлерін жігерлендіруді’, сөйтіп ‘күшеюді’ аңсаған (Рим. 1:11, 12). Құдайдың еркін орындауға байланысты бізді нығайту үшін, Басқарушы кеңес сүйіспеншілікпен “Патшалықты құлшыныспен жариялаушылар” деп аталатын облыстық конгресті жоспарлап отыр. Конгрестің барысында біздің бір-бірімізді жігерлендіруге мүмкіндігіміз болады.
3 Игілігін көру үшін, конгреске барыңдар: Үш күн бойы болуды мақсат етіп қойыңдар. Алғашқы ән айтылмастан бұрын келіп, соңғы дұғаға шын жүректен “аумин” деп қосылып, аяғына дейін болған ‘бізге пайдалы’ (Иш. 48:17, 18). Үш күні де толық болу үшін көпшілігімізге жұмыс уақытын ыңғайлап, осы бастан қам жасауымыз керек болады. Әрине жұмыс берушілерің сендерді оңай босата салмауы мүмкін, алайда Ехоба өзінің еркін орындауымызға көмектесетініне кепілдік береді (1 Жох. 5:14, 15). Егер әзірге олай етпеген болсаңдар, уақыты келгенде бір нәрсе болар деп ойламай, конгресс өтетін жерге қалай жетуді, қайда орналасатындарыңды қазірден ойластырыңдар. Үш күнінде де болуға тырысқан әрекетімізге Ехобаның батасын беретініне сенімді болуымызға болады (Нақ. с. 10:22).
4 Жігер алуды күтіңдер: Облыстық конгрестен кейін: “Бұл ең керемет конгресс болды”,— деп айтқан кездерің болған ба? Неге ондай сезімде болған болуымыз мүмкін? Себебі, кемелсіз болғандықтан шаршаймыз, рухани жігер қажет етеміз (Иш. 40:30). Бір әйел бауырласымыз былай деп түсіндіреді: “Осы дүние мені шаршатады, ал конгрестерде өзіме қажетті жігер алып, әр нәрсеге қайтадан рухани көзбен қарай бастаймын. Дер кезінде жігер алатын сияқтымын”. Сендер де осындай сезімді бастан кешкен болсаңдар керек.
5 Біз тек баяндама мен сұхбаттардан ғана емес, конгрестің өзге де рухани байытатын ерекше бөліктерінен қажетті жігер аламыз. Бір ер бауырласымыз былай дейді: “Драмалар өзім бағалайтын Киелі кітаптың қағидаларының іс жүзіндегі қолданылуы. Ежелгі оқиғалардан, жақсысы болсын, жаманы болсын, сабақ алуға байланысты драмалардың рөлі, әрине, ерекше. Мен әрқашан жаңа әдебиеттерді асыға күтемін және конгрестен кейін де ұзақ уақыт бойы қуанып жүремін”.
6 Облыстық конгрестер — осы ‘қиын-қыстау күндері’ Ехоба қарастырып отырған маңызды шара (2 Тім. 3:1). Олар Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған “Сақ болыңдар, сенімдеріңде берік, ер жүрек, әрі күшті тұрыңдар!” деген кеңесті ескеруге көмектеседі (1 Қор. 16:13). Сол себепті, “Патшалықты құлшыныспен жариялаушылар” деп аталатын облыстық конгрестің барлық бөлігінде болып, бір-бірімізді молынан жігерлендіруге белімізді бекем буалық!
[3-беттегі қоршау]
Үш күн бойы болуды жоспарлаңдар
■ Алдын ала жұмыстан сұраныңдар.
■ Тұратын жердің қамын жасаңдар.
■ Жолдың қамын жасаңдар.