Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w12 15.3. 10—14 бет.
  • Адамдарға “ұйқыдан оянуға” көмектес

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Адамдарға “ұйқыдан оянуға” көмектес
  • 2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • РУХАНИ ҰЙҚЫ ДЕГЕН НЕ?
  • ӨЗІМІЗ СЕРГЕК БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК
  • ҚЫЗМЕТІМІЗ НЕЛІКТЕН МАҢЫЗДЫ?
  • БАЙҚАМПАЗ БОЛ
  • ЖЕКЕ КӨҢІЛ БӨЛ
  • ЖҰМСАҚТЫҚ ПЕН ШЕБЕРЛІК ТАНЫТ
  • ТУЫСТАРЫҢНЫҢ СЕЗІМІН ЕСКЕРІП КУӘЛІК ЕТ
  • Туысқандарға қалай куәлік беру керек?
    Біздің патшалық қызметіміз. 2004
  • Әңгімелесуді үйрен
    Теократиялық қызмет мектебінде білім аламыз
2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w12 15.3. 10—14 бет.

Адамдарға “ұйқыдан оянуға” көмектес

“Қандай уақытта өмір сүріп жатқанымызды білесіңдер. Міне, ұйқыдан оянатын уақыт келді” (РИМ. 13:11).

ТҮСІНДІРІП БЕРЕ АЛАСЫҢ БА?

Мәсіхшілердің рухани ояу болғаны неге маңызды?

Неге жариялаушылар тыңдай білулері және байқампаз болулары қажет?

Қызметте мейірімділік пен жұмсақтық таныту неліктен маңызды?

1, 2. Адамдардың көпшілігіне қай мағынада ояну керек?

КӨЛІК жүргізіп келе жатып қалғып кететіндіктен, жыл сайын мыңдаған адам көз жұмады. Тағы біреулері таңертең жұмысқа баратын уақытта не тіпті жұмыс орнында ұйықтап қалғандықтан жұмысынан айырылып жатады. Алайда рухани ұйқының салдары әлдеқайда жаман. Сондықтан Құдай Сөзі: “Сергек болған адам бақытты”,— деп бізді әрдайым рухани ояу жүруге талпындырады (Аян 16:14—16).

2 Ехобаның ұлы күні тез жақындап келеді, алайда адамзаттың басым көпшілігі рухани мағынада ұйықтап жатыр. Тіпті түрлі дін жетекшілері сенушілердің санасы терең ұйқыға батқанын мойындайды. Рухани ұйқы деген не? Шынайы мәсіхшілерге не себепті сергек болу маңызды? Өзгелерге осындай ұйқыдан оянуға біз қалай көмектесе аламыз?

РУХАНИ ҰЙҚЫ ДЕГЕН НЕ?

3. Рухани қалғып жүрген адамды қалай сипаттап берер едің?

3 Әдетте ұйықтап жатқан адам еш қимыл-әрекет жасамайды. Ал рухани қалғып жүрген адамдар болса, керісінше, тыным таппайды. Олардың бар есіл-дерті күнделікті өмірдің қам-қарекетін жасау не ләззат-ермек қуу, атақ-даңқ пен дәулетті өмірге қол жеткізу. Осындай нәрселермен қарбаласып жүргендіктен, рухани қажеттіліктері жайына қалады. Ал рухани ояу жүргендер “соңғы күндері” өмір сүріп жатқандарын түсінеді, сондықтан Құдай еркін орындау үшін барын салады (Пет. 2-х. 3:3, 4; Лұқа 21:34—36).

4. “Басқаларға ұқсап ұйықтамайық” деуімен Пауыл не айтқысы келген?

4 Салоникалықтарға 1-хат 5:4—8 оқы. Пауыл мәсіхшілерге: “Басқаларға ұқсап ұйықтамайық”,— деп кеңес берді. Мұнымен ол не айтқысы келді? Пауыл бейнелі мағынада ұйықтап жатқан адамдар туралы айтқан. Олар Құдайдың құлықтылық нормаларына немкетті қарайды. Сонымен қатар Пауыл мұндай адамдар Ехобаның зұлымдықты жоятын уақыты таяп қалғанын ескермейтінін айтты. Иә, біз мұндай адамдардың ықпалына беріліп, көзқарастары мен өмір-салттарына еліктеп кетпеу үшін сақ болуымыз керек.

5. Рухани ұйықтап жатқан адамдардың көзқарастары қандай болуы мүмкін?

5 Кейбір адамдар Құдайдың алдында жауапты екенін мойындамайды, өйткені оның бар екеніне сенбейді (Заб. 52:2). Тағы басқалары Құдайдың адамдармен еш шаруасы жоқ деп, оны іздеуді де қажет көрмейді. Сондай-ақ “әйтеуір Құдайға сенемін ғой, маған сол да жетеді” деп жүргендер де бар. Мұндай адамдардың бәрі рухани ұйқыда жатыр. Оларды ояту керек. Біз бұны қалай істей аламыз?

ӨЗІМІЗ СЕРГЕК БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК

6. Неліктен мәсіхші рухани ояу жүру үшін күш салу керек?

6 Өзгелерді оята алу үшін алдымен өзіміз ояу болуымыз қажет. Ол үшін не істеу керек? Киелі кітап бейнелі ұйқыны ырду-дырду той-думан құру, маскүнемдік, азғындық, әдепсіздік, ұрыс-жанжал мен күншілдік сияқты “түнектің істерімен” байланыстырады (Римдіктерге 13:11—14 оқы). Мұндай жүріс-тұрыстан аулақ жүру оңай емес. Сондықтан сергек болғанымыз аса маңызды. Көлік жүргізушісі жол үстінде қалғып кетсе, өмірін қатерге тігетінін есте ұстағаны маңызды. Ал мәсіхшінің рухани ұйқы өлімге апаратынын есте ұстағаны одан да маңызды емес пе?!

7. Адамдарға деген бұрыс көзқарас бізге қалай әсер етуі мүмкін?

7 Мәселен, мәсіхші аумағындағы адамдардың ешқайсысы ізгі хабарға құлақ аспайды деп ойлауы мүмкін (Нақ. с. 6:10, 11). Бәлкім, ол “егер ешкім тыңдамаса, адамдарға ізгі хабарды жеткізуге тырысудың не қажеті бар?” деп ойлайтын шығар. Алайда бүгін көбісі рухани ұйықтап жатқанмен, ертеңгі күні олардың жағдайы мен көзқарасы өзгеруі әбден мүмкін. Сондайлардың кейбірі “оянып”, құлақ асып жатыр. Оларға көмек беру үшін өзіміз сергек болуымыз керек. Бұған адамдардың көңілін баурайтын ұсыныстарды ойластыру мен қызметіміздің неліктен маңызды екенін есімізде ұстау жатады.

ҚЫЗМЕТІМІЗ НЕЛІКТЕН МАҢЫЗДЫ?

8. Уағыздау қызметіміз неліктен аса маңызды?

8 Есіңде болсын, адамдар хабарымызды қабылдамаса да, уағыз ісі Ехобаға даңқ әкеледі және ниетінің орындалуында маңызды рөл атқарады. Көп ұзамай адамзат үстінен сот жүргізіледі. Оларға шығарылатын үкім ізгі хабарды қалай қабылдағандарына байланысты болады (Сал. 2-х. 1:8, 9). Оның үстіне, мәсіхшінің: “Құдай бәрібір “әділдерді де, әділетсіздерді де қайта тірілтеді”, ендеше, жан сала уағыздаудың қажеті жоқ” деп ойлағаны дұрыс емес (Ел. іс. 24:15). Құдай Сөзінен білетініміздей, “серкелер мәңгілік отқа түседі”. Ал Құдай рақымының көрінісі болып табылатын уағызымыз адамдарға өзгеріп, “мәңгілік өмірге” апаратын жолға түсуге көмектеседі (Мат. 25:32, 41, 46; Рим. 10:13—15). Біз уағыздамасақ, олар осы өмір беретін хабарды қалай естиді?

9. Ізгі хабарды уағыздағанымыздың бізге және өзгелерге қандай пайдасы бар?

9 Ізгі хабарды уағыздау өзіміз үшін де пайдалы (Тімөтеге 1-хат 4:16 оқы). Адамдарға Ехоба мен оның Патшалығы әкелетін баталар туралы айтқанда сенімің нығайып, Құдайға деген сүйіспеншілігің арта түсетінін байқағансың ба? Мәсіхшілерге тән қасиеттеріңнің шыңдалып жатқанын ше? Уағызға атсалысу арқылы Құдайға шын берілгендігіңді көрсеткенде, бойыңды шаттық кернейді емес пе? Киелі кітап зерттеу сабағын өткізіп жүрген бауырластар адамның Құдай рухының көмегімен өмірін өзгертіп жатқанын көргенде, қуаныштары қойнына сыймай кететінін айтады.

БАЙҚАМПАЗ БОЛ

10, 11. а) Иса мен Пауыл қалай қырағы да байқампаз болған? ә) Бұл қасиеттер қызметімізді тиімдірек атқаруға қалай көмектесе алатын айтып бер.

10 Адамның ізгі хабарға деген қызығушылығын оятудың түрлі жолдары бар. Сондықтан жариялаушылар қырағы да байқампаз болулары қажет. Бұл орайда Иса бізге керемет үлгі болып табылады. Кемелді адам болған ол парызшылдың ішіндегі наразылығын, күнәкар әйелдің шынайы өкінішін және жесір әйелдің жанқиярлығын көре білген (Лұқа 7:37—50; 21:1—4). Осының арқасында Иса әр адамға қажетті рухани көмек бере алған. Әрине, біз кемелді емеспіз, сөйтсе де байқампаз болу қолымыздан келеді. Бұл өз ұсыныстарын әртүрлі көзқарастағы адамдарға бейімдеген елші Пауылдың мысалынан көрінеді (Ел. іс. 17:22, 23, 34; Қор. 1-х. 9:19—23).

11 Иса мен Пауыл сияқты қырағы да байқампаз болуға тырыссақ, адамның бойында қызығушылық оятудың ең тиімді жолын таба аламыз. Мысалы, әңгіме бастамас бұрын адамның мәдениетін, не нәрсеге қызығатынын немесе отбасылық жағдайын көрсететін белгілерді байқауға тырыс. Ал егер немен айналысып жатқанын көрсең, ілтипаттылықпен сол туралы бір-екі ауыз сөз айтып әңгіме баста.

12. Қызметте серігімізбен әңгімелескенде не себепті мұқият болуымыз керек?

12 Байқампаз жариялаушы қызметке тікелей қатысы жоқ нәрселерге алаңдамауға тырысады. Уағыздап жүргенде серігімізбен әңгімеміз жарасып, тіпті рухани нығайтуы мүмкін. Десе де қызметтегі басты мақсатымыз адамдарға уағыздау екенін естен шығармағанымыз абзал (Екк. 3:1, 7). Сондықтан бір есіктен екінші есікке жеткенше айтатын әңгімеміз қызметімізге кедергі етпеу керек. Қайта, серігімізбен үй иелеріне айтқымыз келетін ойларды талқылағанымыз жөн. Бұл бар ойымыздың қызметте болуына көмектеседі. Қызметімізде ұялы телефонның көмегі тиіп жататыны рас. Алайда үй иесімен әңгімелесіп жатқанда, телефон кедергі болмау үшін қам жасағаның жөн.

ЖЕКЕ КӨҢІЛ БӨЛ

13, 14. а) Адамды не қызықтыратынын қалай білуге болады? ә) Үй иесінің рухани нәрселерге деген қызығушылығын не оятуы мүмкін?

13 Сергек әрі қырағы жариялаушылар адамдарды мұқият тыңдайды. Үй иесі өз ойын ашық білдіру үшін оған қандай сұрақтар қоясың? Оны не мазалайды: діндердің көбеюі ме, қылмыстың жайлауы ма, әлде үкіметтердің дәрменсіздігі ме? Тіршілік иелерінің керемет жаратылғанын немесе Киелі кітаптағы кеңестердің қандай пайдасы бар екенін айтып, адамның рухани нәрселерге деген қызығушылығын оята аласың ба? Түрлі ортадан шыққан адамдармен, тіпті кейбір атеистермен дұға жайында сөйлесуге болады, өйткені көп адамды “дұғаларды біреу ести ме?” деген сұрақ мазалайды. Өзгелерін болса келесідей сұрақтар қызықтырады: Құдай барлық дұғаларды ести ме? Ол дұғаларымызды есту үшін не істеуіміз қажет?

14 Тәжірибелі жариялаушылардың әңгімені қалай бастайтынына қарап көп нәрсеге үйрене аламыз. Мысалы, адамды тергеп не жеке өміріне араласып жатқандай көрінбес үшін олардың не істейтінін байқауға тырыс. Сондай-ақ даусымен және бет-жүзімен үй иесінің көзқарасын түсінетінін қалай көрсететініне назар аударсаң болады (Нақ. с. 15:13).

ЖҰМСАҚТЫҚ ПЕН ШЕБЕРЛІК ТАНЫТ

15. Уағыз кезінде неге жұмсақтық танытуымыз керек?

15 Қатты ұйықтап жатқанда біреу сені оятып жіберсе, саған ұнай ма? Көбімізге ұнамайтыны анық. Сондықтан қай-қайсымыз да бізді ақырын оятқанын қалаймыз. Адамдарды рухани мағынада ояту үшін де осылай ету керек. Мысалы, уағызда саған біреу ашуланса, қалай әрекет еткен дұрыс? Оны түсінетініңді айтып, ілтипаттылықпен кетіп қал (Нақ. с. 15:1; 17:14; Тім. 2-х. 2:24). Осылай ететін болсаң, үй иесі келесі жолы есігін қағатын Куәгерге жылы шырай танытуы әбден ықтимал.

16, 17. Қызметте қалай қырағылық таныта аламыз?

16 Өзге жағдайларда сен адамдардың “Жоқ, рақмет! Менің өз дінім бар” немесе “Мен мұндаймен айналыспаймын” деген сияқты қарсы сөздеріне қарамастан, әңгімені жалғастыра аласың. Әдетте адамдар мұны жай ғана әңгімеден қашу үшін айтады. Сол себепті мұндай кезде бірден кетіп қалмай, шеберлік пен жұмсақтық таныта отырып үй иесіне сұрақ қойсаң, рухани тақырыпқа қызығушылығын оята аларсың (Қолостықтарға 4:6 оқы).

17 Кей кезде адамдар тыңдауға қолдары тимейтіндерін айтқанда, жай ғана кетіп қалған дұрыс. Десе де көп жағдайда қысқаша ғана бір-екі оймен бөлісуге болады. Кейбір бауырластар Киелі кітапты ашып, ойлануға талпындыратын бір жазба орнын оқиды да, үй иесіне сұрақ қояды. Мұның бәрін бір минуттың ішінде істеп үлгереді. Олардың қысқа да нұсқа ұсынысы жиі үй иесінің қызығушылығын оятып, шамалы уақыт әңгімелесуге талпындырады. Жағдайға қарай осы әдісті неге қолданып көрмеске?

18. Бейресми куәлігіміз нәтижелі болу үшін не істеуге болады?

18 Күнделікті шаруаларымызбен айналысқанда кездескен адамдарға бейресми куәлік етуге дайын жүрсек, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Көптеген бауырластар қалтасына не сөмкесіне әдебиеттің бірнешеуін салып алып жүреді. Сондай-ақ мүмкіндік туа қалғанда қай жазба орнын қолданатынын ойластырып қояды. Бейресми куәлік етуге қалай дайындалуға болатыны туралы қауымның қызмет бақылаушысынан не ізашарлардан сұрасаң болады.

ТУЫСТАРЫҢНЫҢ СЕЗІМІН ЕСКЕРІП КУӘЛІК ЕТ

19. Неліктен туысқандарымызға куәлік етуді тоқтатпауымыз керек?

19 Әрине, қай-қайсымыз да туысқандарымыздың шындыққа келгенін қалаймыз (Ешуа 2:13; Ел. іс. 10:24, 48; 16:31, 32). Бірақ егер олар алғашында уағызыңа қарсылық білдірген болса, екінші рет куәлік етуге бетің қайтып қалған болар. Бәлкім, олардың көзқарасы ешқашан өзгермейді деп тұжырымдаған да шығарсың. Алайда қандай да бір себептермен өмірлері не көзқарастары өзгеруі мүмкін екенін ұмытпа. Оның үстіне, сенің де тәлім беру қабілетің шыңдала түскендіктен, қазір айтқан куәлігің әлдеқайда нәтижелі болуы ықтимал.

20. Туыстарымызбен сөйлескенде неліктен ілтипатты болғанымыз маңызды?

20 Біз туыстарымыздың сезімдеріне мұқият болуымыз керек (Рим. 2:4). Қызметте кездестірген адамдарға жұмсақ сөйлейтініміздей, туыстарымызға да солай сөйлеуіміз керек емес пе? Иә, сыпайылық пен құрмет танытқанымыз өте маңызды. Оларға тек уағыздай бермей, шындық саған қалай әсер еткенін іс-әрекетіңмен көрсет (Ефес. 4:23, 24). Ехобадан тәлім алғанның арқасында мағыналы да бақытты өмір кешіп жатқаныңды паш ет (Ишая 48:17). Туысқандарың саған қарап, сені нағыз Құдай адамы деп білсін.

21, 22. Туысқандарға куәлік еткенде, табандылықтың маңыздылығын көрсететін мысалды айтып бер.

21 Жақында бір әйел бауырлас былай деп жазды: “Мен он үш бауырыма сөзіммен және ісіммен әрдайым куәлік етуге тырысатынмын. Олардың әрқайсысына жыл сайын хат жазып тұрдым. Алайда 30 жыл бойы отбасымызда мен ғана Куәгер болдым”.

22 Бауырласымыз былай деп жалғастырады: “Бір күні мен жүздеген шақырым жерде тұратын әпкеме қоңырау шалдым. Әпкем өз шіркеуінің діни қызметшісінен Киелі кітап зерттеуді өтінгенін, бірақ бұл арманы сол күйі орындалмағанын айтты. Сонда мен оған көмегімді ұсындым, ол болса: “Жарайды, бірақ бірден айтайын, мен ешқашан Ехоба куәгері болмаймын”,— деп ескертті. Содан мен оған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабын пошта арқылы беріп жібердім де, аптасына бірнеше рет хабарласып тұрдым. Бірақ ол біраз уақыт бойы кітаптың бетін де ашпай жүрді. Бір күні мен оған телефон соғып, кітапты қолына алуды өтіндім. Сөйтіп, екеуіміз 15 минуттай кітапта келтірілген тармақтарды аша отырып, бірге талқыладық. Бірнеше сабақтан кейін әпкем ұзағырақ талқылауға ықылас білдірді. Сосын күніне екі рет, кейде тіпті таң атпай жатып өзі телефон соғатын болды. Келесі жылы ол шомылдыру рәсімінен өтті. Ал тағы бір жылдан соң ізашарлық қызметті бастады”.

23. Неге рухани ұйқыдағы адамдарды оятудан талмауымыз керек?

23 Адамдарға рухани ұйқыдан оянуға көмектесу оңай іс емес. Бұл шеберлік пен табандылықты талап етеді. Десе де момын адамдар әлі де хабарымызға құлақ асып жатыр. Орта есеппен алғанда, ай сайын 20 000-нан астам адам Ехоба куәгері ретінде шомылдыру рәсімінен өтуде. I ғасырда елші Пауыл Арқып бауырласқа: “Иеміздің ізбасары ретінде өзіңе тапсырылған қызметті толығымен атқаруға ден қой”,— деп кеңес берген (Қол. 4:17). Біз де осы сөздерді жүрегімізге тоқып алайық. Ал келесі мақалада уағыз ісінің шұғыл түрде атқарылу керектігі талқыланады.

[13-беттегі қоршау]

СЕРГЕК БОЛЫП ҚАЛУ ҮШІН

▪ Құдай ісін әрдайым молынан атқар

▪ Түнектің істерінен аулақ бол

▪ Рухани қалғудың қауіптілігін есте ұста

▪ Учаскеңдегі адамдардан күдер үзбе

▪ Қызметте жаңа тәсілдер қолдан

▪ Қызметің өте маңызды екенін ұмытпа

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу