Туысқандарға қалай куәлік беру керек?
1. Туысқандарға куәлік бергенде неге қырағылық керек?
1 Сүйікті туысқандарымызбен Ехобаға ғибадат етіп, жаңа дүниеге бірге кірсек, қуанышымызда шек болмас еді! Осындай тамаша үміттің жүзеге асуы мүмкін, алайда ол үшін туысқандарға куәлік беруіміз керек. Олардың жүректеріне жол табу үшін қырағылық қажет. Бір аудандық бақылаушы: “Әдетте, туысқандарын қызықтырып, жайлап куәлік беретіндер жақсы нәтижелерге қол жеткізеді”,— деп айтқан. Мұны қалай істеуге болады?
2. Шынайы көңіл бөлгеніміз туысқандарды қызықтыруға қалай көмектеседі?
2 Қызықтыруға тырыс. Туысқандарыңды қалай қызықтыруға болатынын жақсылап ойластырып ал (Нақ. с. 15:28). Оларды не мазалайды? Қандай қиыншылықтары бар? Бәлкім, оларды мазалайтын тақырыпқа қатысы бар мақалаға назарларын аударып немесе жігерлендіретін Жазба орнын келтіріп бере аларсың. Егер олар жақын жерде тұрмаса, мұны хат немесе сымтетік арқылы істеуіңе болады. Шындықтың тұқымын сеп, жайлап суғар, әрі Ехобаның тұқымдарды өсіретініне үміт арт (1 Қор. 3:6).
3. Туысқандардың бізге көңіл бөлгені куәлік беруімізге қалай мүмкіндік тудыруы мүмкін?
3 Бір кісінің бойынан жындарын қуып шығарғаннан кейін, Иса оған былай деп нұсқау берген: “Үйіңе қайтып, туысқандарың мен дос-жарандарыңа Жаратқан Иенің өзіңе не істегенін, қалай рақым еткенін айтып бер!” (Мар. 5:19). Әлгі кісінің туысқандарына бұл қалай әсер еткенін елестетіп көрші! Әрине, сенімен мұндай жағдай болмаған да шығар, дегенмен туысқандарыңды сенің және балаларыңның немен айналысып жүргені қызықтыратын шығар. Олармен әңгімелескенде Теократиялық қызмет мектебінде орындаған тапсырмаң туралы, қатысқан конгресің, Бетелге барғаның немесе өміріңде болған қандай да бір ерекше оқиға туралы бөліссең болады, сонда Ехоба мен оның ұйымы туралы көбірек айтып беруіңе мүмкіншілік тууы мүмкін.
4. Туысқандарға куәлік бергенде неден қашық болу керек?
4 Парасаттылық таныт. Туысқандарыңа куәлік бергенде, бірден көп мәлімет айтудан аулақ бол. Бір бауырлас Киелі кітапты зерттеуді енді ғана бастаған кезін еске алып, былай деп мойындаған: “Киелі кітаптан білгендерімнің барлығын шешеме айта беретінмін, ақырында көбінесе айтысып қалатынбыз, әсіресе әкеммен”. Туысқаның Киелі кітаптың хабарына қызығушылық білдірсе де, көбірек білуге өзінің ықыласы болатындай етіп жауап беруге тырыс (Нақ. с. 25:7). Қызметте танымайтын адамдармен сөйлесіп жатқандай, әрқашан құрмет, мейірімділік пен шыдамдылық таныт (Қол. 4:6).
5. Туысқандар куәлік бергенде құлақ аспайтын болса, не істеуіміз керек?
5 Бір кездері Исаның үй іші оны жынданып кеткен шығар деп ойлаған еді (Мар. 3:21). Алайда уақыт өте келе кейбіреулері шындықты қабылдады (Ел. іс. 1:14). Алғашқыда туысқандарың шындыққа құлақ аспаса, ұнжырғаң түспесін. Адамдардың жағдайы мен көзқарастары өзгеруі мүмкін. Оларды қызықтыратын ойлармен әрі қарай да бөлісе беруге тырыс. Сонда сенің күш салуыңның арқасында олар мәңгілік өмірге жетелейтін жолға түсетін болса, шексіз қуанышқа бөленесің (Мат. 7:13, 14).