Уақыттың аз қалғанын есте ұста!
“Құдай сөзін уағызда... мұны кейінге қалдырмай атқар” (ТІМ. 2-Х. 4:2).
ТҮСІНДІРІП БЕРЕ АЛАСЫҢ БА?
Не себепті Тімөтеге шұғыл түрде уағыздау керек болды?
Шұғыл әрекет ету керектігін ұмытпау үшін не істеуіміз керек?
Неге бүгінде Патшалық хабарын уағыздау бұрын-соңды болмағандай маңызды?
1, 2. Пауылдың тапсырмасына қатысты қандай сұрақтар туындайды?
АПАТҚА ұшырағандарды құтқарумен айналысатын адамдарға әрдайым шұғыл әрекет ету керек. Мысалы, өртсөндірушілер солай етеді, өйткені адамдардың өміріне қауіп төніп тұрғанын түсінеді.
2 Біз, Ехоба куәгерлері, адамдардың құтқарылғанын қалаймыз. Сол себепті Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздау тапсырмасын маңызды санаймыз. Дегенмен біз бұл істі атқарамыз деп жан терге түсіп жүрген жоқпыз. Олай болса, елші Пауылдың “Құдай сөзін уағызда... мұны кейінге қалдырмай атқар” деген сөздері нені білдіреді? (Тім. 2-х. 4:2). Уағыз ісін шұғыл түрде атқаруға не жатады? Сондай-ақ неге бұл кезек күттірмейтін іс деуге болады?
НЕГЕ БҰЛ КЕЗЕК КҮТТІРМЕЙТІН ІС?
3. Адамдардың Патшалық хабарына құлақ асу-аспауы қандай нәтиже береді?
3 Ізгі хабарды уағыздағанымыздың арқасында адамдар аман қалуы мүмкін екенін ойлағанда, бұл істі шұғыл түрде атқаруға талпынатын шығарсың (Рим. 10:13, 14). Құдай Сөзінде былай делінген: “Мен зұлым адамға: “Сен шүбәсіз өлесің!”— деген соң, ол күнәсін тастап, теріс жолынан қайтып, әділ де ізгі істерді істейтін болады дейік... Онда ол өлімге бұйырылмай, өмір сүре береді. Бұрын жасаған күнәларының ешқайсысын Мен бұдан былай ескермеймін” (Езек. 33:14—16). Сондай-ақ Киелі кітаптың айтуынша, Патшалықтың жариялаушылары уағыздау арқылы “өздерін де, тыңдаушыларын да құтқара” алады (Тім. 1-х. 4:16; Езек. 3:17—21).
4. Неліктен Тімөте шұғыл әрекет ету керек еді?
4 Пауылдың Тімөтені уағыз ісін не себепті кейінге қалдырмай атқаруға шақырғанын түсіну үшін негізгі тармақтың мәнмәтініне көңіл бөлейік. Онда былай делінген: “Құдай сөзін уағызда, уақыт қолайлы не қиын болсын, мұны кейінге қалдырмай атқар; тәлім беру шеберлігін барынша қолданып, зор шыдамдылықпен әшкереле, қатаң ескерт, жігер бер. Себебі кейбіреулер дұрыс ілімге құлақ аспай, өз қалаулары бойынша әрекет ететін уақыт келеді. Олар құлақтарына жағатынды айтатын ұстаздарды айналасына жинайды, шындыққа құлақ салмай, бос аңыздарға ден қояды” (Тім. 2-х. 4:2—4). Иса жолдан таюшылықтың пайда болатынын алдын ала айтып кеткен еді (Мат. 13:24, 25, 38). Мәсіхшілер жалған ілімдерге алданып, жолдан тайып кетпеулері үшін, Тімөтеге “Құдай сөзін” тіпті қауымның ішінде шұғыл түрде уағыздау қажет болды. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған еді. Ал бүгінгі күн жөнінде не деуге болады?
5, 6. Қызметте жүріп қандай көзқарастағы адамдарды кездестіреміз?
5 Бүгінде жалған ілімдер кең етек алған (Сал. 2-х. 2:3, 8). Адамдардың құлақтарына жағатын ілімдердің кейбірін қарастырып көрейік. Көп жерлерде эволюция ілімі аса зор құлшыныспен таратылуда. Әдетте бұл ілім ғылыми тілде түсіндіріледі. Десе де кейбіреулер үшін ол дінге айналған тәрізді, өйткені ол адамның Құдайға және өзге адамдарға қатысты көзқарасын қалыптастырады. Көпшілікке ұнайтын тағы бір ілім бар. Оны ұстанатындар “Құдайдың адамдармен еш шаруасы жоқ, ендеше бізге де оның қажеті жоқ” дегенге сенеді. Әлдилей отырып, рухани ұйқыға батыратын осы ілімдер миллиондаған адамды неліктен қызықтырады? Себебі олардың астарында “қалағаныңды істей бер, сені ешкім жауапқа тартпайды” деген ой жатыр. Бұл жалған ілімдердің көпшіліктің құлағына майдай жағатыны міне осыдан (Забур 9:25 оқы).
6 Адамдарға ұнайтын басқа да ілімдер бар. Әлі де болса шіркеуге барып тұратындарға дін қызметкерлерінің “қалай өмір сүрмесек те, Құдай бізді бәрібір жақсы көреді” деп жұбатқандары ұнайды. Сондай-ақ дін мұғалімдері оларға салт-жоралар жасап тұрса, үйіне қасиетті заттар қойса, Құдай жарылқайды деп үйретеді. Бұған сенетіндер өздеріне қауіп төніп тұрғанын ұқпайды (Заб. 113:12—16). Дегенмен егер біз адамдарды рухани ұйқыдан оятып, Киелі кітаптағы шындықты үйрететін болсақ, олар да Патшалықтың баталарына кенелуі әбден мүмкін.
БҮГІНДЕ УАҒЫЗ ІСІН КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫРМАЙ АТҚАРУҒА НЕ ЖАТАДЫ?
7. Уағыз ісінің шұғыл атқарылу керектігін түсінетінімізді қалай көрсете аламыз?
7 Жақсы хирургтың бар ойы жасап жатқан отада болады, өйткені олай етпесе адамның өміріне қауіп төнеді. Біз де уағыздау ісінің кейінге қалдырмай атқарылу керектігін түсінетінімізді оған бар назарымызды аудару арқылы көрсете аламыз. Бұл үшін адамдарды қандай тақырыптар, сұрақтар не мәліметтер қызықтыратыны жайлы ойлансақ болады. Сондай-ақ ісіміздің қаншалықты маңызды екенін түсінгеніміз адамдар бізді тыңдауға ықыласты болатын уақытта уағыздау үшін күнделікті жоспарымызды өзгертуге талпындырар (Рим. 1:15, 16; Тім. 1-х. 4:16).
8. Шұғыл әрекет ету керектігін білгенде адам тағы не істейді?
8 Сонымен қатар шұғыл әрекет ету керектігін білгенде, біз бірінші кезекте ең маңызды нәрселерді анықтап аламыз (Жаратылыс 19:15 оқы). Мысалы, талдау нәтижесін көрген соң, дәрігерің сені шақырып алып: “Жағдайыңыз қиын, дереу шара қолданыңыз. Сіздің бір ай уақытыңыз бар”,— деп айтты делік. Сен мұны ести сала қауіп-қатер дабылын естіген өртсөндіруші секілді ол жерден атып шықпайсың ғой. Қайта, дәрігердің ақыл-кеңесін мұқият тыңдап, үйіңе барған соң, бірінші кезекте не істейтініңді жақсылап ойластырасың емес пе?!
9. Пауыл Ефесте уағыз ісін шұғыл түрде атқарғанын қайдан білеміз?
9 Пауылдың Ефестегі ақсақалдарға өзінің Азия аймағындағы уағызы туралы айтқан сөздерінен оның шұғыл әрекет еткенін білеміз (Елшілердің істері 20:18—21 оқы). Сол жерге келген күннен бастап, ол ізгі хабарды талмай үйме-үй уағыздаған. Сонымен қатар елші “күн сайын Тиранның дәрісханасында баяндамалар айтып жүрді”. Мұны ол екі жыл бойы үзбей жалғастыра берді (Ел. іс. 19:1, 8—10). Иә, өзіне тапсырылған істің кезек күттірмейтінін түсінгені Пауылдың күнделікті жоспарына қатты әсер еткен. Әрине, “қызметті шұғыл түрде атқарыңдар” деп Ехоба бізге бас көтермей уағыздаңдар деп тұрған жоқ. Дегенмен біз қызметімізді өмірімізде басты орынға қоюымыз керек.
10. Осыдан 100 жылдай уақыт бұрын мәсіхшілердің шұғыл әрекет еткеніне біз неге ризамыз?
10 1914 жылдың қарсаңында бір топ Киелі кітап зерттеушілері ізгі хабарды жариялауға бел буған болатын. Олардың үлгісі бізге шұғыл әрекет ету деген нені білдіретінін түсінуге көмектеседі. Уақыттың аз қалғанын түсінген олар, өздері небәрі бірнеше мың болса да, Патшалық туралы хабарды зор құлшыныспен уағыздай бастады. Мысалы, түрлі-түсті слайдтардан тұратын “Жаратылыстың фотодрамасы” көрсетіліп, 2000-нан астам газеттерде рухани тақырыптағы мақалалар жарық көрді. Осылайша олар ізгі хабарды миллиондаған адамға жеткізе алды. Сол бауырластар уағызды шұғыл түрде атқару керектігін түсінбегенде, көбіміз шындықты ести алар ма едік? (Забур 118:60 оқы).
ШҰҒЫЛ ӘРЕКЕТ ЕТУ КЕРЕКТІГІН ЕСТЕН ШЫҒАРЫП АЛМА
11. Қалайша кейбіреулер уағыз ісі күттірмейтін іс екенін ұмытты?
11 Мәсіхшілер қандай да бір нәрселерге алаңдап, уағыз ісінің маңыздылығын ұмыта бастауы мүмкін. Шайтан осы дүниені пайдаланып, бізді тек тәндік қажеттіліктерімізді ойлауға не қандай да бір бос нәрселермен айналысуға итермелейді (Пет. 1-х. 5:8; Жох. 1-х. 2:15—17). Кезінде қызметті құлшына атқарған бауырластардың кейбірі суып кеткен. Мысалы, елші Пауылмен “қызметтес” болған Димас есімді бауырлас кейін осы дүниеге алаңдап кетті. Қиын шақта жігерлендіріп, жанынан табылудың орнына, ол Пауылды тастап кетті (Флм. 23, 24; Тім. 2-х. 4:10).
12. Бізде қазір қандай мүмкіндік бар және болашақта қандай мүмкіндіктер болады?
12 Уағыз ісін шұғыл түрде атқару керектігін ұмытпау үшін бізге осы істен алаңдататын нәрселерден аулақ болу қажет. Сондай-ақ “шынайы өмірді берік ұстануға” тырысуымыз керек (Тім. 1-х. 6:18, 19). Құдай Патшалығының тұсында жерде мәңгі өмір сүріп, сансыз көп қызықты істермен айналысуға мүмкіндігіміз болады. Бұған сенің де толықтай сенімді екенің шүбәсіз. Алайда қазір бізде адамдарға Армагеддоннан аман өтуге көмектесетін қайталанбас мүмкіндік бар.
13. Шұғыл әрекет ету керектігін естен шығарып алмау үшін біз не істей аламыз?
13 Айналамыздағы адамдардың басым көпшілігі рухани ұйқыда жатыр. Олай болса, қызметіміз кезек күттірмейтінін есімізден шығарып алмау үшін біз не істей аламыз? Бұл үшін өзіміз де бір кездері рухани түнекте жүргенімізді, ал қазір Ехоба мен Иса туралы шындықты білген соң, рухани нұрды өзгелерге шаша алатынымызды есте ұстағанымыз жөн (Ефестіктерге 5:14 оқы). Пауыл былай деді: “Қалай әрекет ететіндеріңе мұқият ден қойыңдар, ақылсыз емес, дана болып, уақыттарыңды барынша тиімді пайдаланыңдар, өйткені қазіргі күндер зұлымдыққа толы” (Ефес. 5:15, 16). Зұлым дүниеде өмір сүріп жатқандықтан, бізге рухани ояу жүруге көмектесетін істерге уақыт бөлу өте маңызды.
БІЗ МАҢЫЗДЫ КЕЗЕҢДЕ ӨМІР СҮРУДЕМІЗ
14-16. Неліктен уағыз ісі тап қазір шұғыл түрде атқарылуы тиіс?
14 Уағыз ісі қашанда күттірмейтін іс болған. Алайда қазір ол бұрын-соңды болмағандай маңызды. 1914 жылдан бері Құдай Сөзінде алдын ала айтылған заман ақырының “белгісі” орындалып жатыр (Мат. 24:3—51). Бүкіл адамзатқа құрып кету қаупі төніп тұр. Ірі үкіметтер өзара бейбітшілік келісімге тұрғанымен, әлі де атылуға дайын тұрған 2000-дай ядролық оқтұмсықтар бар. Сенімді мәліметтерге сай, жүздеген ядролық қару бірліктері “жоғалған”. Олар лаңкестердің қолына түскен болуы мүмкін емес пе? Кейбіреулердің айтуынша, егер лаңкестер соғыс ашатын болса, бүкіл адамзат қырылып кетуі әбден мүмкін.
15 2009 жылы жарық көрген бір мәлімдемеде ХХІ ғасырдың тағы бір өзекті мәселесі қозғалды. Онда: “Климаттың өзгеруі адамзаттың денсаулығына үлкен қауіп төндіруде”,— деп айтылған. Мәлімдемеде айтылғандай, бұл адамзаттың басым көпшілігінің, яғни миллиардтаған адамның денсаулығы мен өміріне кесірін тигізбек. Сондай-ақ теңіз деңгейінің жоғарылауы, қуаңшылық, су тасқындары, ауру-індеттер, үлкен дауылдар және сарқылып жатқан ресурстар үшін талас-тартыстар жер мен адамзатқа оңалмастай зардап әкелмек. Расында да, адам баласына соғыс пен жойқын апаттардың қатері төніп тұр.
16 Баз біреулер дүниеде ядролық соғыс басталып, Исаның пайғамбарлығындағы заманның ақыры келеді деп ойлауы мүмкін. Алайда олар белгінің шын мәнісін түсінбегенге ұқсайды. Ал біз бұл пайғамбарлықтың көптеген жылдан бері орындалып жатқанына куәміз. Демек, Мәсіх әлдеқашан таққа отырды, әрі зұлым дүниенің жойылатын күні өте жақын (Мат. 24:3). Иса айтқан “белгі” бұрын-соңды мұншалықты айқын болмаған. Ендеше қазір адамдарды рухани ұйқыдан оятатын уақыт емес пе?! Уағыздау ісінің мақсаты да осы.
17, 18. а) Соңғы күндерде өмір сүріп жатқанымыз бізге қалай әсер етеді? ә) Адамдардың Патшалық туралы хабарға деген көзқарастарының өзгеруіне не себеп болуы мүмкін?
17 Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді дәлелдеуге және соңғы күндері атқарылуы керек уағыздау ісін аяқтауға аз уақытымыз қалды. Пауылдың бірінші ғасырда Рим қаласындағы мәсіхшілерге айтқан сөздері қазір әсіресе маңызды: “Қандай уақытта өмір сүріп жатқанымызды білесіңдер. Міне, ұйқыдан оянатын уақыт келді, себебі Мәсіхке сене бастаған кезімізге қарағанда, қазір құтқарылуымыз жақынырақ” (Рим. 13:11).
18 Соңғы күндерге қатысты алдын ала айтылған оқиғалар кей адамдардың рухани мұқтаждықтарын мойындауына түрткі болуы мүмкін. Басқалары болса үкімет басшыларының қаржы дағдарысы, ядролық соғыс қаупі, жантүршігерлік қылмыстар не қоршаған ортаның ластануы сияқты проблемаларды шешуге дәрменсіз екенін көріп, адамзат біреудің көмегіне мұқтаж екенін түсінеді. Ал өзгелері жақын адамы ауруға шалдығып не көз жұмса немесе отбасы ойран болса, Патшалық туралы хабарға қызығушылық таныта бастайды. Уағыздау қызметіне атсалысқанда біз осындай адамдарға көмектесе аламыз.
ОЛАР УАҚЫТ КҮТТІРМЕЙТІНІН ТҮСІНДІ
19, 20. Уақыт күттірмейтінін түсінгені қалай көптеген мәсіхшілерді өмірін өзгертуге талпындырды?
19 Уақыт күттірмейтінін түсінгені көптеген мәсіхшілерді қызметке көбірек атсалысуға талпындырған. Эквадорда тұратын бір ерлі-зайыптылар осыған мысал бола алады. Бұл жас жұбайлар “Көзіңді қарапайым етіп сақта” деп аталған 2006 жылғы арнайы бір күндік конгреске қатысқаннан кейін, өмірлерін қарапайым етуді шешеді. Олар қажет емес заттардың тізімін жасап, үш айдың ішінде үш бөлмелі пәтерден бір бөлмелі пәтерге көшеді, кейбір заттарын сатып, барлық қарыздарынан құтылады. Көп ұзамай екеуі қосалқы ізашарлық қызметті бастап, аудандық бақылаушының кеңесімен көбірек қажеттілік бар қауымда қызмет етеді.
20 Құрама Штаттарда тұратын бір ер бауырлас былай дейді: “2006 жылы конгреске барғанда, әйелім екеуміздің шомылдыру рәсімінен өткенімізге 30 жыл өтіпті. Көлікпен үйге қайтып бара жатқанда, өмірді қарапайым етуге қатысты кеңесті қалай қолдана алатынымыз жайлы сөйлестік (Мат. 6:19—22). Біздің үш үйіміз, жеріміз, қымбат көліктеріміз, моторлы қайығымыз және көлікке тиелген үйшігіміз болатын. Сонда біз ақылсыз адамдар сияқты өмірімізді бос нәрселерге сарп еткенімізді түсініп, толық уақытты қызметті мақсат етіп қойдық. Сөйтіп, жалпы ізашар болып жүрген қызымызға 2008 жылы біз де қосылдық. Бауырластарымызбен бірге иық тіресе қызмет еткенге не жетсін! Кейін біз аса қажеттілік бар жерде қызмет ете алдық. Осылай Ехобаға көбірек қызмет еткеніміз бізді оған жақындата түсті. Құдай Сөзіндегі шындықты естігенде, адамдардың көздері жайнап салғанын көру біз үшін ерекше сый болды!”
21. Нені білгеніміз бізді шұғыл әрекет етуге талпындырады?
21 Біз жақында осы зұлым дүниенің соңы, яғни “арсыздардың сотталып, жойылатын күннің” келетінін білеміз (Пет. 2-х. 3:7). Құдай Сөзі бізді келе жатқан зор алапат пен содан кейін орнайтын жаңа дүние туралы құлшына жариялауға талпындырады. Адамдар шынайы үмітке ие болу үшін біз әрі қарай да шұғыл әрекет ете береміз. Осы кезек күттірмейтін іске барынша атсалысуымызбен Құдайға және адамдарға деген шынайы сүйіспеншілігімізді паш етейік.