Македонияға бара аласыңдар ма?
КІШІ АЗИЯНЫҢ портты қаласы Трояда елші Пауыл аян көреді. Оған македониялық бір кісі: “Македонияға келіп, бізге көмектес”,— деп өтініп тұр екен. Сонда Пауыл мен оның сапарлас серіктері ‘Иеміз Ізгі хабарды [македониялықтарға] уағыздауға шақырып жатыр деген қорытындыға келді’. Олардың сол аймақта уағыздау ісі қандай жеміс берді? Македонияның басты қаласы Філіпіде тұратын Лүдия мен оның үй іші Мәсіх жолына түсті. Кейіннен Македония өлкесіндегі басқа да адамдар ізгі хабарды қабыл алды (Ел. іс. 16:9—15).
Бүгінде Ехоба куәгерлері осындай құлшыныс танытуда. Араларында өз қаражаттарын жұмсап, Патшалық хабарын жариялаушылар жетіспейтін аймақтарға көшіп барған Кәугерлер аз емес. Мысалы, Лиза қызметке көбірек атсалысу үшін Канададан Кенияға көшті. Тревор мен Эмили, олар да канадалық, Малавиге барып, қызмет аясын кеңейтті. Англиялық Пол мен Мэгги болса зейнетке шыққандарын Ехобаға көбірек қызмет етудің керемет мүмкіндігі деп қарастырып, Шығыс Африкаға қоныс аударды. Сенде де осындай жанқиярлық рух бар ма? Басқа жерге көшуді ойлап көрдің бе? Ойлаған болсаң, дұрыс шешім қабылдауыңа қандай Киелі кітап принциптері және тиімді кеңестер көмектеседі?
Өзіңді тексер
Алдымен ниетіңді тексеріп көр. Исаның ең ұлы өсиетінде: “Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!”— делінген. Демек, шетелде қызмет етуге Құдайды сүйгеніміз бен шәкірт дайындау тапсырмасын орындауды қалағанымыз талпындыру керек. Ал екінші өсиетінде Иса: “Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!”— деді. Маңайымыздағы адамға деген сүйіспеншілік оған көмектесуді шын қалағанымыздан көрінеді (Мат. 22:36—39; 28:19, 20). Шетелде қызмет ету — басқа елге қыдыру емес, бұл көп еңбек пен жанқиярлықты талап етеді. Мұндай қадам жасауға сені сүйіспеншілік талпындыруы керек. Нидерландылық Ремко мен Сюзана Намибияда неге қызмет етіп жатқандарын қысқаша түсіндіріп: “Бізді мұнда ұстап тұрған сүйіспеншілік”,— деді.
Намибияда аудандық бақылаушы ретінде қызмет етіп жүрген Вилли былай дейді: “Осында қызмет етіп жатқан шетелдік бауырластар — жергілікті бауырластар қамымды ойлайды деп емес, қайта, олармен иық тіресе қызмет етіп, уағыздау ісіне қолдау көрсету ниетімен келгендер”.
Ниетіңді тексерген соң, өзіңе келесі сұрақтарды қойып көр: Шетелдегі танапта пайдасы тиетін қандай тәжірибем бар? Қалай уағыздап жүрмін? Қай тілдерде сөйлей аламын? Жаңа тілді үйренуге дайынмын ба? Бұл мәселені отбасыңмен бірге талқыла. Қауым ақсақалдарымен ақылдас. Сондай-ақ осы қалауың жайлы Ехобаға міндетті түрде дұғада айт. Өзіңді шыншылдықпен тексергенің шетелде қызмет етуге қажетті қабілетіңнің бар-жоғын және шынымен бел буғаныңды анықтауға көмектеседі (“Өзіңді тексер” деген қоршауды қара).
Баратын жерді таңдау
Пауыл Македонияға бару керектігін аян арқылы білген. Бүгінде Ехоба бізге керемет жасау арқылы басшылық бермейді. Әйтсе де, Құдайдың халқы осы журналдың және басқа да әдебиеттердің көмегімен бүгінде қай аймақта қажеттілік бар екенін біле алады. Олай болса, ең алдымен осындай аймақтардың тізімін жасап ал. Егер жаңа тіл үйренуге дайын болмасаң не шетелге ұзаққа бара алмасаң, сенің тіліңде сөйлейтін елге бару жағын ойластыр. Сонан соң виза, жол қаражаты, қауіпсіздік, күн көріс пен ауа райы сияқты мәселелерді анықтап алған жөн. Басқа аймаққа көшкен бауырлыстармен ақылдасудың да көп пайдасы тиер. Осы жайттар туралы дұға ет. ‘Киелі Рухтың Пауылға және жолдастарына Азия аймағында уағыздауға тыйым салғанын’ ұмытпа. Кейіннен Бітүнияға бармақшы болғанда да, оларға “Исаның Рухы рұқсат бермеді”. Нағыз көмегің тиетін жерді анықтау үшін саған да уақыт қажет болуы мүмкін (Ел. іс. 16:6—10).
Қызмет етуге бара алатын бірнеше аймақты анықтап алдың делік. Олардың ішінде шет елдер болса, сондағы Ехоба куәгерлерінің филиалына хат жолда. Хатта қандай теократиялық қызмет атқарғаныңды және атқарып жатқаныңды жаз, сонымен қатар күнкөріске қажетті қаражатқа, жалдауға болатын баспананың жағдайына, медициналық көмек мекемелері мен жұмыс табуға қатысты жеке сұрақтарыңды қой. Содан соң хатыңды (не хаттарыңды) қауымыңның қызмет комитетіне бер. Ақсақалдар хатыңа саған қатысты өз ұсыныстарын қосып, жолдаған филиалдарға салып жібереді. Оларға жауап келгенде, қай жерде қызмет еткенің тиімді болатынын анықтай аларсың.
Жоғарыда сөзі келтірілген Вилли былай дейді: “Дұрыс шешім қабылдағандар — әдетте алдын ала келіп, өздеріне шынымен лайықты болатын жерді көріп кеткендер. Мысалы, бір ерлі-зайыпты оқшау жерде тұрудың қиынға соғатынын түсініп, кішкене қалашыққа көшуді жөн көрді. Себебі ондағы тұрмыс деңгейі қуанышпен қызмет ете алуларына қолайлы еді”.
Туындауы мүмкін қиындықтар
Жылы ұяңды тастап, мүлдем таныс емес жерге көшудің қиындықтары болатыны рас. “Ең ауыр тигені — жалғыздық”,— дейді жоғарыда есімі аталған Лиза бауырлас. Бұл сезіммен күресу үшін Лиза не істеді? Ол жергілікті бауырластармен тығыз араласа бастады. Қауымдағы әр бауырластың есімін біліп алуды мақсат етті. Олармен жақынырақ танысу үшін қауым кездесулеріне ертерек келіп, кешірек кетіп жүрді. Бауырластармен бірге уағызға шықты, көпшілігін қонаққа шақырды, осылайша жаңа достар тапты. “Осында қызмет ету үшін өз мүддемнен бас тартқаныма өкінбеймін. Өйткені Ехоба маған көл-көсір батасын төкті”,— деді Лиза.
Пол мен Мэгги балаларын аяққа тұрғызған соң, 30 жыл тұрған үйлерінен көшті. Пол былай дейді: “Үй-жайымызды тастап кету біз күткендей қиынға соққан жоқ. Алайда отбасынан алыс кету нағыз сынақ, тіпті қиынның қиыны болды. Ұшақта отырғанда көңіліміз босап, жылап жібердік. “Бұл қолымнан келмейді”,— деп кері шегіну оңай, бірақ біз Ехобаға арқа сүйедік. Жаңа достар тапқанымыздың арқасында бастаған істі жалғастыру ықыласымыз арта түсті”.
Намибияның ресми тілі ағылшын тілі болғандықтан, Грэг пен Кристал Канададан сол елге көшті. Уақыт өте келе олар жергілікті тілді білудің әлдеқайда тиімді болатынын байқады. “Кейде ұнжырғамыз түсетін. Жергілікті тілді үйренгенде ғана біз елдің мәдениетін түсіне алдық. Бауырластармен тығыз араласқанымыз да жаңа ортаға бейімделуге көмектесті”,— деді олар.
Кішіпейілділік пен дайындық рухы жергілікті бауырластарға да жақсы әсер етеді. Дженни туып-өскен жері Ирландияға көшіп келген отбасыларын есіне алып, былай деді: “Бұл қонақжай отбасылар еді. Олар шын мәнінде өзгелерге қызмет ету үшін келген болатын. Олардың зор құлшыныстары мен қуаныштарын көріп, мен де қызмет аясын кеңейтуді қаладым”. Қазір Дженни жұбайымен бірге Гамбияда миссионер болып қызмет етеді.
Ехобаның жарылқауы “адамды бай қылар”
Македониядағы қызметі Пауылды мол рухани байлыққа кенелтті. Шамамен он жылдан кейін ол Філіпідегі бауырластарына: ‘Сендерді еске алған сайын Құдайға ризашылық білдіремін’,— деп жазды (Філіп. 1:3).
Күзет мұнарасының Ғалақад Киелі кітап мектебіне шақырылмас бұрын, Малавиде қызмет еткен Тревор мен Эмили де осындай сезімде. “Дұрыс шешім қабылдадық па деп кейде ойланатынбыз, сонда да біз бақытты едік. Өйткені бір-бірімізге жақындай түстік әрі Ехобаның батасына кенелдік”,— деді олар. Ал Грег пен Кристал болса: “Біз үшін бұдан артық қалайтын іс жоқ”,— дейді.
Рас, шетелде қызмет етуге барлығының жағдайы келе бермейді. Кейбіреулер өз елінің көбірек қажеттілігі бар аймағына көше алатын шығар. Тағы біреулер үйлеріне жақын жердегі көмек керек қауымда қызмет етуді мақсат ете алар. Ең маңыздысы — Ехобаға қызмет етуде қолдан келгеннің бәрін істеу (Қол. 3:23). Сонда ‘Жаратқанның жарылқауы адамды бай қылады’ (Нақ. с. 10:22).
[5-беттегі қоршау/сурет]
Өзіңді тексер
Шетелдегі танапта қызмет ете алатыныңды анықтау үшін, келесі сұрақтардың үстінен ой жүгірт және дұға ете отырып, көшуге жағдайыңның келетін-келмейтініне тура баға бер. “Күзет мұнарасы” журналынан келтірілген келесі мәліметтерді қарастырғаның пайдалы болар.
• Мен рухани адаммын ба? — “Пауылдың үлгісіне еліктей отырып, рухани өсе бер”, w08 15.5. 21-б.
• Қалай уағыздап жүрмін? — “Құдайдың жол тапқыш әрі бейімделгіш қызметшісі болайық”, w05 1.12. 28-б.
• Отбасым мен достарымнан алыс жерде тұра аламын ба? — “Иса Мәсіх — ең ұлы Миссионер”, w08 15.2. 12-б.
• Жаңа тілді үйренуге дайынмын ба? — “Ізгі хабарды “әр түрлі тілде сөйлейтін” адамдар естиді”, w05 1.12. 23-б.
• Басқа жерге барып тұруға қаражатым жете ме? (“Шетелде қызмет ете алар ма едің?” w99 15.10. 23-б., ор.)
[6-беттегі сурет]
Кішіпейілділік пен дайындық рухы жергілікті бауырластарға жақсы әсер етеді
[7-беттегі сурет]
Басқаларға қызмет ету үшін келгендер қызметтерін қуанышпен жалғастыруда