Көп іс атқара жүріп, Құдайдың қуанышты қызметшісі бол
ЕХОБА сенің қуанышты болғаныңды қалайды (Заб. 99:2). Оның қызметшілерінің бірі болғандықтан атқаратын істерің көп болса керек. Өміріңді Құдайға бағыштамай тұрған кезде бос уақытың көбірек болған шығар. Ал енді жеке басыңның міндеттеріне рухани жауапкершіліктер қосылды. Мұның бәрінен өзіңді ауыр жүк арқалағандай сезінерсің. Оның үстіне, жоспарлаған істеріңді жүзеге асыра алмай қалғанда өзіңді кінәлі сезінетін боларсың. Жауапкершіліктеріңді атқаруда таразының басын тең ұстауға және ‘Жаратқан Ие алдындағы қуанышыңды’ сақтауға не көмектеседі? (Нех. 8:10).
Қиын қыстау кезде өмір сүріп жатқандықтан және атқаратын міндет көп болғандықтан, істерді жақсы ұйымдастыра білген жөн. Бұл орайда елші Пауылдың киелі рухтың жетелеуімен жазған келесі кеңесіне құлақ асқан орынды: “Парасатсыз емес, парасатты адам іспетті әрекет ету үшін әрқашан мұқият болыңдар. Қолайлы уақыттың құнын өздеріңе өтеп алыңдар, өйткені бұл күндер зұлымдыққа толы” (Ефес. 5:15, 16 ЖД).
Осы дана кеңесті ескере отырып, алдыңа қол жеткізерлік мақсат қою үшін және жеке зерттеуге, отбасының қамын жеуге, уағыздауға, жұмыс пен басқа да маңызды істерге жеткілікті уақыт бөлу үшін не істей аласың?
Өзіңді Құдайға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өткенде қалай қуанғаның есіңде ме? Мұндай қуаныштың Ехоба мен оның ниеті туралы көбірек білгеннен келгені анық. Бірнеше ай бойы Киелі кітапты тыңғылықты зерттеп, терең түсінуге тырыстың. Бұл еңбегің зая кетпеді, себебі өмірің жақсы жаққа өзгерді.
Қуанышыңды жоғалтпау үшін рухани ас-су алуды жалғастыра бер. Киелі кітапты оқу мен зерттеуді қолға ала алмай жүрсең, уақытыңды қалай жұмсап жүргеніңді тексеріп көр. Зерттеу мен ой жүгіртуге күн сайын бірер минут бөлгеніңнің өзі сені Ехобаға жақындата түседі. Бұл өз кезегінде қуанышыңа үлес қосары анық.
Құдайдың қызметшілерінің көбісі өмірлік маңызы бар істер үшін уақыттың құнын маңыздылығы азырақ істерге кететін уақыттан өтеп алады. Келесі сұрақтың үстінен ойланып көр: Газет-журналдарды оқуға, теледидар көруге, музыка тыңдау мен басқа да ұнататын істерге қанша уақытым кетеді? Мұндай істер жөнімен уақыт бөлінгенде ғана қанағат әкеледі (Тім. 1-х. 4:8). Уақытты дұрыс жұмсамай жүргеніңді байқасаң, күнделікті кестеңе өзгерістер енгіз.
Адам есімді бауырлас — үш баласы бар отағасы әрі қауым ақсақалы. Уақытты дұрыс жұмсауға не көмектесетінін ол былай түсіндірді: “Мен қарапайым өмір кешуге тырысамын. Көп уақыт алатын әуес істермен айналыспаймын және көп күтімді талап ететін дүние-мүлік сатып алмаймын. Бірақ бұл өмірдің рақатынан бас тартуды білдірмейді — мен жай ғана қарапайым демалудан қанағат аламын”.
Жақсы шешімдеріңнің нәтижелері жайлы ойланғаның қуанышыңды қайта жандандыруға және өмірдің жақсы жақтарын көре білуге көмектеседі. Мысалы, үш баланың әкесі әрі қауым ақсақалы Мариуш былай дейді: “Киелі кітап зерттеуді бастағалы бері болашаққа үмітпен қарайтын болдым. Кейде қиындық көріп тұратыным рас, олардың көбісін Ехоба ғана біледі. Алайда оның қолдауының арқасында қуанышымды жоғалтқан жоқпын”.
Мариуштың жағдайынан байқағанымыздай, өмірдің жақсы жақтарын көре білу барлық уайымнан арылтпайды, дегенмен де көңілімізді орнықтыруға және туындаған қиындықтармен күресте тиімді шаралар қолдануға септігін тигізеді. Өйткені Киелі кітапта: “Бақытсыздың қай күні де қайғыдан арылмас, Қуанышты жанның тойы тарқамас”,— делінген (Нақ. с. 15:15). Құдайдың өзіңе танытқан сүйіспеншілігі жайлы ой жүгірт. Бұл өз кезегінде оған деген сүйіспеншілігің мен қуанышыңды арттыруға көмектеседі (Мат. 22:37).
Ехоба мен оның мүддесін өмірде бірінші орынға қою отбасының қуанышына қуаныш қосады. Мәсіхшілерге тән қасиеттер танытудың арқасында келіспеушіліктер азайып, отбасы мүшелері бір-бірін жақын тарта түседі. Сондай-ақ олар бірге уақыт өткізуден әлдеқайда зор қанағат алады. Осылай етудің арқасында үй ішінде тыныштық пен ынтымақ орнайды (Заб. 132:1).
Рухани істерге отбасы болып атсалысу барлығының қуанышына зор септігін тигізеді. Мариуш былай дейді: “Отбасыммен бірге өткізетін уақытты аса бағалаймын. Әйелім маған қолдау көрсетуге дайын. Қызметке шыққанда, конгрестің алдында стадионды жинауға не баяндамамен басқа қауымға барғанда, ол мүмкіндігінше жанымнан табылуға тырысады. Бұл маған жігер береді”.
Киелі жазбаларда мәсіхшілер өз отбасының материалдық қамын ойлауға міндетті екендері айтылған (Тім. 1-х. 5:8). Алайда қаражат табуға тым көп уақыт пен күш кететін болса, Құдайға қызмет етуден келетін қуаныштан айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан осы мәселе жайында Ехобаға дұға ет (Заб. 54:22). Кейбіреулер Құдай Патшалығының мүддесін бірінші орынға қою үшін басқа жұмыс іздеу керек деп шешті. Ешбір мәсіхші табысы жақсы жұмысқа бола маңызды рухани істерден қол үзіп қалмауы керек (Нақ. с. 22:3).
Орналасқалы жатқан не істеп жүрген жұмысыңның жақсы мен жаман жақтарын жазып алғаның пайдалы болар. Әрине, жалақысы жоғары әрі қанағат әкелетін жұмыс бәрімізге ұнайды. Дегенмен де істеп жүрген жұмысың отбасыңның рухани қамын жасауға кедергі келтіріп жатқан жоқ па? Осыған байланысты барлық жайтты жан-жақты саралап, Ехобамен қарым-қатынасың басты орында тұратындай шешім қабылда.
Егер қазіргі жұмысың рухани өсуіңе кедергі болып жатса, жағдайды өзгертуің қажет. Көптеген мәсіхшілер рухани істерге уақыт табу үшін өмірлерінде түбегейлі өзгерістер жасаған. Польшадағы бір бауырлас былай дейді: “Жұмысым үнемі іссапарға шығуды талап ететіндіктен, рухани істерге және отбасыма жеткілікті уақыт бөле алмай жүрдім. Сол себепті одан шығып кетуден басқа амалым қалмады”. Бүгінде ол азырақ уақыт пен күш талап ететін жұмыс істеп, отбасын асырап жүр.
Басқаларға көмек беруден қуаныш тап
Иса: “Алғаннан гөрі берген бақытты”,— деген (Ел. іс. 20:35). Мәсіхшілерде бұлай етудің мүмкіндігі жетіп артылады. Кейде өзіңді де, өзгені де қуанышқа кенелту үшін жай ғана жымиып қарау, қол беріп амандасу немесе қызметтегі көп еңбегі үшін шын жүректен ризашылық білдірудің өзі жеткілікті.
Елші Пауыл бір сенімдегілерді ‘жаны күйзелгендерді жұбатуға және әлсіздерді қолдауға’ талпындырды (Сал. 1-х. 5:14 ЖД). Жаны күйзелгендер қиындықтарды өз күштерімен жеңе алмайтындай сезінуі мүмкін. Осындай бауырластарға қол ұшын бере аласың ба? Егер қандай да бір бауырластың Ехобаға қызмет етудегі қуанышы бәсеңдеп бара жатқанын байқасаң, оны жігерлендіруге тырыс. Бұлай еткенің өзіңді де жігерлендіреді. Рас, кейбір қиындықтарды шешу ешбір адамның қолынан келмейді. Сонда да бауырласыңа шынайы жанашырлық таныту сенің қолыңнан келеді. Оны еш тастамайтын Ехобаға арқа сүйеуге талпындыра аласың. Ал өзіне арқа сүйегендердің көңілін Ехоба ешқашан қалдырмайды (Заб. 26:10; Ишая 59:1).
Сондай-ақ көңілі түсіп жүрген бауырласты байқасаң, оны қызметке шақыруыңа болады. Иса 70 шәкіртін уағызға “екі-екіден” жіберген (Лұқа 10:1). Осылай қызметтес болу арқылы шәкірттер бір-бірін жігерлендіргені шүбәсіз. Сен де уағызға шыққан серіктесіңе қуанышын қайта жандандыруға көмектесе аласың ба?
Өміріміздің елеусіз қалдыруға болмайтын қам-қарекеті көп. Соған қарамастан елші Пауыл: “Әрдайым Иемізбен байланыстарыңа қуаныңдар! Тағы да айтамын: қуаныңдар!”— деп шақырған (Філіп. 4:4). Сен Құдайды жақсы көресің, оған мойынсұнасың және тапсырған ісін құлшына атқарып жүрсің, сондықтан өміріңде мақсат бар. Ал бұл саған қуаныш әкеледі. Оның үстіне, қысымға төтеп беруге және қиындықтармен күресуге Ехобаның өзі саған күш береді (Рим. 2:6, 7).
Сенім көзімен көретініміздей, Ехобаның уәде еткен жаңа дүниесі орнайтын кез өте жақын. Сонда қуануға қаншама көп себеп болады десеңші! (Заб. 36:34). Алайда Ехобаның қазірдің өзінде беріп отырған баталарын көре білсек, өмірден қуаныш ала аламыз. Осылайша ‘Иемізге шаттанып қызмет етеміз’ (Заб. 99:2).
[8-беттегі диаграмма]
(Толық мәтінді басылымнан қара)
Қуанышыңды жоғалтпау үшін, күнделікті кестеңе өзгеріс енгізуің керек болар
ДЕМАЛУ МЕН КӨҢІЛ КӨТЕРУ
ҮЙ ШАРУАСЫ МЕН ОТБАСЫ ҚАМЫ
ЖҰМЫС
ҚАУЫМ КЕЗДЕСУЛЕРІ
ЖЕКЕ ЗЕРТТЕУ
ҚЫЗМЕТ
[10-беттегі суреттер]
Басқаларға қуаныштарын қайта жандандыруға көмектесе аласың ба?