Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w09 15.6. 28—31 бет.
  • Жауапкершілікпен бөлісу. Неліктен және қалай?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Жауапкершілікпен бөлісу. Неліктен және қалай?
  • 2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Жауапкершілікпен бөлісу деген не?
  • Неліктен бөлісу керек?
  • Неге кейбіреулер тартынады?
  • Қалай бөлісу керек?
  • Қарапайым адам өзгелерді үйретіп, жауапкершілігімен бөліседі
    “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері (2020)
  • Кішіпейіл де қарапайым болыңыз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2020
  • Адал ер кісілерге жауапкершілікті сеніп тапсыру
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2017
  • Ер бауырластарды қауымда міндеттер атқаруға үйретіңдер
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w09 15.6. 28—31 бет.

Жауапкершілікпен бөлісу. Неліктен және қалай?

ЕХОБА о бастан-ақ жаратылыстарына жауапкершілік жүктеген. Ол бүкіл әлемге бастама бергенде жалғыз Ұлын “шебер жұмысшысы” ретінде қолданды (Нақ. с. 8:22, 23, 30; Жох. 1:3). Ал алғашқы адам жұбына: ‘Жер бетін толтырыңдар! Оны өздеріңе бағындырыңдар’,— деді (Жар. 1:28). Осылайша Ехоба адамдарға Едем бағын кеңейтіп, бүкіл жер бетін жұмаққа айналдыруды тапсырды. Иә, Ехобаның ұйымында басқаларға жауапкершілік жүктеу — қалыптасқан жайт.

Жауапкершілік жүктеуге не жатады? Неліктен ақсақалдар қауымдағы жауапкершіліктерімен бөлісуді үйренулері керек, әрі мұны қалай істей алады?

Жауапкершілікпен бөлісу деген не?

Жауапкершілікпен бөлісу деген біреуге маңызды бір істі не міндетті сеніп тапсыруды, өкілеттілік не билік беруді білдіреді. Сондықтан жауапкершілікпен бөліскенде, адам алған тапсырмасын басқа біреумен бірігіп атқарады әрі онымен өзіндегі билікпен бөліседі.

Қауымда қандай да бір тапсырма алған бауырластан істі аяғына дейін жеткізеді, өзіне тапсырма берген адамға істің барысын хабарлап отырады және онымен кеңесіп тұрады деп күтіледі. Бірақ басты жауапкершілік тапсырма берген бауырластың мойнында қала береді. Ол тапсырманың қалай орындалып жатқанын қадағалап, қажетінше кеңес беріп отырады. Алайда кейбіреулер: “Өзім атқара алатын болсам, жауапкершілікті өзгелермен бөлісудің қажеті қанша?”— деп сұрауы мүмкін.

Неліктен бөлісу керек?

Ехоба Ұлына өмір беріп, сосын, оны жарату ісіне қатыстырғаны жөнінде ойланып көрші. “Көктегі, жердегі, көзге көрінетін және көрінбейтін нәрселердің бәрін Құдай Өзінің рухани Ұлы арқылы жаратты” (Қол. 1:16). Ехоба барлық нәрсені жалғыз өзі-ақ жасай алар еді, бірақ ұлының да жарату ісінен қуаныш алғанын қалады (Нақ. с. 8:31). Әкесімен бірге еңбек етудің арқасында Ұлы оның қасиеттерін танып білсе, Әкесі Ұлын жан-жақты үйрете алды.

Иса Мәсіх жерде болған кезінде Әкесіне еліктеп, басқаларға жауапкершілік жүктеген. Ол шәкірттерін жауапкершілік алуға бірте-бірте үйретті. Иса өзі барғалы жатқан ауылдар мен қалаларға 12 елшісін, содан соң басқа 70 шәкіртін уағыздауға жіберді (Лұқа 9:1—6; 10:1—7). Осылайша ондағы адамдар Исаны тыңдауға дайын болды. Ал көкке көтерілер алдында Иса шәкірттеріне бұдан да зор жауапкершілік жүктеді. Бұған дүниежүзілік уағыздау ісі де кірді (Мат. 24:45—47; Ел. іс. 1:8).

Жауапкершілікпен бөлісу және оны алуға үйрету — мәсіхшілер қауымында қалыптасқан жайт. Елші Пауыл Тімотеге: “Шынайы ілімді басқаларға да тәлім беруге қабілеті бар, сенімді жандарға аманатта!”— деген (Тім. 2-х. 2:2). Демек, тәжірибелі бауырластар басқаларды жауапкершілік алуға үйретеді, ал олар, өз кезегінде, келесі буынды дайындайды.

Ақсақал кейбір жауапкершіліктерін басқалармен бірлесіп атқару арқылы олармен отарды бағу мен тәлім беруден келетін қуанышты бөліседі. Сондай-ақ ақсақалдар адамның мүмкіндігі шектеулі екенін түсінгендіктен, қауым істерін атқаруда өзгелердің көмегіне жүгінеді. Киелі кітапта: “Менмендікке масқара серік, кішіпейілге [“қарапайым адамға” ЖД] даналық серік”,— делінген (Нақ. с. 11:2). Қарапайым адам мүмкіндігінің шектеулі екенін түсінеді. Барлық істі өзің атқаруға тырыссаң, әбден қажып-қалжырауың әрі отбасыңа көңіл бөлуге уақыт қалмауы мүмкін. Сондықтан жауапкершілігіңді басқалармен бөліскенің даналыққа жатады. Мысалы, ақсақалдар кеңесінің координаторын алайық. Ол өзге ақсақалдардан қауымның қаржысын тексеруді сұрауы мүмкін. Сонда олар қаржы жөніндегі есеп бланкілерін қарастыру арқылы қауым қорындағы қаражаттың кіріс-шығысын біліп отырады.

Жауапкершілік жүктелудің арқасында бауырластар қандай да бір міндет атқаруды үйреніп, тәжірибе жинақтай алады. Сондай-ақ олардың қандай істе қабілетті екендері көрінеді. Ақсақалдар бауырластарға қауымдағы белгілі бір істі тапсыру арқылы олардың қызмет көмекшісі болуға дайын-дайын емес екенін анықтай алады (Тім. 1-х. 3:10).

Жауапкершіліктерімен бөлісу арқылы ақсақалдар өзгелерге сенім артатынын көрсетеді. Пауыл Тімотені миссионерлік қызметте өзімен бірге алып жүріп, көп нәрсеге үйреткен. Қызметтес болғанның арқасында бір-біріне бауыр басып, Пауыл оны “сеніміміздегі шынайы ұлым” деген (Тім. 1-х. 1:2). Сол сияқты, жаратылыс ісіне бірге атсалысқандықтан Ехоба мен Исаның арасында тығыз қарым-қатынас дамыған еді. Ақсақалдар да бауырластарға жауапты істер сеніп тапсырудың арқасында олармен қарым-қатынастарын нығайтады.

Неге кейбіреулер тартынады?

Жауапкершілікпен бөлісудің пайдалы екенін біле тұра кейбір ақсақалдар мұны істеуден тартынады. Себебі бар билік өз қолдарында болғанын қалайтын шығар. Олар барлық нәрсені өзіміз атқаруымыз керек деп ойлауы мүмкін. Алайда Иса шәкірттерінің атқаратын ісі өзінікінен зор болатынын білсе де, оларға билік бергенін ұмытпаңдар (Мат. 28:19, 20; Жох. 14:12).

Қайсыбір ақсақалдар бұрындары жауапкершіліктермен бөліскенімен, мұның жақсы нәтижесін көрмеген болуы мүмкін. Олар белгілі бір істі өзіміз-ақ сапалы әрі жылдам атқарамыз деп ойлайтын шығар. Алайда Пауылдың мысалын қарастырып көрейікші. Ол жауапкершілікпен бөлісудің пайдалы екенін білген, сонымен қатар бауырластардың тапсырманы әрдайым өзі ойлағандай атқара бермейтінін де түсінген. Пауыл бірінші миссионерлік сапарында жас Маркті өзімен алып жүрген. Кейіннен Марк қызметін қалдырып, үйіне қайтып кеткенде Пауылдың қатты көңілі қалады (Ел. іс. 13:13; 15:37, 38). Бірақ Пауыл бауырластарды үйретуін тоқтатқан жоқ. Жоғарыда айтып кеткендей, ол жас Тімотені өзіне серіктес етті. Тімоте үлкен жауапкершілікті алуға дайын болғанда, Пауыл оны Ефесте қалдырып, қауым бақылаушыларын және қызмет көмекшілерін тағайындау билігін сеніп тапсырды (Тім. 1-х. 1:3; 3:1—10, 12, 13; 5:22).

Бүгінгі күні де ақсақалдар бір бауырластың тапсырманы дұрыс орындамағанына бола басқаларды үйретуден тартынбауы керек. Өзгелерге сенім артып, оларды үйретуге дағдылану өте маңызды әрі даналыққа жатады. Дегенмен жауапкершіліктерімен бөліскенде ақсақалдар қандай жайттарды есте ұстаулары керек?

Қалай бөлісу керек?

Жауапкершілік жүктемес бұрын ойыңда жүрген бауырластардың талаптарға сай келетін-келмейтінін ескергенің дұрыс. Иерусалимде бауырластарды күнделікті тамақпен қамтамасыз ету қажеттілігі туындағанда, елшілер араларынан “Киелі Рух пен даналыққа бөленген жеті жігітті” таңдап алған еді (Ел. іс. 6:3). Егер сенімсіз бауырласқа қандай да бір істі тапсырсаң, ол тапсырманы ойдағыдай орындамауы мүмкін. Сондықтан алдымен кішігірім тапсырмалар беріп көруге болады. Ол тапсырмасын адал орындаса, көбірек жауапкершіліктерді де атқара алады.

Бауырластардың қабілеттері, қасиеттері және тәжірибелері әртүрлі екенін де ескеру қажет. Достық пейіл танытатын, жайдарлы бауырлас қызмет көрсетуші, ал тәртіпке сай жүретін бауырлас қауым хатшысының көмекшісі бола алатын шығар. Безендіру қабілеті бар әйел бауырласқа Еске алу кеші өтетін жерді гүлдермен сәндеуді тапсыруға болады.

Жауапкершілікпен бөліскенде, бауырластан не күтілетінін нақты айтқан дұрыс. Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия хабаршыларын Исаға жіберіп, не білгісі келетінін және қандай сұрақтар қою керек екенін нақты айтқан (Лұқа 7:18—20). Ал Иса адамдарды керемет түрде тамақтандырған соң, шәкірттеріне нанның қалдықтарын жинап алуға қатысты тапсырма бергенде, оны қалай істеу керектігін тәптіштеп түсіндірген жоқ (Жох. 6:12, 13). Көп нәрсе тапсырманың өзіне және бауырластың қабілетіне байланысты болады. Тапсырманы беруші де, орындаушы да қандай нәтиже күтілетінін және қаншалықты жиі есеп беріліп тұруы керек екенін анық түсінулері қажет. Тапсырманы атқару барысында қаншалықты еркін әрекет ете алатынын орындаушының өзі ғана емес, тапсырушы да білу керек. Егер тапсырма нақты бір мерзімге дейін орындалу керек болса, оның аяқталатын мерзімін жобалап қоя салмай, ақылдасып нақты белгілеген дұрыс.

Тапсырманы орындайтын бауырлас қаржы және құрал-саймандармен қамтамасыз етіліп, оған қажетті көмек көрсетілуі тиіс. Бауырласқа қандай тапсырма берілгенін өзгелердің де білгені үлкен көмек болуы мүмкін. Иса “Құдай Патшалығына жол ашатын кілттерді” Петірге өзге елшілердің көзінше тапсырған болатын (Мат. 16:13—19). Сол сияқты белгілі бір тапсырманың кімге жүктелгенін кей жағдайда қауымдағылардың білгені жақсы.

Келесі жайтты да ескергеніміз жөн. Егер біреуге тапсырылған іске себепсіз араласа беретін болсаң, бұл оған “Шын мәнінде мен саған сенбеймін” дегеніңмен бірдей. Әрине, кейде нәтиже біз күткендей болмауы мүмкін. Алайда бауырласқа біраз еркіндік берілсе, оның бойында сенімділік пайда болады және тәжірибе жинақтайды. Еркіндік бергенің тапсырманың қалай орындалып жатқанына немқұрайды қарайтыныңды білдірмейді. Ехоба өзінің Ұлын жарату ісіне қатыстырғанымен, өзі де бірге еңбектенді. Ол шебер жұмысшыға: “Өзімізге рухани жағынан ұқсас адамдарды жаратайық”,— деген (Жар. 1:26). Сол себепті сөзіңмен де, ісіңмен де тапсырманың орындалуына атсалыс және күш салып жатқаны үшін бауырласты мақтап тұр. Жұмыстан қандай нәтиже күтетініңді есіне салып қойғаның, ол үшін көмек болады. Егер іс дұрыс жүрмей жатса, қосымша кеңес беріп, қолдау көрсетуден тартынба. Басты жауапкершілік өзіңнің мойныңда екенін ұмытпа (Лұқа 12:48).

Ақсақалдардың жауапкершіліктерімен бөлісіп, шынайы ықылас білдіргендері бауырластарға пайдасын тигізуде. Сол себепті барлық ақсақалдар Ехобаға еліктеп, жауапкершіліктерімен бөлісу қажеттілігін түсінулері және оны қалай істеуді үйренулері керек.

[29-беттегі қоршау]

ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН БӨЛІСУ ДЕГЕНІМІЗ

• тапсырманы орындаудан келетін қуанышпен бөлісу

• әлдеқайда көп іс атқару

• даналықтың және кішіпейілділіктің белгісі

• өзгелерді үйрету

• өзгелерге сенім артатынымызды көрсету

[30-беттегі қоршау]

БӨЛІСУДІҢ ЖОЛДАРЫ

• тапсырманы орындауға лайықты бауырластарды таңдау

• тапсырманы анық етіп түсіндіру

• қандай нәтиже күтілетінін нақтылап айту

• қажетінше көмек беру

• тапсырма жайлы ойлау және сенім артатынымызды көрсету

• басты жауапкершілікті өз мойнымызға алу

[31-беттегі суреттер]

Жауапкершілікпен бөлісу дегеніміз — тапсырма беріп, оның қалай орындалып жатқанын қадағалау

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу