Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w20 тамыз 8—13 бет.
  • Кішіпейіл де қарапайым болыңыз

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Кішіпейіл де қарапайым болыңыз
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2020
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ЕХОБАДАН ҮЙРЕНЕРІМІЗ
  • ӨЗГЕЛЕРДЕН ҮЙРЕНЕРІМІЗ
  • КІШІПЕЙІЛДІЛІК ПЕН ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚТЫҢ ПАЙДАСЫ
  • Қарапайымдылық өз құнын жоғалтқан жоқ
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2017
  • Сыналғанда қарапайымдылық сақтайық
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2017
  • “Қарапайымдарда даналық бар”
    2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Ехоба салтанатты ұлылығын кішіпейілдерге ашады
    2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2020
w20 тамыз 8—13 бет.

32-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Кішіпейіл де қарапайым болыңыз

“Құдайыңның жолында қарапайым болып жүр” (МИХА 6:8).

31-ӘН Құдаймен бірге жүргейсің!

АҢДАТПАa

1. Ехобаның кішіпейілділігі жайлы Дәуіт не деген?

ЕХОБАНЫ кішіпейіл деп сенімділікпен айта аламыз ба? Әрине, айта аламыз. Дәуіт бірде: “Сен мені қалқан боп құтқарасың, Кішіпейілділігің мерейімді өсіреді”,— деген (Сам. 2-ж. 22:36; Зәб. 18:35). Дәуіт осы сөздерді айтқан кезде, әкесінің үйіне Исраилдің болашақ патшасын тағайындау үшін Самуил пайғамбар келген кезді ойда тұтса керек. Дәуіт сегіз ұлдың кенжесі болса да, Ехоба оны Саул патшаның орнына патша етіп таңдады (Сам. 1-ж. 16:1, 10—13).

2. Бұл мақалада біз не қарастырамыз?

2 Дәуіт патша зәбүр жыршысының Ехоба жайлы сезімге толы мына сөздерімен сөзсіз келісер еді: “Ол көк пен жерге қарау үшін еңкейіп, Бейшараны топырақтан тұрғызады. Кедейді... көтеріп алып,.. беделділермен бірге отырғызады” (Зәб. 113:6—8). Бұл мақалада біз алдымен Ехоба кішіпейілділік танытқан жағдайларды қарастырып, бұдан қандай маңызды сабақ алатынымызды көреміз. Сосын Саул патшадан, Даниял пайғамбардан және Исадан қарапайымдылық қасиетіне қатысты не үйренетінімізді талқылаймыз.

ЕХОБАДАН ҮЙРЕНЕРІМІЗ

3. Ехоба бізге қалай қарайды және бұл нені дәлелдейді?

3 Ехобаның кемелсіз адамдарға қалай қарайтыны оның кішіпейіл екенін дәлелдейді. Ол бізді ғибадат етушілер деп қана емес, достары деп те қарастырады (Зәб. 25:14). Өзімен дос болуды мүмкін ету үшін, Ехоба бірінші болып әрекет жасап, біздің күнәларымыз үшін өз Ұлын құрбан етті. Неткен мейірімділік, неткен жанашырлық десеңізші!

4. Ехоба бізге не берді және неге?

4 Ехобаның кішіпейіл екенін көрсететін тағы бір жайтқа назар аударайық. Ехоба бізді қалай өмір сүретінімізді өзіміз таңдай алатындай етіп жаратты. Оның бұлай етпеуіне де болар еді. Бірақ Ехоба бізді өзіне ұқсас етіп жаратты және бізге таңдау еркін берді. Ехобаның қасында қаншалықты кіші әрі дәрменсіз болсақ та, біздің қандай шешім қабылдайтынымыз ол үшін маңызды. Ол біздің оған бар жүрегімізбен қызмет еткенімізді қалайды және мұны оны сүйгендіктен әрі оған мойынсұну өзіміз үшін пайдалы екенін түсінгендіктен істесе екен дейді (Мұс. 5-ж. 10:12; Ишая 48:17, 18). Ехобаның осындай кішіпейіл болғаны үшін қаншалықты ризамыз десеңізші!

Иса көкте тұр. Оның қасында онымен бірге билік ететіндер тұр. Олар сансыз көп періштелерге қарап тұр. Періштелердің кейбірі тапсырмаларын орындау үшін жерге қарай ұшып бара жатыр.

Исаның көкте тұрғаны суреттелген. Оның қасында онымен бірге билік ететіндер тұр. Олар сансыз көп періштелерге қарап тұр. Періштелердің кейбірі тапсырмаларын орындау үшін жерге қарай ұшып бара жатыр. Ехоба осы суретте бейнеленгендердің бәрімен өз билігін бөліскен (5-абзацты қараңыз)

5. Ехоба бізді кішіпейіл болуға қалай үйретіп жатыр? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

5 Ехобаның бізге қалай қарайтыны бізді кішіпейілділікке үйретеді. Ол әлемдегі ең дана Тұлға болса да, өзгелермен қызметтесуге және олардың ұсыныстарын қабылдауға дайын. Мысалы, ол күллі жаратылыстарды жаратқан кезде, Ұлы оған қолғабыс еткен (Нақ. с. 8:27—30; Қол. 1:15, 16). Сондай-ақ Ехоба құдіретті Құдай болса да, өзгелермен билігін бөліседі. Мысалы, ол Исаны Патшалықтың Патшасы етіп тағайындады және онымен бірге билік ететін 144 000 адамға да біршама билік берді (Лұқа 12:32). Әрине, Ехоба Исаны Патша әрі Бас діни қызметкер болуға дайындады (Евр. 5:8, 9). Ол Исамен бірге билік ететіндерге де қызметтерін қалай атқаруды үйретеді. Бірақ ол тапсырмаларын қалай атқарып жатыр деп олардың әр қадамын қадағалап отырмайды. Қайта, оның еркіне сай әрекет ететіндеріне сенеді (Аян 5:10).

Коллаж: Ақсақал міндеттерін жас ер бауырласпен бөлісіп жатыр. 1. Ақсақал картаның көмегімен жас ер бауырласқа қауымның аумағымен байланысты істерді қалай атқаруды үйретіп жатыр. 2. Сол жас ер бауырлас қауымдағы басқа бір ер бауырласқа учаскені қалай қолдануды көрсетіп тұр.

Біз өзгелерді үйретіп, міндеттерімізбен бөліссек, Ехобаға еліктегеніміз (6, 7-абзацты қараңыз)b

6, 7. Отағалары, ақсақалдар мен ата-аналар Ехобаға қалай еліктей алады?

6 Ешкімнің көмегіне мұқтаж болмаған көктегі Әкеміздің өзі билігін өзгелермен бөліссе, біз одан бетер солай етуіміз керек емес пе?! Мысалы, сіз отағасы не қауым ақсақалы болсаңыз, Ехобаға еліктеп, міндеттеріңізді өзгелермен бөлісіңіз және олардың әр қадамын қадағалап отырудан аулақ болыңыз. Ехобаға еліктер болсаңыз, жұмысты тындырып қана қоймайсыз, сонымен қатар өзгелерді үйретесіз және олардың өздеріне деген сенімділіктерін арттырасыз (Ишая 41:10). Біршама билігі барлар Ехобадан тағы не нәрсеге үйрене алады?

7 Киелі кітаптан көрінетіндей, Ехоба көктегі рухани ұлдарының пікіріне бейжай қарамайды (Пат. 1-ж. 22:19—22). Ата-аналар, сіздер осы жағынан Ехобаға қалай еліктей аласыздар? Балаңызға қандай да бір тапсырма берерде, орынды болса, оны қалай атқаруға болатынына қатысты оның ойын сұраңыз. Мүмкін болған кездері айтқанына сай әрекет етіңіз.

8. Ехоба Ыбырайым мен Сараға қалай шыдамдылық танытты?

8 Ехобаның шыдамдылығынан да оның кішіпейілділігі көрінеді. Мысалы, қызметшілері оның шешімдеріне күмәнмен қарағанда, ол шыдамдылық танытқан. Содом мен Ғомораны жоюға қатысты шешімі Ыбырайымға дұрыс еместей көрінгенде, Ехоба оны шыдаммен тыңдады (Мұс. 1-ж. 18:22—33). Ехобаның Ыбырайымның әйелі Сараға қалай қарағаны да есіңізде шығар. Сара өзінің қартайған шағында балалы болатынын естіп күлгенде, Ехоба оған ашуланбады (Мұс. 1-ж. 18:10—14). Қайта, Сараға құрметпен қарады.

9. Ата-аналар мен ақсақалдар Ехобадан не үйренсе болады?

9 Ата-аналар мен ақсақалдар, сіздер Ехобадан не үйрене аласыздар? Балаларыңыз не қауымдағы бауырластар шешімдеріңізбен келіспегенде қалай әрекет етесіздер? Бірден оларды түзетіп шығасыздар ма? Әлде олардың ойын түсінуге тырысасыздар ма? Билігі барлар Ехобаға еліктесе, отбасындағылар да, қауымдағылар да бұның зор пайдасын көреді. Сонымен, біз кішіпейілділікке қатысты Ехобадан қандай үлгі алуға болатынын білдік. Ал енді Құдай Сөзінде жазылған кейбір адамдардың мысалынан қарапайымдылыққа қатысты не үйрене алатынымызды көрейік.

ӨЗГЕЛЕРДЕН ҮЙРЕНЕРІМІЗ

10. Бізді үйрету үшін Ехоба өзгелердің оқиғасын қалай қолданады?

10 “Ұлы Тәлімгеріміз” Ехоба бізді үйрету үшін Киелі кітапқа көптеген адамдардың оқиғаларын жаздырған (Ишая 30:20, 21). Қарапайымдылық сияқты Құдайға ұнамды қасиеттер танытқан адамдардың оқиғаларынан көп нәрсеге үйрене аламыз. Сондай-ақ игі қасиеттер танытпағандар да біз үшін сабақ бола алады (Зәб. 37:37; Қор. 1-х. 10:11).

11. Саулдың оқиғасынан қандай сабақ аламыз?

11 Саул патшаның оқиғасын еске алайықшы. Саул басында өзінің шама-шарқын білетін қарапайым жігіт еді, тіпті ол қосымша жауапкершілік алудан тартынатын (Сам. 1-ж. 9:21; 10:20—22). Бірақ ол патша болғаннан кейін көп ұзамай көкірек керіп, құзырына кірмейтін істерге қол сұға бастады. Бірде оның Самуил пайғамбарды күтуге шыдамы жетпеді. Қарапайымдылық танытып, Ехобаның өз халқы үшін әрекет ететініне сенудің орнына, ол ешқандай құқы болмаса да, құрбандықты өзі шалды. Осының кесірінен Саул Ехобаның ықыласынан айырылып, ақыр соңында патшалығын да жоғалтты (Сам. 1-ж. 13:8—14). Ескерту болып табылатын осы оқиғадан сабақ алып, құзырымызға кірмейтін істерге қол сұқпасақ, дана екенімізді көрсетеміз.

12. Даниял қалай қарапайымдылық танытты?

12 Енді Саул патшаға мүлдем ұқсамаған Даниял пайғамбардың үлгісін қарастырайық. Даниял өмір бойы Құдайға кішіпейілділікпен әрі қарапайымдылықпен қызмет еткен. Ол бағыт-бағдарды әрдайым Ехобадан іздеген. Мысалы, Ехоба оны Навуходоносордың түсін жору үшін қолданғанда, ол бүкіл атақ-даңқты өзіне емес, Ехобаға жаудырды (Дан. 2:26—28). Бұдан біз не үйренеміз? Егер бауырластар баяндамаларымызды тыңдауды ұнатса не қызметте біраз жетістікке жеткен болсақ, біз де бүкіл атақ-даңқты Ехобаға арнауымыз керек. Қарапайымдылық танытып, бұл істерді Ехобаның көмегінсіз атқара алмайтынымызды мойындауымыз қажет (Філіп. 4:13). Осындай көзқарас танытар болсақ, Исаның тамаша үлгісіне еліктейміз.

13. Жохан 5:19, 30-дағы Исаның сөздерінен қарапайымдылыққа қатысты не үйренеміз?

13 Иса Құдайдың кемелді Ұлы болса да, Ехобаға тәуелді болды (Жохан 5:19, 30 оқыңыз). Ол көктегі Әкесінен билікті тартып алуды ешқашан ойламаған. Філіпіліктерге 2:6-да айтылғандай, Иса “оның дәрежесіне қол сұғуды, яғни онымен тең болуды ойлаған жоқ”. Мойынсұнғыш Ұл ретінде Иса өз шама-шарқының шегін білген және Әкесінің билігін құрметтеген.

Иса Жақып пен Жоханның анасымен сөйлесіп отыр. Ар жағында Жақып пен Жохан ағаштың артынан қарап тұр.

Иса өз билігінің шектеулі екенін мойындаған (14-абзацты қараңыз)

14. Өзгелер Исаның құзырына кірмейтін нәрсені өтінгенде, ол қалай әрекет етті?

14 Жақып пен Жохан анасымен бірге Исадан оның құзырына кірмейтін нәрсені өтінген кезде, Исаның қалай әрекет еткенін қарастырайық. Ол еш кідірместен Патшалықта оның оң жағы мен сол жағында кім отыратынын көктегі Әкесі ғана шешетінін айтты (Мат. 20:20—23). Иса өзінің құзырының шектеулі екенін мойындаған. Осылайша қарапайымдылық танытқан. Ол ешқашан Ехобаның айтқанынан асып, өздігінен бірдеңе істемеген (Жох. 12:49). Біз Исаның үлгісіне қалай еліктей аламыз?

Қолына тойға шақыру қағазын ұстаған әйел бауырлас Патшалық сарайында ақсақалмен сөйлесіп тұр. Ақсақал оған Киелі кітаптан кейбір принциптерді көрсетіп жатыр.

Қарапайымдылық таныту жағынан Исаға қалай еліктей аламыз? (15, 16-абзацты қараңыз)c

15, 16. Қорынттықтарға 1-хат 4:6-дағы кеңесті қалай қолдансақ болады?

15 Қорынттықтарға 1-хат 4:6-дағы кеңесті орындасақ, Исаның қарапайымдылығына еліктегеніміз. Онда: “Жазылғандарды ғана ұстаныңдар”,— делінген. Біреу бізден кеңес сұрағанда, біз өз пікірімізді не ойымызға бірінші келген нәрсені айтудан аулақ болуымыз керек. Оның орнына, кеңесті Киелі кітапқа не әдебиеттерімізге негіздеп беруіміз қажет. Осылай біз шама-шарқымызды ескеріп, барлық нәрсені біле бермейтінімізді мойындаймыз. Біз қарапайымдылық танытып, Құдіреті шексіз Құдайдың “әділ жарлықтарына” сенім артамыз (Аян 15:3, 4).

16 Қарапайымдылық танытсақ, мұның Ехобаға даңқ әкелумен қатар басқа да пайдасын көреміз. Қазір кішіпейілділік пен қарапайымдылықтың бізді қалай қуанышқа кенелтетінін және қалай өзгелермен жақсы қарым-қатынаста болуға көмектесетінін көрейік.

КІШІПЕЙІЛДІЛІК ПЕН ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚТЫҢ ПАЙДАСЫ

17. Неге кішіпейілділік пен қарапайымдылық қуанышқа бөлейді?

17 Кішіпейіл де қарапайым болсақ, әлдеқайда қуанышты боламыз. Неге? Шама-шарқымыздың шектеулі екенін мойындасақ, өзгелердің берген кез келген көмегіне риза боламыз. Мысалы, Иса он адамды алапестен сауықтырған оқиғаны алайық. Олардың біреуі ғана сұмдық ауруынан айыққаны үшін Исаға ризашылық білдірді. Иса болмағанда, ол бұл аурудан өз күшімен айыға алмас еді. Бұл кішіпейіл де қарапайым кісі өзіне көрсетілген көмекке қатты риза болды және бұл үшін Құдайды мадақтады (Лұқа 17:11—19).

18. Кішіпейілділік пен қарапайымдылық өзгелермен жақсы қарым-қатынаста болуға қалай көмектеседі? (Римдіктерге 12:10).

18 Кішіпейіл де қарапайым адамдардың өзгелермен қарым-қатынастары жақсы болады, әрі олардың жақын достары көп болады. Неліктен? Олар өзгелердің жақсы қасиеттері бар екенін қуанышпен мойындайды және оларға сенім артады. Кішіпейіл де қарапайым адамдар өзгелер қандай да бір қызметке тағайындалса және сол қызметте жетістікке жетіп жатса, олар үшін қуанады, әрі мақтауға және құрметтеуге асық болады (Римдіктерге 12:10 оқыңыз).

19. Неге біздің көкіректіктен аулақ болғанымыз жөн?

19 Ал көкірек адамдарға, керісінше, өзгелерді мақтау қиын. Олар тек өздерін мақтай берсе екен дейді. Олар өздерін өзгелермен салыстыруға және бақталасуға бейім келеді. Көкірек адамдар басқаларды үйретіп, міндеттермен бөлісудің орнына, “бір нәрсенің дұрыс істелгенін қаласаң, онда оны өзің істеуің керек” деп жатады. Көкірек адам жиі атаққұмар, қызғаншақ келеді (Ғал. 5:26). Жиі ондай адамның жан достары болмайды. Бойымызда көкіректік бар екенін байқасақ, бұл қасиет жүрегімізге терең тамыр жайып кетпес үшін, Ехобаға талмай жалбарынып, “ой-санамызды жаңартуға” көмектесуін сұрауымыз керек (Рим. 12:2).

20. Неге біз кішіпейіл де қарапайым болуымыз керек?

20 Ехобаның бізге көрсетіп жатқан үлгісі үшін алғысымыз шексіз! Оның өз қызметшілеріне қалай қарайтынынан кішіпейілділігін көрдік. Біз де оған ұқсағымыз келеді. Сондай-ақ Ехобаға қарапайымдылықпен қызмет еткен адамдардың үлгісіне де еліктегіміз келеді. Ехобаға әрдайым құрмет пен даңқты жаудыра берейік, өйткені ол бұған әбден лайық! (Аян 4:11). Сонда көктегі Әкеміз Ехобамен мәңгілік бойы дос бола аламыз. Өйткені ол кішіпейіл де қарапайым адамдарды жақсы көреді.

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Ехобаның билікті өзгелермен бөліскенінен не үйренеміз?

  • Неліктен Иса біз үшін тамаша үлгі?

  • Кішіпейіл де қарапайым болудың пайдасы қандай?

123-ӘН Құдай орнатқан тәртіпке бағынайық

a Кішіпейіл адам мейірімді де жанашыр болады. Сондықтан да Ехобаны кішіпейіл деп сенімділікпен айта аламыз. Бұл мақалада біз Ехобадан кішіпейіл болуды үйренеміз. Сондай-ақ Саул патшадан, Даниял пайғамбардан және Исадан қарапайымдылыққа қатысты не үйренетінімізді көреміз.

b СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Ақсақал арнайы уақыт бөліп, жас ер бауырласқа қауымның аумағымен байланысты істерді қалай атқаруды үйретіп жатыр. Кейін ақсақал ер бауырластың әрбір қадамын қадағаламай, оған бұл істі өзіне атқаруға мүмкіндік беріп жатыр.

c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Әйел бауырлас ақсақалдан шіркеуде өтетін үйлену тойына бару-бармауға қатысты кеңес сұрап жатыр. Ақсақал оған өз пікірін айта салмай, Киелі кітаптағы принциптерді көрсетіп жатыр.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу