Оқырман сауалдары
Иса бүкіл елді аралап уағыз айтқан болса да, неге елші Петір яһудилер мен олардың басшылары Исаны ‘білместікпен’ өлтірді деген? (Ел. іс. 3:17).
Елші Петір жиналған яһудилердің Исаның өліміне қатысы барын айтқаннан кейін оларға: “Сендер де, басшыларың да білместік істегендеріңді білемін”,— деген (Ел. іс. 3:14—17). Кейбір яһудилер Исаның Мәсіх екенін және оның ілімдерін түсінбеген болса керек. Ал басқаларының рухани жайттарды білмеуіне Құдайға ұнамды болғысы келмегендіктері, қалыптасқан бұрыс көзқарастары және күншілдік, жеккөрушілік сияқты жаман қасиеттері себеп болған.
Көп адамның Ехобаға ұнамды болғысы келмегендері Исаның ілімдері жайлы көзқарастарына қалай әсер еткенін қарастырайық. Иса жиі астарлы әңгімелермен тәлім беріп, көбірек білгісі келетіндердің бәріне олардың мәнін түсіндірген. Бірақ кейбіреулер түсінуге тырыспайтын, тіпті тыңдағылары келмей кетіп қалатын. Кейбір шәкірттерінің өзі Исаның бейнелі сөздерін қабылдай алмай, наразылық білдірген (Жох. 6:52—66). Мұндай адамдар Исаның астарлы әңгімелері өздерін әшкерелеп тұрғанын ұқпады, себебі олар ой қалыптары мен іс-әрекеттерін өзгертуді қаламаған еді (Ишая 6:9, 10; 44:18; Мат. 13:10—15). Сондай-ақ олар Мәсіхтің астарлы әңгімелер қолданып тәлім беретіні жайлы пайғамбарлықты елемеген (Заб. 77:2).
Кейбіреулер Исаның ілімдерін қалыптасқан бұрыс көзқарастарының кесірінен қабылдамады. Иса өскен қаласы Назареттегі мәжілісханада тәлім бергенде, адамдар ‘қатты таңданған’ болатын. Алайда олар Исаны Мәсіх ретінде қабылдаудың орнына, оның шыққан ортасы жайлы сұрақтар қоя бастады: “Мұның бәрі Бұған қайдан біткен?.. Өзі тек ағаш ұстасы, Мәриямның ұлы, Жақып, Жүсіп, Яһуда, Шимондардың ағасы емес пе? Қарындастары осында арамызда тұрады ғой” (Мар. 6:1—3). Иса қарапайым отбасында тәрбиеленгендіктен, назареттіктер оның айтқандарын маңызсыз деп есептеді.
Дінбасылары Исаның айтқандарын неге тыңдамады? Жоғарыда айтылған жайттар олардың да көпшілігіне әсер еткен (Жох. 7:47—52). Сондай-ақ олар халықтың Исаның соңынан ергенін көре алмағандықтан оның хабарына құлақ аспаған (Мар. 15:10). Елдің беделді адамдары болса Исаны өздерінің екіжүзділігі мен арамдығын әшкерелегені үшін жақтырмады (Мат. 23:13—36). Сондықтан әдейі білгілері келмегені үшін Иса оларды орынды түрде айыптап: “Таурат заңын үйретуші ғұламалар, қасіретке қаласыңдар! Сендер құтқарылу туралы білімнің кілтін тартып алдыңдар; өздерің де кірмедіңдер, кіргісі келгендерге де кедергі жасадыңдар!”— деді (Лұқа 11:37—52).
Иса үш жарым жыл бойы елді аралап, ізгі хабарды уағыздады. Сондай-ақ ол көп адамды уағыз айтуға үйретті (Лұқа 9:1, 2; 10:1, 16, 17). Иса мен шәкірттерінің уағызы нәтижелі болғаны сонша, парызшылдар: “Көріп тұрсыңдар ғой... жұрттың бәрі Оның соңына еріп кетті!”— деп күңкілдеген (Жох. 12:19). Демек, яһудилердің көпшілігі Исаның Мәсіх екенін біле алмады емес, әдейі білгілері келмеген. Олар Мәсіхті жақыннан танып, жақсы көрулеріне болар еді, бірақ олай етпеді. Тіпті кейбірі оны өлтірген адамдардың сыбайласы болды. Сондықтан елші Петір көп адамды: “Теріс жолдан қайтыңдар! Сонда Құдай Ие күнәларыңды кешіріп, сендерге рухтарыңды жаңғыртатын мезгілді беріп, алдын ала тағайындаған Мәсіх Исаны жібереді”,— деп шақырған (Ел. іс. 3:19, 20). Мыңдаған яһудилер, діни қызметкерлердің үлкен бір тобы да, Мәсіх туралы ізгі хабарға құлақ аса бастады. Нәтижесінде, олар білместікпен әрекет етуді доғарып, күнәларына өкінді әрі Құдайдың ықыласына ие болды (Ел. іс. 2:41; 4:4; 5:14; 6:7).