Салтбасты мәсіхші өз өмірін мағыналы әрі қуанышты ете алады
ЕРТЕГІЛЕР жиі “екеуі қосылып, бақытты да баянды өмір сүрді” деген сөздермен аяқталады. Романтикалық фильмдер мен әңгімелер де бақыттың көзі некеде деген ойды қолдап жатады. Сондай-ақ көп ұлттың мәдениетінде ұл-қызды жастайынан үйлендіру қалыптасқан. Жасы жиырманың ортасына келген шағында Дебби былай деген болатын: “Адамдар қыз тек тұрмыс құру үшін жаралған әрі нағыз өмір содан кейін ғана басталады деп ойлауға мәжбүрлейді”.
Рухани адам жағдайды тек ақ пен қараға бөлмейді. Киелі кітаптан үйленгендердің ғана емес, салтбасты ерлер мен әйелдердің де мағыналы өмір сүргенін білеміз. Бүгінде мәсіхшілердің кейбірі салтбасты болуды өздері таңдап жатса, көпшілігі қандай да бір себептермен жалғыз өмір сүруге мәжбүр. Қандай болған күнде де, “Салтбасты мәсіхші өз өмірін қалай мағыналы әрі қуанышты ете алады?” деген маңызды сұрақ туындайды.
Иса үйленбеген, себебі оған аса маңызды іс тапсырылған еді. Ол кейбір ізбасарларының да салтбасты өмірге “дайын” (ЖД) болатындарын айтты (Мат. 19:10—12). Осылайша Иса салтбастылықтан қуаныш алу үшін адам мұндай өмір салтын ақылымен және жан дүниесімен қабылдау керектігін көрсетті.
Исаның кеңесі салтбасты болуды Құдайға алаңсыз қызмет ету үшін таңдаған мәсіхшілерге ғана қатысты ма? (Қор. 1-х. 7:34, 35). Жоқ. Тұрмыс құрғысы келетін, бірақ теңін таппай жүрген бауырластың мысалына көңіл бөлейік. “Жуырда Куәгер емес әріптес жігіт маған сөз айтқан болатын,— дейді отыздан асқан Эна.— Ұсынысы жаныма жаққанымен, сезімімді дереу жүгендедім. Өйткені өзімді Ехобаға жақындата түсетін адаммен ғана тұрмыс құрғым келеді”.
Эна сияқты көптеген әйел бауырластар ‘тек Иемізбен тығыз байланыстағы’ адамға күйеуге шығуды қалағандықтан, Куәгер емес адамға тұрмысқа шығудан бас тартудаa (Қор. 1-х. 7:39; Қор. 2-х. 6:14). Олар Құдайдың кеңесіне құлақ асып, әзірге салтбасты болып қалуға дайын. Бірақ олар өмірлерін қалай мағыналы әрі қуанышты ете алады?
Жағдайдың жақсы жағын көре білу
Жағдай біз күткендей керемет болмай қалғанда, қиындыққа мойымай, қуаныш сақтау көбіне көзқарасымызға байланысты. “Мен барға қуанып, жоқты армандамай өмір сүремін”,— дейді тұрмысқа шықпаған қырық жастағы Кармен. Рас, кейде жалғыздық сезінуіміз не ұнжырғамыз түсуі мүмкін. Алайда мұндай сезімдермен дүниежүзіндегі бауырластардың көбісі күресіп жатқанын білгеніміз сеніммен алға басуға талпындырады. Оның үстіне, салтбасты бауырластарға мағыналы өмір сүруге және қиындықтарды жеңуге Ехобаның өзі көмектеседі (Пет. 1-х. 5:9, 10).
Салтбасты болудың жақсы жақтарын көре білген мәсіхшілер көп. Мысалы, жасы отыздың бел ортасына келген Эстер былай дейді: “Мен бақытты болудың сыры кез келген жағдайдың жақсы жақтарын көре білуде деп ойлаймын”. Ал Кармен: “Тұрмысқа шықсам да, шықпасам да Патшалықтың мүддесін басты орынға қоятын болсам, Ехоба бар жақсылығын менен аямайтынына сенімдімін,— дейді.— Өмірім дәл өзім жоспарлағандай болмаса да, мен бақыттымын, әрі бақытты бола беремін де” (Заб. 83:12).
Салтбасты болғандардың мысалы
Ефтаның қызы салтбасты болып өтемін деп ойламаған. Алайда әкесінің Құдайға берген анты оған өмір бойы киелі шатырда қызмет ету міндетін жүктеді. Мұндай қызметті ол жоспарламағаны әрі бұл оның табиғи сезіміне қайшы келгені сөзсіз. Ешқашан тұрмысқа шығып, отбасылы болмайтынын түсінгенде, қыз екі ай бойы жылап-сықтайды. Бірақ ол тап болған жағдайдан жалтармады, әрі қалған өмірін бар ықыласпен қызмет етуге арнады. Мұндай жанқиярлық рухы үшін исраилдің қыздары оған жыл сайын барып, жігерлендіріп тұрды (Би. 11:36—40).
Ишаяның заманында кейбір ер адамдардың әтек болып қалғандары жандарына қатты батқан болу керек. Олардың мұндай күйге не себепті ұшырағаны жайлы Киелі кітапта ештеңе айтылмаған. Әтек болғандықтан олар Исраилдің құқылы мүшесі емес еді, әрі үйленіп, балалы-шағалы да бола алмаған (Заң. қ. 23:1). Бірақ Ехоба олардың сезімін түсінген, сондықтан заңға жан-тәндерімен мойынсұнғандары үшін мақтаған. Сондай-ақ оларға ‘ғибадатхананың алаңдарынан орын беріп, мәңгі өшпейтін ат сыйлайтынын’ уәде еткен. Басқаша айтқанда, адалдық танытқан әтек ер адамдардың Иса Мәсіхтің патшалығында мәңгі өмір сүруге деген үміттері берік болған. Ехоба оларды ешқашан ұмытпайды (Ишая 56:3—5).
Ал Еремияның жағдайы мүлдем өзгеше болған. Құдай оны пайғамбар етіп тағайындады. Алайда қиын-қыстау кезеңді және берілген тапсырманың ауырлығын ескеріп оған: “Өзіңе әйел алушы болма, және де мына өлкеде сенің не қызың, не ұлың болмайтын болсын”,— деп бұйырған (Ерм. 16:1—4). Киелі кітапта мұның Еремияға қалай әсер еткені айтылмаған, дегенмен оның Ехобаның сөздерін қуанышпен қабыл алғанын білеміз (Ерм. 15:16). Кейінірек, Иерусалим он сегіз ай бойы қоршауға алынғанда, Еремия Ехобаның бұйрығына мойынсұнып, салтбасты күйі қалғаны даналық болғанын түсінгені сөзсіз (Ерм. з. 4:4, 10).
Өмірді мағыналы етудің жолдары
Жоғарыда айтылған адамдар жалғыз басты болғандарына қарамастан, Ехобаның қолдауына ие болып, жан-тәндерімен қызмет еткен. Бүгінде де маңызды іске атсалысқанымыз өмірімізді мәнді де сәнді етеді. Киелі кітапта ізгі хабарды жариялайтын қыз-келіншектің қалың қолдай көп болатыны жайлы пайғамбарлық айтылған (Заб. 67:12). Осы көпшіліктің арасында мыңдаған салтбасты әйел бауырластар да бар. Олар жемісті қызмет етіп, рухани балаларының қуанышын көруде (Мар. 10:29, 30; Сал. 1-х. 2:7, 8).
Он төрт жылдан бері жалпы ізашар ретінде қызмет етіп келе жатқан Лоли былай дейді: “Ізашар болғаным мақсатымнан ауытқымай өмір сүруге көмектеседі. Салтбасты болсам да, қызу еңбек етіп жүргеннің арқасында жалғыздықты сезінуге уақыт жоқ. Қызметімнің адамдарға пайдасы тиіп жатқанын көріп, күн сайын бекер өмір сүрмедім деген сезімде болам. Бұл маған зор қуаныш сыйлайды”.
Көптеген әйел бауырластар шет тілді үйреніп, сол тілде сөйлейтін адамдарға уағыздау үшін қызмет аясын кеңейтуде. Жоғарыда айтылған Эна француз тілінде сөйлейтіндерге уағыздап жүр. Ол былай дейді: “Мен тұратын қалада шетелдіктер көп. Шет тілді үйренгеннің арқасында олардың көбісімен сөйлесе алатын болдым, әрі уағыздау ісі қызықты бола түсті”.
Салтбасты бауырластардың отбасылық міндеттері аз болғандықтан, қажеттілік көбірек аумақтарға көшіп барып қызмет етуде. Отыздың бел ортасына келген Лидиана былай дейді: “Ехобаға көбірек қызмет еткен сайын, жақын достар табу әрі олардың саған бауыр басуы оңайырақ деп ойлаймын. Менің достарым — түрлі ортадан, ұлттан шыққан адамдар. Солармен араласудың арқасында өмірім мағыналы да қызықты өтіп жатыр”.
Киелі кітапта ізгі хабарды уағыздаушы Філіптің пайғамбарлық сөз айтқан салтбасты төрт қызы болғаны жазылған (Ел. іс. 21:8, 9). Олар да әкелері сыяқты құлшыныспен қызмет етсе керек. Сондай-ақ бұл қыздар Құдай хабарын жеткізу дарындарымен Кесариядағы бауырластарға көп игілік істеген болуы мүмкін (Қор. 1-х. 14:1, 3). Бүгінде де қауым кездесулерінен қалмайтын әрі берген жауаптарымен басқа бауырластарды жігерлендіретін салтбасты әйел бауырластар көп.
Киелі кітапта Філіпідегі алғашқы мәсіхшілердің бірі Лүдия есімді салтбасты немесе жесір болған әйелдің қонақжайлығы мақталады (Ел. іс. 16:14, 15, 40). Ол өте жомарт әйел болғандықтан, Пауыл, Сыйлас және Лұқа сияқты аралаушы бақылаушыларды қонаққа шақырып тұрған. Олармен араласу оның рухани күйіне көп пайдасын тигізген. Қазіргі кезде де жомарттық танытудың мол рухани батасын көруге болады.
Бауырластардың сүйіспеншілігіне бөлену
Пайдалы іспен айналысу өмірді мағыналы етеді. Дегенмен бәріміз де біреудің бізді жақсы көргенін, өзіне жақын тартқанын қалаймыз әрі қажет етеміз. Салтбасты бауырластар осы қажеттілікті қалай қанағаттандыра алады? Алдымен, Ехоба бізді жақсы көретініне, нығайтатынына және тыңдайтынына сенімді болайық. Дәуіт патша кейде жападан-жалғыз қалғандай, жабырқаңқы көңіл күйде болған. Сөйте тұра Ехобаның қолдауына әрдайым арқа сүйей алатынын білген (Заб. 24:16; 54:23). Ол: “Бас тартса менен тіпті әке-шешем, қабылдайды мені Жаратқан Ием”,— деп жазды (Заб. 26:10). Құдай барлық қызметшілерін өзіне тонның ішкі бауындай дос болуға шақырады (Заб. 24:14; Жақ. 2:23; 4:8).
Біз дүниежүзілік бауырластықтың арасында жүріп, рухани әке-шеше мен аға-інілерді, апа-қарындас пен әпке-сіңлілерді таба аламыз. Ал олардың сүйіспеншілігі өмірімізді бақытты етеді (Мат. 19:29; Пет. 1-х. 2:17). Қазіргі кезде де ‘игі істер жасаған’ Табитаның үлгісіне еліктеген салтбасты әйел бауырластар зор қуаныш сезінуде (Ел. іс. 9:36, 39). Лоли былай түсіндірді: “Қай қауымға барсам да, нағыз достар табуға тырысамын. Сені жақсы көретін, ұнжырғаң түскенде қолдайтын достарыңның болғаны жақсы ғой! Өзім де достарымды жақсы көріп, қамдарын ойлау арқылы қарым-қатынасымызды нығайтуға күш саламын. Мен сегіз қауымда қызмет еттім, әрқайсысынан адал достар таба алдым. Олардың көбісі өзімнен үлкен әжелер немесе жасы кіші қыз бауырластар”. Негізінде, сүйіспеншілік пен достыққа мұқтаж бауырластар барлық қауымда бар. Сондықтан оларға шын жүректен көңіл бөлсек, достасып, сүйіспеншіліктеріне бөленеміз, әрі өзіміз де оларға бауыр басамыз (Лұқа 6:38).
Құдай ешқашан ұмытпайды
Киелі кітапта заманның ақыры таяп қалғандықтан мәсіхшілердің бәрі қандай да бір құрбандықтарға бару керектігі айтылған (Қор. 1-х. 7:29—31). Иемізбен тығыз байланыстағы адаммен некеге тұру қажет деген Құдайдың бұйрығына мойынсұнғандықтан салтбасты болып жүрген бауырластар ерекше құрмет пен қамқорлыққа лайық (Мат. 19:12). Алайда мұндай құрбандықтарға барғандары олардың мағыналы әрі қуанышты өмір сүрулеріне кедергі емес.
“Ехобамен қарым-қатынасым жақын болғандықтан және оған қызмет етіп жүргендіктен өмірім қуанышқа толы,— дейді Лидиана.— Отбасын құрып бақытты болғандарды да, керісінше бақытсыз өмір кешіп жатқандарды да білемін. Бұл шындық өмірде бақытты болуым тұрмысқа шығуға байланысты емес екеніне көзімді жеткізді”. Иса бақытты болу үшін өзгеге беру мен қызмет ету керек деген. Ал бұл — барлық мәсіхшілердің қолынан келетін іс (Жох. 13:14—17; Ел. іс. 20:35).
Еркін орындау үшін қандай құрбандыққа барсақ та, Ехобаның бізге жар болатынын білеміз. Бұл — өзімізді бақытты сезінуіміздің басты себебі. Киелі кітап бізді: “Құдай әділетсіз емес. Ол жасаған игі істеріңді... өзіне көрсеткен сүйіспеншіліктеріңді ешқашан есінен шығармайды”,— деп сендіреді (Евр. 6:10).
[Сілтеме]
a Мұнда әйел бауырластар жайлы айтылғанымен, берілген кеңестер ер бауырластарға да қатысты.
[25-беттегі сөздер
“Мен барға қуанып, жоқты армандамай өмір сүремін.” (Кармен)
[26-беттегі сурет]
Лоли мен Лидиана қажеттілік көбірек аймақтарда қызмет етеді
[27-беттегі сурет]
Құдай қызметшілерінің бәрін өзіне жақындауға шақырады