Адал үй басқарушы және оның Басқарушы кеңесі
“Қызметшілерінің үстінен қараушы етіп, ас-суларын уақтылы беруге қожайыны тағайындаған ақылды, адал үй басқарушы кім?” (ЛҰҚА 12:42 ЖД).
1, 2. Ақыр заманның белгісін айтып жатып Иса қандай сұрақ қойды?
ИСА ақыр заманның белгісін білдіретін оқиғаларды айтып жатып, тыңдаушыларына: “Үй ішіндегілерге ас-суды уақтылы беру үшін, қожайыны қараушы етіп тағайындаған адал да ақылды құл кім?”— деген сұрақ қойды. Сосын, Қожайын осы құлды адалдығы үшін бүкіл меншігінің үстінен қараушы етіп тағайындайтынын айтты (Мат. 24:45 ЖД, 46, 47).
2 Дәл осы сұрақты Иса бірнеше ай бұрын да қойған болатын (Лұқа 12:42 ЖД, 43, 44 оқы). Бірақ сол жолы “құлды” “үй басқарушы”, ал “үй ішіндегілерін” “қызметшілер” деп атады. Үй басқарушы қызметшілердің үстінен қарап, үй шаруасын жүргізеді, бірақ өзі де қызметші болып табылады. “Құл” немесе “үй басқарушы” деген кім, әрі ол уақтылы ас-суды қалай береді? Бұл сұрақтың жауабын білгеніміз бүгінде рухани ас-су беріліп жатқан арнаны мойындауымыз үшін маңызды.
3. а) Мәсіхші әлеміндегілер Исаның “құл” туралы айтқан сөздерін қалай түсіндіреді? ә) “Үй басқарушы” не “құл” деген кімдер, ал “үй ішіндегілер” не “қызметшілер” деген кімдер?
3 Мәсіхші әлеміндегілер Исаның бұл сөздері мәсіхшілік делініп жүрген түрлі діннің лауазымды адамдарына қатысты деп түсіндіреді. Алайда мысалдағы “қожайын”, яғни Иса, түрлі ағымдағы көп құлды емес, бүкіл меншігіне қараушы етіп бір ғана “құлды” не “үй басқарушыны” тағайындайтынын айтқан. Сондықтан “үй басқарушы” деген бір дене немесе топ ретінде қарастырылған майланған мәсіхшілерді, яғни “кішкентай қораны” білдіруі керек. Бұл жайт осы журналда жиі түсіндіріледі. Иса үй басқарушы жайлы айтқан мысалының алдында ғана осы “кішкентай қора” жайлы айтып кеткен болатын (Лұқа 12:32). “Үй ішіндегілер” не “қызметшілер” де “кішкентай қораға” жататын майланғандар, бірақ бұл сөздер олардың жеке алып қарастырғандағы рөлдеріне нұсқайды. Сонда құл табының әрбір мүшесі уақтылы рухани ас-су беруге қатыса ма? Бұл сұрақтың жауабын алу үшін Жазбаларда не айтылғанын мұқият зерттейік.
Ехобаның ежелгі қызметшісі
4. Ехоба бүкіл Исраил халқын кім деп қарастырды және ескеретін қандай маңызды жайт бар?
4 Ехоба ежелгі Исраил халқын тұтас бір қызметші ретінде қарастырып, былай деген: “Сендер [көпше түрде] Мен туралы шындықты паш етуге тиіссіңдер, ей, Исраил халқы... таңдап алған қызметшімсіңдер [түпнұсқада жекеше түрде “қызметшімсің”]” (Ишая 43:10). Әрбір исраилдік біртұтас қызметшінің құрамына кірген. Алайда ескеретін бір жайт, халыққа тәлім беру міндеті тек діни қызметкерлер мен діни қызмет атқармайтын леуіліктерге жүктелген еді (Шеж. 2-ж. 35:3; Малх. 2:7).
5. Иса қандай өзгерістің болғанын айтты?
5 Исраил халқы Иса айтқан құл ма еді? Жоқ. Өйткені Иса Яһудилерге: “Құдай өз Патшалығын сендерден тартып алып, басқа бір халыққа тапсырмақ!”— деген (Мат. 21:43). Осыдан жағдайдың өзгергенін және Ехоба жаңа халықты қолданбақ болғанын анық көреміз. Бірақ рухани тәлім беруде Исаның мысалындағы құл Құдайдың “қызметшісі” болған ежелгі Исраилдің үлгісі бойынша әрекет етеді.
Адал құлдың пайда болуы
6. Б. з. 33 жылы Алғашқы өнім мейрамында қандай халық пайда болды және ол кімдерден құралды?
6 Жаңа халық “Құдайдың рухани Исраил халқы” деп аталды (Ғал. 6:16; Рим. 2:28, 29; 9:6). Ол б. з. 33 жылы Алғашқы өнім мейрамында киелі рух төгілген кезде пайда болды. Сондықтан киелі рухпен майланған мәсіхшілердің бәрі жаңа халықты құрады және сол уақыттан бастап Қожайындары Иса тағайындаған құл табы ретінде қызмет етті. Олардың әрқайсысына ізгі хабарды уағыздап, шәкірт дайындау тапсырылды (Мат. 28:19, 20). Ал уақтылы рухани ас-су беру ісіне осы топтың әрбір мүшесі қатысқан ба? Бұл сұраққа Жазбалар қалай жауап беретінін қарастырайық.
7. Бастапқыда елшілердің негізгі ісі қандай болған, кейінірек қандай міндет жүктелді?
7 Иса он екі шәкіртін елші етіп тағайындап, ізгі хабарды жариялауға жіберген кезде, бұл олардың негізгі қызметі болатын (Марқа 3:13—15 оқы). Осы тапсырма елші деп аударылған грек сөзінің мағынасына сай еді, бұл сөз “жіберу” деген етістіктен шыққан. Кейіннен мәсіхшілер қауымы құрылғанда, елшілерге “бақылаушылық міндеті” де жүктелді (Ел. іс. 1:20 ЖД, 21—26).
8, 9. а) Он екі елшінің басты жауапкершілігі қандай болды? ә) Басқарушы кеңестің растауымен тағы кімдерге қосымша жауапкершілік берілді?
8 Он екі елшінің басты жауапкершілігі қандай болған? Жауабын Алғашқы өнім мейрамынан кейінгі оқиғадан көреміз. Сенушілердің арасында күнделікті тамақты үлестіруге қатысты реніш туындағанда, он екі елші қауымды жинап, оларға: “Егер біз Құдай сөзін уағыздау қызметіне салғырт қарап, дастарқан жасаумен айналыссақ, бұл дұрыс болмас еді”,— деген (Елшілердің істері 6:1—6 оқы). Кейін елшілер ‘[Құдай] сөзін уағыздап, тәлім беру қызметін’ жалғастыра беру үшін, ‘дастарқан жасау міндетін’ таңдап алған рухани толысқан ер адамдарға жүктеді. Бұл шешімге Ехоба батасын бергендіктен, “Құдай сөзі кеңінен тарап, Иерусалимде Мәсіх жолын қуушылардың саны көбейе берді” (Ел. іс. 6:7). Бұдан елшілерге жүктелген басты жауапкершілік қауымға рухани ас-су беру болғанын білеміз (Ел. іс. 2:42).
9 Уақыт өте келе басқалар да жауапты міндетке тағайындалды. Антақиядағы қауым киелі рухтың басшылығымен Пауыл мен Барнабаны миссионерлік сапарға жіберді. Олар он екі елшінің қатарына кірмесе де, “елшілер” деп есептелді (Ел. іс. 13:1—3; 14:14 ЖД). Кейінірек Иерусалимдегі басқарушы кеңес оларды елші ретінде тағайындалғанын растады (Ғал. 2:7—10). Көп ұзамай Пауыл рухани ас-су беруге қатысып, киелі рухтың жетелеуімен алғашқы хатын жазды.
10. Бірінші ғасырда рухани ас-су дайындауға майланған мәсіхшілердің бәрі қатысты ма? Түсіндір.
10 Киелі рухпен майланған мәсіхшілердің бәрі бірдей уағыздау ісін бақылауға және рухани ас-су дайындауға қатысты ма? Жоқ. Себебі елші Пауыл: “Бәрі бірдей елші, Құдайдың хабарын жеткізуші ұстаз немесе керемет істер жасаушы ма?”— деген (Қор. 1-х. 12:29). Майланған мәсіхшілердің бәрі уағыздағанымен, олардың сегізі ғана 27 кітаптан тұратын Мәсіхшілердің грек жазбаларын жазуға қатысқан.
Қазіргі кездегі адал құл
11. Құл қандай “меншікке” қараушы болып тағайындалған?
11 Исаның Матай 24:45-те жазылған сөздерінен адал да ақылды құлдың ақыр заман кезінде де өмір сүретінін анық көруге болады. Аян 12:17-де олар әйелдің “өзге ұрпақтары” ретінде бейнеленген. Топ ретінде бұл тамтық Патша Мәсіхтің жердегі меншігіне қараушы етіп тағайындалған. Бұл “меншікке” Қожайынның жердегі мүддесі, мысалы Патшалықтың азаматтары және ізгі хабарды уағыздауға қолданылып жатқан дүние-мүлік жатады.
12, 13. Мәсіхшілер көкке шақырылғандарын қалай біледі?
12 Мәсіхші өзінің көкте өмір сүруге үміті бар екенін және майланғандардың жердегі тамтығына жататынын қалай біледі? Жауабын Пауылдың көктегі өмірге үміттенген бауырластарына жазған сөздерінен білеміз: “Құдай Рухының жетелеуімен жүретіндер — Құдайдың рухани балалары. Сендер өздеріңді құл етіп, қайтадан қорқытып жүретін рухты емес, Тәңірдің рухани баласы еткен Киелі Рухты қабылдадыңдар. Ол арқылы біз Тәңір Иеге сиынғанда “Әке, Әке!” деп шақырамыз. Киелі Рух Құдайдың рухани баласы екенімізді өз рухымызға растайды” (Рим. 8:14—16).
13 Қарапайым сөзбен айтқанда, бұл қызметшілердің әрқайсысын Құдай киелі рухымен майлап, көкке ‘шақырды’ (Евр. 3:1). Ал олар Құдайдың рухани балалары болу мүмкіндігін еш күмәнданбай, қорықпай бірден қабыл алды (Жоханның 1-хаты 2:20, 21 оқы). Демек, мұндай үмітті таңдаған өздері емес, ‘таңбасын басқан’, яғни киелі рухын төккен Ехобаның өзі (Қор. 2-х. 1:21, 22; Пет. 1-х. 1:3, 4).
Дұрыс көзқарас
14. Майланғандар көкке шақырылғандарын қалай қабылдайды?
14 Майланғандар көкке шақырылғандарын қалай қабылдау керек? Олар көкке шақыру алғанымен, мұның әлі шақыру ғана екенін жақсы түсінеді. Көктегі сыйларын алу үшін олар өлімге дейін адалдық сақтауға тиіс. Сондықтан олар кішіпейілділікпен Пауылдікіндей көзқарасты ұстанады. Ол былай деген: “Бауырластар, мен бұл мақсатқа жеттім деп санамаймын, істеп жүргенім бір-ақ нәрсе: өткен нәрселерді ескермей, алдымдағы бәйгеге [сыйға] қарай жан сала жүгіріп, Құдайдың сыйына — Оның Мәсіх Иса арқылы шақырған көктегі өміріне ие болу үшін көздеген мақсатты қуып келемін” (Філіп. 3:13, 14). Майланғандар ‘Құдайды терең қастерлей’ отырып, алған ‘шақыруына лайық өмір сүруге, барлық жағдайларда кішіпейіл болуға’ барынша ұмтылады (Ефес. 4:1, 2; Філіп. 2:12; Сал. 1-х. 2:12).
15. Мәсіхшілер Еске алу кешінде рәміздерден дәм татқандарға қалай қарау керек және майланғандар өздеріне қалай қарайды?
15 Өзге мәсіхшілер болса Еске алу кешінде рәміздерден дәм татып, өзін майланған мәсіхші ретінде білдірген адамға қалай қараулары керек? Оған қатысты ешқандай тұжырым жасамауы керек. Өйткені бұл — тек сол адам мен Ехобаның арасындағы мәселе (Рим. 14:12). Алайда нағыз майланған мәсіхшілер өздеріне ерекше көңіл бөлгенді талап етпейді. Олар киелі рухпен майланғанның арқасында ерекше, тіпті “үлкен тобырдың” кейбір тәжірибелі мүшелерінен де артық түсінікке ие болдық деп есептемейді (Аян 7:9). “Басқа қойларға” қарағанда киелі рухты міндетті түрде көбірек аламыз деп ойламайды (Жох. 10:16). Сондай-ақ басқалар өздеріне ерекше қарайды деп күтпейді, әрі рәміздерден дәм татқандықтан қауымдағы тағайындалған ақсақалдардан жоғары болдық деп есептемейді.
16—18. а) Майланғандардың бәрі рухани шындықтардың ашылуына үлес қоса ма? Түсіндір. ә) Неге Басқарушы кеңеске рәміздерден дәм тататындардың бәрімен кеңесудің қажеті жоқ?
16 Майланған мәсіхшілердің бәрі де қандай да бір дүниежүзілік байланыс жүйесі арқылы рухани шындықтардың ашылуына үлес қоса ма? Жоқ. Топ ретінде құл табы үй ішіндегілерге рухани ас-су беруге жауапты болғанымен, оның әр мүшесінің жауапкершілігі не тағайындалған қызметі әртүрлі (Қорынттықтарға 1-хат 12:14—18 оқы). Жоғарыда айтылып кеткендей, бірінші ғасырдағы майланғандардың бәрі уағыздаған. Бірақ санаулысы ғана Киелі кітаптың жазылуына қатысқан және мәсіхшілер қауымында бақылаушылық қызмет атқарған.
17 Мысалы, Киелі жазбаларда сот мәселесін шешу “қауымның” қолына тапсырылғаны жазылған (Мат. 18:17). Шын мәнінде “қауым” деген сөз оның құқылы өкілі ретінде әрекет ететін ақсақалдарға ғана қатысты. Олар шешімдерін қауымның барлық мүшесімен ақылдасып қабылдамайды. Теократиялық тәртіп бойынша, ақсақалдар өздеріне жүктелген міндетті атқарып, бүкіл қауымның игілігіне қызмет етеді.
18 Сол сияқты қазіргі майланған мәсіхшілердің санаулысы ғана құл табының өкілі ретінде қызмет етеді. Олар Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесін құрайды. Киелі рухпен майланған бұл ер адамдар Патшалық туралы уағыздау мен рухани ас-су беру ісін бақылайды. Бірінші ғасырдағыдай, Басқарушы кеңес құл табының әрбір мүшесімен кеңесіп шешім қабылдамайды (Елшілердің істері 16:4, 5 оқы). Дегенмен майланған Куәгерлердің бәрі ізгі хабарды жариялау ісіне құлшына қатысады. “Адал да ақылды құл” топ ретінде бір дене болып қызмет етсе, жеке-жеке алғанда түрлі міндеттер атқарады (Қор. 1-х. 12:19—26).
19, 20. “Адал да ақылды құл” мен оның Басқарушы кеңесіне қатысты “үлкен тобыр” қандай байсалды көзқарас танытады?
19 Осы жайттар жерде өмір сүруге үміті бар “үлкен тобырға” қалай әсер ету керек? Олар Патшалықтың меншігі болғандықтан, “адал да ақылды құлдың” өкілі болып табылатын Басқарушы кеңестің ұйымдастырып жатқан іс-шараларын қуана қолдайды, әрі оның басшылығымен беріліп жатқан рухани ас-суды бағалайды. Сондай-ақ олар құл табына құрмет көрсетеді, бірақ рәміздерден дәм татқан жеке адамдарды басқалардан жоғары санамайды. Құдайдың киелі рухымен шын майланған мәсіхші басқалар өзіне ерекше қарайды деп күтпейді, әрі мұны қаламайды (Ел. іс. 10:25, 26; 14:14, 15).
20 Исаның мысалындағы “үй ішіндегілерге” жататын майланған мәсіхшілердің қалдығы және “үлкен тобырдың” мүшелері — бәріміз де адал үй басқарушы мен оның Басқарушы кеңесімен барынша қызметтес болайық. Сондай-ақ “сергек болып”, адалдығымызды соңына дейін дәлелдейік (Мат. 24:13, 42).
Естеріңде ме?
• “Адал да ақылды құл” және “үй ішіндегілер” деген кімдер?
• Адам өзінің көкке шақырылғанын қалай біледі?
• Рухани ас-су дайындауға қатысты басты жауапкершілік кімге жүктелген?
• Майланған мәсіхшілердің көзқарасы қандай болу керек?
[23-беттегі сурет]
Бүгінде, бірінші ғасырдағыдай, Басқарушы кеңес адал да ақылды құл табының өкілі болып табылады