Әрі адал, әрі ақылды “құл”
“Қожайыны өз үй ішіндегілерінің үстінен тағайындаған адал да ақылды құл кім?” (МАТАЙ 24:45, ЖД).
1, 2. Бүгінде үнемі рухани ас-суды алып отырғанымыз неге маңызды?
СЕЙСЕНБІ, 11 нисан, түс қайтқан мезгіл. Б. з. 33 жылы. Исаның шәкірттері бүгінде біз үшін терең мәні бар сұрақты көтереді. Олар Исадан: “Сіздің келгендігіңіз бен заманның ақыры жақындап қалғанын қандай белгі білдірмек?” — деп сұрайды. Иса өз жауабында таңғажайып пайғамбарлық айтады. Ол соғыс, ашаршылық, жер сілкінісі мен індеттер жайлайтын аласапыран кезең туралы айтады. Бұл “толғақтың бастапқы азабы” ғана болмақ. Жағдай бұдан да ушыға түсетін болады. Қандай қараңғы болашақ! (Матай 24:3, ЖД, 7, 8, 15—22; Лұқа 21:10, 11).
2 1914 жылдан бері Исаның пайғамбарлығының көп бөлігі орындалды. ‘Толғақтың азабы’ адамзатқа барынша төнді. Алайда шынайы мәсіхшілерге қорқудың қажеті жоқ. Иса оларды нәрлі рухани ас-сумен қамтамасыз етуді уәде еткен. Ол қазір көкте болғандықтан, жер бетіндегі біздер рухани ас-су алу үшін қандай шаралар жасап отыр?
3. ‘Ас-суды уақтылы’ алып отыруымыз үшін Иса қандай шара қолданды?
3 Бұл сұраққа Исаның өзі анық жауап берген. Өзінің ұлы пайғамбарлығын айтқанда, ол: “Қожайыны өз үй ішіндегілерінің үстінен тағайындаған адал да ақылды құл кім?” — деп сұрайды да, кейіннен: “Қожайыны оралғанда оның өз міндетін атқарып жүргенін көрсе, сол құл бақытты! Сендерге шындығын айтайын: оны бүкіл меншігін қараушы етіп тағайындамақ”,— дейді (Матай 24:45, 46, ЖД, 47). Олай болса, рухани ас-сумен қамтамасыз етуге тағайындалған “құл” болу керек еді және бұл “құл” әрі адал, әрі ақылды болу керек еді. Бұл құл жеке бір адамды не қандай да бір уақыт аралығында бірінен соң бірі кезектесіп отырған адамдарды білдірді ме, жоқ әлде басқаны ма? Осы адал құл өте қажет рухани ас-сумен қамтамасыз ететіндіктен, бұл сұрақтың жауабы бізді қатты қызықтырады.
Жеке адам ба, жоқ әлде топ па?
4. “Адал да ақылды құл” бір адам бола алмайтынын қайдан білеміз?
4 “Адал да ақылды құл” жеке адам бола алмайды. Неге? Өйткені бұл құл рухани ас-сумен қамтамасыз етуді бірінші ғасырда бастаған, әрі Исаның сөздеріне сәйкес, ол бұл іспен 1914 жылы Қожайыны қайтып келгенде де айналыса беру керек еді. Ал бұл бір адам шамамен 1900 жыл бойы адал қызмет етті дегенді білдірер еді. Бірақ тіпті Мәтусаланың өзі осыншама ұзақ өмір сүрмеген! (Жаратылыс 5:27).
5. Неліктен “адал да ақылды құл” деген тіркес әрбір жеке мәсіхшіге қатысты емес екенін түсіндіріңдер.
5 Онда “адал да ақылды құл” деген тіркес жалпы мағынада әрбір жеке мәсіхшіге қатысты болар? Мәсіхшілердің бәрі де адал және ақылды болу керек екені рас; алайда Иса “адал да ақылды құл” туралы айтқанда, оның ойында басқа бірдеңенің болғаны анық. Мұны қайдан білеміз? Өйткені ол “қожайыны оралғанда”, құлды “бүкіл меншігін қараушы” етіп тағайындайтынын айтқан. Қалайша әрбір мәсіхші бірден барлық нәрсенің, яғни Қожайынның “бүкіл” меншігінің, қараушысы болып тағайындала алады? Бұл мүмкін емес!
6. Қалайша бүкіл Исраил халқы Құдайдың ‘қызметшісі’, немесе “құлы”, ретінде әрекет ету керек еді?
6 Бұл жерде ақылға қонымдысы — Иса “адал да ақылды құл” деп қандай да бір мәсіхшілер тобын айтқан деген тұжырым ғана. Құл бірнеше адамды білдіруі мүмкін бе? Иә. Мәсіхке дейін жеті жүз жыл бұрын, Ехоба бүкіл Исраил халқын “таңдап алған қызметшім” деп айтқан (Ишая 43:10, ЖД). Б. з. б. 1513 жылдан, Мұсаның заңы берілген уақыттан, б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамына дейін Исраил халқының әрбір мүшесі осы қызметші табының бөлігі болып табылатын. Бірақ исраилдіктердің басым көпшілігі халық ісін атқаруға немесе рухани тамақтандыру бағдарламасын басқаруға тікелей атсалыспаған. Бұл істерді атқаруда Ехоба патшаларды, билерді, пайғамбарлар мен діни қызметкерлерін және леуіліктерді қолданған. Дегенмен де, халық ретінде, Исраил Ехобаның билігін көрсетіп, оның даңқы туралы өзге халықтар арасында жариялау керек еді. Әрбір исраилдік Ехобаның куәгері болу керек еді (Заңды қайталау 26:19; Ишая 43:21; Малахи 2:7; Римдіктерге 3:1, 2).
“Қызметші” ісінен шеттетілді
7. Неге ертедегі Исраил халқы Құдайдың ‘қызметшісі’ болуға жарамсыз болды?
7 Исраил бірнеше ғасыр бойы Құдайдың ‘қызметшісі’ болғандықтан, Иса құл туралы айтқанда, соларды меңзеді ме? Жоқ, өкінішке орай, ертедегі Исраил адал да, ақылды да болмай шықты. Пауыл Ехобаның сол халыққа айтқан сөздерін келтіре отырып, олардың жағдайы туралы: ‘Басқа ұлттардың арасында сендерге бола Құдайдың аты қорлануда’,— деп қорытқан (Римдіктерге 2:24). Шынында да, Исраилдің бүлікке толы ұзақ жылғы тарихы Исадан бас тартқан кездерінде соңына жетіп, Ехоба олардан бас тартты (Матай 21:42, 43).
8. Исраилдің орнына “қызметші” қашан тағайындалды және қандай жағдайда?
8 Бұл ‘қызметшінің’, яғни Исраилдің, опасыздығы Құдайға адал ғибадат етушілер бұдан былай ешқашан рухани ас-су алмайды дегенді білдірген жоқ. Б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамында, Иса қайта тірілген соң елу күннен кейін, Иерусалимдегі жоғарғы бөлмеде оның 120 шәкіртіне киелі рух төгілді. Сол кезде жаңа халық дүниеге келді. Оның туылуы жөнінде сол халықтың мүшелері Иерусалимнің тұрғындарына “Құдайдың ұлы істерін” батылдықпен айта бастағанда мәлім болды (Елшілердің істері 2:11). Осылайша, сол жаңа халық, рухани халық, ұлттарға Ехобаның ұлылығын жариялайтын және уақтылы ас-сумен қамтамасыз ететін “қызметші” болды (1 Петір 2:9). Кейінірек ол орынды түрде ‘Құдайдың рухани Исраил халқы’ деп аталды (Ғалаттықтарға 6:16).
9. а) ‘Адал да ақылды құлды’ кімдер құрайды? ә) ‘Үй ішіндегілер’ деген кімдер?
9 ‘Құдайдың рухани Исраил халқының’ әрбір мүшесі — өздерін Құдайға бағыштаған, шомылдыру рәсімінен өткен және киелі рухпен майланған, көкте өмір сүруге деген үміті бар мәсіхшілер. Олай болса, “адал да ақылды құл” деген тіркес — б. з. б. 1513 жылынан б. з. 33 жылының Алғашқы мейрамы күніне дейін өмір сүрген әрбір исраилдіктердің мәсіхшілерге дейінгі қызметші табының мүшесі болғаны сияқты б. з. 33 жылынан қазіргі уақытқа дейін топ ретінде жер бетінде өмір сүрген сол рухани халықтың әрбір майланған мүшесіне қатысты. Ал құлдан рухани азық-ауқат алып отыратын ‘үй ішіндегілер’ кімдер? Б. з. бірінші ғасырында бұлар көкте өмір сүруге деген үміті бар мәсіхшілердің бәрі болған. Олай болса, ‘үй ішіндегілер’ — енді топ ретінде емес, жеке алғандағы тап сол майланған мәсіхшілер. Олардың барлығы да, соның ішінде қауымда ерекше жауапкершілігі барлары да, құлдың рухани ас-суына мұқтаж еді (1 Қорынттықтарға 12:12, 19—27; Еврейлерге 5:11—13; 2 Петір 3:15, 16).
‘Әрқайсысының атқаратын жұмыстары’ бар
10, 11. Құл табының әрбір мүшесіне бірдей жауапкершілік жүктелмегенін қайдан білеміз?
10 Бүкіл ‘Құдайдың рухани Исраил халқына’ адал да ақылды құл табы ретінде белгілі іс тапсырылғанымен, оның әрбір мүшесінің жеке жауапкершіліктері де бар. Мұны Марқа 13:34-те жазылған Исаның сөздерінен анық көруге болады. Ол былай деген: “Бұл сапарға шықпақ болған бір кісінің әрекетіне ұқсас: ол кетер алдында үй-жайын басқаруды қол астындағы қызметшілеріне аманаттайды. Әрқайсысына атқаратын жұмыстарын үлестіріп беріп, қақпашыға сергек күзетуін тапсырады”. Олай болса, құл табының әрбір мүшесі өз алдына тапсырма алған, ол — Мәсіхтің жердегі меншігін ұлғайту. Олар бұл тапсырманы әрқайсысы өз қабілеті мен мүмкіндіктеріне қарай орындайды (Матай 25:14, 15).
11 Кейінірек елші Петір өз заманындағы майланған мәсіхшілерге: “Тәңір рақым етіп сыйлаған алуан түрлі рухани дарындарыңды жақсылап қолдана отырып, әрқайсыларың қабылдаған дарыныңмен бір-біріңе адал қызмет етіңдер”,— деген (1 Петір 4:10). Демек, сол майланған мәсіхшілердің Құдайдың өздеріне берген дарындарын қолдана отырып, бір-біріне қызмет ету жауапкершілігі болған. Оның үстіне, Петірдің бұл сөздері мәсіхшілердің бәрінің де қабілеттері, жауапкершіліктері немесе қызметтегі артықшылықтары бірдей еместігін көрсетеді. Дегенмен құл табының әрбір мүшесі қандай жолмен болса да, рухани халықтың өсуіне септігін тигізді. Қалайша?
12. Құл табының әрбір мүшесі, еркек не әйел болсын, құлдың өсуіне қалай үлес қосты?
12 Біріншіден, олардың әрбірі Ехобаның куәгері болып, Патшалық туралы ізгі хабарды таратуға міндетті еді (Ишая 43:10—12; Матай 24:14). Көкке ораларының алдында ғана Иса өзінің адал шәкірттерінің бәріне — еркегіне де, әйеліне де — тәлімгер болуды тапсырды. Ол: “Күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп, Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, әрі сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер! Естеріңде болсын: Мен бұл дүниенің ақыр соңына дейін әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын!” — деген еді (Матай 28:19, 20).
13. Барлық майланған мәсіхшілердің қандай тапсырмасы болды?
13 Олар жаңа шәкірттерді Исаның өсиет еткендерінің бәрін ұстануға ұқыптылықпен үйретті. Уақыт өте келе, бұлар да өз кезегінде басқаларға тәлім беруге қабілетті болды. Осылайша көп ұлттан шыққан құл табының болашақ мүшелеріне рухани ас-су беріліп отырды. Шәкірттер дайындау тапсырмасын атқаруға барлық майланған мәсіхшілер — әйелдер де, ерлер де — атсалысты (Елшілердің істері 2:17, 18). Бұл іс құлдың өз ісін алғаш бастаған уақытынан осы зұлым дүниенің соңы біткенге дейін жалғасу керек еді.
14. Қауымда тәлім беру міндеті кімдерге жүктелген және майланған адал әйелдер бұған қалай қарайды?
14 Шомылдыру рәсімінен жаңадан өткен майланғандар құлдың бөлігі болды, әрі олар алғашқыда кім тәлім бергеніне қарамастан, қауымда Киелі кітаптың негізінде ақсақалдар ретінде қызмет атқаруға тағайындалғандардан нұсқаулар алып отырды (1 Тімотеге 3:1—7; Титке 1:6—9). Осы тағайындалған ер кісілер осындай ерекше жолмен рухани халықтың өсуіне көмектесе алды. Ал майланған адал мәсіхші әйелдер болса қауымда тәлім беруге тек ер кісілер тағайындалғанына еш наразылық білдірген жоқ (1 Қорынттықтарға 14:34, 35). Қайта, олар қауымдағы ер кісілердің ауыр еңбектерінің игілігін көргендеріне қуанып және Құдайдың өздерін, әйелдерді, қолданып жатқанына, — мысалы, қуанышты хабарды өзгелерге жеткізу үшін қолданғанына — риза болған. Бүгінгі күні де құлшынысқа толы майланған әйел бауырластарымыз ақсақалдарға қатысты, мейлі олар майланған болсын-болмасын, тап сондай кішіпейіл көзқарас танытады.
15. Бірінші ғасырда рухани ас-судың негізгі көздерінің бірі не болды және бұл асты таратуды кім қолына алды?
15 Бірінші ғасырда негізгі рухани ас тікелей елшілер мен жетекшілікті қолға алған өзге де шәкірттердің хаттары арқылы беріліп отырды. Бұл хаттар — әсіресе Грек жазбаларын құрайтын Құдайдың рухымен жазылған 27 кітаптың ішіндегілер — қауымнан-қауымға өтіп, оларды жергілікті ақсақалдар тәлімдері үшін негіз етіп алған болу керек. Осылайша құлдың өкілдері адалдықпен ақ жүректі мәсіхшілерді рухани мол ас-сумен тамақтандырып отырды. Бірінші ғасырдағы құл табы Исадан алған тапсырмасына адал екенін дәлелдеді.
19 ғасырдан кейінгі “құл”
16, 17. 1914 жылдың алдында құл табы өзінің тапсырмасына адал екендігін қалай дәлелдеді?
16 Бүгінгі күн туралы не деуге болады? 1914 жылы Иса Патшалық тағына келіп отырғанда, ас-суды уақтылы таратып отырған адал майланған мәсіхшілер тобын тапты ма? Бұған дау жоқ. Бұл топты олардың әкеліп жатқан керемет “жемісінен” ап-анық табуға болатын еді (Матай 7:20). Мұның растығын тарих дәлелдеп отыр.
17 Иса қайтып оралған кезде, ‘үй ішіндегілердің’ шамамен бес мыңдайы Киелі кітаптағы шындықты таратумен айналысып жатты. Жұмысшылар аз еді, бірақ ізгі хабарды тарату үшін құл бірқатар озық тәсілдерді қолданды (Матай 9:38). Мысалы, Киелі кітаптың ілімдері туралы уағыз 2 000-дай газетте басылып шықты. Осының арқасында Құдай Сөзіндегі шындық бір дегеннен ондаған мың оқырманға жетті. Бұған қоса, қозғалмалы бейнелер мен түрлі түсті слайдтар қолданылған сегіз сағаттық бағдарлама дайындалды. Осы жаңа тәсілдің арқасында Киелі кітаптағы хабар, жаратылыс басталған кезден Мәсіхтің Мыңжылдық билігінің соңына дейін, жалпы алғанда, үш құрлықтағы тоғыз миллионнан аса адамға жетті. Тағы бір құрал ретінде басылып шыққан әдебиеттер де қолданылды. Мысалы, 1914 жылы осы журналдың шамамен елу мың данасы басылып шықты.
18. Иса қашан құлды өзінің бүкіл меншігіне қараушы етіп тағайындады және неге?
18 Олай болса, Қожайын қайта оралғанда, өзінің адал құлы үй ішіндегілерін тамақтандыру мен ізгі хабарды уағыздау ісін ұқыпты атқарып жатқанын көрді. Бұл құлды енді көбірек жауапкершіліктер күтіп тұр еді. Иса: “Сендерге шындығын айтайын: оны бүкіл меншігін қараушы етіп тағайындамақ”,— деген болатын (Матай 24:47). Ол мұны 1919 жылы, құл сынақ кезеңінен өткеннен кейін, істеді. Алайда “адал да ақылды құл” неліктен көбірек жауапкершілік алды? Өйткені Қожайынның меншігі ұлғайған еді. 1914 жылы Исаға Патшалық билігі берілді.
19. ‘Өте үлкен тобырдың’ рухани мұқтаждықтары қалай қанағаттандырылып жатқанын түсіндіріңдер.
19 Жаңадан таққа отырған Қожайынның өзінің адал құлына тапсырып отырған меншігі не? Бұл — осы жер бетіндегі оған тиесілі рухани нәрселердің бәрі. Мысалы, 1914 жылы Иса таққа отырғаннан кейін екі онжылдықтан соң, “өте үлкен тобырды” құрайтын ‘басқа қойлар’ анықталды (Аян 7:9; Жохан 10:16). Бұлар ‘Құдайдың рухани Исраилінің’ майланған мүшелері емес, жер бетінде өмір сүруге үміттері бар, Ехобаны жақсы көріп, майланғандар сияқты оған қызмет етуді қалайтындар еді. Былайша айтқанда, олар ‘адал да ақылды құлға’: “Біз сенімен бірге барамыз, өйткені Құдай сендермен бірге деп естідік”,— деді (Зәкәрия 8:23). Бұл шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхшілер майланған ‘үй ішіндегілермен’ бірдей рухани мол ас-су ішіп, екі тап та осы рухани дастарқаннан әлі күнге дейін тамақтанады. ‘Өте үлкен тобырдың’ мүшелері үшін бұл неткен зор бата!
20. Қожайынның меншігін ұлғайтуда ‘өте үлкен тобыр’ қандай рөл атқарды?
20 ‘Өте үлкен тобырдың’ мүшелері ізгі хабарды жариялаушылар ретінде майланған құл табына қуана-қуана қосылды. Олардың уағызының арқасында Қожайынның жердегі меншігі ұлғайып, бұл ‘адал да ақылды құлдың’ жауапкершіліктерін арттырды. Шындықты танығысы келетіндердің санының артуымен, Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерге деген сұранысты қанағаттандыру үшін басылымдарды көбейту қажет болды. Көптеген елдерде Ехоба Куәгерлерінің филиалдары пайда болды. Сондай-ақ “жердің шетіне дейін” миссионерлер жіберілді (Елшілердің істері 1:8). Ехобаны даңқтаушылардың саны 1914 жылғы бес мыңға жуық майланғандардан бүгінде алты миллионнан астам шамаға артып отыр. Олардың басым көпшілігі ‘өте үлкен тобырдың’ мүшелері. Иә, расында да, Патшаның меншігі оның таққа отырған 1914 жылынан бері көп есе артты.
21. Келесі жолы қандай астарлы әңгімелерді талқылайтын боламыз?
21 Осының бәрі құлдың әрі адал, әрі ақылды екенін көрсетеді. Иса “адал да ақылды құл” туралы айтып бола салысымен, осы қасиеттерді аша түсетін екі астарлы әңгіме келтіреді: бұл — ақылды және ақылсыз бойжеткендер мен күміс теңгелер туралы астарлы әңгімелер (Матай 25:1—30). Бұл әңгімелер біз үшін аса қызық. Солардың бүгінде біз үшін қандай мәні бар? Бұл сұрақты келесі мақалада қарастырамыз.
Қалай ойлайсыңдар?
• ‘Адал да ақылды құлды’ кімдер құрайды?
• ‘Үй ішіндегілер’ деген кімдер?
• Адал құл Қожайынның бүкіл меншігінің үстінен қарауға қашан тағайындалды және неге сол кезде?
• Соңғы онжылдықтарда Қожайынның меншігін ұлғайтуға кімдер көмектесті және қалай?