Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w09 15.6. 16—20 бет.
  • Басқаларға шындықты айтыңдар

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Басқаларға шындықты айтыңдар
  • 2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Кімге шындықты айтуымыз керек?
  • Отбасында шыншыл болыңдар
  • Қауымда шыншыл болыңдар
  • Жұмысқа қатысты мәселелерде шыншыл болыңдар
  • Билік басындағылармен шыншыл болыңдар
  • Шыншыл болудың пайдасы
  • Шындықтың Құдайынан үлгі алыңдар
    2003 жылғы ағылшын тіліндегі “Күзет Мұнарасы” журналынан алынған зерттеуге арналған мақалалар
  • Ехоба — шындықтың Құдайы
    2003 жылғы ағылшын тіліндегі “Күзет Мұнарасы” журналынан алынған зерттеуге арналған мақалалар
  • Шындықтың шыңына жету мүмкін бе?
    Сан түрлі тақырыптар
  • “Жақыныңды өзіңді сүйгендей сүй”
    2014 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w09 15.6. 16—20 бет.

Басқаларға шындықты айтыңдар

“Өтірікті тастап, әрқайсың басқаларға шындықты айтыңдар!” (ЕФЕС. 4:25).

1, 2. Көп адамның шыншылдыққа қатысты көзқарасы қандай?

ШЫНШЫЛДЫҚ ұғымының төңірегінде қай заманда да пікір-талас толастаған емес. Б. з. б. VI ғасырда өмір сүрген грек ақыны Алкей: “Шындық шарапта”,— деген болатын. Оның сөздерінің астарындағы ой мынау еді: адам шарапқа масайып, ашылып сөйлегенде ғана шындықты айтады. Бірінші ғасырдағы римдік әмірші Понти Пилат та шындыққа қатысты жаңсақ көзқарас танытты. Ол Исаға кекесінмен: “Шындық деген не?”— деген болатын (Жох. 18:38).

2 Біздің күнімізде де адамдардың шыншылдыққа қатысты көзқарасы әртүрлі. Кейбіреулер әрдайым шындықты толық айта бермейді. Басқалары болса өздеріне ыңғайлы не пайдалы болғанда ғана шыншылдық танытады. Бір кітапта былай делінген: “Шыншылдық игі қасиет те шығар, бірақ өмір үшін күресте оның онша қажеті жоқ. Өмір сүргің келсе, алдауың керек. Бұл — өмірдің шындығы” (“The Importance of Lying”).

3. Шыншыл болуға қатысты Иса қандай үлгі қалдырды?

3 Исаның шәкірттерінің көзқарасы бұдан қаншалықты ерекшеленеді десеңші! Иса шыншылдыққа басқаша қараған. Ол әрдайым шындықты айтқан. Тіпті оның жаулары: ‘Ұстаз, Сіздің әділ [“шыншыл” ЖД] екеніңізді білеміз. Жұртты шынымен Құдай жолына үйретесіз’,— деп мойындаған (Мат. 22:16). Бүгінде шынайы мәсіхшілер Исаға еліктейді. Олар әрдайым шындықты айтады. Олар елші Пауылдың: “Өтірікті тастап, әрқайсың басқаларға шындықты айтыңдар!”— деген кеңесіне әрқашан құлақ асады (Ефес. 4:25). Қазір Пауылдың сөздерін тереңірек қарастырайық. Біріншіден, кімге шындықты айтуымыз керек? Екіншіден, шындықты айту деген не? Үшіншіден, күнделікті өмірімізде қалай шыншыл бола аламыз?

Кімге шындықты айтуымыз керек?

4. Яһуди дінбасылары басқа адамдарға қалай қараған? Ал Иса Ехобаның көзқарасын қалай танытты?

4 Б. з. бірінші ғасырындағы кейбір яһуди дінбасылары өз ұлтынан шыққан адамға не жақын досына ғана жақсылық жасау керек деп есептеген. Ал Иса Әкесінің болмысы мен ой қалпын толық таныта білді (Жох. 14:9). Ол шәкірттеріне Құдайдың қандай да бір ұлтты не нәсілді өзгесінен жоғары қоймайтынын көрсетті (Жох. 4:5—26). Сонымен қатар киелі рух елші Петірге “Құдайдың адамның бет-жүзіне қарамайтынын” және оның ‘әр ұлттың Өзін қастерлеп, әділетке сай әрекет ететіндерін қабылдайтынын’ білдірді (Ел. іс. 10:28, 34, 35). Сондықтан да біз барша жанға, тіпті бізге қастық жасайтындарға да, сүйіспеншілік танытуымыз керек (Мат. 5:43—45).

5. Басқаларға шындықты айту деген не?

5 Алайда Пауыл басқаларға “шындықты айтыңдар” деуімен не айтқысы келді? Шындықты айту дегеніміз — нақты деректерге негіздеп, еш қоспасыз сөйлеу. Шынайы мәсіхшілер айғақтарды бұрмалап, өзгелерді алдамайды. Олар ‘жамандықтан аулақ жүріп, жақсылықтан ажырамайды’ (Рим. 12:9). ‘Ақиқаттың Құдайына’ еліктеп, біз барлық істе де шыншыл және турашыл болуға тырысуымыз керек (Заб. 14:1, 2; 30:6). Ойланып сөйлейтін болсақ, тіпті ыңғайсыз жағдайларда да мәселені өтірікке жүгінбей-ақ шешуге болады (Қолостықтарға 3:9, 10 оқы).

6, 7. а) Шыншыл болу білгендерімізді сұраған адамның бәріне айта беруіміз керек дегенді білдіре ме? Түсіндір. ә) Кімге сенім артып, шындықты айтқанымыз дұрыс?

6 Шыншыл болу сұраған адамның бәріне бар білетінімізді жайып салуымыз керек дегенді білдіре ме? Әрине, жоқ. Жердегі қызметі кезінде Иса кей адамдардың өздерінің сұрақтарына тікелей жауап алуға не кейбір жайттарды білуге лайықсыз екенін көрсеткен. Екіжүзді дінбасылары кереметтерді қандай билікпен істеп жүргенін сұрағанда, ол: “Мен де бір сұрақ қояйын, соған жауап беріңіздер! Содан кейін сіздерге бұл істерді қандай билікпен істеп жүргенімді айтып беремін”,— деді. Дін мұғалімдері мен рубасылары Исаның сұрағына жауап бермеді. Сонда Иса: “Олай болса, Мен де сіздерге бұл істерді қандай билікпен істеп жүргенімді айтпаймын”,— деді (Мар. 11:27—33). Олар арам ниетті, зұлым болғандықтан, Иса өзін жауап беруге міндетті сезінбеді (Мат. 12:10—13; 23:27, 28). Бүгінде біз де өз мақсатын көздеп, алдап-арбайтын жолдан таюшылар мен басқа да зұлым адамдардан сақ болуымыз керек (Мат. 10:16; Ефес. 4:14).

7 Пауыл да кей адамдардың толық жауап алуға лайық болмауы мүмкін екендігіне нұсқап былай деген: ‘Олар мылжыңмен әуестеніп, өзгенің жұмыстарына араласып, сөз қылуға болмайтын нәрселерді айтады’ (Тім. 1-х. 5:13). Иә, біреудің ісіне араласатындар және құпия жайттарды ішінде сақтай алмайтындар басқалардың өздерімен кейбір мәліметпен бөлісе бермейтінін байқауы мүмкін. Олай болса, Пауылдың: ‘Тыныш өмір сүріп, өз істеріңді атқаруға талпыныңдар’,— деген кеңесіне құлақ асқанымыз қандай маңызды (Сал. 1-х. 4:11 Тт). Алайда қауым ақсақалдары өздеріне жүктелген міндеттерін атқару үшін кейде жеке мәселелерге қатысты сұрақтар қоюы мүмкін. Мұндай жағдайда шыншыл болғанымыз өте маңызды (Пет. 1-х. 5:2).

Отбасында шыншыл болыңдар

8. Бір-біріне шындықты айтқандары отбасы мүшелерін қалай біріктіреді?

8 Әдетте отбасы мүшелері біз үшін ең жақын адамдар болып табылады. Отбасы ұйыған айрандай болу үшін шыншыл болғанымыз маңызды. Бір-бірімізбен ашық, шыншыл әрі мейірімді болсақ, қиындықтар мен түсініспеушіліктерді азайтуға не олардың көбісінің алдын алуға болады. Мысалы, жұбайымыз, балаларымыз не өзге де отбасы мүшелерінің алдында қателігімізді мойындаймыз ба? Шын жүректен кешірім сұрағанымыз отбасында тыныштық пен бірліктің болуына септігін тигізеді (Петірдің 1-хаты 3:8—10 оқы).

9. Неге шындықты айтқанда дөрекі сөйлемеген жөн?

9 Шындықты айтқанда өзгелердің сезімін ескеруіміз керек. Дөрекі сөйлейтін болсақ, тіпті шын сөзіміз зая кетуі мүмкін. Пауыл былай деген: “Әр қилы кекшілдік, ашу-ыза, айқай-шу, қорлау, тағы басқа барлық жаман нәрселерден арылыңдар! Қайта, бір-біріңе мейірімді де жанашыр болыңдар; Мәсіхтің арқасында өздеріңді Құдай кешіргендей, сендер де өзара кешірімді болыңдар!” (Ефес. 4:31, 32). Иә, ізетпен әрі жұмсақ сөйлесек, сөзіміздің мәні артады және тыңдап тұрған адамды құрметтейтінімізді көрсетеміз (Мат. 23:12).

Қауымда шыншыл болыңдар

10. Мәсіхші ақсақалдар Исаның шыншыл болуға қатысты үлгісіне қалай еліктей алады?

10 Иса турашыл адам болған. Ол шәкірттеріне әрдайым мейіріммен кеңес берген, алайда тыңдаушыларына жағу үшін шындықты жұмсартып айтпаған (Жох. 15:9—12). Мысалы, елшілері қайсысының жолы үлкен екенін айтып, қайта-қайта дауласқанда, Иса оларға шыдамдылық танытқан, сөйте тұра нықтап ақыл-кеңес беріп, кішіпейіл болуға үйреткен (Мар. 9:33—37; Лұқа 9:46—48; 22:24—27; Жох. 13:14). Сол сияқты бүгінде де мәсіхші ақсақалдар әділдік нормаларына келгенде берік болғанымен, Құдайдың отарын билеп-төстемейді (Мар. 10:42—44). Олар Исаға еліктеп, өзгелерге ‘мейірімділік пен жанашырлық’ танытады.

11. Бауырластарға деген сүйіспеншілігіміз тілімізді қалай пайдалануға талпындырады?

11 Бауырластарымызды ренжітпеу үшін шындықты айтқанда байсалдылық танытуымыз керек. Біз ешқашан тілімізді “өткір ұстарадай” қолданып, өзгелердің жанын жаралағымыз келмес еді (Заб. 51:4; Нақ. с. 12:18). Бауырластарға деген сүйіспеншілігіміз ‘жаман сөзді аузымыздан шығармауға, өтірік айтудан да әрқашан сақтануға’ талпындырады (Заб. 33:14). Осылайша Құдайды дәріптейміз және қауымда бірлік болуына ықпал етеміз.

12. Қандай кезде сот комитеті құрылады? Түсіндір.

12 Ақсақалдар қауымды қаскөйлікпен өтірік айтатындардан қорғау үшін көп күш салады (Жақып 3:14—16 оқы). Мұндай адамдардың көздегені — өзгелерге зиян келтіру. Олар адамның зардап шеккенін не жаны күйзелгенін қалайды. Бұл аздап өтірік айтудан не асыра сілтеп сөйлеуден әлдеқайда сорақы. Әрине, ешқандай өтірікті ақтауға болмайды, бірақ жалған сөз айтылған әр жағдайда сот комитетін құру қажет емес. Сол себепті ақсақалдар байсалдылық пен парасаттылық танытып, мәселенің анық-қанығына көз жеткізіп алулары керек: жалған сөйлеген адам сот комитетін құруды талап ететіндей қаскөйлікпен өтірік айтуды әдетке айналдырды ма, жоқ әлде оған Жазбаларды қолданып сүйіспеншілікпен ескерту айтқан жеткілікті ме?

Жұмысқа қатысты мәселелерде шыншыл болыңдар

13, 14. а) Кейбір адамдар жұмыс берушіні қалай алдайды? ә) Жұмыста адал да шыншыл болудың қандай пайдасы бар?

13 Бүгінде өтірік айту кәдімгі нәрсе болып кеткен, сол себепті жұмысқа қатысты мәселелерде адал болу әрдайым оңай бола бермеуі мүмкін. Көп адам жұмысқа тұрарда жалған мәлімет береді. Мысалы, олар жақсы не жалақысы көп жұмысқа тұру үшін тәжірибесі не білімі туралы асыра сілтеп айтуы мүмкін. Сондай-ақ мекеме ережелерін бұзып, жұмыс уақытында өз шаруасымен айналысатындар да көптеп саналады. Мысалы, олар әлденені оқиды, телефонмен сөйлеседі, электронды пошта арқылы хат жазады немесе интернетті шарлайды.

14 Шынайы мәсіхшілер шыншыл болу өте маңызды екенін түсінеді (Нақыл сөздер 6:16—19 оқы). Пауыл: “Барлық жағдайда да адал жүруге ұмтыламыз”,— деген (Евр. 13:18). Мәсіхшілер жұмыс берушіге адалдық танытып, жұмыс уақытын ұрламайды (Ефес. 6:5—8). Осылай етуімен олар көктегі Әкемізге даңқ әкеледі (Пет. 1-х. 2:12). Мұны Испаниядағы бауырласымыз Робертоның мысалынан көруге болады. Шыншылдығы әрі өз ісіне жауапкершілікпен қарағаны үшін бастығы оған мақтау айтты. Робертоның жақсы жүріс-тұрысының арқасында сол мекемеге тағы басқа Куәгерлер жұмысқа қабылданды. Олар да адал жұмысшы екендерін көрсетті. Жалпы алғанда, Роберто 23 бауырласқа және Киелі кітапты зерттеп жүрген 8 адамға жұмысқа орналасуға көмектесті.

15. Мәсіхші кәсіпкер қалай шыншылдық таныту керек?

15 Жеке кәсіпкер болсақ, барлық жағдайда шыншылдық танытамыз ба? Мәсіхші адамдарды қызықтыру үшін тауары не көрсететін қызметі туралы жалған мәлімет бермеу керек. Сондай-ақ ол пара бермеуге және алмауға тиіс. Адамдар бізге қалай қарасын десек, біз де оларға солай қарағымыз келеді (Нақ. с. 11:1; Лұқа 6:31).

Билік басындағылармен шыншыл болыңдар

16. Мәсіхшілер а) билік басындағыларға ә) Ехобаға қалай мойынсұнады?

16 Иса: “Патшаға тиістісін патшаға, ал Құдайға тиістісін Құдайға беріңдер!”— деді (Мат. 22:21). Патшаға, яғни билік басындағыларға, не нәрсе ‘тиісті’? Бұл сөздерді Иса алым-салыққа қатысты айтқан еді. Сондықтан Құдай мен адамдардың алдында ар-ұждандарын таза сақтау үшін мәсіхшілер салық төлеуге қатысты және басқа да заңдарға мойынсұнады (Рим. 13:5, 6). Алайда біз Ехобаның Әлемнің Әміршісі және жалғыз шынайы Құдай екенін мойындаймыз әрі оны шын жүректен, бүкіл жан дүниемізбен, барлық ақыл-ойымызбен, бар күш-қуатымызбен сүйеміз (Мар. 12:30; Аян 4:11). Сондықтан Ехоба Құдайға толық мойынсұнамыз (Забур 85:11, 12 оқыa).

17. Әлеуметтік көмек алғанда қалай шыншылдық таныта аламыз?

17 Көп елде мұқтаждарға мемлекеттің тарапынан әлеуметтік көмек көрсетіледі. Егер мәсіхші мұндай көмекке шынымен мұқтаж болса, оны алғанда тұрған ештеңе жоқ. Шыншыл болуға талпынғанымыз әлеуметтік көмек алу үшін жалған мәлімет беруден сақтайды.

Шыншыл болудың пайдасы

18—20. Шыншыл болғанның қандай пайдасы бар?

18 Шыншыл болудың көп пайдасы бар. Біз ар-ұжданымызды таза сақтаймыз және санамыз бен жүрегімізде тыныштық орнайды (Нақ. с. 14:30; Філіп. 4:6, 7). Таза ар-ұждан Құдайдың көзінде өте бағалы. Сондай-ақ әрдайым шыншыл болсақ, өтірігіміз шығып қалады деп қорықпаймыз (Тім. 1-х. 5:24).

19 Шыншыл болудың тағы бір пайдасы бар. Пауыл мәсіхшілердің шындықты айту арқылы өздерін ‘Құдайдың қызметшілері ретінде танытатынын’ (Тт) айтқан (Қор. 2-х. 6:4, 7). Британияда тұратын бір Куәгердің бастан кешірген оқиғасын қарастырайық. Автокөлік сатпақшы болған ол сатып алушыға көліктің жақсы-жаман жақтарымен қатар, көзге көрінбейтін ақауларын да айтады. Көлікті сынап көрген соң, сатып алушы бауырласқа: “Сіз Ехоба куәгері шығарсыз”,— дейді. Ол кісінің осындай ойға келуіне бауырластың шыншылдығы мен ұқыпты сырт көрінісі себеп болған еді. Нәтижесінде, бауырлас ол кісіге жақсы куәлік береді.

20 Біз де әрдайым адал да шыншыл болып, Жаратушымызға даңқ әкеліп жүрміз бе? Пауыл: “Құпия да ұят қылықтардан аулақ жүріп, ешқандай қулық-сұмдықты қолданбаймыз”,— деген (Қор. 2-х. 4:2). Ендеше шыншыл болуға барынша тырысайық. Осылайша, көктегі Әкеміздің және оның халқының даңқын асқақтатамыз.

[Сілтеме]

a Забур 85:11, 12: “Уа, Ием, бағыттай көрші мені ақ жолыңа, Жүргім келеді сәйкес Өзіңнің шындығыңа, Жүрегімді нығайтшы тек Сені ардақтауға. Құдай Ием, Өзіңді шын жүректен мақтаймын, Һәм Сенің есіміңді мәңгі бақи даңқтаймын”.

Қалай жауап берер едіңдер?

• Кімге шындықты айтуымыз керек?

• Басқалармен қалай шыншыл бола аламыз?

• Шыншыл болғанымыз қалай Құдайға даңқ әкеледі?

• Шыншыл болудың қандай пайдасы бар?

[17-беттегі сурет]

Тіпті кішігірім қателіктеріңді ашық мойындайсың ба?

[18-беттегі сурет]

Жұмысқа тұрарда шындықты айтасың ба?

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу