Періштелер — адамдарға қызмет көрсететін рухтар
“Періште атаулы — қызмет көрсететін рухтар ғана. Тәңір Ие оларды мәңгілік құтқарылуға ие болатын адамдарға қызмет етуге жібереді” (ЕВР. 1:14).
1. Матай 18:10 және Еврейлерге 1:14-тегі сөздер неге көңілге медет береді?
ИСА МӘСІХ шәкірттерінің сеніміне нұқсан келтіргісі келетіндерге былай деп ескертті: “Сақ болыңдар, осы кішкенелердің бірде-біреуін менсінбей жүрмеңдер! Сендерге айтамын, олардың періштелері көктегі Әкемнің келбетін әрдайым көріп тұрады” (Мат. 18:10). Елші Пауыл адал періштелерге нұсқап: “Періште атаулы — қызмет көрсететін рухтар ғана. Тәңір Ие оларды мәңгілік құтқарылуға ие болатын адамдарға қызмет етуге жібереді”,— деген (Евр. 1:14). Құдайдың адамдарға көмектесу үшін көктегі жаратылыстарын қолданатынын білгеніміз көңілге медет береді. Киелі кітаптан періштелер жайлы не білеміз? Олар бізге қалай көмектеседі? Олардан қандай үлгі аламыз?
2, 3. Көктегі рухани жаратылыстардың кейбір міндеті қандай?
2 Көкте Ехобаға миллиондаған адал періште қызмет етуде. Олардың бәрі — “[Құдайдың] айтқанын іске асыратын құдіреті күшті” рухани жаратылыстар (Заб. 103:20; Аян 5:11 оқы). Бұл періштелердің өзіне тән ерекшелігі, Құдайдікіндей қасиеттері және ерік бостандығы бар. Көкте олар керемет ұйымдасқан және Құдай құрылымында жоғары дәрежелерге ие. Бас періште — Михайл (Исаның көктегі есімі) (Дан. 10:13; Яһд. 9). Ол — бәрінен бұрын жаратылған Құдайдың “Сөзі”, немесе Өкілі. Сондай-ақ басқа жаратылыстарды жаратуда Ехобаның көмекшісі болған (Қол. 1:15—17; Жох. 1:1—3).
3 Бас періштеден кейінгі періштелер — серафимдер. Олар Ехобаның қасиеттілігін жариялайды және оның халқына рухани тазалық сақтауға көмектеседі. Сондай-ақ Құдайдың бүкіләлемдік билігін қолдайтын керубтер бар (Жар. 3:24; Ишая 6:1—3, 6, 7). Ал басқа періштелер, яғни хабаршылар, Құдай еркін жүзеге асыруда түрлі міндет атқарады (Евр. 12:22, 23).
4. Жердің негізі қаланғаны періштелерге қалай әсер етті және алғашқы адамдар ерік бостандығын дұрыс қолданғанда, өмірлері қандай болар еді?
4 Періштелердің бәрі ‘жердің негізі қаланғанын’ көріп шаттана дауыстаған, әрі ғаламдағы теңдесі жоқ бұл планетаны Құдай адам баласының мекені етіп дайындағанда, олар өз міндеттерін қуана атқарған (Әйүп 38:4, 7). Ехоба адам баласын “періштелерден сәл төменірек”, бірақ өзіне “рухани жағынан ұқсас” етіп жаратты. Сондықтан олар Жаратушысының керемет қасиеттерін таныта алады (Евр. 2:7; Жар. 1:26). Таңдау еркін дұрыс қолдану арқылы Адам ата мен Хауа ана және олардың ұрпақтары жұмақта өмір сүріп, Ехобаның саналы жаратылыстардан тұратын бүкіләлемдік отбасының мүшесі болмақ еді.
5, 6. Көкте қандай бүлік шықты және Құдай қалай әрекет етті?
5 Ехобаның көктегі отбасында бүлік шыққанын көргенде, адал періштелер қатты абыржыған болу керек. Араларындағы бір періште Ехобаны мадақтауды қойып, басқалардың өзіне ғибадат еткенін қалады. Сөйтіп, ол Ехобаның билігінің әділдігіне дау тудырып, өзімшілдікпен билікке жармасты да, Шайтанға (мағынасы “қарсылас”) айналды. Алғашқы өтірікті айтып, ол қулықпен адам жұбын сүйіспеншілікке толы Жаратушыларына қарсы шығуға итермеледі (Жар. 3:4, 5; Жох. 8:44).
6 Ехоба Шайтанға бірден үкім шығарды. Оны Киелі кітаптан былай деп оқимыз: “Әйел екеуіңді, сенің ұрпағың мен оның ұрпағын өзара өштестіріп қоямын. Әйелдің ұрпағы басыңды мыжып, ал сен оның өкшесін шағатын боласың” (Жар. 3:15). Өштік Шайтан мен Құдай ‘әйелінің’ арасында болмақ еді. Ехоба көктегі адал періштелерден тұратын ұйымын сүйікті әйелі ретінде, ал өзін оның күйеуі ретінде бейнеледі. Бұл пайғамбарлықтың бүге-шігесі “құпия жоспар” болып, бірте-бірте ашылатын болса да, болашақтан үміт үзбеуге негіз берді. Құдай көктегі ұйымынан шыққан біреу арқылы бүлікшілерді түгел жойып, ‘көк пен жердегінің бәрін де біріктіруді’ ниет етті (Ефес. 1:8—10).
7. Нұхтың күндерінде кейбір періштелер не істеді және оның салдары қандай болды?
7 Нұхтың күндерінде кейбір періштелер “тиесілі орындарын” тастап, өзімшіл қалауларын қанағаттандыру үшін адам денесінде жерге түсті (Яһд. 6; Жар. 6:1—4). Сол үшін Ехоба бүлікшілерді қара түнекке лақтырды, содан олар Шайтанның жағына шығып, “зұлым рухтарға” және Құдай қызметшілерінің қас жауларына айналды (Ефес. 6:11—13; Пет. 2-х. 2:4).
Періштелер бізге қалай көмектеседі?
8, 9. Адамдарға көмектесу үшін Ехоба періштелерді қалай қолданған?
8 Ыбырайым, Жақып, Мұса, Ешуа, Ишая, Даниял, Иса, Петір, Жохан және Пауыл қызметтерінде періштелердің көмегін көрген. Адал періштелер Құдайдың үкімін жүзеге асырған, оның пайғамбарлықтарын және басшылықтарын, мысалы Мұса заңын, адамдарға жеткізген (Пат. 4-ж. 19:35; Дан. 10:5, 11, 14; Ел. іс. 7:53; Аян 1:1). Бүгінгі күні Құдай Сөзі бізде толық болғандықтан, көктен періштелер арқылы хабар алудың қажеті жоқ болса керек (Тім. 2-х. 3:16, 17). Дегенмен періштелер рухани әлемде Құдайдың еркін орындауда және оның қызметшілеріне тынбай қолдау көрсетуде.
9 Киелі кітап: “Жаратушының Періштесі Содан қорқатындарды құтқарады”,— деп сендіреді (Заб. 33:8; 90:11). Мінсіздікке қатысты дау көтерілгендіктен, Шайтанның бізге түрлі сынақтар жіберуіне Ехоба жол берді (Лұқа 21:16—19). Алайда Құдай сынақтың толассыз жалғасуына жол бермейді, өйткені адалдығымыздың қай кезде күмәнсіз дәлелденгенін біледі (Қорынттықтарға 1-хат 10:13 оқы). Періштелер Құдайдың еркіне сай әрекет етіп, араша түсуге әрқашан дайын. Кезінде олар Шидрақ, Мишақ, Абденаго, Даниял және Петір сияқты қызметшілерді өлімнен алып қалған, бірақ Степан мен Жақыпты жауларының қолынан құтқармаған (Дан. 3:17, 18, 28; 6:22; Ел. іс. 7:59, 60; 12:1—3, 7, 11). Сол сияқты нацистердің концлагерлерінде кейбір бауырластырымыз өлтірілді, бірақ Ехоба басым көпшілігін аман алып қалды. Демек, жағдай мен сынақ әр кезде әртүрлі болған.
10. Періштелердің көмегінен басқа қандай көмек алуымыз мүмкін?
10 Жазбаларда әр адамның қорғаушы періштесі бар деп айтылмаған. Алайда біз Құдайдың “еркіне сай бір нәрсе сұрасақ, [ол] тілегімізге құлақ салады деп кәміл сенеміз” (Жох. 1-х. 5:14). Әрине, бізге көмек көрсету үшін Ехоба періштесін жібере алады, бірақ көмекті ол әртүрлі жолмен береді. Мысалы, Ехоба мәсіхші бауырластарды көмектесуге және жұбаныш беруге талпындыруы мүмкін. Шайтанның хабаршысынан соққы алғандай ‘шаншылып түйрелу азабына’ кезіккенде, Құдай күресу үшін бізге даналық пен күш береді (Қор. 2-х. 12:7—10; Сал. 1-х. 5:14).
Исаға еліктеңдер
11. Құдай Исаға қалай періштелер арқылы көмектесті және Иса адалдық сақтауымен нені дәлелдеді?
11 Ехоба періштелер арқылы Исаға қалай көмектескенін қарастырайық. Олар Исаның туылуы мен қайта тірілуін хабарлаған, сондай-ақ жерде болғанда, оған қызмет көрсеткен. Періштенің Исаны тұтқындалудан және азапты өлімнен құтқарып қалуға құдіреті жетер еді, алайда Құдай оны күш-жігер беруге жіберді (Лұқа 2:8—11; 22:43; 24:4—7). Ехобаның еркіне сай, Иса өмірін құрбан етіп, кемелді адам ақырына дейін сыналса да, Құдайға адалдық сақтай алатынын дәлелдеді. Сондықтан Ехоба оны көктегі өлмейтін өмірге қайта тірілтіп, оған ‘барлық билікті’ берді және періштелерді бағындырды (Мат. 28:18; Ел. іс. 2:32; Пет. 1-х. 3:22). Осылайша Иса “әйелден” туылатын “ұрпақтың” басты бөлігі екенін дәлелдеді (Жар. 3:15; Ғал. 3:16).
12. Исаның үлгісіне еліктеп, қалай байыпты боламыз?
12 Періштесін құтқаруға жібере ме екен деген оймен ақылсыз әрекет етіп, Ехобаны сынаудың дұрыс емес екенін Иса білген (Матай 4:5—7 оқы). Исаға еліктеп біз де байыпты өмір сүреміз, әрі қуғын-сүргін көрсек те, жөн-жосықсыз тәуекелге бармаймыз (Тит. 2:12).
Адал періштелерден не үйренеміз?
13. Петірдің 2-хаты 2:9—11 тармақтарда айтылған періштелерден не үйренеміз?
13 Елші Петір Ехобаның майланған қызметшілерін ‘балағаттағандарға’ сөгіс айтқанда, адал періштелердің үлгі көрсеткенін жазған. Періштелер зор күшке ие болса да, Ехобаны құрметтегендіктен, соттайтын қатаң сөздер айтпаған (Петірдің 2-хаты 2:9—11 оқы). Біз де қауымды бақылау жауапкершілігі сеніп тапсырылған бауырластарға құрмет көрсетіп, оларды соттаудан аулақ боламыз. Қайта, бар істі Әлемнің Қазысы Ехобаның қолына тапсырамыз (Рим. 12:18, 19; Евр. 13:17).
14. Періштелер кішіпейілдікпен қызмет етудің қандай үлгісін көрсетті?
14 Ехобаның періштелері бізге кішіпейілділікпен қызмет етудің үлгісін көрсеткен. Мысалы, кейбір періштелер адамдарға есімдерін айтпаған (Жар. 32:29; Би. 13:17, 18). Көкте миллиондаған періште болса да, Киелі кітаптан Михайл мен Жәбірейіл деген екі ғана есімді білеміз. Періштелердің есімдерін білмегеніміз бізді оларға шектен тыс құрмет көрсетуден сақтайды (Лұқа 1:26; Аян 12:7). Бірде елші Жохан періштенің аяғына бас ұрмақ болып жығылғанда, періште оған: “Бұлай істеме! Мен өзіңмен, саған бауырлас пайғамбарлармен, әрі осы кітаптағы сөздерге мойынсұнатындармен бірге қызмет етушімін”,— деген (Аян 22:8, 9). Біз тек Құдайға ғана дұға айтып, ғибадат етуіміз керек (Матай 4:8—10 оқы).
15. Періштелер шыдамдылықтың үлгісін қалай көрсетеді?
15 Періштелер шыдамдылықтың да үлгісін көрсетеді. Олар Құдайдың қасиетті құпиясын қатты білгілері келсе де, құпия оларға түгел ашылмаған. Киелі кітапта: “Тіпті періштелер де қызығып, түсінуге ұмтылады”,— делінген (Пет. 1-х. 1:12). Сөйтсе де олар Құдайдың осы “жан-жақты даналығы” өз уақытында ‘сенушілер қауымы арқылы мәлім болуын’ шыдамдылықпен күтеді (Ефес. 3:10, 11).
16. Біздің жүріс-тұрысымыз періштелерге қалай әсер етеді?
16 Сынаққа кезігіп жүрген мәсіхшілер періштелерге “сахналық көрініс” сияқты (Қор. 1-х. 4:9 ЖД). Періштелер біздің адалдық танытып жатқанымызды шын ықыласпен бақылайды, тіпті күнә жасағандардың өкініш білдіргенін көріп қатты қуанады (Лұқа 15:10). Мәсіхші әйелдердің Құдайға ұнамды жүріс-тұрыстары да періштелердің назарынан тыс қалмайды. Киелі кітапта: “Әйел өкілеттігінің [күйеуіне мойынсұнатынының] белгісі ретінде басын жауып, періштелер назар аударатын тәртіпті сақтауы керек”,— делінген (Қор. 1-х. 11:3, 10). Расында да, мәсіхші әйелдер мен Құдайдың басқа да қызметшілерінің теократиялық тәртіп пен басшылыққа мойынсұнғандары періштелерге ұнайды, әрі олардың да Құдайға мойынсұну керектігін естеріне салып отырады.
Періштелер уағыздау ісін белсенді түрде қолдайды
17, 18. Неге уағыздау ісінде бізді періштелер қолдайды деп айта аламыз?
17 Періштелердің “Иеміздің күні” орын алатын кейбір маңызды оқиғаларға қатысы бар. Олар 1914 жылы Патшалықтың пайда болуына үлес қосып, Михайлмен бірге көктен Шайтан мен оның жын-перілерін қуды (Аян 1:10; 11:15; 12:5—9). Елші Жохан былай деп жазды: “Аспанда, шыңырау биікте ұшып бара жатқан ерекше бір періштені көрдім. Ол жер бетінде Құдайға мойынсұнбай тұратындарға... Ізгі хабарды жариялап, қатты дауыспен: — Құдайдан қорқып, Оны құрметтеп, салтанатты ұлылығын дәріптеңдер! Себебі Оның адамзатты соттайтын уақыты туды. Көк пен жерді, теңіз бен су көздерін жаратқан Құдайға бас ұрып тағзым етіңдер!” (Аян 14:6, 7). Сондықтан Ехобаның қызметшілері Шайтанның қарсылығына қарамастан, Патшалықты уағыздау ісінде періштелердің қолдап жатқанына сенімді (Аян 12:13, 17).
18 Кезінде бір періште Філіппен сөйлесіп, оны эфиопиялық уәзірге жіберген. Бірақ қазір олар бізге көрініп, ақжүректі адамдар жайлы хабар бермейді (Ел. іс. 8:26—29). Алайда бүгінгі күнгі оқиғалар періштелердің бізді уағыздау ісінде қолдап және “дұрыс ыңғай танытқандарға” жолықтырып жатқанын дәлелдейдіa (Ел. іс. 13:48 ЖД). Олай болса, уағыздау ісіне үнемі қатысып, ‘[Әкеге] Рухына кенеліп, шындықпен сиынғысы’ келетіндерді іздеп табу үшін, өз тарапымыздан қолдан келгеннің бәрін істегеніміз қаншалықты маңызды (Жох. 4:23, 24).
19, 20. Періштелер ‘ақыр замандағы’ қандай оқиғаларға қатысады?
19 Иса біздің күндерімізге нұсқап: ‘Ақыр заманда да осылай болмақ: періштелер келіп, жамандарды әділдерден ажыратады’,— деген (Мат. 13:37—43, 49). Періштелер соңғы рет жинап әкелу мен таңба салу ісіне қатысады (Матай 24:31 оқы; Аян 7:1—3). Сондай-ақ олар Исамен бірге ‘қойларды серкелерден ажыратқанындай адамдарды екі топқа бөледі’ (Мат. 25:31—33, 46).
20 ‘Иеміз Иса Мәсіх құдіретті періштелерімен жалындаған отпен көктен түскенде’, “Ізгі хабарына құлақ аспай, Құдайды танымай жүргендерді жазаламақ” (Сал. 2-х. 1:6—10). Елші Жохан да алған аянында осыған ұқсас жайтты көріп, Иса мен періштелерден тұратын көктегі әскердің ақ боз аттарға мініп, соғысуға келе жатқанын айтқан (Аян 19:11—15).
21. Қолына кілт пен шынжыр ұстаған періште не істейді?
21 Сондай-ақ Жохан ‘көктен түсіп келе жатқан, қолында түпсіз тұңғиықтың кілті мен ауыр шынжыр ұстаған періштені көрді’. Бұл — бас періште Михайлдың өзі. Ол Шайтан мен оның жын-перілерін шынжырлап, тұңғиыққа тастайды. Мәсіхтің мыңжылдық билігінің соңында кемелді адамзат ақырғы сынақтан өтер кезде, олар аз уақытқа босатылады да, кейін біржолата жойылады (Аян 20:1—3, 7—10; Жох. 1-х. 3:8). Ақыр соңында Құдайға қарсы шыққандардың бәрі жоқ болады.
22. Болашақтағы оқиғаларда періштелер қандай рөл атқарады және бұл бізге қалай әсер ету керек?
22 Шайтан мен оның зұлым заманынан құтылатын уақыт жақын. Ехобаның бүкіләлемдік билігі ақталатын және оның жер мен адамзатқа қатысты ниеті орындалатын маңызды оқиғаларда періштелер белгілі бір рөл атқарады. Әділ періштелер, шынында да, ‘мәңгілік құтқарылуға ие болатын адамдарға қызмет етуге жіберілген’. Олай болса, бізге өз еркін орындауға және мәңгілік өмірге жетуге періштелері арқылы көмектескені үшін Ехобаға ризашылық білдірейік.
[Сілтеме]
a “Ехоба куәгерлері — Құдай Патшалығын жариялаушылар” (ор.) кітабының 549—551 беттерін қара.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Көктегі рухани жаратылыстар қандай тәртіппен ұйымдасқан?
• Нұхтың заманында кейбір періштелер не істеген?
• Құдай періштелер арқылы бізге қалай көмектеседі?
• Адал періштелер қандай қызмет атқаруда?
[21-беттегі сурет]
Періштелер Құдай еркін қуанышпен орындауда
[23-беттегі сурет]
Даниялдың кезіндегідей, қазір де періштелер Құдайдың еркіне сай әрекет етіп, араша түсуге дайын
[24-беттегі суреттер]
Батыл бол, өйткені Патшалықты уағыздау ісінде бізді періштелер қолдауда!
[Түпдерек]
Globe: NASA photo