Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w08 15.2. 7—11 бет.
  • Ехобаның жолымен жүр

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехобаның жолымен жүр
  • 2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Сенімді адам екеніңді көрсет
  • Әрдайым кішіпейіл бол
  • Батыл да берік бол
  • Өзгелердің де мүдделерін ойлай жүрейік
  • Ехобаның жолымен әрі қарай да жүре бер
  • Өзгелерге тірек болайық
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2020
  • Жонатан “бәрін Құдайдың қолдауымен істеді”
    2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Батыл әрі адал Жонатан
    Киелі кітап оқиғаларынан тәлім алайық
  • “Қайратты да батыл бол!”
    2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w08 15.2. 7—11 бет.

Ехобаның жолымен жүр

“Жаратушыдан қорқып, Оның жолымен жүрген кез-келген адам бақытты!” (ЗАБ. 127:1).

1, 2. Неге бақытқа қол жеткізе алатынымызға сенімді болуымызға болады?

БАҚЫТ. Бәрінің де оған қол жеткізгісі келетіні анық. Алайда бақытты болғысы келетін, тіпті соған талпынатын адамдардың барлығының бақытты бола бермейтінімен келісерсің.

2 Дегенмен бақыт — қол жетпейтін нәрсе емес. Забур 127:1-де: “Жаратушыдан қорқып, Оның жолымен жүрген кез-келген адам бақытты!”— деп жазылған. Бақытты болу үшін еркін орындау арқылы Құдайды қастерлеп, оның жолымен жүруіміз қажет. Бұл біздің жүріс-тұрысымыз бен бойымыздағы қасиеттерге қалай әсер ету керек?

Сенімді адам екеніңді көрсет

3. Сенімді адам болудың Құдайға бағышталумен қандай байланысы бар?

3 Ехоба — сенімді Құдай. Оны қастерлейтін адамдар да сенімді. Ехоба ежелгі Исраил халқына берген барлық уәдесін орындаған (Пат. 3-ж. 8:56). Құдайға бағышталғанда, біз өміріміздегі ең маңызды қадамды жасаған болатынбыз және жиі дұға еткеніміз сол кезде Құдайға берген уәдемізге берік болуымызға көмектеседі. Забур жыршысы Дәуіт сияқты, біз де: “Сен, Құдайым, менің сертімді естідің... Сөйтіп, күн сайын өзімнің сертімді орындай отырып мен Сенің есіміңді ғасырлар бойы әнге қосатын боламын”,— деп дұға етуімізге болады (Заб. 60:6, 9; Екк. 5:4—6). Иә, Құдайдың досы болу үшін біз сенімді адам болуымыз керек (Мат. 5:33).

4. Ефтаның берген сертіне оның өзі де, қызы да қалай қарады?

4 Билердің заманында Исраилде өмір сүрген Ефта Ехобаға егер аммондықтарды жеңуге көмектессе, шайқастан қайтқанда, алдынан бірінші болып шыққан нәрсені “түгелдей өртелетін құрбандық” ретінде ұсынуға серт береді. Бірақ Ефтаның алдынан үйінен жар дегенде жалғыз қызы шығады. Ехобаға сенім арта отырып Ефта да, оның тұрмысқа шықпаған қызы да осы сертті орындайды. Исараилде отбасын құрып, балалы-шағалы болуға ерекше мән берілгенімен, Ефтаның қызы салт басты болып қалуға даярлықпен келісіп, Ехобаның киелі үйінде қасиетті қызмет атқару мәртебесіне ие болады (Бил. 11:28—40; 31, ЖД).

5. Ханна өзінің сенімді адам екенін қалай дәлелдеді?

5 Құдайды қастерлейтін Ханна өзінің сенімді адам екенін дәлелдеді. Ол Ефрем жерінің таулы аймағында Елқана есімді леуілік күйеуі мен оның екінші әйелі Пәнанамен бірге тұратын. Пәнананың бірнеше баласы болды және ол перзент көрмеген Ханнаны үнемі, әсіресе бүкіл отбасы киелі шатырға барған кездері, келеке ететін. Бір күні Ханна киелі шатырда тұрып, ұлды болса, оны Ехобаның өзіне қызмет етуге беруді уәде етті. Содан ол көп ұзамай жүкті болып, ұл туды да, оны Самуил деп атады. Ал емшектен шығарғаннан кейін, Ехобаға “өмір бойы” қызмет ету үшін оны Шилоға алып келді (Пат. 1-ж. 1:11). Осылайша Ханна, тіпті кейіннен басқа да балалары болатынын білмесе де, уәдесін орындады (Пат. 1-ж. 2:20, 21).

6. Түхік сенімді бауырлас екенін қалай көрсетті?

6 Бірінші ғасырда өмір сүрген Түхік есімді мәсіхші де сенімді әрі адал қызметші болған (Қол. 4:7). Ол елші Пауылмен бірге Грекиядан шығып, Македония арқылы Кіші Азияға сапар шегеді. Олар Иерусалимге де барған болуы мүмкін (Ел. іс. 20:2—4). Титке Яһудеядағы мұқтаждық көрген мәсіхшілерге арналған сый-тартуды ‘басқаруға’ көмектескен ‘бауырлас’ осы Түхік болған болса керек (Қор. 2-х. 8:18—20; 12:18). Пауыл бірінші рет Римде тұтқынға алынғанда, Түхік сенімді өкіл ретінде оның Ефес пен Қолос қалаларындағы бауырластарға арнаған хаттарын жеткізеді (Ефес. 6:21, 22; Қол. 4:8, 9). Ал Римде екінші рет тұтқында болғанда, Пауыл Түхікті Ефес қаласына жөнелтеді (Тім. 2-х. 4:12). Сенімді адам болсақ, біз де Ехобаға арнаған қызметімізде баталарға ие боламыз.

7, 8. Неге Дәуіт пен Жонатан нағыз достар болған дей аламыз?

7 Құдай әрқайсымыздан сенімді дос болады деп күтеді (Нақ. с. 17:17). Саул патшаның ұлы Жонатан Дәуітпен дос болған. Дәуіттің Ғолиятты өлтіргенін естігенде, “Жонатан оны қатты ұнатып, жанындай жақсы көріп қалды” (Пат. 1-ж. 18:1, 3). Тіпті ол Саулдың оны өлтіргісі келетінін айтып ескертеді. Кейіннен Дәуіт Сауылдан қашып жүргенде, онымен жүздесіп, екеуі келісім жасасады. Жонатан Сауылға Дәуіт жайлы айтқанда, тіпті өмірінен айырылып қала жаздаған болатын. Алайда екі дос қайта қауышып, достықтарын тағы да сертпен бекітеді (Пат. 1-ж. 20:24—41). Олар соңғы рет кездескенде, Жонатан Дәуіттің ‘Құдайға деген сенімін нығайтады’ (Пат. 1-ж. 23:16—18).

8 Жонатан філістірлерге қарсы шайқаста қаза болады (Пат. 1-ж. 31:6). Дәуіт оны жоқтап, былай деп жырлайды: “Жоқтаймын өзіңді, қайран бауырым, жанымдай жақсы көрген сырлас досым! Мен үшін адал сүйіспеншілігің махаббатынан да артық әйелдің” (Пат. 2-ж. 1:26). Иә, Дәуіт пен Жонатан нағыз достар болған.

Әрдайым кішіпейіл бол

9. Кішіпейіл болудың маңыздылығы Билер кітабының 9-тарауынан қалай көрінеді?

9 Құдайдың досы болу үшін кішіпейіл болуымыз керек (Пет. 1-х. 3:8; Заб. 137:6). Бұл қасиеттің қаншалықты маңызды екені Билер кітабының 9-тарауында көрсетілген. Гедеонның баласы Жотам ‘ағаш біткен өздеріне патша сайламақ болғаны’ туралы астарлы әңгіме айтып береді. Онда сөз етілген зәйтүн, інжір ағаштары мен жүзімнің сабағы исраилдік бауырларының үстінен билік жүргізуге талпынбаған лайықты адамдарды бейнелейді. Ал отын болуға ғана жарайтын шомырт болса өзгелерге қысымшылық көрсетуге жаны құмар қанішер әрі менмен патша Әбумәліктің билігін көрсетеді. Ол “Исраилда үш жыл” билік еткен соң, мезгілсіз қаза болады (Бил. 9:8—15, 22, 50—54). Кішіпейіл болу қаншалықты маңызды десеңші!

10. ‘Құдайға тиісті құрметті көрсетпеген’ Иродтың мысалынан қандай сабақ аламыз?

10 Б. з. бірінші ғасырында Яһудеяда билік еткен менмен патша Ирод Агриппа мен онымен ынтымақтасқысы келген Тир мен Сидонның тұрғындарының арасында араздық туады. Бірде Ирод халық алдында сөз сөйлеп жатқанда, олар: “Адам емес, құдай сөйлеп тұр!”— деп айғайлай бастайды. Алайда Ирод бұндай қошеметтен бас тартпайды. Сонда ‘Құдайға тиісті құрметті көрсетпегені’ үшін Ехобаның періштесі оған жаза жіберіп, ол сұмдық өліммен өледі (Ел. іс. 12:20—23). Біздің баяндамашы не Киелі кітап шындықтарын үйретуші ретінде қандай да бір қабілеттеріміз болса, осындай мүмкіндіктер беріп жатқаны үшін Ехобаға ризашылық білдіруіміз керек емес пе?! (Қор. 1-х. 4:6, 7; Жақ. 4:6).

Батыл да берік бол

11, 12. Енохтың мысалынан Ехобаның қызметшілеріне батылдық пен күш-жігер беретіні қалай көрінеді?

11 Ехобаның жолымен кішіпейілділікпен жүретін болсақ, ол бізге батылдық пен күш-жігер береді (Заң. қ. 31:6—8, 23). Адам атаның жетінші ұрпағы Енох зұлым адамдардың арасында әділ өмір сүрген. Ол батылдық таныта отырып, Құдаймен тығыз байланыста жүрді (Жар. 5:21—24). Замандастарының жаман сөздері мен істерін әшкерелейтін хабарды жеткізу үшін Ехоба Енохқа күш-жігер берді (Яһуда 14, 15 оқы). Ал сенің Құдайдың үкімін жариялауға батылдығың жете ме?

12 Ехоба Нұхтың күндерінде бүкіл дүниеге Топан су жіберіп, құдайсыз адамзатқа шығарған үкімін жүзеге асырды. Енохтың жеткізген хабары бізге жігер береді, өйткені Құдайдың он мыңдаған қасиетті нөкерлері біздің күндеріміздегі құдайсыз адамдарды жақында жоймақ (Аян 16:14—16; 19:11—16). Құдайдың үкімін жарияласақ та, Патшалық әкелетін баталар жайлы айтсақ та, батылдық сұрап дұға ететін болсақ, Ехоба дұғаларымызға жауап береді.

13. Қиындықтарға төтеп беру үшін Құдайдың бізге батылдық пен күш-жігер беретініне неге сенімді бола аламыз?

13 Жанымызға батқан қиындықтарға төтеп беру үшін де Құдайдың бізге батылдық пен күш-жігер беруін қажет етеміз. Есаудың екі хеттік әйелі ‘[оның ата-анасы] Ысқақ пен Рабиғаға үлкен уайым әкелген’ болатын. Рабиға тіпті: “Есаудың алған хеттік әйелдерінің кесірінен өмірім уайымға толы өтіп жатыр. Егер [ұлымыз] Жақып та мына хеттік әйелдер сияқты жергілікті қыздардан әйел алатын болса, онда маған өмір сүрудің не қажеті бар?”— деп налыған (Жар. 26:34, 35; 27:46). Сонда Ысқақ мәселені шешу үшін Жақыпты Ехобаның қызметшілерінің арасынан әйел алуға басқа жерге аттандырған болатын. Ысқақ пен Рабиға Есаудың әрекеттеріне ықпал ете алмады. Сөйтсе де Ехоба оларға адалдықтарын сақтау үшін даналық, батылдық пен күш-жігер береді. Ехобаға дұға ететін болсақ, ол бізге де осылайша көмектеседі (Заб. 117:5).

14. Кішкентай исраилдік қыз қалай батылдық танытты?

14 Осыдан бірнеше ғасыр өте, кішкентай исраилдік қызды бір топ қарақшы құлдыққа алып кетеді. Оны алапеспен ауырған сириялық әскербасы Нағыман өзінің үйіне қызметші етіп алады. Құдайдың Елішә пайғамбар арқылы істеген кереметтері жайлы естіген бұл қыз Нағыманның әйеліне батылдықпен: “Қожайыным Исраилге барса ғой, Ехобаның пайғамбары оны алапесінен сауықтырар еді”,— дейді. Нағыман Исраилге барады да, керемет түрде сауығып кетеді (Пат. 4-ж. 5:1—3). Бұл қыз бүгінгі мәсіхші жастарға керемет үлгі көрсетіп кетпеді ме?! Олар мұғалімдеріне, сыныптастарына және басқа да адамдарға уағыздау үшін Ехобаның батылдық беретініне сенімді.

15. Ахаб патшаның сарай басқарушысы Абадия қалайша батылдық танытты?

15 Құдайдың беретін батылдығы қудалауға қарсы тұруға көмектеседі. Ілияс пайғамбардың заманында өмір сүрген Ахаб патшаның сарай басқарушысы Абадияның мысалын қарастырып көрейік. Езабел ханшайым Құдайдың пайғамбарларын өлтіруді бұйырғанда, Абадия жүз пайғамбарды “елу адамнан үңгірге” жасырып ұстаған болатын (Пат. 3-ж. 18:13; 19:18). Ехобаның пайғамбарларына көмектескен Абадия сияқты, сен де қуғындалған бауырластарға батылдықпен қол ұшын берер ме едің?

16, 17. Арыстарқ пен Гай қуғын-сүргінге қалай қарады?

16 Қуғын-сүргінге ұшырасақ, Ехобаның бізді қалдырмайтынына сенімді болуымызға болады (Рим. 8:35—39). Бірде Ефес қаласында ашық аспан астындағы театрда Пауылдың серіктестері Арыстарқ пен Гай ашу кернеген мыңдаған адамның ортасында қалады. Бүліктің шығуына түрткі болған Деметір есімді күміс зергері болатын. Ол басқа да зергерлермен бірге әйел тәңір Артемидаға ғибадат ететін орынның нұсқаларын жасайтын. Ал Пауылдың уағызынан кейін көптеген ефестіктер мүсіндерге табынудан бас тартқандықтан, олар кіріс көзінен айырылуға шақ қалады. Тобыр Арыстарқ пен Гайды театрға сүйреп апарып: “Ефестің Артемидасы жасасын!”— деп айғайлай бастайды. Арыстарқ пен Гай тірі қалуға үміттенбеген болса керек, алайда қала хатшысы басу айтып, елді тыныштандырады (Ел. іс. 19:23—41).

17 Сен де осындай жағдайға тап болсаң, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге тырысар ма едің? Арыстарқ пен Гайдың жасықтық танытқаны еш жерден көрінбейді. Арыстарқ салониқалық болғандықтан, мәсіхшілердің ізгі хабар үшін қудалануы мүмкін екенін білген. Өйткені осыдан біраз уақыт бұрын Пауылдың осы қалада уағыздауының нәтижесінде елде толқу болған еді (Ел. іс. 17:5; 20:4). Алайда Арыстарқ пен Гай Ехобаның жолымен жүргендіктен қудалауға қарсы тұруға көмектесетін Құдай берген батылдық пен күш-жігерге ие болған болатын.

Өзгелердің де мүдделерін ойлай жүрейік

18. Қалай Прискила мен Ақила өзгелердің мүдделерін ‘ойлай жүрген’?

18 Біз қуғын-сүргін көрген-көрмегенімізге қарамастан, мәсіхші бауырластарымыздың қамын ойлай жүруіміз керек. Прискила мен Ақила өзгелердің де мүдделерін ‘ойлай жүрген’ (Філіпіліктерге 2:4 оқы). Мысалы, басқаларға үлгі болған бұл ерлі-зайыпты адамдар Ефесте болған Пауылға баспана бергенге ұқсайды. Жоғарыда айтылып кеткендей, осы қалада күміс зергері Деметір жұртты дүрліктірген болатын. Ал бұл Ақила мен Прискиланы Пауыл үшін ‘өмірлерін қиюға дайын’ болуға талпындырған болса керек (Рим. 16:3, 4; Қор. 2-х. 1:8). Бүгінде біз қуғын-сүргін көрген бауырластарымыздың қамын ойлай жүріп, “жыландай көреген” болуға үйренеміз (Мат. 10:16—18). Біз қызметімізді сақтықпен атқарамыз әрі қарсыластарға бауырластарымыздың есімдерін не қандай да бір басқа мәліметті айтып, сатқындық жасамаймыз.

19. Табита өзгелерге қандай игі істер істеді?

19 Өзгелердің мүдделерін ойлайтынымызды әртүрлі жолдармен көрсете аламыз. Мысалы, кейбір мәсіхшілердің қажеттіліктерін қамтамасыз ете алатын шығармыз (Ефес. 4:28; Жақ. 2:14—17). Бірінші ғасырда Иоппедегі қауымда Табита есімді мәсіхші жомарттығымен танымал болатын (Елшілердің істері 9:36—42 оқы). “Ол кәріп-қасерлерге көмектесіп, көптеген игі істер жасайтын”. Мұның бірі мұқтаждық көрген жесір әйелдерге киім тігіп бергені болса керек. Оның б. з. 36 жылы қайтыс болғаны жесір әйелдерге зор қайғы әкелген болатын. Алайда Құдай елші Петір арқылы Табитаны қайта тірілткен еді. Оның жер бетіндегі қалған өмірін ізгі хабарды қуанышпен уағыздап, игі істер істеп өткізгеніне күмәнданбасақ та болады. Арамызда Табита іспетті риясыз мәсіхші әйелдердің болғаны тамаша емес пе?!

20, 21. а) Бауырластарды жігерлендіру мен олардың мүдделерін ойлаудың қандай байланысы бар? ә) Бауырластарды қалай жігерлендіруіңе болады?

20 Бауырластарды жігерлендіру арқылы олардың мүдделерін ойлайтынымызды көрсетеміз (Рим. 1:11, 12). Пауылдың серіктесі Сыйлас бауырластарды әрқашан жігерлендіріп отырған. Б. з. 49 жылы сүндеттелуге қатысты мәселе шешімін тапқан соң, Иерусалимдегі басқарушы кеңес оны хатқа жазып, басқа қалалардағы мәсіхшілерге жеткізу үшін өкілдер жібереді. Сыйлас, Яһуда, Барнаба және Пауыл хатты Антақияға апарады. Сол жерде Сыйлас пен Яһуда ‘жиналған бауырластарға ұзақ сөз сөйлеп, жігерлендіріп, сенімдерін бекітеді’ (Ел. іс. 15:32).

21 Кейіннен Пауыл мен Сыйлас қамауға алынады. Алайда жер сілкінісінің арқасында одан босап шығады да, артынан түрме бастығы мен оның отбасына куәлік береді. Олардың мәсіхші болғаны Пауыл мен Сыйласқа қандай қуаныш әкелді десеңші! Басқа қалаға кетпес бұрын олар бауырластарды біраз жігерлендіреді (Ел. іс. 16:12, 40). Пауыл мен Сыйласқа еліктеп, түсініктеме беру, тапсырма дайындау және құлшына қызмет ету арқылы өзгелерді жігерлендіруге тырыс. Сондай-ақ ‘жігер беретін сөз айтамын десең, айта бер’ (Ел. іс. 13:15).

Ехобаның жолымен әрі қарай да жүре бер

22, 23. Киелі кітаптағы оқиғалар бізге шынымен пайдалы болу үшін не істегеміз дұрыс?

22 “Күш-жігердің қайнар көзі” Ехобаға өмірден алынған оқиғаларды өз Сөзінде жазып қалдырғаны үшін риза болуымыз керек емес пе?! (Қор. 2-х. 1:3, Byington). Осы оқиғалар біз үшін пайдалы болсын десек, Киелі кітаптағы тәлімдерді өмірімізде қолданып, Құдайдың киелі рухына бізді жетелеуге жол беруіміз керек (Ғал. 5:22—25).

23 Киелі кітаптағы оқиғаларды ой елегімізден өткізгеніміз Құдайға ұнамды қасиеттер танытуға көмектеседі. Сондай-ақ “кемеңгерлік, білімдарлық пен қуаныш” сыйлайтын Ехобамен қарым-қатынасымызды нығайтады (Екк. 2:26). Осылайша сүйіспеншілігі мол Құдайымыздың жүрегін қуанта аламыз (Нақ. с. 27:11). Ехобаның жолымен әрі қарай да жүре отырып, осылай етуге бел буалық.

Қалай жауап берер едіңдер?

• Сенімді адам екеніңді қалай көрсете аласың?

• Неге кішіпейіл болуымыз керек?

• Киелі кітаптағы оқиғалар батыл болуымызға қалай көмектеседі?

• Өзгелердің мүдделерін ойлайтынымызды қандай жолдармен көрсете аламыз?

[8-беттегі сурет]

Өзін сенімді адам ретінде көрсеткен Ефта қиынға соқса да, Құдайға берген сертін өзі де, қызы да орындады

[10-беттегі сурет]

Жастар, исраилдік қыздың үлгісінен не нәрсеге үйренулеріңе болады?

[11-беттегі сурет]

Табита мәсіхшілердің қажеттіліктерін қалайша қамтамасыз еткен?

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу