Жонатан “бәрін Құдайдың қолдауымен істеді”
ИСРАИЛДІҢ алғашқы патшасының ұлы бір қашқынмен жасырын кездесіп: “Қорықпа! Әкемнің қолына ешқашан түспейсің. Сен Исраилдің патшасы, ал мен сенен кейінгі екінші адам боламын”,— дейді (Патшалықтар 1-жазба 23:17).
Бұны айтқан — Жонатан, ал қашқын Дәуіт болатын. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай өліп кетпегенде, сірә, Жонатан Дәуіттің оң қолы болар еді.
Жонатан мен Дәуіттің достығы ерекше болды. Жонатанның өзі де дара тұлға еді. Оның қарамағындағы жігіттер де солай ойлайтын, өйткені олар бірде Жонатан туралы: ‘Ол бәрін Құдайдың қолдауымен істеді’,— деген (Патшалықтар 1-жазба 14:45). Олар неге бұлай деді екен? Жонатанның бойында қандай қасиеттер болған? Оның өмірінен қандай үлгі алуға болады?
Исраилдіктердің ‘жағдайы қиындады’
Киелі кітапта алғаш рет Жонатан туралы исраилдіктердің ‘жағдайы қиын’ болып тұрғанда әңгімеленеді. Сол заманда філістірлер исраилдіктерге қару-жарақ жасатпайтын және елдерін тонап отыратын (Патшалықтар 1-жазба 13:5, 6, 17—19).
Алайда Ехоба өз халқын тастамауды уәде етеді, ал Жонатан бұған кәміл сенеді. Дәл сол Жонатанның әкесі Саул жөнінде Құдай: “Ол халқымды філістірлердің қол астынан азат етеді”,— деген. Жонатан осы сөздердің орындалатынына сенімді еді. Оның өзі де қол астындағы қарусыз 1 000 сарбазымен філістірлерді жеңген. Енді оларға біржола тойтарыс беруді қалайды (Патшалықтар 1-жазба 9:16; 12:22; 13:2, 3, 22).
Батыл шабуыл
Жонатан філістірлердің Миқмас асуына жақын орналасқан жасақшылар тобын нысанаға алады (Патшалықтар 1-жазба 13:23). Онда жету үшін ол ‘тырмысып жоғары өрмелеу’ керек еді. Бірақ бұл оған кедергі болмады. Жонатан қару-жарағын алып жүрген нөкерімен шабуылдауға бел буып, оған: “Мүмкін, Жаратқан Ие бізге көмектесер. Не аз, не көп адам арқылы болсын, бәрібір Жаратқан Ие құтқара алады!”— дейді (Патшалықтар 1-жазба 14:6, 13).
Сөйтіп, екеуі Ехобадан белгі алғысы келеді. Олар жасақшыларға көрінбек болады. Егер філістірлер: “Біз төмен түсіп келгенше күте тұрыңдар”,— десе, жоғарыға шықпайды. Ал жаулары: “Бізге қарай жоғары көтеріліңдер”,— десе, бұл Ехобаның оларды жеңіске жеткізетінінің белгісі болмақ. Ехобаның қолдайтынына кәміл сенген Жонатан жасақшылар тобына көтеріліп, шайқаспақ болды (Патшалықтар 1-жазба 14:8—10).
Бүкіл жасақшылар тобына қарсы екі кісі не істей алмақ? Кезінде Ехуд би исраилдіктерді Моабпен шайқасқа бастағанда, Ехоба көмектеспеп пе еді? Шамғар Құдайдың көмегімен 600 філістірді сиыр айдайтын таяқпен сұлатып салған еді ғой? Ехоба күш беріп, Самсон філістірлерді жалаң қолымен жайпады емес пе? Жонатан Құдай оған да көмектеседі деп сенді (Билер 3:12—31; 15:6—8, 15; 16:29, 30).
Екі исраилдікті көргенде, філістірлер: “Бері шығыңдар, сендерге бір нәрсе көрсетеміз!”— деп айғай салады. Жонатан мен нөкері жоғары көтеріледі. Жүрек жұтқан екеуі жауға тап беріп, 20 шақтысын қырып салады; філістірлер асып-сасып әбігерге түседі. Бәлкім, олар екеуінің артынан үлкен қол келе жатыр деп қорыққан шығар. Киелі кітапта бұдан кейін ‘барлық філістір жасақшыларының зәрелері ұшқаны’, жер сілкініп, Құдайдың өте үлкен үрей жібергені айтылған. Құдай жіберген жер сілкінісінен естері шыққан філістірлер ‘бір-бірімен шайқасып жатты’. Исраил жасақтары мұны көргенде, батылданып алады. Содан, оларға жасырынып жүрген және філістірлер жағына өтіп кеткен исраилдіктер қосылады да, жауларын ‘Миқмастан Аялонға дейін қуып, талқандайды’ (Патшалықтар 1-жазба 14:11—23, 31).
Жасақшылар өлімнен құтқарып қалды
Саул патша ойланбай сөйлеп, жауды жеңбейінше сарбаздарына тамақтан ауыз тиюге тыйым салып, олай етпеген әркімді қарғыс ататынын айтады. Бірақ бұдан бейхабар Жонатан дәм татып қояды. Ол таяғының ұшын балауызға тығып алып, біраз бал жейді. Бұл оған ұрыстың аяғына дейін қатысуға күш берсе керек (Патшалықтар 1-жазба 14:24—27).
Жонатанның тамақтан дәм татқанын білген Саул оның өлуге тиіс екенін айтады. Жонатан өлімнен қашпай: “Енді, міне, өлмекпін”,— дейді. “Алайда жасақшылар: — Исраилді осындай ұлы жеңіске жеткізген Жонатан қалайша өлуге тиіс? Олай болмайды! Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамыз: оның басындағы тіпті бір тал шашын да түсіруге болмайды! Ол бүгін бәрін Құдайдың қолдауымен істеді,— деп, Жонатанды өлімнен құтқарып қалды” (Патшалықтар 1-жазба 14:38—45).
Бүгінде Құдайдың қызметшілері соғысып жүрген жоқ, бірақ сенің де өміріңде сенім мен батылдық таныту қажет кездер болуы мүмкін. Жұрттың бәрі бұрыс әрекет етіп жатқанда, дұрыс нәрсені істеу оңай бола бермейді. Алайда Ехоба сені нығайтып, әділ нормаларына берік болуға деген ықыласыңа батасын береді. Сонымен қатар саған Ехобаның ұйымында түрлі қызмет атқаруға, мысалы қызмет аясын кеңейту, жаңа міндеттер алу немесе қажеттілік бар жерге көшіп баруға, батылдық қажет болуы мүмкін. Бәлкім, бұл қолымнан келмейді деп уайымдайтын шығарсың. Алайда еркіне сай қолдансын деп өзіңді Ехобаның қолына тапсырғаныңның дұрыс екеніне сенімді бол. Жонатанды есіңде ұста! ‘Ол бәрін Құдайдың қолдауымен істеген’.
Жонатан және Дәуіт
Жиырма жылдай уақыттан кейін Ғолият деген філістірлік батыр Исраил әскерін мазақ етеді, бірақ ол Дәуіттің қолынан қаза табады. Жонатан Дәуіттен 30 жас үлкен болғанға ұқсайдыa. Соған қарамастан екеуінің арасында ортақ нәрсе көп еді. Жонатан Миқмаста танытқандай батылдықты Дәуіттің бойынан да көруге болатын. Ал ең зор ұқсастық: Дәуіт те Ехобаның құтқарушы күшіне сенетін; сол себепті ол бүкіл Исраил сарбаздары бас тартқанда, қорықпастан Ғолиятпен жекпе-жекке шықты. Міне, сондықтан “Жонатанның жаны Дәуіттің жанымен байланысып, оны өзіндей жақсы көріп қалды” (Патшалықтар 1-жазба 17:1-18:4, сілтеме).
Дәуіттің батылдығына қарап, Саул оны өзінің бақталасы деп есептегенмен, Жонатанның бойында еш қызғаныш болған жоқ. Олар Дәуіт екеуі айнымас дос болып кетеді. Дәуіттің Исраилдің келесі патшасы ретінде майланғанын Жонатан онымен сырласқан кездерінің бірінде білсе керек. Жонатан Ехобаның шешімін сыйлады.
Саул патша Жонатан мен қызметшілеріне Дәуітті өлтіретінін айтқанда, ол оны ескертіп қояды. Ал әкесін Дәуіттен қорқуға негіз жоқ екеніне сендіреді. Расында да, Дәуіт патшаға қарсы ешқандай күнә жасаған жоқ қой! Ғолиятпен жекпе-жекке шыққанда, ол өмірін қатерге тікті емес пе? Жонатанның қапыда кетпек досын жақтап сөйлегені Саулдың көңілін орнықтырады. Алайда көп ұзамай патша ойынан айнып, Дәуітті өлтіруге тырысады, ал ол бас сауғалап қашуға мәжбүр болады (Патшалықтар 1-жазба 19:1—18).
Жонатан Дәуіттің жағында болады. Екі дос енді не істеу керектігін шешу үшін кездеседі. Досына адал, сөйте тұра әкесіне де опасыздық жасағысы келмеген Жонатан: “Жоқ, өлтірілмейсің!”— дейді. Бірақ Дәуіт оған: “Мені ажалдан ажыратып тұрған бір-ақ қадам”,— деп жауап береді (Патшалықтар 1-жазба 20:1—3).
Содан, Жонатан мен Дәуіт Саул патшаның көңіліндегісін білудің амалын қарастырады. Егер дастарқан басында патша Дәуіттің жоқ екенін байқаса, Жонатан оның өз отбасымен құрбан шалуға сұранып кеткенін айтпақ. Саул ашуланса, бұл оның Дәуітке қарсы екенінің белгісі болмақ. Жонатан Дәуіттің болашақ патша екеніне меңзеп: “Жаратқан Ие әкеме жар болғандай, енді саған да жар бола көрсін!”— деп батасын береді. Екі дос бір-біріне адал болуға анттасады да, Жонатан әкесінің көзқарасын Дәуітке қалай білдіретінін келісіп алады (Патшалықтар 1-жазба 20:5—24).
Саул Дәуіттің жоқ екенін байқағанда, Жонатан оның: “Мейірімділік көрсетіп, мені ағайындарыма жібере гөр”,— деп қоймастан сұранып кеткенін айтады. Ол Дәуітке өзінің мейірімі түскенін мойындаудан қорықпайды. Ал патша бұлқан-талқан болады! Ол Жонатанға айқайлап, ауыр сөздер айтып, Дәуіт патшалығына қауіп төндіретінін ескертеді. Саул одан Дәуітті өлімге лайық адам ретінде ұстап әкелуді талап етеді. Жонатан: “Ол неліктен өлтіріледі? Жазығы не еді?”— деп ашуланады. Сонда қаһарына мінген Саул сүңгісін ұлына лақтырып жібереді. Жонатан жалтарып үлгереді, бірақ Дәуіт үшін қатты жүрегі ауырады (Патшалықтар 1-жазба 20:25—34).
Жонатан неткен адал болған десеңші! Адами көзқараспен қарағанда, оның Дәуітпен достығынан алған пайдасынан гөрі шеккен жапасы көп болған. Алайда Ехобаның еркі бойынша, Саулдан кейін Дәуіт патша болмақ, әрі бұл Жонатанның да, өзгелердің де игілігіне аспақ еді.
Қимастықпен айырылысу
Жонатан Дәуітпен жасырын кездесіп, болған жайтты айтады. Дәуіттің енді қайтып Саулдың табалдырығын аттай алмайтыны анық еді. Екі дос құшақтасып, егіле жылайды. Сосын, Дәуіт қашып кетеді (Патшалықтар 1-жазба 20:35—42).
Бұдан кейін Жонатан “Зифке жақын елсіз даладағы ну орманда” Саулдан жасырынып жүрген Дәуітті бір-ақ рет көреді. Ол Дәуітті: “Қорықпа! Әкемнің қолына ешқашан түспейсің. Сен Исраилдің патшасы, ал мен сенен кейінгі екінші адам боламын. Мұны әкем де жақсы біледі”,— деген сөздермен сол кезде жігерлендірген еді (Патшалықтар 1-жазба 23:15—18). Көп ұзамай Жонатан да, Саул да філістірлермен шайқаста қайтыс болады (Патшалықтар 1-жазба 31:1—4).
Құдайды сүйетіндердің бәрі Жонатанның әрекеті жөнінде ойланғандары абзал. Саған кімге адал болуды шешу керек пе? Онда Саул Жонатанды өз мүддесін ойлауға талпындырғанын ұмытпа. Алайда ол Ехобаны құрметтеу және шын жүректен мойынсұну арқылы оны даңқтаған, сондай-ақ Исраилдің келесі патшасы Оның өзі таңдаған адам болатынына қуанған. Иә, Жонатан Дәуітті қолдаған әрі Ехобаға адал болған.
Жонатанның бойында керемет қасиеттер бар еді. Соған елікте. Сонда өзгелер сен туралы да: ‘Ол бәрін Құдайдың қолдауымен істеді’,— дей алатын болады (Патшалықтар 1-жазба 14:45).
[Сілтеме]
a Жонатанның қол бастап жүргені жөнінде алғаш әңгімеленгенде, ал бұл Саулдың 40 жылдық патшалығының басында болатын, ол, кем дегенде, 20-да болған (Руларды санау 1:3; Патшалықтар 1-жазба 13:2). Демек, б. з. б. 1078 жылы өлгенде, оның жасы 60-қа таяп қалған болса керек. Ал Дәуіттің жасы ол кезде 30-да болғанын ескерсек, Жонатан одан шамамен 30 жас үлкен болғанға ұқсайды (Патшалықтар 1-жазба 31:2; Патшалықтар 2-жазба 5:4).
[21-беттегі сурет]
Жонатанның бойында Дәуітке деген еш қызғаныш болмаған