Ықылас-ниетің әрдайым Ехобада болсын
“Ықылас-ниетім әрдайым Иемде” (ЗАБ. 15:8).
1. Киелі кітаптағы оқиғалар бізге қалай әсер етеді?
ЕХОБАНЫҢ Сөзі Киелі кітапта оның адамдармен қарым-қатынасы туралы керемет мәліметтер жазылған. Онда Ехоба өз еркін орындау үшін қолданған көптеген адамдар туралы айтылады. Әрине, олардың сөздері мен істері Киелі кітапта жай ғана қызықты оқиға ретінде жазылмаған. Бұл оқиғалар бізге Ехобаға жақындай түсуге көмектеседі (Жақ. 4:8).
2, 3. Забур 15:8-дегі сөздерді қалай түсінуге болады?
2 Ыбырайым, Сара, Мұса, Рут, Дәуіт, Естер, елші Пауыл және басқа да көбімізге танымал Киелі кітап кейіпкерлерінің бастарынан өткен оқиғаларынан бәріміз де көп нәрсеге үйрене аламыз. Алайда онда аса көңіл аударылмайтын адамдардың өмірінен де өзімізге сабақ алуымызға болады. Киелі кітаптағы оқиғалар туралы ой жүгірткеніміз забур жыршысының: “Ықылас-ниетім әрдайым Иемде, Оң жағымда маған жар боп келеді: Жағдайым шайқалмайды ешбір кезде”,— деген сөздеріне сай әрекет етуімізге көмектеседі (Заб. 15:8). Бұл сөздерді қалай түсінуімізге болады?
3 Бұрынғы заманда сарбаз семсерін әдетте оң қолына, ал қалқанын сол қолына ұстағандықтан, оның оң жағы қорғанышсыз ашық қалатын. Алайда досы оның оң жағында тұрып шайқасатын болса, ол өзін қауіпсіз сезінетін. Егер біз Ехобаны жадымыздан шығармай, оның еркін орындайтын болсақ, ол бізге қорған болады. Олай болса, ‘ықылас-ниетіміз әрдайым’ Ехобада болу үшін Киелі кітаптағы оқиғалар сенімімізді қалай нығайтатынын қарастырып көрейік.
Ехоба дұғаларымызға жауап береді
4. Құдайдың дұғаларға жауап беретінін қандай оқиғадан көруге болады?
4 Ықылас-ниетіміз әрдайым Ехобада болса, ол дұғаларымызға жауап береді (Заб. 64:3; 65:19). Мұның растығын Ыбырайымның жасы ең үлкен қызметшісінің басынан өткен оқиғадан көреміз. Бұл адам Елиезер болған болуы мүмкін. Ыбырайым оны Ысқаққа Құдайды қастерлейтін әйел әкелу үшін Месопотамияға жібереді. Елиезер Құдайдың басшылығын сұрап дұға айтады да, Рабиға оның түйелерін суғарып бергенде, дұғасына жауап алғанын байқайды. Ол шын жүректен дұға айтқандықтан, Ысқақтың болашақ сүйікті әйелін кездестіреді (Жар. 24:12—14, 67). Рас, Ыбырайымның қызметшісіне арнайы тапсырма жүктелген болатын. Алайда Ехобаның дұғаларымызға құлақ асатынына бізде де дәл сондай сенімділік болу керек емес пе?
5. Неге тіпті іштей айтылған қысқаша дұғаның да көп пайдасы тиюі мүмкін деуге болады?
5 Кейде Құдайдың көмегін сұрап тез дұға айтуымыз керек болатын шығар. Бірде парсы патшасы Артаксеркс өзінің бас шарапшысы Нехемияның тұнжырап жүргенін байқайды да, одан: “Сенің тілегің не?”,— деп сұрайды. Нехемия, іштей болса керек, ‘Құдайға жалбарынып дұға’ айтады. Алайда оның дұғаны ұзақ айтып тұратын мүмкіндігі болған жоқ. Дегенмен Құдай Нехемияның дұғасына жауап береді: патша Иерусалимнің қабырғаларын қалпына келтіруге қолдау көрсетеді (Нехемия 2:1—8 оқы). Иә, тіпті іштей айтылған қысқаша дұғаның да көп пайдасы тиюі мүмкін.
6, 7. а) Епафрас дұғаға қатысты қандай үлгі қалдырды? ә) Неге бауырластар үшін дұға айтқанымыз дұрыс?
6 Құдай дұғамызға үнемі бірден жауап бермесе де, ‘бір-біріміз үшін сиынуымыз’ керек (Жақ. 5:16). “Мәсіхтің сенімді қызметшісі” Епафрас бауырластар үшін шын жүректен дұға айтқан. Пауыл Римнен Қолос қаласындағы бауырластарға былай деп жазған болатын: “Мәсіх Исаның қызметшісі, әрі жерлестерің Епафрас та сәлем айтып отыр. Ол сендердің рухани кемелденіп, берік сеніммен Құдайдың бүкіл еркін орындауларың үшін үздіксіз мінажат етіп күресуде. Оның сендерді және Лаудіки мен Иераполдағы бауырластарды қатты уайымдап жүргеніне куәмын” (Қол. 1:7; 4:12, 13).
7 Кіші Азиядағы Қолос, Лаудіки және Иерапол қалалары бір-біріне жақын орналасқан болатын. Иерапол қаласындағы мәсіхшілер Кибела деп аталатын әйел тәңірге табынатын адамдардың арасында, Лаудікидегі бауырластар дүниеқоңыз халықтың арасында, ал қолостық мәсіхшілер пәлсапаның ықпалы зор ортада тұрған (Қол. 2:8). Олай болса, өзі Қолос қаласынан шыққан Епафрастың сол қаладағы бауырластар үшін ‘үздіксіз мінажат етіп күрескеніне’ таңғалмаса да болады. Киелі кітапта оның дұғасына Құдайдың қалай жауап бергені айтылмайды, алайда ол бауырластар үшін үздіксіз дұға етіп отырған. Біздің де солай еткеніміз жөн. Біз ‘басқаның шаруасына қол сұқпасақ’ та, үйіміздегі адамдардың не достарымыздың бірі ауыр сынаққа кезігіп жатқанын білетін шығармыз (Пет. 1-х. 4:15). Онда сол адам үшін жеке дұға еткеніміз орынды болмас па еді?! Пауыл бауырластардың дұғаларының пайдасын көрген, біздің дұғаларымыз да көп пайда әкелуі мүмкін (Қор. 2-х. 1:10, 11).
8. а) Ефестегі ақсақалдардың дұғаның маңыздылығын түсінгені неден көрінеді? ә) Неге біз Ефес қаласындағы ақсақалдардың үлгісіне еліктеуіміз керек?
8 Басқалар бізді дұға ету мүмкіндігін бағалайтын және үнемі дұға ететін адамдар ретінде біле ме? Пауыл Ефестегі ақсақалдармен қоштасарда “бәрімен бірге тізе бүгіп, мінажат етті”. Бұдан кейін “бәрі жылап, оны құшақтап сүйді. Оларға айрықша ауыр тигені оның “мені енді көрмейсіңдер” дегені болды” (Ел. іс. 20:36—38). Біз бұл ақсақалдардың есімдерін білмейміз, алайда олардың дұғаның маңыздылығын түсінгені анық. Біз Құдаймен сөйлесу мәртебесін аса бағалауымыз керек және көктегі Әкеміздің жауап беретініне сене отырып, ‘адал қолымызды жайып’ оған дұға ете беруіміз керек (Тім. 1-х. 2:8).
Құдайға толығымен мойынсұн
9, 10. а) Салпаадтың қыздары қандай үлгі қалдырды? ә) Олардың бойсұнғыштығы бойдақ мәсіхшілердің некеге деген көзқарастарына қалай әсер етеді?
9 Ехобаны үнемі жадымызда ұстайтын болсақ, оған мойынсұна отырып, батасына ие боламыз (Заң. қ. 28:13; Пат. 1-ж. 15:22). Бұл үшін бойсұнғыш болуымыз керек. Мұсаның күндерінде өмір сүрген Салпаад есімді кісінің бес қызының қандай ой қалып танытқанын қарастырып көрейік. Исраилдіктердің дәстүрі бойынша, әкелердің иеліктері ұл балаларға мұра ретінде қалып отырған. Ал Салпаадтың артында ұл қалмағандықтан, Ехоба оның бүкіл мұрасы осы қыздарға қалу керек екенін айтқан. Алайда ол бір шарт қойды. Мұра басқа рулардың иелігіне өтпеу үшін, олар Манаса руынан шыққан адамдарға ғана күйеуге шығулары керек еді (Ру. сан. 27:1—8; 36:6—8).
10 Салпаадтың қыздары Құдайға мойынсұнатын болса, мұның нәтижесі жақсы болатынына сенімді болды. Киелі кітапта былай деп айтылады: “Жаратушы Ие Мұсаға қалай әмір етсе, Салпаадтың қыздары да дәл солай істеді. Сөйтіп Салпаадтың қыздары Махла, Фирца, Хогла, Милка және Ноа өздерінің туыстас ағаларының ұлдарына тұрмысқа шықты; Олар Жүсіп ұрпағының Манассии әулетіне қарасты тайпадағы адамдардың әйелдері болды, сөйтіп, олардың үлесті жерлері өз әкелерінің тайпаларына қарасты рудың иелігінде қалды” (Ру. сан. 36:10—12). Бұл бойсұнғыш қыздар Ехобаның айтқанын екі етпей орындады (Ешуа 17:3, 4). Бүгінде некеге тұрмаған толысқан мәсіхшілер де осындай сенім таныта отырып, Құдайдың “екеуі де Иемізбен тығыз байланыста тұрсын” деген өсиетіне бағынады (Қор. 1-х. 7:39).
11, 12. Халептің Құдайға сенім артқаны неден көрінеді?
11 Исраилдік Халеп сияқты, біз де Ехобаға толығымен мойынсұнуымыз керек (Заң. қ. 1:36). Б. з. б. 16 ғасырда исраилдіктер Мысырдан шыққан соң, Мұса 12 адамды Қанахан еліне тыңшы ретінде жіберді, алайда олардың екеуі, Халеп пен Ешуа ғана, халықты Ехобаға толығымен сенім артып, сол жерге кіруге шақырды (Ру. сан. 14:6—9). Бұдан шамамен қырық жыл өте, Ешуа мен Халеп әлі де тірі болатын әрі Ехобаға толығымен мойынсұнып жүрген еді, оның үстіне, Құдай исраилдіктерді Уәде етілген жерге алып кіру үшін Ешуаны пайдаланды. Ал адалдықтарын сақтамаған он тыңшы шөл далада өткізген қырық жылдың ішінде қайтыс болғанға ұқсайды (Ру. сан. 14:31—34).
12 Қырық жыл шөл далада жүріп аман қалған адамдардың бірі ретінде Халеп Ешуаға: “Мен болсам өзімнің Құдайым — Жаратушы Иенің дегенін бұлжытпай орындадым”,— деп сенімді сөйлей алған (Ешуа 14:6—9 оқы). Ол сексен бес жасқа келгенде Құдай оған уәде еткен таулы аймақта әлі де жаулары мықты бекінген қалаларда тұрып жатқан еді. Бірақ соған қарамастан ол сол аймақты өзіне беруін сұрап Ешуаға келеді (Ешуа 14:10—15).
13. Құдайдың батасына ие болу үшін, қиыншылықтарға қарамастан, не істеуіміз керек?
13 Адал әрі мойынсұнғыш адам Халеп сияқты, Ехобаның ‘дегенін бұлжытпай орындайтын’ болсақ, Құдай бізге де жар болады. Егер үлкен қиындықтарға кезіксек, Ехобаның ‘дегенін бұлжытпай орындай’ отырып, оның батасына ие боламыз. Халеп сияқты Ехобаға өмір бойы мойынсұнып өту оңай болмауы мүмкін. Сүлеймен патша өмір жолын жақсы бастағанымен, қартайғанда әйелдері оны жалған құдайларға бас июге еліктірді. Иә, ол “әкесі, Дәуіт, сияқты Жаратушы Иенің жолын толық ұстанбады” (Пат. 3-ж. 11:4—6). Қандай қиындықтарға кезіксек те, ықылас-ниетіміз әрдайым Ехобада болсын және оған толығымен бойсұнайық.
Әрқашан Ехобаға арқа сүйе
14, 15. Нағиманың жағдайынан Құдайға арқа сүйеуге қатысты не үйренеміз?
14 Әсіресе болашағымыз үмітсіз болып көрінгенде, Құдайға арқа сүйеуіміз қажет. Күйеуі мен екі баласынан айырылған Нағима есімді яһудалық қарт кісіні алайық. Ол Моаб жерінен өз еліне қайтқанда, былай деп жоқтау айтады: “Мені Нағима емес, Мара деп атаңдар (Нағима “бақытты”, ал Мара “қайғылы” дегенді білдіреді.) Себебі Құдіретті Құдай маған қайғылы өмір бұйырды. Бұл жерден үй ішіміз түгел аттанған едік, ал енді Тәңір Ие менің қу басымды қайтарып отыр. Құдіретті Құдай басыма қайғы-қасырет түсірген соң, сендер мені несіне Бақытты деп атайсыңдар?” (Рут 1:20, 21).
15 Рут кітабын мұқият оқитын болсақ, Нағима қанша қиналса да, әрқашан Ехобаға арқа сүйегенін көруге болады. Ақырында оның жағдайының қаншалықты өзгергенін ойлап көріңдерші! Нағиманың жесір қалған келіні Рут Боғозға күйеуге шығып, ұл тапты. Нағима оны бауырына басып, бағып-қақты. Киелі кітапта әрі қарай былай жазылады: “Көрші әйелдер: — Бұл Нағима үшін туылған ұл,— деп, оған Ғабит деген есім берді. Ғабит Есейдің әкесі, Дәуіттің атасы болды” (Рут 4:14—17). Нағима жер бетіне қайта тірілгенде, Рутты кездестіріп, оның Иса Мәсіхтің түп анасы болғанын білетін болады (Мат. 1:5, 6, 16). Нағима сияқты біз де қиыншылыққа тап болғанда, жағдайдың кейін қалай өзгеретінін білмейіміз. Сондықтан да Нақыл сөздер 3:5, 6-дағы: “Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме, Сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе. Бар жағдайда да мойында Тәңір Иеңді, Сонда Ол тура жолмен жетелер сені”,— деген сөздерге сай, әрқашан Құдайға арқа сүйей берейік.
Киелі рухтың көмегіне жүгін
16. Құдайдың киелі рухы ежелгі Исраилдегі кейбір адамдарға қалай көмектескен?
16 Ықылас-ниетіміз әрдайым Ехобада болса, ол бізді киелі рухымен жетелеп жүреді (Ғал. 5:16—18). Құдай Мұсамен бірге халық жүгін алып жүрулері үшін таңдалған 70 ақсақалға киелі рухын берген (Ру. сан. 11:13—29). Олардың арасында Елдад пен Модадтың ғана есімдері аталғанымен, Құдай жауапкершіліктерін атқара алулары үшін киелі рухымен олардың бәрін қолдаған (Ру. сан. 11:13—29). Олардың да өздерінен бұрынғы таңдалған адамдар сияқты қабілетті, Құдайды қастерлейтін, сенімді әрі әділ адам болғандарында күмән жоқ (Мыс. ш. 18:21). Осындай қасиеттерді бүгінгі мәсіхші ақсақалдардан да байқауға болады.
17. Киелі шатырдың соғылуына Ехобаның киелі рухы қалай әсер етті?
17 Ехобаның киелі рухы шөл далада киелі шатырды соғу кезінде маңызды рөл атқарған. Ехоба Беселиелді бас ұста және құрылысшы етіп тағайындады да: “Оны Құдай рухына, даналыққа, парасатқа, көрегендікке және түрлі өнерге қанықтырамын”,— деп уәдесін берді (Мыс. ш. 31:3—5, Тт). Беселиел мен оның Аһолияп есімді жәрдемшісіне керемет тапсырманы орындауға басқа да ‘ақылды’ адамдар көмектесті. Оның үстіне, Ехобаның рухы сый-тарту ұсынғысы келген адамдарды жомарттық танытуға талпындырды (Мыс. ш. 31:6; 35:5, 30—34). Осы рух Құдайдың бүгінгі қызметшілерін де Құдай Патшалығына қолдарынан келгенше қолдау көрсетуге қозғау салады (Мат. 6:33). Біздің қандай да бір қабілеттеріміз бар шығар, алайда Ехобаның бүгінгі халқына берген тапсырмасын орындап шығу үшін, біз Құдайдың киелі рухын сұрап, оның өзімізді жетелеуіне жол беруіміз керек (Лұқа 11:13).
Ехобаны әрқашан қастерле
18, 19. а) Құдайдың киелі рухы біздің бойымызда қандай сезім оятады? ә) Шимон мен Анна бізге қандай үлгі қалдырған?
18 Киелі рух ықылас-ниетіміздің әрдайым Ехобада болуына көмектесетін қастерлі сезім оятады. Құдайдың ежелгі халқына: ‘Жалғыз әлемнің Иесін ғана киелі деп құрметтеңдер’,— деген өсиет берілген болатын (Ишая 8:13). Бірінші ғасырда Иерусалимде Ехобаны қастерлейтін Шимон және Анна есімді екі қарт кісі тұрған (Лұқа 2:25—38 оқы). Шимон Мәсіх туралы айтылған пайғамбарлықтарға сенетін және “Исраилдің көрген азабынан құтқарылуын аңсап күтіп” жүретін. Құдай оған киелі рухын беріп: “Құтқарушы Мәсіхті көрмей тұрып өлмейсің”,— деп уәде еткен болатын. Кейін солай болды да. Б. з. б. 2 жылы Исаның жердегі әке-шешесі Жүсіп пен Мәриям оны ғибадатханаға алып келді. Сонда Шимонға киелі рух қонып, Мәсіх туралы пайғамбарлықты және оны азап шегу бағанасына қағып тастағанда, Мәриямның шегетін қасіретін айта бастады. Алайда “Жаратқан Ие жіберген Құтқарушы Мәсіхті” қолына алғанда, Шимонның қандай қуанышқа бөленгенін ойлап көріңдерші! Ал оның Құдайды қастерлеуге қатысты бүгінгі мәсіхшілерге көрсеткен үлгісі неткен керемет!
19 Құдайды қастерлейтін 84 жастағы Анна есімді жесір әйел “ғибадатханадан шықпайтын”. Ол “күні-түні Құдайға сиынып мінажат етіп”, қасиетті қызметін атқарып жүретін. Исаны ғибадатханаға алып келгенде, Анна да сонда болатын. Ол “Жаратқан Иені мадақтады. Содан ол Иерусалимнің құтқарылуын аңсап күтіп жүргендердің бәріне осы Нәресте туралы хабарды жеткізді”. Иә, болашақ Мәсіхті көргеніне қатты риза болғаны сонша, Анна бұл ізгі хабарды басқаларға айтпай тұра алмады! Шимон мен Анна сияқты бүгінгі егде тартқан мәсіхшілер қанша жасқа келсе де, Ехобаның куәгерлері болуға жарамсыз болып қалмайтындарына қуанышты.
20. Қанша жаста болсақ та, не істеуіміз қажет және неге?
20 Қанша жаста болсақ та, ықылас-ниетіміз әрдайым Ехобада болу керек. Сонда адамдарға Құдайдың патшалық етуі мен оның керемет істері туралы хабарды жеткізуге кішігірім үлес қосып жатқанымыз үшін жарылқанамыз (Заб. 70:17, 18; 144:10—13). Алайда Ехобаны дәріптеу үшін оған ұнамды қасиеттерді танытуымыз керек. Киелі кітаптағы басқа да оқиғаларды қарастыра отырып, мұндай қасиеттер туралы не білуге болады?
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ехобаның дұғаларға құлақ асатынын қайдан білеміз?
• Неге Құдайға толығымен мойынсұнуымыз керек?
• Тіпті ұнжырғамыз түсіп кетсе де, неге әрқашан Ехобаға арқа сүйеуіміз керек?
• Құдайдың киелі рухы оның халқына қалай көмектеседі?
[4-беттегі сурет]
Ехоба Нехемияның дұғасына жауап берді
[5-беттегі сурет]
Нағиманың жағдайының өзгергенін есте ұстағанымыз Ехобаға арқа сүйеуге көмектеседі