Ехобаның сөзі тірі.
Таңдаулы әндер кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
“ШОМЫРТ өскіндерінің арасындағы лала гүлі сияқты, менің сүйіктім де бойжеткендердің ортасында”. “Орман теректерінің арасындағы алма ағашы сияқты, менің сүйіктім де жасөспірімдер ортасында”. “Күндей жарық, айдай әсем, таң нұрындай жарқыраған бұл кім екен?” (Таңдаулы әндер 2:2, 3; 6:10) Қандай керемет айтылған сөздер! Киелі кітаптың Таңдаулы әндер деп аталатын бұл кітабы — мағынаға да, көркем сөзге де толы өлең кітап. Сондықтан да “ең әдемі (ең тамаша) жыр” деп аталады (Таңдаулы әндер 1:1; ЖД, сілтемесі).
Ежелгі Исраил патшасы Сүлеймен бұл жырды 40 жылдық билігінің алғашқы бөлігінде, шамамен б. з. б. 1020 жылы жазған. Бұл жыр қойшы жігіт пен Суламитаның (Суламдық қыздың) махаббаты жайлы. Онда сондай-ақ қыздың шешесі мен ағалары, “Иерусалим қыздары [сарай әйелдері]” және “Сион қыздары [Иерусалим әйелдері]” сияқты кейіпкерлер кездеседі (Таңдаулы әндер 1:4; 3:11). Киелі кітап оқырманына Таңдаулы әндер кітабындағы кейіпкерлерді бірден ажырату қиын, десе де олардың не айтқанын немесе оларға не деп жауап қатқанына қарай отырып, ажыратуға болады.
Құдай Сөзінің бір бөлігі болып табылатын Таңдаулы әндер кітабындағы хабардың біз үшін аса құнды болуының екі себебі бар (Еврейлерге 4:12). Біріншісі, ол еркек пен әйелдің арасындағы нағыз махаббат дегеннің не екенін бізге үйретеді. Ал екіншісі, Иса Мәсіх пен майланған мәсіхшілер қауымының арасында қандай сүйіспеншілік бар екенін көрсетеді (Қорынттықтарға 2-хат 11:2; Ефестіктерге 5:25—31).
‘МЕНДЕ МАХАББАТ ОЯТУҒА’ ТЫРЫСПАҢДАР
“Ол мені өз еріндерімен сүйгендей аймалайды келіп! Өйткені сенің мейірімдерің шараптан да тамаша” (Таңдаулы әндер 1:1). Таңдаулы әндер кітабындағы әңгіме Сүлеймен патшаның сарайына алынған қарапайым ауыл қызының осы сөздерімен басталады. Бұл сарайға қыз қалай келіп қалды?
“Өз анамнан туған ұлдар маған ашуланды да мені жүзімдікті күзетуге тағайындады”,— дейді ол. Сүйікті қойшы жігіті оны көктемнің бір ғажап күнінде өзімен бірге қыдыруға шақырғанда, ағалары қызға ашуланған болатын. Сөйтіп, қызды жібермеу үшін оған ‘жүзімдіктерді бүлдіріп жүрген түлкі күшіктерінен’ күзетуді тапсырады. Бұл жүзімдік Сүлейменнің қосының маңында болатын. Бойжеткен қыз ‘жаңғақ бағына келгенде’, сұлулығы сырт көзге түспей қалмайды, сөйтіп, ол қосқа алынады (Таңдаулы әндер 1:6; 2:10—15; 6:11).
Сүйікті жігітін сағынғанын айтқанда, сарай әйелдері оған ‘қойларының ізіне түсіп’, жігітті іздеп табуды кеңес етеді. Бірақ Сүлеймен оны жібермейді. Сұлулығына тамсанатынын айтып, ол қызға ‘күміс жылтырақтары бар алтын салпыншақ’ уәде етеді. Алайда қыз бұған қызыға қоймайды. Қойшы жігіт Сүлейменнің қосына кіріп, қызды тауып алғанда: “Менің сүйіктім, сен сонша әсемсің, кереметсің сен!”— деп сүйінішін білдіреді. Жас қыз сарай әйелдерінен: “Өзім қаламайынша, менде махаббатты оятуға тырыспаңдар”,— деп өтініп, олардан ант алады (Таңдаулы әндер 1:8—11, 15; 2:7; 3:5, ЖД).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
1:2, 3. Неге қызға қойшы жігіттің ‘еркелеткенін’ (ЖД) есіне алғаны шарап сияқты, ал есімін есіне алғаны зәйтүн майы сияқты еді? Шарап адам көңілін көтеріп, ал басқа құйылған май жанды тынышталдыратыны сияқты, жігіттің махаббаты мен есімін еске алғаны қызға күш пен жұбаныш берген (Забур 22:5, сілтемені қараңдар; 103:15). Сол сияқты шынайы мәсіхшілер де, әсіресе майланғандар, Иса Мәсіхтің өздеріне көрсеткен сүйіспеншілігі жайлы ой жүгірткенде, өздеріне күш пен жігер алады.
1:4. Неге ауыл қызы өзінің қара торы жүзін ‘Кидар шатырларына’ ұқсатқан? Ежелде ешкі түбіті кеңінен қолданылған (Руларды санау 31:20). Мысалы, “шатыр төбесін жабу үшін” ешкі түбітінен жабын тоқылған (Мысырдан шығу 26:7). Кидар шатырлары, тіпті бүгінгі күнгі бәдәуиндердің шатырлары сияқты, қара ешкінің түбітінен жасалған болуы әбден мүмкін.
1:14. Қойшы жігіттің “Жанарларың көгершіннің көзіне ұқсайды” деген сөздері нені білдіреді? Қойшы жігіт қызының көздері көгершіндікі сияқты нәзік те мейірімді екенін айтады.
2:7; 3:5. Неліктен сарай әйелдерінен ‘дала киігі мен бұғылардың атымен’ ‘ант алынды’ (ЖД)? Киіктер мен бұғылар кербез сұлулығымен көзге түседі. Негізінде, Суламита өзінде махаббат оятуға тырыспаулары үшін сарай әйелдерінен әсемдік пен сұлулық атаулының бәрімен ант етуді сұрайды.
Біз үшін сабақ:
1:1; 2:6. Қыз бен жігіт достасып жүргенде, бір-бірін еркелетіп, нәзік сезімдерін білдіргені орынды болуы мүмкін. Алайда олар бұның азғындыққа апарып соғуы мүмкін құмарлық емес, шынайы сезімдерді білдіру екеніне сенімді болулары керек (Ғалаттықтарға 5:19).
1:5; 2:10—15. Суламитаның ағалары қарындастарына сүйіктісімен бірге тау ішіндегі оңаша жерге кетуге рұқсат етпеген. Мұны олар қызды азғын немесе ниеті түзу емес деп есептегендіктен істеген жоқ. Қайта, оны азғырылып қалуы мүмкін жағдайдан сақтандыру ниетімен істеген. Достасып жүрген қыз бен жігіт оңаша жерде қалып кетпеулері керек.
2:1—3, 8, 9. Әдемі болса да, Суламита өзін қарапайымдылықпен ‘ашық алаңның лала гүлі, Сарон нарцисі [кең тараған қарапайым гүлдер]’ деп есептеген. Сұлу әрі Ехобаға адал болғандықтан, ол жайында қойшы жігіт болса ‘[тікенді] алаңдағы лала гүл’ деген ойда болған. Ал жігіт туралы не деуге болады? Келбетті болғандықтан, қыз оны “киікке” ұқсатты. Сондай-ақ ол өзінің рухани күйіне көңіл бөлетін әрі Ехобаға адал жігіт болған болу керек. “Орман теректері арасындағы [көлеңкелі әрі жеміс беретін] алма ағашы сияқты, менің сүйіктім де жасөспірімдар ортасында”,— деді қыз. Сенім мен Құдайға деген адалдық — болашақ жарымыздың бойынан іздеуіміз керек қасиеттер емес пе?
2:7; 3:5. Ауыл қызында Сүлейменге деген ешқандай ғашықтық сезім болған жоқ. Ол сондай-ақ сарай әйелдерінен қойшы жігіттен басқа біреуге махаббатын оятпауға ант алды. Кез келген адамға ғашық болу мүмкін де, дұрыс та емес. Үйленгісі не тұрмысқа шыққысы келетін салт басты мәсіхші Ехобаның адал қызметшісін ғана іздегені дұрыс (Қорынттықтарға 1-хат 7:39).
“СЕНДЕРГЕ СУЛАМИТАҒА ҚАРАУДЫҢ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚАЖЕТІ БАР?”
“Шөл даладан көтеріліп бара жатқан түтін бағанасындай болып” бірдеңе көрінеді (Таңдаулы әндер 3:6). Иерусалимнің әйелдері сыртқа шыққанда, не көреді? Әне, ғажап, Сүлеймен мен қызметшілері қалаға қайтып келе жатыр! Патша өзімен бірге Суламитаны алып келіпті.
Қойшы жігіт қыздың соңынан еріп келеді де, көп кешікпей оған жолығудың жолын табады. Ол қызды өз махаббатына сендіреді, ал қыз қаладан кеткісі келетінін айтып, былай дейді: “Көлеңке жоғалмай және күн аптабы көтерілмей тұрып, мен мирра тауына және фимиан жотасына барамын”. Ол жігітті ‘өз бағына келіп, оның тәтті жемістерінен дәм татуға’ шақырады. Сонда жігіт: “Келдім мен өз бағыма, қарындасым менің, қалыңдығым”,— деп жауап береді. Иерусалим әйелдері оларға: “Жеңдер, достарым, ішіңдер де тойыныңдар, ғашықтар!”— дейді (Таңдаулы әндер 4:6, 16; 5:1).
Сарай әйелдеріне көрген түсін айтқан соң, Суламита оларға: “Мен махаббаттан жанып барамын”,— дейді. Олар: “Сенің сүйіктіңнің басқа сүйіктілерге қарағанда қай жері артық?”— деп сұрайды. “Менің сүйіктім аппақ және шырайлы, ол ондаған мың адамнан артық”,— деп жауап береді қыз (Таңдаулы әндер 5:2—10). Сүлейменнің жаудырған мадақтау сөзіне ол кішіпейілділікпен жауап қатып: “Сендерге Суламитаға қараудың қаншалықты қажеті бар?”— дейді (Таңдаулы әндер 6:4—12; 7:1). Мұны қыздың жүрегін жаулап алудың мүмкіндігі деп қарастырған патша қызға мақтау сөздерді одан бетер жаудырады. Алайда қыз қойшы жігітке деген махаббатынан айнымайды. Сүлеймен ақыр соңында оған үйіне қайтуға рұқсат етеді.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
4:1; 6:5. Неге қыздың шашы ‘ешкі табынына’ ұқсатылған? Бұл оның шашы қара ешкінің жүні сияқты жылтыраған әрі қалың болғанына нұсқайды.
4:11. Суламитаның ‘аузынан кәрезді бал тамшылайды’ және ‘таңдайының астында бал менен сүт’ бар деген нені білдіреді? Кәрезді бал ауаға шығарылған балдан әлдеқайда хош иісті әрі тәтті болады. Осы теңеу мен қыздың таңдайының астында бал мен сүт бар деген ой Суламитаның айтқан сөздерінің ізгі де жағымды болғанын көрсетеді.
5:12. “Оның көздері — су молшылығында суға [“сүтке”, ЖД] шомылып жүрген көгершіндер сияқты” деген сөздер нені білдіреді? Қыз бұл жерде сүйіктісінің әдемі көздері жайлы айтқан. Ол көркем тілмен жігіттің көзінің ағының ішіндегі нұрлы қабағын сүтке шомылып жүрген көк сұр көгершіндерге теңесе керек.
5:14, 15. Неліктен қойшының аяқ-қолдары бұлай суреттелген? Бойжеткен қыз қойшы жігіттің саусақтарын алтын білік, ал тырнақтарын топаз деп айтып тұрған болу керек. Ол жігіттің сирақтары бекем әрі әдемі болғандықтан, ‘мәрмәр бағандарға’ теңейді.
6:4. Неліктен бойжеткен қыз Фирцамен салыстырылады? Бұл қанахандық қаланы Ешуа жаулап алған болатын және кейінірек, Сүлейменнің биілігнен кейін, он рулы солтүстік Исраил патшалығының бірінші астанасы болған (Ешуа 12:7, 24; Патшалықтар 3-жазба 16:5, 6, 8, 15). “Осында аталып отырғанына қарағанда, бұл өте әдемі қала болғанға ұқсайды”,— делінген бір анықтамалықта.
7:1. “Маналымның қол ұстасып билеген биі” деген не? Бұл сөздер “екі қостың биі” деп те аударылуы мүмкін. Маналым (Маханаим) деп аталатын бұл қала Иордан өзенінің шығысында, Ябок аңғарына жақын орналасқан (Жаратылыс 32:2, 22; Патшалықтар 2-жазба 2:29). “Екі қостың биі” деген сол қалада мейрамға орай биленетін биге нұсқауы мүмкін.
7:5. Неге Сүлеймен Суламитаның мойнын ‘піл сүйегінен жасалған бағанаға’ теңеген? Бұдан ілгеріректе қыз: ‘Мойының сенің Дәуіттің бағанасы сияқты’— деген мақтау сөздер естиді (Таңдаулы әндер 4:4). Бағана, немесе мұнара, әдетте ұзын әрі сымбатты, ал піл сүйегі теп-тегіс болады. Сүлеймен қыздың мойны сымбатты да тегіс болғанына тамсанған.
Біз үшін сабақ:
4:7. Сүлеймен көңілін жаулап алуға қанша тырысып бақса да, Суламита берілмей, кемелсіз болғанына қарамастан, құлықтылық жағынан мінсіз болып қалады. Мұнысы оның тән сұлулығын арттыра түсті. Мәсіхші әйелдер жайлы да осылай деуге болады.
4:12. Тек жабық қақпасы арқылы ғана кіруге болатын қоршаумен не дуалмен қоршалған әсем бақтай Суламита да өзінің нәзік сезімдерін тек болашақ жарына ғана көрсетті. Бұл салт басты мәсіхші әйелдер мен ерлер үшін қандай керемет үлгі десеңші!
“ИАҺТЫҢ ЖАЛЫНЫ”
Суламитаның ағалары оның үйге қайтып келе жатқанын көргенде: “Кім бұл өз сүйіктісінің [иығына] артылып, шөл даладан бері қарай көтеріліп келе жатқан?”— деп сұрайды. Осыдан біраз уақыт бұрын олардың бірі: “Егер ол [үй] қабырғасы болған болса, онда біз оның [ішінен] күміспен қапталған бөлме тұрғызар едік: егер ол [үй] есігі болған болса, онда біз оны самырсын тақтайларымен қаптар едік”,— деген-ді. Суламита енді айнымас махаббаты сыннан өтіп, адал екені дәлелденгеннен кейін: “Мен қабырғамын, және менің емшектерім де мұнара секілді, сондықтан мен оның көзіне толық толысқан болып көрінемін”,— деді (Таңдаулы әндер 8:5, 9, 10).
Нағыз сүйіспеншілік — “Иаһтың жалыны”. Неге? Себебі мұндай сүйіспеншілік Ехобадан бастау алады. Бізге сүю қабілетін берген — сол. Осындай сүйіспеншіліктің жалыны ешқашан сөнбейді. Таңдаулы әндер кітабы әйел мен еркектің арасындағы махаббат “өлімнен де күшті” болуы мүмкін екенін әдемі суреттейді (Таңдаулы әндер 8:6, ЖД).
Сүлейменнің ең таңдаулы жыры Иса Мәсіх пен оның көктегі ‘қалыңдығының’ арасындағы қарым-қатынасты да көрсетеді (Аян 21:2, 9). Исаның майланған мәсіхшілерге деген сүйіспеншілігі ер кісі мен әйелдің арасындағы сүйіспеншіліктің кез келгенінен асып түседі. Қалыңдық тобының мүшелері де шын берілгендіктерінен таймайды. Иса ‘басқа қойлар’ үшін де сүйіспеншілікпен өз өмірін берді (Жохан 10:16). Ендеше, Құдайдың барлық қызметшілері де Суламитаның айнымас сүйіспеншілігі мен шын берілгендігіне еліктей алады.
[8, 9-беттердегі сурет]
Таңдаулы әндер кітабы өмірлік серігіміздің бойынан нені іздеуді үйретеді?