Сізге де қатысы бар даулы мәселе
ОТБАСЫҢЫЗДА немесе дос-жарандарыңыздың арасында жаныңызға әсіресе жақын тұтатын адамыңыз бар ма? Егер әлдекім сізге өз қара басыңыз үшін ғана онымен жақын қарым-қатынаста болып отырсыз деп жала жапса, не сезінер едіңіз? Бұл жаныңызға қатты батып, тіпті ашуыңызды келтірмес пе еді? Ал Шайтан Ібіліс Ехоба Құдаймен тығыз қарым-қатынастағы адамдардың бәріне дәл осындай жала жауып отыр.
Шайтан қалай алғашқы адам жұбы Адам ата мен Хауа анаға Құдай заңын бұзғызып, өзі сияқты оларды да Құдайға қарсы бүлікші еткенін көрейік. Бұл жайт адамдар тек өздеріне пайдалы болғанда ғана Ехобаға мойынсұнады дегенді көрсетті ме? (Жаратылыс 3:1—6) Адам атаның бүлігінен кейін 2500 жылдай уақыт өткен соң, Шайтан дәл осы даулы сұрақты енді Әйүп атты кісіге қатысты көтерген еді. Шайтанның таққан айыбы аталмыш дауды анығырақ түсінуге көмектесетіндіктен, қазір Киелі кітаптағы сол Әйүппен болған оқиғаны қарастырып көрейік.
“Мінсіздігімнен таймаймын”
Әйүп “бұзылмаған, әділ және [Құдайдан] қорқатын [жан] еді және ол зұлымдықтан алыстап жүретін”. Алайда Шайтан Әйүптің әділдігіне шек келтіріп, жала жапты. Ол Ехобадан: “[Әйүп] тегіннен тегін [Құдайдан] қорқатын ба еді?”— деп сұрайды. Сонан соң ол Ехоба қорғап, әрі батасын беріп отырғандықтан ғана Әйүп оған адал болып отыр деп, Құдайды да, Әйүпті де қаралайды. “Бірақ Сен қолыңды соз да, онда бардың бәріне жанас, — ол Саған батасын берер ме екен [“бетіңе лағынет айтпас па екен!?”, ЖД]?”— деп Шайтан дау тудырды (Әйүп 1:8—11).
Ехоба осы сөздерге жауап беру үшін Шайтанға Әйүпті сынауға жол береді. Құдайға қызмет етуден бас тартқызу үшін, Ібіліс сол адал жанға үсті-үстіне апат жібереді. Әйүп барлық малынан айырылады. Оның қызметшілері мен балалары өлтіріледі (Әйүп 1:12—19). Алайда Шайтан көздеген мақсатына жетті ме? Әрине, жоқ! Сынақтарының себепшісі Ібіліс екендігінен бейхабар болса да, Әйүп: “Жаратқан Ие берді, Жаратқан Иенің [Өзі] қайтып алды; ылайым Жаратқан Ие есімі шапағатты болсын!”— дейді (Әйүп 1:21).
Кейінірек Шайтан тағы да Ехобаның алдына келеді. Құдай оған: “[Әйүп] күні бүгінге дейін тазалығына [“мінсіздігіне”, ЖД] бекем; ал сен Мені оған қарсы, оны жазықсыз құртуға азғырдың”,— дейді (Әйүп 2:1—3). Мұндағы басты даулы мәселе Әйүптің мінсіздігіне қатысты еді, яғни Құдайға қалтқысыз адал болу мен әділдікті берік ұстануды талап ететін қасиетке қатысты еді. Әйүп мінсіздікке қатысты осы дауда жеңімпаз болып шықты. Алайда Шайтан да берілмейді.
Кейін ол бүкіл адамзатқа қатысы бар дәлелсіз сөздер айтады. “Адам теріге тері, ал өмірі үшін өзінде бардың бәрін береді; Бірақ Сен қолыңды соз да, оның сүйегіне, тәніне тигізші, — ол Саған батасын бере қояр ма екен?”— дейді ол Ехобаға (Әйүп 2:4, 5). Ібіліс Әйүптің есімін атаудың орнына, “адам” деп жалпылама сөзді қолдануымен әрбір адамның ниетіне күмән келтіреді. Негізінде, ол: “Адам өмірін сақтап қалу үшін бәрін де істейді. Маған мүмкіндік берсең, кез келген адамды Сенің жолыңнан тайдыра аламын”,— деген-ді. Қандай жағдайда, қай уақытта болмасын, Құдайға адал болып қалатын адам бола ма екен?
Ехоба Ібілістің Әйүпті жаман ауруға ұшыратуына жол береді. Әйүптің қатты қиналғаны сонша — өлім тілеп дұға етеді (Әйүп 2:7; 14:13). Сөйткенмен де ол: “Соңғы демім біткенше, мінсіздігімнен таймаймын!”— дейді (Әйүп 27:5, ЖД). Бұл сөздерді Әйүп Құдайды сүйгендіктен айтты, әрі сүйіспеншілігін ештеңе де өзгерте алмайтын еді. Әйүп өзінің мінсіз адам екенін дәлелдеді. Ал “Құдай Иовтың [Әйүптің] соңғы күндеріне бұрынғыдан гөрі [көбірек] шапағатын тигізді” (Әйүп 42:10—17). Әйүп сияқты басқа да адамдар болған ба? Тарих нені көрсетеді?
Даулы мәселеге қалай жауап берілді?
Киелі кітаптағы Еврейлерге арналған кітаптың 11-тарауында елші Пауыл мәсіхшілерге дейін өмір сүрген адал ерлер мен әйелдердің есімдерін атаған. Олардың ішінде Нұх, Ыбырайым, Сара және Мұса бар. Сонан соң елші: “Басқа пайғамбарлар туралы әңгімелеуге уақытым жетпес те еді”,— деген (Еврейлерге 11:32). Құдайға адал болған қызметшілердің көп болғаны сонша — Пауыл оларды аспанды қаптап тұрған қалың бұлтқа теңеген (Еврейлерге 12:1). Шынында да, ғасырлар бойы сансыз көп адам өз еріктерімен Ехоба Құдайға адал болуды шешті (Ешуа 24:15).
Шайтанның адамзатты Құдай жолынан тайдыра аламын деген сөзіне біржолата жауап берген Құдай Ұлы Иса Мәсіх еді. Тіпті азап шегу бағанасындағы өлім де оны Құдайға деген мінсіздігінен айыра алмады. Соңғы демін шығарып жатып, Иса: “Әке, Сенің қолыңа рухымды тапсырамын!”— деп дауыстады (Лұқа 23:46).
Ібіліс адамдардың бәрін бірдей шынайы Құдайға қызмет етуден бас тартқыза алмағанын тарих айқын көрсетіп отыр. Сан мыңдаған адам Ехобаны біліп, оны ‘шын жүректен, бүкіл жан дүниелерімен, барлық ақыл-ойларымен сүйеді’ (Матай 22:37). Олардың Ехобаға қалтқысыз адал болғаны адамзаттың мінсіздігіне қатысты көтерілген дауда Шайтанның айтқан сөздері жалған екенін дәлелдеп отыр. Сіз де мінсіз бола отырып, Ібілістің өтірікші екенін дәлелдей аласыз.
Не істеуіңіз керек?
Құдай “барлық адамдардың құтқарылып, шындықты біліп алуларын қалайды” (Тімотеге 1-хат 2:4). Бұл білімді қалай алуға болады? Киелі кітапты зерттеуге уақыт бөліп, ‘жалғыз шынайы Құдайды және Ол жерге жіберген Иса Мәсіхті жақыннан таныңыз’ (Жохан 17:3).
Шайтан адам баласының мінсіздігін дауға сала отырып, Құдайға қызмет етудегі оның ниетінің шынайылығына күмән келтірді. Білім ниетіңізге әсер етуі үшін, алдымен жүрегіңізге жету керек. Ал бұл үшін Киелі кітапты жай оқып қою жеткіліксіз. Оқығандарыңыздың үстінен ой жүгірту керек (Забур 142:5). Киелі кітапты немесе соған негізделген басылымдарды оқығанда, өзіңізге мынадай сұрақтар қойып көріңіз: “Бұдан Ехоба жайлы не білдім? Бұл жерден Құдайдың қандай қасиеттерін байқаймын? Мұндай қасиеттерді өмірімнің қай саласында танытуым керек? Құдай нені ұнатады, нені ұнатпайды? Бұл Құдайға деген көзқарасыма қалай әсер етеді?” Осылай ой жүгірткеніңіз жүрегіңізді Жаратушыға деген сүйіспеншілік пен ризашылыққа толтырады.
Құдай алдындағы мінсіздік діни сеніммен ғана шектелмейді (Патшалықтар 3-жазба 9:4). Мінсіз болу үшін адам өмірінің барлық саласында құлықтылық жағынан таза болу керек. Алайда мінсіздік сақтау жақсы нәрседен құр қалу дегенді білдірмейді. Өйткені Ехоба — “бақытты Құдай” және ол сіздің де өмірден қуаныш алғаныңызды қалайды (Тімотеге 1-хат 1:11, ЖД). Құлықтылық жағынан таза болу әлдеқайда бақытты өмір кешуге және Құдайдың ықыласына ие болуға көмектеседі. Бұл үшін қандай істерден аулақ болу керектігін қарастырайық.
Азғындықтан аулақ болу
Ехоба некеге қатысты норманы өзі орнатқан. Киелі кітапта бұл жөнінде былай делінген: “Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады” (Жаратылыс 2:21—24). Ерлі-зайыптылар “біртұтас” болғандықтан, олар тек өз жұбайларымен ғана жыныстық қатынаста болулары керек. Осылай Құдайдың некеге қатысты шарасын құрметтейтіндерін көрсетеді. Елші Пауыл: “Некеге барлығың да құрметпен қарап, жар төсегін былғамаңдар! Азғындар және неке адалдығын бұзғандар Құдай сотына түспек”,— деген (Еврейлерге 13:4). “Жар төсегі” деген заңды некедегі ер мен әйелдің арасындағы жыныстық қатынасты білдіреді. Өзге біреумен жыныстық қатынасқа бару азғындық болып табылады, әрі бұл Құдайдың қаһарлы сотына ұшыратады (Малахи 3:5).
Ал некеге дейінгі жыныстық қатынас туралы не деуге болады? Бұл да Құдайдың орнатқан құлықтылық нормаларына қайшы келеді. Киелі кітапта: ‘Құдай азғындықтан аулақ жүрулеріңді қалайды’,— делінген (Салониқалықтарға 1-хат 4:3). Гомосексуализм, жақын туғанымен не малмен жыныстық қатынаста болу да Құдай алдында күнә (Леуіліктер 18:6, 23; Римдіктерге 1:26, 27). Құдайға ұнамды болғысы келген және нағыз бақытты өмір кешкісі келген адам осындай азғын істерден аулақ болу керек.
Ал некеге тұрмай жатып, жыныстық құмарлықты оятатын әрекеттер жайлы не айтуға болады? Мұндайды Құдайдың жаны жаратпайды (Ғалаттықтарға 5:19). Тіпті адамның санасы да азғын ойлардан таза болу керек. Иса: “Кім бір әйелге құмарта қараса, оның өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны”,— деген (Матай 5:28). Бұл сөздердің қағаз беттерінен, теледидардан не Интернеттен порнографиялық бейнелерді көруге, жыныстық әрекеттер жайлы оқуға, адамға әдепсіз ой салатын әндерге де қатысы бар. Мұндай нәрселерден аулақ болғаны адамды Құдайға ұнамды етеді және өмірін жақсартады.
Қылымсу ше? Қылымсу “жеңіл махаббат немесе жыныстық қатынасқа азғыру” деп анықталады. Некедегі ер кісінің не әйелдің бөтен біреуге осылай етуі Киелі кітаптың принциптерін ескермейтінін және Ехобаны құрметтемейтінін көрсетеді (Ефестіктерге 5:28—33). Салт басты адамдардың да тек көңіл көтеру мақсатымен бір-біріне ғашықтық емеурін білдіргені қандай орынсыз болар еді! Бұндай қылымсуды адам шын көріп қабылдап қалса ше? Бұл сезімді қалай жаралауы мүмкін екенін ойлап көріңізші. Қылымсу да азғындыққа не зинақорлыққа апарып соғуы мүмкін екенін естен шығармау керек. Ал қарсы жынысты адаммен таза, пәк көңілмен араласу адамның қадір-қасиетін арттыра түседі (Тімотеге 1-хат 5:1, 2).
Өмірдің басқа салаларында да Құдайға ұнамды болу
Көп елде спирттік ішімдіктер кең тараған. Оларды ішкен дұрыс па? Жазбаларда шарап, сыра не басқа да спирттік ішімдіктерді шамасын біліп ішуге тыйым салынбаған (Забур 103:15; Тімотеге 1-хат 5:23). Алайда шамадан тыс ішу мен маскүнемдік Құдайдың көз алдында дұрыс емес (Қорынттықтарға 1-хат 5:11—13). Әрине, денсаулығыңызға зиян келтірмеу үшін, сондай-ақ отбасыңыздың шырқын бұзбау үшін шамадан тыс ішуді жөн көрмес едіңіз (Нақыл сөздер 23:20, 21, 29—35).
Ехоба — “ақиқаттың Құдайы” (Забур 30:6). Киелі кітапта: “Құдайдың өтірік айтуы еш мүмкін емес”,— делінген (Еврейлерге 6:18). Құдайдың ықыласына ие болу үшін өтіріктен аулақ болу керек (Нақыл сөздер 6:16—19; Қолостықтарға 3:9, 10). Киелі кітап мәсіхшілерге: “Әрқайсың басқаларға шындықты айтыңдар!”— деп кеңес берген (Ефестіктерге 4:25).
Енді құмар ойындарға келейік. Құмар ойындар кең тараған, әрі ол да ашкөздіктің бір түрі болып табылады. Өйткені адамдар осындай ойындар арқылы өзгелердің есебінен ақша табуға тырысып бағады. Ал Ехоба ‘пайдақұмарлықты’ құптамайды (Тімотеге 1-хат 3:8). Құдайға ұнамды болғыңыз келсе, құмар ойындардың кез келген түрінен, соның ішінде бәйге, лотерея мен бинго ойнаудан, бойыңызды аулақ ұстауды қаларыңыз анық. Есесіне отбасыңыздың қажеттіліктеріне ақшаңыздың көбірек қалатынын байқайсыз.
Ұрлық, яғни өзге біреудің затын алу — ашкөздіктің тағы бір түрі. Киелі кітапта: “Ұрлық жасама!”— делінген (Мысырдан шығу 20:15). Ұрланған затты біле тұра сатып алу, сондай-ақ біреудің затын рұқсатсыз алу дұрыс емес. “Ұры болған енді ұрламасын, керісінше, адал еңбек етіп, тапқан табысынан мұқтаждарға үлестірсін”,— дейді Киелі кітап (Ефестіктерге 4:28). Ехобаны сүйетіндер жұмыс берушінің уақытын ұрламай, адал еңбек етеді. Олар ‘барлық жағдайда да адал жүруге ұмтылады’ (Еврейлерге 13:18). Ал таза ар-ұждан болса адамға жан тыныштығын берері анық.
Ашушаң адамға Құдай қалай қарайды? Киелі кітап: “Ызақормен дос болма, Ашушаңмен байланыспа”,— деп ескертеді (Нақыл сөздер 22:24). Жүгенсіз ашу жиі зорлық-зомбылық жасауға апарып соғады (Жаратылыс 4:5—8). Ал кек алу жөнінде Киелі кітапта былай делінген: “Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар! Іс-әрекеттеріңнің жұрт алдында әдепті болуына тырысыңдар. Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар. Сүйікті бауырластарым, кек алмаңдар, оны Құдайдың қаһарына қалдырыңдар! Киелі жазбада Жаратқан Иенің: — Кек алу — Менің ісім, есесін Мен қайтарамын,— дегені жазылған ғой” (Римдіктерге 12:17—19). Егер осы кеңеске құлақ ассақ, өміріміз әлдеқайда тыныш болады, ал бұдан бақытымыз да арта түседі.
Сіз үшін мүмкін нәрсе
Өзгелердің сізді басқаша әрекет етуге күштегеніне қарамастан, Құдайға деген мінсіздігіңізді сақтап қала аласыз ба? Әрине. Құдай мінсіздікке қатысты даулы мәселеде Шайтанның өтірікші екенін дәлелдегеніңізді қалайды. Оның Сөзінде: “Балам, парасатты бол — мені қуантасың, Сонда өзімді қорлағандарға жауап бере аламын”,— делінген (Нақыл сөздер 27:11).
Көз алдында дұрыс нәрсені істеуге күш беруін сұрап Ехобаға дұға етуіңізге болады (Філіпіліктерге 4:6, 7, 13). Құдай Сөзі Киелі кітаптан көбірек білім алуға барынша күш салыңыз. Одан білгендеріңіздің үстінен ой жүгірткеніңіз Құдайға деген сүйіспеншілігіңізді арттырады және оған ұнамды болуға талпындырады. “Ал өсиеттерін орындағанымыз — Құдайды сүйгеніміз; оларды орындау қиын емес”,— делінген Жоханның 1-хаты 5:3-те. Тұратын жеріңіздегі Ехоба Куәгерлері сізге Киелі кітапты зерттеуге көмектесуге қуанышты болады. Біз сізді солармен байланысуға шақырамыз немесе осы журнал баспасына жазып жіберуіңізге болады.
[3-беттегі сурет]
Сынақ кезінде Әйүп Құдайға адал болып қалды
[5-беттегі сурет]
Құдай Сөзінен көбірек білім алғаныңыз дұрыс нәрсені істеу шешіміңізді нығайта түседі