Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w15 15.1. 28—32 бет.
  • Мәңгілік махаббат бар ма?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Мәңгілік махаббат бар ма?
  • 2015 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ШЫНАЙЫ МАХАББАТ БАР!
  • “ШАРАПТАН ДА АРТЫҚ СЕНІҢ ЕРКЕЛЕТКЕНІҢ”
  • “ӨЗІ ОЯНБАЙЫНША”, МАХАББАТ ОТЫН ТҰТАТПАҢДАР
  • МЕНІҢ ҚАЛЫҢДЫҒЫМ “ЖАБЫҚ БАҚТАЙ”
  • Таңдаулы әндер кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
    2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Таңдаулы ән. Мазмұны
    Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасы
  • Құдайдың неке сыйын бағалайсың ба?
    2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Шуламдық қыздың тамаша үлгісі
    “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері (2016)
Көбірек мәлімет
2015 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w15 15.1. 28—32 бет.
1. Жұбы жарасқан егде ерлі-зайыптылар; 2. Олардың уәделескен кезі, үйленген күні, елеулі оқиға болған кез, қартайған шақтарында қол ұстасып бара жатқаны

Мәңгілік махаббат бар ма?

“[Махаббат] жалыны — лаулаған от, Ехобаның жалыны” (ТАҢ. Ә. 8:6).

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢ?

  • Еркек пен әйел арасында шынайы махаббат болуы мүмкін бе?

  • Некедегі мәсіхшілер Сүлейменнің таңдаулы әнінен не нәрсеге үйренеді?

  • Бойдақ мәсіхшілердің кездесу мен жар таңдауға қатысты не нәрсеге үйренуіне болады?

1, 2. Таңдаулы ән кітабы кімдер үшін пайдалы және неге? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

“ЕКЕУІНІҢ бір-біріне мейірлене қарап, қол ұстасып отырғаны қандай жарасымды! Бір-біріне ғашық екені көрініп-ақ тұр!” Бұл некелесу баяндамасын айтқан ақсақалдың санасында жалт еткен бір ой еді. Жас жұбайлар би алаңына шығып, дөңгелене билеп жүргенде, әлгі ақсақал: “Некелері уақыт сынағынан өтер ме екен? Жылдар өткен сайын махаббат оты жалындай түсе ме? Әлде қанат байлап алып ұшып кете ме?”— деген ойға қалды. Еркек пен әйел арасындағы махаббат шырағы үнемі лапылдап жанып тұрса, ол бәріне де төтеп береді. Бірақ соншама некенің шаңырағы ортасына түсіп жатқанда, “Мәңгілік махаббат бар ма?” деген сұрақ орынсыз болмас.

2 Шынайы махаббат тіпті ежелгі Исраил патшасы Сүлейменнің заманында да жиі кездесе бермейтін. Ол өз заманының өнегелік ахуалын былай суреттеген: “Мыңның ішінен бір әділ еркекті тапсам да, мыңның ішінен бірде-бір әділ әйелді таппадым. Сондағы түсінгенім тек мынау: Құдай адам баласын әділ етіп жаратты, бірақ олар түрлі жоспар құрып, соларымен жүрді” (Уағ. 7:26—29). Бағалға табынатын жатжерлік әйелдердің кері әсерінің кесірінен өнегеліліктің құлдырағаны сонша — Сүлейменге бір әдепті еркек не әйел табудың өзі қиын болғанa. Сөйтсе де Сүлейменнің жоғарыдағы сөздерінен 20 жыл бұрын жазған Таңдаулы әнінен еркек пен әйел арасында мәңгілік махаббаттың болуы мүмкін екені көрінеді. Сондай-ақ онда махаббат пен оның қалай көрініс табатыны көркем суреттелген. Мейлі, бойдақ не некеге тұрған болайық, Таңдаулы ән кітабын мұқият қарастырсақ, нағыз махаббат туралы біраз нәрсе білеміз.

ШЫНАЙЫ МАХАББАТ БАР!

3. Неге еркек пен әйел бір-бірін шын сүйе алады деуге болды?

3 Таңдаулы ән 8:6 оқы. Мұнда “Ехобаның жалыны” деген тіркес сүйіспеншіліктің кең ұғым екенін көрсету үшін қолданылған. Қай мағынада шынайы махаббат — “Ехобаның жалыны”? Ехоба — осындай махаббаттың Қайнары, әрі ол адамды өзіне ұқсас етіп, сүйе білу қабілетімен жаратқан (Мұс. 1-ж. 1:26, 27). Құдай алғашқы еркек Адамға сұлу әйел жаратып берді. Оны көріп тәнті болған Адам ата екі ауыз өлең шығарды. Хауа ананың да Адам атаны жақын тартқаны сөзсіз. Өйткені ол соның қабырғасынан жаратылды ғой (Мұс. 1-ж. 2:21—23). Иә, Ехоба адам баласын сүю қабілетімен жаратқандықтан, еркек пен әйел бір-бірін шын әрі өмір бойы сүйе алады.

4, 5. Сүлейменнің Таңдаулы әніне қысқаша шолу жаса.

4 Шынайы махаббаттың баянды болудан басқа да ерекшеліктері бар. Сүлейменнің Таңдаулы әнінде сондай ерекшеліктер өте көркем суреттелген. Либретто, немесе опера мәнерінде, жазылған бұл ән Шунем немесе Шулем деген ауылда тұрған бойжеткен мен шопан жігіттің арасындағы махаббат жөнінде. Оқиға былай өрбиді: Сүлеймен сол сұлу бойжеткен күзетіп жүрген жүзімдіктің маңына қос тігеді. Қыздың келбетіне тәнті болған патша оны өз қосына алдыртады. Бірақ ә дегеннен оның шопан жігітке ғашық екені белгілі болады. Сүлеймен қыздың жүрегін жаулауға тырысқанда, ол бар аңсары өз сүйіктісі екенін көрсетеді (Таң. ә. 1:4—14). Содан соң патшаның қосына шопан жігіт келеді; екі жас бір-біріне деген іңкәр сезімдерін көркем сөздермен жеткізеді (Таң. ә. 1:15—17).

5 Сүлеймен шуламдық бойжеткенді Иерусалимге алып келеді. Ал шопан жігіт сүйіктісінің артынан барады (Таң. ә. 4:1—5, 8, 9). Патша қыздың жүрегін жаулап алуға қанша тырысқанмен, мұнысынан түк шықпайды (Таң. ә. 6:4—7; 7:1—10). Ақырында ол қызды үйіне жібереді. Ән қыздың өз сүйіктісін “жүйрік киіктей” тезірек келуге шақырған сөздерімен бітеді (Таң. ә. 8:14).

6. Таңдаулы әндегі сөздердің қайсысын кім айтып жатқанын түсіну неге қиын болуы мүмкін?

6 Сүлеймен шығарған осы бір мәнді де сәнді ән “Таңдаулы ән” деп аталады (Таң. ә. 1:1). Ән оқиға кейіпкерлерінің диалогы, монологы мен армандарынан тұрғанмен, олардың ешқайсысының аты аталмаған. Бір сөздікте бұл жайында “оқиғаның, оның өрбу барысы мен кейіпкерлердің онша маңызды болмағаны” айтылған (“The New Interpreter’s Dictionary of the Bible”). Сондықтан өлеңнің нақышы мен ырғағы бұзылмау үшін кейіпкерлердің аттары аталмаған. Сөйтсе де сөздердің төркініне қарап, оны кім айтып жатқанын түсінуге боладыb.

“ШАРАПТАН ДА АРТЫҚ СЕНІҢ ЕРКЕЛЕТКЕНІҢ”

7, 8. Шопан жігіт пен қыздың бір-біріне айтқан сөздері туралы не деуге болады? Мысал келтір.

7 Таңдаулы әнде сұлу бойжеткен мен шопан жігіттің бір-бірін еркелетіп айтқан сөздері көптеп кездеседі. Бүгіндегі оқырманға 3000 жыл бұрын Шығыста қолданылған тіркестер жат болып көрінер, бірақ олардың астарындағы мән-мағына мен сезімдер бәрімізге таныс. Мысалы, қыздың мейірім үйірілген көзін жігіт көгершіннің көзіне теңеген (Таң. ә. 1:15 “Таурат” Король Яков аудармасы [1:14]). Ал қыз сүйіктісінің көзін көгершіннің өзіне теңеген (Таңдаулы ән 5:12 оқы). Ол жігіттің көзінің тұп-тұнық ағы мен қарасын сүтке шомылып жатқан көгершінге балаған.

8 Әндегі жылы сөздердің бәрі тән сұлулығына арналмаған. Қыздың қалай сөйлейтіні туралы жігіттің айтқан сөзін қарастырайықшы (Таңдаулы ән 4:7, 11 оқы). Ол: “Ерніңнен тамады кәрез балы”,— деді. Неге? Өйткені кәрез балы тәттірек, әрі беті ашық балға қарағанда, иісі анағұрлым жұпар болады. Ал “бал мен сүт тіліңнің асты” деген теңеу қыз сөздерінің майда, жанға жағымды екеніне нұсқайды. Иә, шопан жігіт: “Тұла бойың сұлулық... бойыңда еш мін жоқ”,— дегенде, сүйіктісінің тән сұлулығы жөнінде ғана айтпаған.

9. а) Ерлі-зайыптылар арасындағы сүйіспеншілік нені қамтиды? ә) Неге ерлі-зайыптылардың бір-біріне жылы сөздер айтқаны маңызды?

9 Неке — сүйіспеншілік пен сезімнен ада келіссөз не ресми келісімшарт емес. Керісінше, сүйіспеншілік — мәсіхшілер некесінің биік ұстар туы. Бірақ әңгіме қандай сүйіспеншілік жөнінде болып тұр? Киелі кітап принциптеріне негізделген сүйіспеншілік пе? (Жох. 1-х. 4:8) Отбасы мүшелерінің арасындағы бауырмалдық па? Бәлкім, шынайы достар арасындағы жылулық пен жақындық сезімі шығар? (Жох. 11:3) Жоқ әлде махаббат па? (Нақ. с. 5:15—20) Ерлі-зайыптылар арасындағы шынайы да берік сүйіспеншілік осының бәрін қамтиды. Сүйіспеншілік әсіресе іс жүзінде көрсетілгенде қатты байқалады. Сондықтан күнделікті күйбең тірлік қаншалықты көп болса да, ерлі-зайыптылардың бір-біріне жылы сөз айтып тұрғандары маңызды. Бұл босағаларының берік, бақыттарының баянды болуына ықпал етеді. Кей елдерде қыз бен жігіт сырттай атастырылып, тойға дейін бір-бірін танып-біле алмайды. Мұндай жағдайда да сезімдерін ашық айтқандары махаббат отын тұтандырып, некелерінің көркейе түсуіне көмектеседі.

10. Сөзбен жеткізілген сезімнің есте болғаны адамға қалай әсер етеді?

10 Жұбайлардың бір-бірін жылы сөздермен “еркелетуінің” басқа да пайдалы жақтары бар. Сүлеймен патша шуламдық қызға арнап “күміспен өрнектелген алтын әшекей жасап беруді” ұсынған. Оны жер-көкке сыйғызбай, “әдемі толған айдай, тап-таза күн нұрындай” деп мақтаған (Таң. ә. 1:9—11; 6:10). Бірақ қыз өзінің шопанына деген адалдығынан таймады. Сүйіктісінен жырақта жүргенде, оған күш пен жұбаныш берген не? Мұны оның өз сөздерінен білеміз. (Таңдаулы ән 1:2, 3 оқы). Шопанның “еркелетіп” айтқан жылы сөздері оның есінде болған. Қыз үшін оның сөздері жүректі қуанышқа бөлейтін “шараптан да артық”, ал есімі жұпар иісі аңқыған иісмайдай жанына жағымды болған (Зәб. 23:5; 104:15). Иә, зайыбы сезімін сөзбен жеткізсе, бұл қосағының жадынан өшпей, махаббаттарын жалындата түседі. Жиі-жиі солай ету қаншалықты маңызды десеңші!

“ӨЗІ ОЯНБАЙЫНША”, МАХАББАТ ОТЫН ТҰТАТПАҢДАР

11. Бойдақ мәсіхшілердің шуламдық бойжеткеннен не нәрсеге үйренулеріне болады?

11 Сүлейменнің Таңдаулы әнінен бойдақ мәсіхшілер де, әсіресе жар таңдап жүргендері, біраз нәрсе үйренеді. Патшаға көңілі құламаған шуламдық бойжеткен Иерусалим қыздарына ант бергізіп: “Өзі оянбайынша жүрегімде, Махаббат отын тұтатпаңдар”,— деп өтінеді (Таң. ә. 2:7; 3:5). Неге? Себебі кез келген адамға ғашық бола салу дұрыс емес. Олай болса, некеге тұрғысы келетін мәсіхшінің өзі шын сүйе алатын жанды кезіктіргенше, шыдамдылықпен күткені ақылдылыққа жатады.

12. Шуламдық бойжеткен неге шопан жігітке ғашық болған?

12 Шуламдық қыз неге шопан жігітке ғашық болған? Рас, ол “киікке” теңерлік сымбатты, саусақтары алтындай, аяқтары “мәрмәр бағанадай” келбетті жігіт еді. Бірақ оның күш-қайраты кемел, өң-келбеті келісті ғана болған жоқ. Шуламдық бойжеткеннің сүйіктісі ормандағы талдар арасындағы “алма ағашындай”, яғни “жігіттер арасында” ерекше болған. Иә, қыз шопан жігіттің тән сұлулығына ғана емес, жан сұлулығына, рухани күйіне де көңіл аударған (Таң. ә. 2:3, 9; 5:14, 15).

13. Шопан жігіт неге шуламдық қызға ғашық болған?

13 Ал қыздың өзі жөнінде не деуге болады? Оның “алпыс патшайым, сексен кәнизак, сансыз көп қыздар” арасында жүрген Сүлеймен патша көз салатындай көркі болған. Сөйтсе де ол өзін “жазықта өсетін бәйшешекке”, қарапайым дала гүліне теңеген. Бұдан оның өте кішіпейіл болғаны көрінеді. Сондықтан шопан жігіт үшін Ехобаға адал сүйіктісінің тікен арасындағы лалагүлдей болғаны еш таңғалдырмайды! (Таң. ә. 2:1, 2; 6:8)

14. Бойдақ мәсіхшілердің шопан жігіт пен шуламдық бойжеткеннен не нәрсеге үйренулеріне болады?

14 Жазбалардағы талапқа сай, мәсіхші “тек Иеміздің ізбасарымен” неке құруы тиіс (Қор. 1-х. 7:39). Некеге тұрғысы келетін мәсіхші Куәгер емес адамға ғашықтық отын тұтатпайды, қайта, жарды Ехобаның адал қызметшілерінің арасынан іздейді. Бір ескеретін жайт — қиындыққа кезіккенде, өзара әрі рухани бірліктерін сақтай алулары үшін, ерлі-зайыптыларға Құдайға деген сенім мен берілгендік қажет. Ал бұл қасиеттерді адам болашақ жарының бойынан іздеу керек. Шопан жігіт пен шуламдық бойжеткен бір-бірінің бойынан дәл осы қасиеттерді көрген.

Бауырластың сенуші емес жігітке аңсары ауды

Мәсіхшілер Куәгер емес адамға ғашықтық отын тұтатпайды (14-абзацты қара)

МЕНІҢ ҚАЛЫҢДЫҒЫМ “ЖАБЫҚ БАҚТАЙ”

15. Құдайға адал бойдақ қыз-жігіттердің шуламдық бойжеткенге қалай еліктеулеріне болады?

15 Таңдаулы ән 4:12 оқы. Неге шопан жігіт сүйіктісін “жабық баққа” теңеген? Адам дуалы не қоршауы бар баққа қақпасы ашық болса ғана кіре алады. Шуламдық бойжеткен сондай баққа ұқсайтын, себебі оның сезімі тек болашақ қосағына арналған еді. Ол көңілін табуға тырысып баққан патшаға илікпеді. Осылай айқара ашық тұрған “есік” емес, мызғымас “дуал” іспетті екенін көрсетті (Таң. ә. 8:8—10). Құдайға адал бүгіндегі бойдақ қыз-жігіттер де махаббаттары мен аяулы сезімдерін тек болашақ жарына сақтайды.

16. Таңдаулы әннен кездесіп жүрген қыз бен жігіттің не нәрсеге үйренуіне болады?

16 Көктемнің бір күні шопан жігіт қызды серуендеп келуге шақырады. Бірақ ағалары оны жібермей, жүзімдікті қарауылдатып қояды. Неге? Қарындастарына сенбегендіктен бе? Әлде оның жеңілтек мінезі бар деп ойлағандықтан ба? Жоқ, олар қарындастары шалыс қадам жасап қоюы мүмкін жағдайдың алдын алған (Таң. ә. 1:6; 2:10—15). Бұл — бойдақ мәсіхшілер үшін керемет үлгі: кездесіп жүргенде, азғындыққа апаруы мүмкін жағдайлардың алдын алған дұрыс. Екеуің жеке қалмаңдар. Бір-біріңе ыстық ықыластарыңды білдіргенде, іңкәр сезімдеріңді лайлап алудан сақ болыңдар.

17, 18. Таңдаулы ән кітабын қарастырғанымыздың сен үшін қандай пайдасы болды?

17 Мәсіхшілер негізінен бір-бірін сүйіп қосылады. Ехоба некеге бастама бергенде, оның мәңгілік одақ болуын ниет еткен. Сондықтан ерлі-зайыптылар махаббат отын сөндірмей, қайта, оның алаулай беруіне жағдай жасаулары керек (Мар. 10:6—9).

18 Егер сен жар таңдап жүрген болсаң, өзің шынымен сүйе алатын адамды ізде. Сосын қосағыңа деген махаббатыңды Таңдаулы әнде айтылғандай, болаттай берік әрі мәңгілік ет. Өмірлік қосақ іздеп жүрсең де не оны тауып қойған болсаң да, лайым шынайы махаббаттың дәмін татқайсың, өйткені ол — “Ехобаның жалыны”! (Таң. ә. 8:6)

a “Күзет мұнарасының” 2013 жыл 15 қарашадағы санының 31-бетін қара.

b “Жаңа дүние аудармасындағы” Сүлейменнің таңдаулы әні кітабының мазмұнын қара (979, 980-беттер).

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу