Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w06 1.12. 11—15 бет.
  • Әрдайым Құдайдың сүйіспеншілігіне бөлене беріңдер!

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Әрдайым Құдайдың сүйіспеншілігіне бөлене беріңдер!
  • 2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Құдайға деген сүйіспеншілігіңді көрсет
  • Құдай Ұлына деген сүйіспеншілігіңді көрсет
  • Ехобаның рухына өзіңді жетелеуге жол бер
  • Басқаларға шынайы сүйіспеншілік көрсет
  • Ар-ұжданыңды таза сақта
  • Күнәкар жүріс-тұрыстан тағы қалай аулақ болуға болады?
  • Күнә жасап қойғанда
  • Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар
    2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Киелі рухқа қарсы күнә жасау деген не?
    2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • ‘Құдайды сүю’ деген нені білдіреді?
    Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар
  • Құдайдың сүйіспеншілігі мәңгілік
    Құдай сүйіспеншілігіне бөлене беріңіз
Көбірек мәлімет
2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w06 1.12. 11—15 бет.

Әрдайым Құдайдың сүйіспеншілігіне бөлене беріңдер!

‘Қымбатты бауырластарым... әрдайым Құдайдың сүйіспеншілігіне бөленіп... мәңгілік өмірге жетіңдер!’ (ЯҺУДА 20, 21)

1, 2. Қалай әрдайым Құдайдың сүйіспеншілігіне бөлене аласың?

ЕХОБА адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз рухани Ұлын оған сенуші әркім мәңгілік өмірге ие болуы үшін құрбандыққа берді (Жохан 3:16). Құдайдың осындай сүйіспеншілігін көру қандай зор бақыт! Егер Ехобаның қызметшісі болсаң, осындай сүйіспеншілікті мәңгі бақи көргің келері анық.

2 Шәкірт Жақып Құдайдың сүйіспеншілігіне әрдайым бөлене беру үшін не істеу керектігін айтады. Ол: “Өздерің сенетін Тәңірдің қасиетті ілімінің негізінде рухани өсіп толысуға ұмтылыңдар: Киелі Рухтың жетелеуімен сиыныңдар, әрдайым Құдайдың сүйіспеншілігіне бөленіп... әрі Иеміз Иса Мәсіхтің қайта оралғанда өздеріңе шапағатын тигізіп, мәңгілік өмірге жеткізуін аңсап күтіңдер!”— деп жазды (Яһуда 20, 21). Демек, Құдай Сөзін зерттеу мен ізгі хабарды жариялау саған ‘Тәңірдің қасиетті ілімінің’, яғни мәсіхшілер ілімінің, негізінде толысуға көмектеседі. Құдайдың сүйіспеншілігіне бөлене беру үшін сонымен қатар ‘Киелі Рухтың жетелеуімен’, немесе оның ықпал етуіне жол беріп, дұға ету керек. Сондай-ақ мәңгілік өмір сыйын алу үшін Иса Мәсіхтің төлем құрбандығына сенім білдіру қажет (Жоханның 1-хаты 4:10).

3. Неге кейбіреулер бұдан былай Ехоба Куәгері емес?

3 Бір кездері сенімі болғандардың кейбірі Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылып қалған. Олар күнәкар өмір салтын таңдағандықтан, енді Ехоба Куәгері емес. Мұндай жағдайға түсіп қалудан қалай сақтануға болады? Келесі жайттардың үстінен ой жүгірткенің күнәдан аулақ болуға және әрдайым Ехобаның сүйіспеншілігіне бөлене беруге көмектеседі.

Құдайға деген сүйіспеншілігіңді көрсет

4. Құдайға мойынсұну қаншалықты маңызды?

4 Құдайға деген сүйіспеншілігіңді оған мойынсұнуыңмен көрсет (Матай 22:37). Елші Жохан: “Өсиеттерін орындағанымыз — Құдайды сүйгеніміз; оларды орындау қиын емес”,— деп жазды (Жоханның 1-хаты 5:3). Құдайға мойынсұнып әдеттенсең, бұл саған азғыруларға қарсы тұруға күш береді, әрі қуанышқа бөлейді. “Құдайсыздар кеңесіне бармайтын, Күнәкарлар жолыменен жүрмейтін... Қайта, Тәңір заңына қуанатын... Әрбір адам қандай бақытты!”— деп жазды забур жыршысы (Забур 1:1, 2).

5. Ехобаға деген сүйіспеншілігің сені қалай әрекет етуге талпындырады?

5 Құдайға деген сүйіспеншілігің оның есіміне кір келтіретін ауыр күнә жасаудан сақтандырады. “Кедейлік те, байлық та маған бұйырмашы,— деп дұға етті Ағұр,— Тек бере гөр күнделікті нанымды. Себебі байып кетіп, “Жаратқан кім?” Деп сенен бас тартып кетпейін, Жарлы болып, ұрлық жасап та жүрмейін, Осылайша киелі атыңа кір келтірмейін” (Нақыл сөздер 30:1, 8, 9). Құдайды масқаралайтын істермен оның ‘киелі атына кір келтірмеуге’ белді бекем бу. Әрдайым оған даңқ-мадақ әкелетін істерді жасауға талпын (Забур 85:12).

6. Біле тұра жасалған күнәнің салдары қандай болуы мүмкін?

6 Көктегі Әкеңнен күнә жасауға азғырылып қалмауға күш беруін сұрап үздіксіз дұға ет (Матай 6:13; Римдіктерге 12:12). Дұғаларыңның қабыл болуына ештеңе кедергі болмас үшін әрдайым Құдайдың кеңесіне құлақ ас (Петірдің 1-хаты 3:7). Біле тұра жасалған күнәнің салдары қайғылы болады. Өйткені Ехоба қасарысқан бүлікші адамдардың дұғалары өзіне жетпеу үшін, бейнелеп айтқанда, олардың жолын бұлтпен жауып қояды (Еремияның зары 3:42—44). Сондықтан кішіпейіл бол және дұғаңның Құдайға жетуіне кедергі жасайтын бір нәрсе істеп қоймауыңды сұрап дұға ет (Қорынттықтарға 2-хат 13:7).

Құдай Ұлына деген сүйіспеншілігіңді көрсет

7, 8. Исаның кеңесіне құлақ асу адамға күнәкар жолдан аулақ жүруге қалай көмектесе алады?

7 Иса Мәсіхке деген сүйіспеншілігіңді оның өсиеттерін орындауыңмен көрсет. Бұл күнәкар жолдан аяқ тартып жүруіңе көмектеседі. “Менің Әкемнің өсиеттерін орындап, сүйіспеншілігін қабылдап жүргенімдей, сендер де Менің өсиеттерімді орындасаңдар, сүйіспеншілігімді қабылдап жүресіңдер”,— деді Иса (Жохан 15:10). Исаның сөздеріне құлақ асқаның Құдайдың сүйіспеншілігіне бөлене беруіңе қалай көмектесе алады?

8 Исаның сөзіне ден қойғаның құлықтылық жағынан таза болып қалуыңа көмектеседі. Исраилге берілген Құдай Заңында: “Неке адалдығын бұзба!”— делінген болатын (Мысырдан шығу 20:14). Алайда Иса осы өсиеттің астарында жатқан принципті көрсетіп, былай деді: “Кім бір әйелге құмарта қараса, оның өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны” (Матай 5:27, 28). Елші Петір бірінші ғасырдағы кейбір мәсіхшілер ‘көздерімен әйелдерді ішіп-жеп, сенімі тұрақсыздарды өздеріне еліктіргенін’ айтты (Петірдің 2-хаты 2:14). Оларға ұқсамай, Құдай мен Мәсіхті сүйетін әрі оларға мойынсұнатын болсаң, сондай-ақ олармен қарым-қатынасыңды сақтап қалуға беліңді бекем бусаң, азғындыққа барудан аулақ бола аласың.

Ехобаның рухына өзіңді жетелеуге жол бер

9. Егер адам күнә жасауын қоймаса, бұл неге әкеп соғуы мүмкін?

9 Құдайдан киелі рух сұрап дұға ет және оның өзіңді жетелеуіне жол бер (Лұқа 11:13; Ғалаттықтарға 5:19—25). Егер адам күнә жасауын қоймаса, Құдай одан киелі рухын алып қоюы мүмкін. Дәуіт Барсабиямен күнә жасаған соң, Құдайға: “Қасыңнан мені қуып шыға көрме, Киелі Рухыңды менен ала көрме”,— деп жалынды (Забур 50:13). Күнәларына өкінбегені үшін Саул патша Құдай рухынан айырылып қалды. Ол түгелдей өртелетін құрбандық ұсынып, сондай-ақ қойлардың, ірі қаралар мен Амалек патшасының көзін жоймай күнәға батқан еді. Сонда Ехоба одан киелі рухын алып қойды (Патшалықтар 1-жазба 13:1—14; 15:1—35; 16:14—23).

10. Неге күнә болып табылатын істі ойлаудың өзінен аулақ болу керек?

10 Күнә болып табылатын істі ойлаудың өзінен аулақ бол. “Егер шынайы хабарды естіп-білгеннен кейін де әдейі күнә жасай берсек, онда бізді күнәмыздан арылта алатын ешқандай құрбандық жоқ”,— деп жазды елші Пауыл (Еврейлерге 10:26—31). Егер әдейі күнә жасайтын болсақ, қандай өкінішті болар еді!

Басқаларға шынайы сүйіспеншілік көрсет

11, 12. Сүйіспеншілік пен құрмет адамды қалай азғындыққа барудан сақтайды?

11 Маңайыңдағы адамдарды сүйгенің азғындыққа барғызбайды (Матай 22:39). Мұндай сүйіспеншілік біреудің жарының махаббатын ұрлап алудан жүрегіңді сақтайды. Бұлай болмаған жағдайда неке адалдығының бұзылуы әбден мүмкін (Нақыл сөздер 4:23; Еремия 4:14; 17:9, 10). Әйүптен үлгі ал. Ол өз жұбайынан басқа біреуге көз салмаған (Әйүп 31:1).

12 Некенің қасиеттілігін құрмет тұтқаның да ауыр күнә жасаудан аулақ болуға көмектеседі. Құдайдың ниеті бойынша, құрметке лайық неке мен жыныстық қатынас адам баласының көбеюі үшін керек (Жаратылыс 1:26—28). Жыныс мүшелері қасиетті болып саналатын өмірді көбейтуге арналғанын ұмытпау керек. Азғындар мен неке адалдығын бұзушылар болса Құдайға мойынсұнбайды, жыныстық қатынастың қадірін түсіреді, некенің қасиеттілігін ескермейді және өз денелеріне қарсы күнә жасайды (Қорынттықтарға 1-хат 6:18). Ал Құдайға және маңайдағы адамдарға деген сүйіспеншілік пен Құдайға мойынсұнушылық адамды ақыр соңында мәсіхшілер қауымынан шығаратын жүріс-тұрысқа барудан сақтайды.

13. Азғын адам қалай ‘байлығын шашар’?

13 Жақын адамдарымыздың жанын жараламау үшін күнәкар ойларды өршітпей, басып тастап отыруымыз керек. “Азғын әйелмен байланысқан байлығын шашар”,— делінген Нақыл сөздер 29:3-те. Күнәсына өкінбейтін азғын адам Құдаймен қарым-қатынасын бұзады және отбасын ойран етеді. Ол жұбайының өзінен ажырасуына себеп береді (Матай 19:9). Мейлі, күйеуі не әйелі күнә жасаса да, отбасының ойран болуы жазықсыз жарының, балалары мен басқалардың да жанын қатты жаралайды. Азғын жүріс-тұрыстың осындай салдарын білгеніміз оған қарсы тұруға талпындыратынымен келісетін шығарсың?

14. Нақыл сөздер 6:30—35 тармақтардан күнәға қатысты қандай сабақ алуға болады?

14 Азғындық әкелетін қайғының орнын ештеңе де толтыра алмайды. Сондықтан бұл адамды осы барып тұрған өзімшіл әрекеттен аулақ болуға талпындыру керек. Нақыл сөздер 6:30, ЖД; 34—35 дейінгі тармақтарда адамдар аштықтан ұрлық жасаған адамға жанашырлық танытуы мүмкін екенін, бірақ азғындық жасаушыны ниеті арам болғандықтан жек көретіні айтылады. Ондай адам ‘өз жанын [немесе өмірін] құртады’. Мұса заңы бойынша, ол өлтірілетін еді (Леуіліктер 20:10). Азғындық жасаған адам тек өз құмарлығын қанағаттандырам деп басқалардың жанын жаралайды. Егер күнәсына өкінбесе, Құдайдың сүйіспеншілігіне бөлене алмайды және мәсіхшілердің таза қауымынан шығарылады.

Ар-ұжданыңды таза сақта

15. “Ыссы темірмен күйдірілгендей” сезімсіз ар-ұждан қандай болады?

15 Құдайдың сүйіспеншілігіне әрдайым бөленіп жүре беру үшін ар-ұжданымыздың күнәға бүлк етпейтін сезімсіз болып кетуіне жол бере алмаймыз. Біз осы дүниенің төмен құлықтылық нормаларын ұстанбауымыз керек. Сондай-ақ не оқитынымызды, араласатын орта мен көңіл көтеру сияқты нәрселерді жан-жақты ойластырып таңдауымыз керек. Пауыл: ‘Соңғы дәуірде кейбіреулер сенімдерінен бас тартып, жалған рухтарға құлақ салып, жындар үйреткен ілімдерге еретін болады... Осындай ілімдер ар-ұждандары “ыссы темірмен күйдірілгендей” сезімсіз, екі жүзді өтірікшілер арқылы тарайды”,— деп ескертеді (Тімотеге 1-хат 4:1, 2 сілтемені қараңдар). “Ыссы темірмен күйдірілгендей” сезімсіз ар-ұждан күйіктен пайда болған тыртықтың астындағы жансыз ет сияқты болады. Мұндай ар-ұждан бізге жолдан таюшылардан немесе сенімімізден айыратын жағдайлардан аулақ жүруді бұдан былай ескертпей қояды.

16. Ар-ұжданымыздың таза болуы неге соншалықты маңызды?

16 Құтқарылуымыз ар-ұжданымыздың таза болуына байланысты (Петірдің 1-хаты 3:21). Исаның төгілген қанының арқасында ар-ұжданымыз ‘өлі істерден’ арылып тазартылды, “соның нәтижесінде біз мәңгі тірі Құдайға шынымен ғибадат ете аламыз” (Еврейлерге 9:13, 14, сілтемені қараңдар). Егерде әдейі күнә жасайтын болсақ, ар-ұжданымыз арамданады да, біз бұдан әрі таза болмай, Құдайға қызмет етуге лайықсыз болып қаламыз (Титке 1:15). Алайда Ехобаның көмегімен ар-ұжданымызды таза сақтай аламыз.

Күнәкар жүріс-тұрыстан тағы қалай аулақ болуға болады?

17. ‘Жаратушы Иенің ырқына көне білудің’ қандай пайдасы бар?

17 Ежелгі Исраилдегі Халеп сияқты ‘Жаратушы Иенің ырқына көне біл’ (Заңды қайталау 1:34—36). Құдайдың талаптарын орында және ‘жындардың дастарханына қатысушы болма’ (Қорынттықтарға 1-хат 10:21). Жолдан таюшылықтан бас тарт. Тек Ехобаның дастарқанында бар рухани ас-суды ризашылықпен қабылда. Сонда жалған ұстаздар мен зұлым рухтарға алданып қалмайсың (Ефестіктерге 6:12; Яһуда 3, 4). Бар ойың рухани нәрселерде, мысалы Киелі кітапты зерттеу, қауым кездесулеріне бару мен уағыздау қызметінде, болсын. Егер Ехобаға толық мойынсұнатын және Иеміздің ісін молынан істейтін болсаң, бақытты боларың сөзсіз (Қорынттықтарға 1-хат 15:58).

18. Ехобаның алдындағы қорқыныш жүріс-тұрысқа қалай әсер етеді?

18 ‘Құдайды терең қастерлеп, Оған ұнамсызды істеуден шошына отырып, қызмет етуге’ белді бекем бу (Еврейлерге 12:28). Ехобаның алдындағы қастерлі қорқыныш кез келген өзімшіл әрекеттен сақтайды. Бұл саған Пауылдың майланған мәсіхшілерге айтқан: “Сендер әр адамды бет-жүзіне қарамай әділ соттайтын Құдайға “Әкем” деп сиынасыңдар. Ендеше жер бетінде жат жерлік болып сүретін өмірлеріңді Оны терең қастерлеп, Оған ұнамайтынды істеуден шошынып өткізіңдер!”— деген кеңесіне сай әрекет етуге көмектеседі (Петірдің 1-хаты 1:17).

19. Құдай Сөзінен біліп жатқандарыңды неге үнемі іс жүзінде қолдануың керек?

19 Құдай Сөзінен біліп жатқандарыңды үнемі іс жүзінде қолдан. Бұл ауыр күнә жасап қоймауыңа көмектеседі, өйткені ‘байыппен ойлауға дағдыланғандықтан да жақсы мен жаманды айыра білетіндердің’ қатарында боласың (Еврейлерге 5:14). Не айтып, қалай жүріп-тұратыныңа мән бер және ‘қолайлы уақыттың құнын өтеп ала’ отырып, парасатты өмір кешу үшін қырағы бол. ‘Құдайдың еркін біліп ал’ да, оны әрі қарай да орындай бер (Ефестіктерге 5:15—17; Петірдің 2-хаты 3:17).

20. Неге сұқтанудан аулақ болуымыз керек?

20 Сұқтанудан, яғни өзге біреудің нәрсесін қатты қалаудан, аулақ бол. Он өсиеттің бірі былай дейді: “Басқаның үйіне ие болуға сұқтанба! Оның әйеліне, құл-күңіне, өгіз-есегіне, не басқа да ешқандай нәрсесіне сұқтанба!” (Мысырдан шығу 20:17) Бұл заң адамның үйін, әйелін, құл-күңін, малы мен тағы басқа да нәрселерін қорғаған. Бірақ ең маңыздысы, Исаның айтуынша, ашкөздік адамды арамдайды (Марқа 7:20—23).

21, 22. Күнә жасап қоймау үшін мәсіхші қалай алдын ала сақтана алады?

21 Қандай да бір құмарлық күнәға апарып соқпауы үшін, оның алдын ал. Шәкірт Жақып: “Әр адам өз құмарлықтарына елігіп, торға түсіп, азғырылады. Сонда құмарлыққа берілу күнәны тудырады, ал күнә жасау рухани өлімге ұшыратады”,— деп жазған (Жақып 1:14, 15). Мысалы, бұрын ішімдікпен проблемасы болған адам үйінде спиртті ішімдіктерді ұстамауды шешер. Ал жұмысында қарсы жынысты адамның азғыруынан қашу үшін мәсіхшіге жұмыстағы орнын өзгерту немесе басқа жұмысқа ауысу керек болатын шығар (Нақыл сөздер 6:23—28).

22 Тіпті күнәға бастайтын бірінші қадамның өзін жасама. Қылымсу мен азғын ойларға берілу неке адалдығын бұзуға не зинақорлыққа әкеп соғуы ықтимал. Кішкене өтірік айтқан адамның кейін өтіріктің одан да зорын айтуға дәті барып, ақырында бұл әдетке айналып, күнәға батыруы мүмкін. Сондай-ақ болмашы болып көрінген заттарды ұрлау адамның ар-ұжданын сезімсіз етіп жіберетіні сонша — ол одан да үлкен ұрлық жасай бастауы мүмкін. Тіпті жолдан тайғандардың көзқарасына сәл төзімділікпен қарау ақырында тура жолдан мүлдем тайдырып жіберуі мүмкін (Нақыл сөздер 11:9; Аян 21:8).

Күнә жасап қойғанда

23, 24. Шежірелер 2-жазба 6:29, 30 және Нақыл сөздер 28:13-тен қандай жұбаныш табуға болады?

23 Адамдардың бәрі де кемелсіз (Екклесиаст 7:20). Егер ауыр күнә жасап қойған болсаң, Сүлеймен патшаның Ехобаның ғибадатханасын бағыштағанда айтқан дұғасынан көңіліңе жұбаныш таба аласың. Ол Құдайға: “Азап шегіп, қайғырып жатқан жеке біреу болсын не бүкіл халқың Исраил болсын, егер осы киелі үйіңе қарай қолдарын жайып Саған сиынып жалбарынса, онда Сен көктегі мекеніңнен құлақ сала гөр. Оларға кешірім беріп, әрқайсысына өзінің ой-ниеті мен істеріне қарай жауабыңды бере гөр. Адам жүрегінде не бар екенін Сен ғана жақсы білесің ғой”,— деп дұға еткен (Шежірелер 2-жазба 6:29, 30).

24 Иә, Құдай адам жүрегінде не бар екенін біледі, әрі кешіруге дайын. Нақыл сөздер 28:13-те: “Күнәларын жасырған жан өркендемейді, Оларын мойындап, бас тартқан рақым көреді”,— делінген. Күнәға өкініп, мойынға алу әрі оны істеуді доғару арқылы адам Құдайдың рақымына ие бола алады. Алайда рухани әлсіреп қалған болсаң, Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмауға тағы не көмектесе алады?

Қалай жауап берер едіңдер?

• Қалай әрдайым Құдайдың сүйіспеншілігіне бөленіп жүре аламыз?

• Құдайға және Мәсіхке деген сүйіспеншілігіміз күнәкар жолдан аулақ болуға қалай көмектеседі?

• Адамдарды шын сүйгеніміз азғындық жасаудан қалай сақтайды?

• Жаман жүрістен аулақ болудың кейбір жолдары қандай?

[11-беттегі сурет]

Яһуда қалай әрдайым Құдайдың сүйіспеншілігіне бөлене алатынымызды көрсетеді

[13-беттегі сурет]

Отбасының ойран болуы жазықсыз жұбайдың да, балалардың да жанын қатты жаралайды

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу