Әдеттеріміз бізге игілік әкелсін
БҰЛ КІСІ он екі жыл бойы Афины қаласының шетінде өмір сүрген. Күн сайын ол жұмысқа бір жолмен барып келетін. Кейін бұл кісі қаланың басқа бір шетіне көшіп кетеді. Бір күні жұмыстан кейін ол үйіне бет алады. Өзінің бұрынғы үйінің қасына келіп қалғанда ғана ол басқа жаққа кетіп қалғанын аңғарады. Сөйтсе, әдеті бойынша бұрынғы үйіне келіпті.
Кейде әдетті адамның екінші болмысы дейтіндігіне таңырқаудың қажеті жоқ, өйткені әдет адамның өміріне қатты әсер етеді. Осы мағынада оны отқа теңеуге болады. От қараңғыда жарық береді, оттың қасына барып жылынуға және тамақ пісіруге болады. Алайда от өмірден және дүние-мүліктен айыратын қатыгез жау да болуы мүмкін. Әдетке қатысты да тап солай. Егер жақсы әдеттер дамытар болсақ, оның бізге үлкен пайдасы тиеді. Алайда әдеттеріміз бізге үлкен нұқсан келтіруі де мүмкін.
Мақаланың басында әңгімеленген кісінің жағдайында әдеттің келтірген нұқсаны қаланың жолдарындағы бөгелістерде уақытты зая кетірумен ғана шектелді. Әңгіме анағұрлым маңыздырақ істерге қатысты болған жағдайда әдеттеріміз бізді жетістікке жеткізуі немесе бәлеге ұшыратуы мүмкін. Әдеттердің Құдайға қызмет етуімізге және онымен жақсы қарым-қатынаста болуымызға қалай көмектесе алатынын немесе, керісінше, кедергі болатынын көрсететін Киелі кітаптағы бірнеше мысалдарды қарастырып көрелік.
Киелі кітаптағы жақсы және жаман әдеттерін көрсеткен адамдар
Нұх, Әйүп, Даниялдар Құдаймен тығыз қарым-қатынаста болған. Киелі кітап оларды әділ болғандықтары үшін мақтайды (Езекиел 14:14). Олардың өмір жолдарына қарап, үшеуінің де өздерінің бойларында жақсы әдеттер дамытқанын атап өтуге болады.
Нұхқа футбол алаңынан да ұзын, бес қабатты үйден де биік кеме соғуы керек екендігі айтылған болатын. Мұндай ауқымды тапсырма ежелгі уақыттағы кеме соғушылардың кез-келгенін қобалжытқан болар еді. Нұхтың, сондай-ақ онымен бірге кеме соққан отбасы мүшелерінің қолдарында бүгінгі күнгідей құрал-саймандары болмаған. Оның үстіне, Нұх замандастарына уағыз айтқан. Оның өз отбасының рухани және тәндік қажеттіліктерін де ұмытпағандығына күмәнданбасақ та болады (2 Петір 2:5). Нұх осының бәрін істеді, демек, оның еңбек етуге деген жақсы әдеттері болған. Сонымен қатар, Нұх Киелі кітаптың тарихынан ‘Құдаймен байланысып өмір сүрген... барлығын Құдай оған қалай бұйырса, солай істеген’ адам ретінде орын алды (Жаратылыс 6:9, 22; 7:5). Киелі кітапта Нұх “мінсіз” деп аталғанына қарағанда, ол топан судан кейін де, тіпті адамдар Бабыл мұнарасын соғуымен Ехобаға қарсы шыққаннан кейін де, Құдайдың алдында әділ жолмен жүруді жалғастыра берген болуы керек. Нұх өмірінің ақырына дейін, ал ол болса 950 жасында қайтыс болған, әділ жолмен жүрген (Жаратылыс 9:29).
Сол сияқты, Әйүптің де “мінсіз, адал” адам ретінде танымал болғаны жақсы әдеттерінің арқасында (Әйүп 1:1, 8; 2:3, СА). Дағдысы, немесе әдеті бойынша, балалары той-думан жасаған сайын Әйүп олар үшін құрбандық шалып, өз отбасының діни қызметкері ретінде әрекет етіп, “балаларым көңілдерінде Құдайды балағаттап, күнә жасап қойған болар” деген оймен “осындай күндердің бәрінде Әйүп солай ететін” (Әйүп 1:5, СА). Әйүптің отбасында Ехобаға ғибадат етуге қатысты салт-дәстүрлерге маңызды орын берілгендігі сөзсіз.
Даниял бүкіл ұзақ ғұмырында Ехобаға “шын беріліп” қызмет еткен (Даниял 6:16, 20, СА). Даниялдың қандай жақсы рухани әдеттері болған? Олардың бірі — Ехобаға ұдайы дұға ету. Патшаның тыйым салып жарлық шығарғанына қарамастан, Даниял “бұған дейін де істеп жүргеніндей, күніне үш рет тізе бүгіп, өзінің Құдайына дұға етіп, Оны мадақтай берді” (Даниял 6:10, СА). Тіпті өміріне қауіп төнгенде де дағдылы әдеті бойынша дұға етуінен жаңылмады. Бұл әдеті Даниялдың өзінің өмір жолында Құдайға барынша адал болуға деген ынтасын нығайта түскендігінде күмән жоқ. Сонымен қатар Даниялдың көңілді толқытатын Құдайдың уәделері жөнінде айтылған Жазбаларды зерттеу және олардың үстінен терең ой жүгірту сияқты керемет әдеттері де бар болған болса керек (Еремия 25:11, 12; Даниял 9:2). Осындай жақсы әдеттері оның барлық қиыншылықтарға төтеп беріп, Құдайға деген адалдығын сақтап, өмір жарысындағы мәре сызығына жетуіне көмектесті.
Дина болса, керісінше, өзінің жаман әдетінің “жемісін” көрді. Ол “[“дағдылы әдеті бойынша”, ЖД] сол жердің”, яғни Ехобаға ғибадат етпейтін елдің, “қыздарын көру үшін үйінен шықты” (Жаратылыс 34:1). Бір қарағанда залалсыз болып көрінетін осы әдет бақытсыздыққа әкеліп соқтырды. Алдымен “әкесінің үйіндегілердің ең беделдісі” Сихем деген жас жігіт Динаны зорлады. Бұдан кейін оның екі ағасы кек алу үшін қаладағы бүкіл ер кісілерді өлтіріп кетті. Жаман әдеттің ақыры қандай қорқынышты оқиғамен бітті десеңші! (Жаратылыс 34:19, 25—29).
Әдеттеріміздің біздің сорымызға емес, игілігімізге қызмет ететіндігіне қалай көз жеткізуге болады?
Әдеттеріңді қолданыңдар
Бір пәлсапашы: “Әдеттер — тағдырдың жазғаны”,— деп жазған. Алайда әдеттер міндетті түрде тағдырдың жазғаны емес. Киелі кітап біздің жаман әдеттерден арылып бойымызда жақсы әдеттер тәрбиелей алатындығымыз жөнінде айтады.
Жақсы әдеттер мәсіхшілердің жолымен жүруге және оны жеңілдетуге көмектеседі. Грецияда тұратын Алекс деген мәсіхші: “Әр түрлі тапсырмаларды орындағанда құрылған кестені ұстануға әдеттенгенімнің арқасында мен уақытымды үнемдеймін”,— дейді. Мәсіхші ақсақал Теофилос істерін жоспарлауға әдеттенгендігі жетістіктерге жетуге көмектесетіндігін ерекше атап өтті. Ол былай деді: “Барлық нәрсені жақсылап жоспарлауға әдеттенбегенімде мәсіхшілік борышымды жақсылап орындай алмас едім. Мен бұған сенімдімін”.
Киелі кітап бізді мәсіхшілер ретінде “сол тәртіп бойынша өмір сүруге” шақырады (Філіпіліктерге 3:16, ЖД). “Тәртіп” деген сөз қандай да бір нәрсені дағдылы түрде жүзеге асыруды білдіреді. Жақсы әдеттер пайдалы, өйткені әрбір қадам жасаған сайын ойлануға уақыт жұмсамауға мүмкіндік береді. Себебі кез келген істе қалыптасып қалған дағдылы әдетіміз бар әрі біз соған сай әрекет етеміз. Әдетте мұндай істер ойланбастан-ақ істелінеді. Көлікті қауіпсіз жүргізуге дағдыланғандығы жол апатынан аман қалу үшін аяқ астынан шешім қабылдауға қалай көмектесетін болса, жақсы әдеттер де мәсіхшілік жолда жылдам дұрыс шешімдер қабылдауға көмектеседі.
Ағылшын жазушысы Джереми Тейлор былай деген: “Әдеттер — әрекеттің нәтижесі”. Егер жақсы әдеттеріміз бар болса, дұрыс әрекет ету оңай болады. Мысалы, егер біз мәсіхші ретінде үнемі уағыз айтуға әдеттенген болсақ, уағыздау қызметіне бару анағұрлым оңай болады, әрі одан алар қуанышымыз да мол болады. Киелі кітаптан біз елшілердің ‘күн сайын ғибадатханада және үйлерде тәлім беріп, Исаның Мәсіх екендігін уағыздауларын тоқтатпағаны’ жөнінде оқимыз (Елшілердің істері 5:42; 17:2). Ал егер қызметке анда-санда бір қатысатын болсақ, бойымызды қорқыныш билеп, мәсіхшілер үшін осындай маңызы зор істе өзімізді сенімді сезіну үшін ұзағырақ уақыт қажет болуы мүмкін.
Бұл мәсіхші өмірінің өзге салаларына да қатысты. Жақсы әдеттер Құдай Сөзін үнемі, “күні-түні”, оқуға көмектеседі (Ешуа 1:8, СА; Забур 1:2). Бір мәсіхші жатар алдында 20—30 минут Киелі кітапты оқуға дағдыланыпты. Ол Киелі кітапты оқымай жатып қалатын болса, қаншалықты шаршағанына қарамастан ұйықтай алмайтынын байқапты. Оған бәрібір тұрып, Киелі кітапты оқу керек болады екен. Осындай әдетінің арқасында бұл мәсіхші бірнеше жылдан бері Киелі кітапты жылына бір рет толығымен оқып шығып жүр екен.
Иса Мәсіхтің — өзіміз еліктейтін Үлгінің — Киелі жазбалар талқыланатын кездесулерге баратын әдеті болған. ‘Иса әдетінше демалыс күні мәжілісханаға барды. Киелі жазбалардан оқып беру үшін орнынан тұрды’ (Лұқа 4:16). Көп жұмыс істейтін үлкен отбасы бар ақсақал Джоға қауым кездесулеріне үзбей қатысуды қажетті сезінуге, әрі солай етуге ықыласты болуға дағдылы әдеті көмектескен. Джо былай деп әңгімеледі: “Бұл әдет маған қажетті рухани күш береді, соның арқасында мен қиын жағдайлар мен проблемаларды шеше аламын” (Еврейлерге 10:24, 25).
Өмір жарысында мұндай әдеттер мәсіхшілерге ауадай қажет. Ехобаның халқы қудалауға ұшырап жатқан елден жіберілген мәліметте былай деп ескерілген болатын: “Жақсы рухани әдеттері бар және шындықты білгендеріне бар көңілімен ризашылық білдіретіндер қиыншылыққа оңай төтеп береді. Ал “қолайлы кезеңде” кездесулерге бармай қалатын, анда-санда уағыздайтын және болмашы болып көрінетін нәрселерде ымыраға келе салатындар жиі төтеп бере алмайды” (2 Тімотеге 4:2, ЖД).
Жаман әдеттерден қашық болыңдар, жақсы әдеттерге асық болыңдар
Адам өзінің бойында мойынсұнғысы келген әдеттерді ғана қалыптастыруы керек деген пікір бар. Жаман әдеттер — қатыгез қожайын іспетті. Алайда олардан құтылуға болады.
Бір кездері Селла теледидар көруге әбден құнығып кеткен болатын. Ол былай деп әңгімеледі: “Менің әрбір жаман әдетім о баста залалсыз болып көрінетін себеппен пайда болатын”. Оның теледидар көруге құнығып алуы да осылайша болған. Селла өзіне “сәл-пәл демалып” немесе “бой жазып” алу үшін теледидар көремін дейтін. Бірақ әдеті жүгендеуге келмей, теледидардың алдында бірнеше сағат отыруға мәжбүр ететін. “Осы әдетімнің кесірінен менің рухани өсуім баяулап кетті”,— дейді Селла. Ол әрекет етуге бел буып, теледидарды азырақ көріп, көретін телехабарларды анағұрлым мұқият таңдайтын болды. “Бұл әдеттен не себепті құтылғым келгенін ешқашан ұмытпауға тырысамын,— дейді ол,— және онымен күресуге деген шешімімді берік ұстау үшін Ехобадан көмек сұраймын”.
Харалампос деген мәсіхші рухани өсуіне кедергі болған әдеті — бүгін істелінетін істі ертеңге қалдыруға деген бейімділігі — туралы әңгімелеп берді. “Бұл әдеттің жақсылыққа жеткізбейтінін түсінгеннен кейін өмірімді өзгертуге тырыстым. Алдыма мақсаттар қоя отырып, мақсаттарыма жету үшін қашан және не істейтінімді нақты анықтап алатын болдым. Мен қабылдаған шешімдерімнің бәрін орындап, жоспарларымның бәрін жүзеге асыруға күш салатын болдым. Мұндай әрекет менің жаман әдетімнің дауасы болып шықты. Осындай тұрақтылық қазірге дейін менің әдетім болып келеді”. Иә, ең дұрысы — жаман әдеттерден құтылып, бойымызда жақсы әдеттер қалыптастыру.
Араласып жүрген ортамыз да бойымызда жақсы, не жаман әдеттер тәрбиелуімізге ықпал етеді. Біз өзгелерден жақсыны да, жаманды да қабылдап аламыз. ‘Араммен араласқан жан адал әдетінен айырылатындығы’ сияқты, жақсы жолдастар бойымызға жағымды әдеттер тәрбиелеуде үлгі болулары мүмкін (1 Қорынттықтарға 15:33). Ал ең маңыздысы — әдеттер Құдаймен қарым-қатынасымызды нығайтуы не одан бізді алыстатуы мүмкін. Селла былай дейді: “Жақсы әдеттер Ехобаға қызмет ете беруімізге көмектеседі. Ал жаман әдеттер бізге кедергі етеді”.
Бойларыңда жақсы әдеттер қалыптастырып, оларды басшылық ретінде қолданыңдар. Олар өмірлеріңе қатты әрі жақсы әсер ететін болады.
[29-беттегі сурет]
Әдеттер, от іспетті, пайдалы не залалды бола алады