“Құдай шынымен адамдарды тозақта жазалай ма?”
“Сіздер құдайылық ілімдерді зерттейсіздер ме?”
Бұл сұрақты естіген Джоул мен Карл аң-таң болды. Ехоба Куәгерлерінің Бруклиндегі бас басқармасында өз еркімен қызмет атқаратын бұл екі жас жігіт жақын жердегі кітап дүкенінде кітаптар қарастырып жүрген еді. Джоул Киелі кітап симфонияларын қарастырып жатқан шақта, Карл оған қызметте жүргенде болған қызықты оқиғаны әңгімелеп тұрған болатын. Бұл әңгімені құлағы шалып қалған жақын жерде тұрған ер кісі олардың жанына келген еді.
Алайда бұл кісіні көбірек қызықтырғаны екі жас жігіттің құдайылық ілімдерді зертейтін-зерттемейтіндері емес еді. Ол былай деп түсіндірді: “Мен евреймін, ал менің кейбір христиан дініне жататын достарым маған: “Тозақ отында жанатын боласың, өйткені еврейлер Исадан бас тартқан”,— дейді. Бұл жай мені қатты мазалайды. Сүйіспеншілігі мол Құдай осындай жаза қолданады деу әділдік емес сияқты. Құдайдың адамдарды тозақта жазалауы мүмкін бе?”
Джоул мен Карл бұл ақкөңіл адамға Киелі кітапты терең зерттейтіндерін айтты. Олар Жазбаларға негізделе отырып, өлген адамдардың ештемені сезбейтінін және қайта тірілуді күтіп, жай ғана өлім ұйқысында жатқандарын, сол себепті олардың тозақ отында азап шекпейтінін көрсетті (Забур 145:3, 4; Екклесиаст 9:5, 10; Даниял 12:13; Жохан 11:11—14, 23—26). 45 минутқа созылған әңгіменің соңында ол кісі Джоул мен Карлға мекен-жайын айтып, осы тақырыпқа байланысты көбірек мағлұмат берулерін өтінді.
Егер тозақ дегеніміз от жанып жатқан жер болса, әлдекім сонда баруға сұранар ма еді? Ал, үлкен отбасының отағасы Әйүп азаптан құтылу үшін: “Уа, егер Сен мені тозақта жасырып, Сенің қаһарың өткенше, мені жасыра тұрсаң”,— деп өтініш еткен болатын (Әйүп 14:13, СА). Әйүптің тозақты азап шегетін орын ретінде қарастырмағаны анық. Керісінше, ол одан қорғаныш іздеген. Өлім дегеніміз болмыста жоқ болу және Киелі кітапта қолданылатын тозақ деген сөз жай адамзат жерленетін қабір ғана.
Егер өлгеннен кейін не болатыны және қандай үміт бар екендігі жөнінде көбірек мәлімет алғыңыз келсе, төмендегі ұсынысты қабыл алғаныңызды шын жүректен қалаймыз.